Мұрагеріңіз біз боламыз жарық күн

Мұрагеріңіз біз боламыз жарық күн
Фото: Жеке мұрағат

«Әдебиет— рухани майдан алаңы» (Ә.Балқыбек). Осы жерде Әмірхан ағаның сөзіне «мәңгі аяқталмайтын майдан алаңы» дегенді қоса кеткім келеді. Адамзаттың алғашқы ақынынан бастап бүгінге дейінгі аралықта поэзия әлеміне небір алапат ақындар келді. Келе беретіні де сөзсіз. «Туады, туады әлі нағыз ақын»-деп мұзбалақ Мұқағали келер күннен бекер үміттенбесе керек. Оған дәлел—тәуелсіздік тудырған жаңа, жас поэзия. Арман Шеризаттың өз қатарластарының өлеңі жайлы жазған бір мақаласындағы: «Әрине замандастарым, қанаттас достарым жайлы жазу солардың ортасында жүрген мен үшін үлкен жауакершілікті талап етеді.

Олар жайлы жазу жеңіл де, қиын да. Жеңілдігі сол күнде көріп сырласып жүрген қатарласыңды сенен артық кім білсін. Ал қиындығы жоғарыдан үңіліп баға беру...» - деген пікірі дәл қазіргі менің жағдайымды да мәлім еткендей екен. Әдебиет табалдырығынан жақында аттаған, өлеңдері жеке жинаққа жүк болып, дербес мұқаба алмаса да, әр түрлі әдеби сайт, порталдарда жарық көріп жүрген жас ақындардың(қандыкөйлектерімнің!) шығармашылығы төңірегінде аз сөз айта кеткенді жөн көрдім.

Сізді күттім…

Қарайлап жолдарға сан,

Ымыртта өшті балауыз шамдар қанша?

Қазір-ақ кетер едім әлеміңнен,

Сізді мендей сүйетін жан бар болса…

Равиль Ашығалиев

Равиль Ашығалиевтың бір өлеңі осылай басталады. Зұлымдығы көптеу ғасырда үздіккен сезім, ынтыққан көңілдің көрінісін лирикалық кейіпкердің жан тебіренісінен-ақ тани аласыз. Равильдің махаббат жырларындағы лирикалық кейіпкердің(қаһарманның) бұған дейінгі көз үйренген «үйретінді» образдардан ерекшелігі де сол, ақын оқырманды табиғаты мен әлемі нәп-нәзік өмірге жетелейтіндей. Дәл осы өлең былай аяқталады:

...Гүл шоғы мойныңызға таққан бұйым.

Есімде әлі ұялғаннан бетіңіздің нарттай күйі.

тек, не үшін?

Іңір түссе жылайды үстелімде,

 сізге қарай жолданбаған хаттар жиі...

Махаббат миниатюраларын біріктіре отырып, өмірдің ең аялы сәттеріне қимастықпен қарап тұрған автордың мұңын, жан сырын жазбай танып, тіпті өзің де сол күйді кешкендей әсерде қаласың. Равиль өлеңдерінің ойөзегінен құлшыныстан гөрі құлазу, тегеуріннен гөрі торығу жиі байқалады:

 Тағдыр...

Солай, бейбақ қып таңданған-ау,

Қалды бәрі, сезім мен жанда қалау.

Менің шерім кешкілік көшеге аян

Менің сырым сақтаулы шамдарда анау...

Көңілімдей түнерген аспан да ала,

Жаңбыр...

Сосын, тығылып жасқа жанар.

Мұнартқан мұңымды үгіп біржолаға

Мен бақытты болар ем,

Астана бар...

(Астанада сен барсың!)

Лирикалық қаһарманның өртенген, өксіген көңіл күйін өлеңдегі ырғақ пен жабырқау әуеннен аңғару қиын емес. Жалғыздықта жабыққан ақын хәлін һәм сырын сезіну үшін кешкі көше мен бағана басындағы шамдарға зер салған жөн. Равильдің осы және өзге өлеңдерінде ішкі монологтан гөрі  психологиялық паралелизм көп кездеседі. Жас ақын өзінің күйзелісін, өкінішін оқырманға жеткізуде табиғат құбылыстарын қатар қолданғанды ұнататынын байқадым. «Көңілімдей түнерген аспан да ала» немесе «жаңбыр мен жас», алдыңғы өлеңдегі «көз жасын көлдеткен Күз» т.с.с тізе берсек мысал көп. Өлеңдегі «тығылып жасҚА жанар» сөз тіркесінің құрылысы бұзылғанын байқау қиын, бірақ әдеби тіл нормасына сай бұл тіркес «жанарыНА жас тығылды» деп қолданылатынын айтқымыз келеді. «Ала аспан» тіркесі де соншалықты сәтті деу қиын. Келешекте осындай болмашы дүниелерді Равильдің ескере жүретініне күмәнім жоқ. Ең бастысы — оның бойында қуатты талант бар. Жаңа поэзияның биігінен көрінетініне сенемін.

Азамат Әлібек

«Сұлулық   сұлулық туралы(өзі туралы!) айту үшін емес, өзін сездіру үшін жаратылады» - дейді әйгілі жапон ақыны Мацуо Басё. Шынында сұлулықтың мақсаты сүйсіндіру, сездіру, сендіру екені айтпаса да анық нәрсе. Сырты жылтыр дүниелердің де кейде сұлулыққа баланып қалатыны қапаландырады. Бірақ, Азамат Әлібектің өлеңдерінен жалаң, жалған сезімдер байқалмайды. Өлеңдері түгел дерлік төгіліп, құйылып түскендей әсер қалдырады. Кейде өлеңді құлпырту үшін қосылған кейбір бұлдыр тіркестер шумақты бүлдіріп жіберетінін мойындау керек. Азаматты әдеби орта мен ойлы оқырман «Романс» деген тамаша өлеңмен таниды. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасып қалған жас ақынның мөлдір әлеміне сапар шегіп көрейік.

