Өмірді мәнді өткізуге 1000 шар көмектеседі

Өмірді мәнді өткізуге 1000 шар көмектеседі
Фото: www.vkresle.com

Радиодан қарт сөйлеп тұр:

«Сіздер жұмыстан бас алмайсыздар. Мейлі, жалақыңыз көп бола берсін, ол маңызды емес. Кеше де, бүгін де, ертең де жұмыстан қолыңыз босамайды. Бірақ сол төлеп жатқан жалақысына олар сіздің тұтас өміріңізді саудаға салды. Ойланыңыз, сіз бұл уақытта жақындарыңызбен, туыстарыңызбен бірге бола алмайсыз.

Қалауыңызға қол жеткізу үшін жұмыс істейсіз. Бірақ біліңіз, бұл – тар қапас орта. Ақша көбейген сайын құнығып, одан да көп табу үшін жұмысқа басыңызбен беріле бересіз. Бір сәт өзіңізден сұрап көріңіз: «Маған сол нәрсе, мысалы көлік алу, шынында да соншалықты маңызды ма?». Сол үшін қызыңыздың алғашқы сахнаға шыққанын көрмей қалу, балаңыз жарысқа қатысқанда жанында болмау – мақсатыңызға қарағанда маңызы жоқ па?

Мен сіздерге осы жағдаймен күресуге көмектескен, өмірдің мәнін түсініп, барымды бағалауды, жақындарыма шын мәнінде жақын болуды үйреткен жайды айтып берейін.

Бір күні отырдым да, санауға кірістім. Адамдар бірі ерте, бірі кеш о дүниелік болады, орта есеппен 75 жыл өмір сүреді. Енді оны 52-ге (жексенбі күндерінің саны) көбейтеміз. 3900 – өмірімізде небары осыншалық жексенбі күні бар. Бұл ой менің басыма 50 жасымда келді, демек 2900 жексенбім өтіп кетті. Енді бар болғаны 1000 шақты жексенбі күнім қалды.

Сол күні дүкеннен 1000 кішкентай пластика шарлар сатып алып, іші көрінетін құтыға салып қойдым. Әр жексенбі сайын біреуін алып, лақтырып тастадым. Уақыт өткен сайын шарлар саны азайып бара жатыр. Осыған қарап, өмірімнің қаншалықты аз қалғанын ұғындым.

Мен бүгін құтыдан соңғы шарды алдым... Сондықтан маған ендігі әр күнім тағдырдың сыйы. Мен әр таңымды күліп қарсы алып, жақындарыма да дылу сыйлаймын. Өмірді мәнді өткізудің бірден бір тәсілі осы деп ойлаймын. Өткеніме еш өкінбеймін. Сіздермен радиода қауышқаныма қуаныштымын. Енді әйелім мен отбасыма асығып барамын, тағы да жүздесерміз деп үміттенемін».

@. @assel_assanova