Ағылшын жазушысы У.Теккерейдің ғибратты сөздері

Ағылшын жазушысы У.Теккерейдің ғибратты сөздері
Фото: zvenlib.in.ua

Уильям Мейкпис Теккерей 1811 жылы Үндістанның Калькута қаласында дүниеге келген. Теккерейдің шығармашылық мұрасы уақыт сынынан өтіп, бүгінгі таңға дейін өмірлік маңызын жойған жоқ. 

Бүгін назарларыңызға ағылшын жазушы–романшы, сықақшы У.Теккерейдің ғибратты сөздерін ұсынамыз. Аударған - белгілі қазақ қаламгері Ғаббас Қабышұлы.

***

Әрекетің әдет, әдетің  мінез–құлық, ал мінез–құлқың тағдырың болады.

***

Жаратушы иеміз адамзатты ынтымақпен ұйытты. Меніңше, фәниде өзгені силамайтын, құрметтемейтін және  өзгеден жақсылық көрмейтін кісі жоқ, біз – Адамнан тараған бір отбасымыз.

***

Адам баласының тағдырын бағыттайтын беймәлім,  бетпақ ақыл да бар, ол адал, қарапайым дананы кемсітуді, менменшіл, залым ақымақты көтермелеуді көксейді. Беу, ағайын, тағдырың тарынбаса, – шүкіршілік жасай біл. Өзіңмен теңдес өзгелер сенен гөрі пәс, қиын тірлік кешіп жүрсе, сен оларға мейірімді, жанашыр бол.

***

Қандай әңгімелерді жаңа лепті деп айта аламыз? Жалпы әңгіме атаулының арғы тегі аңыз–мысал ғой. Махаббат пен ғадауаттың  кескін–кейпі адамзат тарихының алғашқы парақтарында–ақ  бейнеленді емес пе? Мысал Эзоптан жүздеген жыл бұрын жазылған; арыстан терісін жамылған есек көне еврей тілінде бақырған. Қу түлкілер  этрусша жылмаңдаған; қой терісін жамылған қасқыр санскритше ырылдаған. Бүгінгі күн сол алғашқы кездегісіндей шуақты, бүгінгі ағаш сол кездегісіндей жапырақ жайып, ондағы бүгінгі құстар да сол замандағыларша сайрауда.

***

Әлем – айна. Одан әрбір адамның кейпі көрініп тұр.

***

Тым асқақтап кеткен жазушының құлдырауы да  болмай қоймайды.

***

Жақсы кітап адамның жанын жадыратады, еңсесін көтеріп, жігерін жаниды, рухын қанаттандырып, ақылын молайтады, жүрегін жұмсартады, жақсылыққа құмарттырады.

***

Ана – сәбидің  жүрегіндегі Құдайдың есімі.

***

Мен үйімнің әрқашан сәнді болуын қалаймын. Таза бөлмеде тұруды ұнатамын. Ал ол үшін сібірткі мен сүрткіш–жуғыш таңдап әуре болмаймын.  

***

Бұл дүниенің баспалдағы атақтылар мен байларға кең, оп–оңай жоғарылата береді. Намысты кедей шіркіндер жоғарылау үшін тік қабырғаға жармасады, баспалдақта мыжғыланады, өте алуы мүмкін қараңғы да кір тесіктерге кептеледі,  – тек жоғарыға апарса болды.

***

Адамның қадір–қасиетін кетіретін кемшіліктің ең жексұрыны, жиіркеніштісі – менмендік.

***

Соғыс ерлерге де, әйелдерге де алым–салық салады: ердің қанын, әйелдің көзжасын алады.

***

Егер әзіл күлдіру ғана болса, онда сіз, клоунның өміріне мән бермейтініңіздей,   әзілші жазушыны да көріп–білуге ынтыға қоймас едіңіз. Әзіл сіздің махаббат, жанашырлық, кешірімділік сезімдеріңізді оятуды, жетілдіруді нысана етеді; сізді өтірік–өсектен, алдап–арбаудан, жалған атаққұмарлықтан, жаны нәзіктерге, еңбегі еш болғандарға, бақытсыздарға қайырымсыз, мейірімсіз болудан сақтандырады. Ол өзінің шама–шарқына қарай адамдардың күнделікті тыныс–тірлігіне қажеттердің ең маңыздыларын айтып береді. Тоқ етері: ол – періштенің міндетін атқарушы.

Н. Айдархан