Жалғанда жаман адам болмайды

Жалғанда жаман адам болмайды

Көне жәдігерліктердің бірі (алғаш рет Үндістанда белгілі болған екен) "Панчатантрадан" ("Бес бейіттен") алынды...

* * *

Бір елде патшаның, уәзірдің және саудагердің ұлдарын әкелері еркелігі, өз еңбектерімен келмеген байлыққа негізделген сауық-сайранын көбейтіп бара жатқаны үшін үйлерінен қуып жіберіпті. Олар күтпеген жерден бастарына түскен тауқыметтен жағдайлары күрт төмендеп, ашығып, тарыға бастағанда саудагердің ұлының есінде әкесі тауда гауһар тастың кені бар екені айтқаны түсіп, соны іздеп көрелік, бағымыз ашылып, жолымыз болар, күн көруді ойлайық деп, қалған екеуі ол ұсынысты мақұл көріп тауға барыпты. Үшеуі үш асыл тас тауып алып кері қайтыпты. Жолда гауһар тастар ұры-қарының қолына түсіп қалуы мүмкін деп олар тастарды бір-бірден жұтып алыпты. 

Олардың бұл ісін жақын жердегі бір ұры көріп тұр екен, "соңдарына түсіп, орайы келгенде өлтіріп, тастарын аламын" деп ойлап, жандарына жақындап: мына қалың орманнан жалғыз өтуге жүрексініп тұрғаным, сіздермен бірге жүрсем бола ма? - деп келісімдерін алып, үшеудің тобына қосылыпты. 

Жолда бір тайпаның қасынан өте бергенде тайпа көсемінің тотықұсы бар екен, сол: "мыналардың ішінде гауһар бар" деп сайрап қоя беріпті. Тоқтықұсына әбден сенетін көсем оларды тұтқындап, гауһар тастарды беріңдер деп қинапты. Болмаған соң, таңертеңге дейін өз еріктеріңмен бермесеңдер әрқайсыңның іштеріңді жарып аламын деп қамап тастапты.  

Түнде жолдан қосылған ұры: "Әншейін бір тас үшін үш адамның жанын аламын деп келе жатып өзінің жаным алынатын болды, бұл да Құдайдың құдіретімен болған тағдыр ісі шығар. Не де болса, ертең пышаққа бірінші түсейін, менен гауһар таппаған соң, мына үшеуін босатып қоя берер. Ал олар менен бұрын пышаққа түссе, мені де тексеремін деп бәрібір өлтіреді. Ақыры бір өлім болған соң, тым болмаса мен қиянат жасамақ болған мына үшеуі тірі қалсын" деген тұжырымға келіпті. 

Сонымен,  таңертең ұры бірінші болып пышаққа түсіпті. Одан гауһар шықпаған соң тайпа көсемі "бейбақтың қанын босқа төктім-ау" деп қатты өкініп, тотықұсты өлтіріп, қалған үшеуін босатып жіберіпті. 

Үш жігітке бұл оқиға қатты әсер етіпті. Достар енді адал кәсіппен айналысуға ант байласыпты. Ұзамай істері оңға басып, ата-аналарының мақтанышына айналыпты. Бірақ баяғы ұрының бұлар үшін өз өмірін құрбан еткенін олар естерінен шығармапты. Адал ақшаларына оның құрметіне мінәжатхана ашып, алдына ескерткіш орнатып, ескерткішке мына сөздерді ойып жаздыртыпты: "Жалғанда жаман адам болмайды, жаман әдеттер ғана болады. Осы әдеттерден арылған қаны бұзық қылмыскердің өзі қайырлы іс үшін жанын құрбан етуге барады".

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: photos.caijing.com.cn

Л. Лига