Өмірдің мәні

Өмірдің мәні
Фото: Qasym.kz

Бір қария үйіне қарай бағыт алып, тым асығыс келе жатқан кісіні көреді. Оны қуып жетеді де, тоқтатады. Таңғалған түрмен, аса байыппен оған сұрақ қояды:

– Сонша қайда асықтыңыз? Тіпті жолыңыздағы еш нәрсені көзге ілмейсіз.

– Ғафу өтінемін! – деді әлгі кісі жылдамдығын азайтпай, – мен бос емеспін. Өмірдің мәнін іздеп асығып барамын. Көздеген мақсатыма жетпегендіктен жүрісімді жайлата алмаймын.

– Қайдам, – деп басын шайқады кария, – мен сіз сияқты ғұмырының соңына дейін өмірдің мәнін іздеген кісі туралы естідім.

– Ол шындықтың бетін ашып, сұрағына жауап тапқан болар деп үміттенемін.

– Иә, жүрегі үзіліп бара жатып жанындағыларға сыбырлап үлгерді, өлгенде ғана өмірдің мәнін тапқанын айтты.

– Сөйтіп, не айтыпты? – деп сұрайды.

– Ол өмірдің мәні таңдау екенін...

– Әңгімеңізге рақмет,– деді әлгі адам соңына дейін тыңдап болмай, басын иіп асығыс жүріп кетті.

– ...таңдау: не толыққанды өмір сүру, не өмір бойы өмірдің мәнін іздеп уақытты сарп ету, – деп қария тыңдалмай қалған сөзін аяқтады.  

Т. Есқали