...Тәңір барлық күнәдан тыс жерде тұр,

Уақыт қана күбірлеп үстелде отыр.

Жер мәңгілік тұрағым болар-ау деп,

Махаббат та жұмақтан түскен көпір...

                                         («Карантин.Экспромт»)

Қай өлеңін алсақ та осындай әдемі шумақтар кездеседі. Азаматтың әр шумақты қанық түске бояуының сыры да осы секілді. «Уақыт қана күбірлеп үстелде отыр»...Бұл сюрреалистік сипаттағы бейнелеудің бір белгісі десек болатын шығар. Бір шумаққа сыйып тұрған Тәңірдің тазалығы, уақыттың білінбейтін болмашы «қимылы» және махаббаттың ұлылығы — Азаматтың шеберлігі мен шабытының жемісі дер едім. Осы өлең:

Кір қоғамды,

Мөп-мөлдір, нұрлы адамды,

Себепсіз қоштасқанды,

Кенет қол бұлғағанды,

Құшақтағым келеді бәрін-бәрін,

Кешіремін сол үшін бұл ғаламды.

Кешірдім!

-деп аяқталады. Кей тұста ғана автордың айтар ойын анық аңғара алмай абдырағаным болмаса, жап-жақсы дүние. Жарық жалғаннан жұбаныш іздеп зарыққан жанның сыры, мұңы десем артық емес. Әлдебір кезеңдер мен сәттерге деген сағынышы оқырманға өз басынан өткен оқиғадай әсер етеді. «Кей түндердің ұйқысын ұрлап алғам», «Жаным айғыз әйнектей бұлдыр әлі» деген жолдардың лирикалық қаһарманның хәлін дәл беріп тұрғаны да көңіл қуантарлық нәрсе.

Сөзден анық ойларды тұншықтырып,

Бөзге оранып кетеміз неліктен біз?!              

Немесе:

Мезі болдым мына түн кірпік ілмей,

Кездесетін күнді аңсап күлкі білмей.

Көңіліңнің көз жасы ыршып түссе,

Мені жоғалтып алардай үркідің бе?

Жоғарыдағы аңқау сауалдарға оқырманнан жауап сұрау—ақынның «қулығы». Осындай жауабы анық (кейде көмескі) сауалдар арқылы ақын оқырманмен, әлеммен жиі диалогқа түсіп отырады. Онысы оқырманға да, әлемге де ұнайтыны рас. Кейде төгілтіп жазамын деп шашыратып алатын сияқты. Ол жас ақынның қай-қайсында да кездесетін «кешірімді» дүние. Айтылары аз сөз болғандықтан, жалпы алғанда, Азамат Әлібек қазақ поэзиясының көшін алға тартатын ақын болатынына ешкім шек келтірмейді деп ойлаймын.

Серуеннен қайтпады Ойым. Қаңғырып,

Адаспауға өзін-өзі нандырып.

Жолықты ма жолай бөтен, жат ғалам?!

Маңайына толды ма екен сан Күдік?!.

Серуенге кеткен еді Ой алдап,

Аяусызға аянышпен аялдап.

Енді жүрек қандай күшке бойұсынып,

Енді жүрек қандай түске боялмақ?!

Сол шіркінді жетпей дəрмен тұсауға,

Түні бойғы арпалыспен түс ауған.

Бірақ, ойсыз қайғы ұшына қонбаймын,

Бірақ, ойсыз Ай құшуға ұша алман.

Шарла!

Шарла!

Ой, жаһанның шарла ішін!

Күшің келсе, күпірлікке бармашы.

Осы күнгі жасап жүрген күнəлар,

Кеше ойлаған Ойларымның жалғасы...

Нұртілеу Қадырқұл

Нұртілеу Қадырқұлдың осы өлеңі адам ойының көпқатпарлылығын жан-жақты жеткізген салмақты өлең. «Сол шіркінді жетпей дәрмен тұсауға...» Ақынның Ой азабынан аулаққа ұмытылысынан еш пайда жоғы, тіпті ақынға ойсыз өмір жоғы да түсінікті. Әйгілі жазушы Оскар Уайльдтың романында айтылатын:

 «Ең ұлы оқиғалар — адам миында болып жатқан оқиғалар». Ең сұмдық күнәлар да адам миында өзегін жарады...»

-деген пікірдің Нұртілеу өлеңімен өзегі бір. Расымен, жәй адамдар байқай бермейтін, мән бере қоймайтын осындай маңызды дүниелердің ақын қаламынан тууы заңдылық. Бірақ ол үшін ақында көкірек көзі мен тың ізденістер болуы тиіс. Адасқақ ойлардың адамға ешқашан тыныштық бермейтінін жас ақынның терең түсінгенін және оны ұғымтал оқырманға байыпты жеткізгенін жоғары бағалау керек. Нұртілеудің әр өлеңі барынша байыпты жазылғанын байқайсың. Асып-тасып сөйлеу оның табиғатына жат екені түсінікті. Нұртілеудің өлеңдерінде шешуін оқырманның өзіне қалдырған жұмбақ ойлар жиі ұшырасады. «Сауал» өлеңіндегі:

Жаратылды əлем қандай мұратпен?

Мүмкін, құдай жалғыздықтан жалықты...

сауалы мен жауабы қатар тұрған жолдарға оқып біз де «күпірлік ой түйіп қоямыз». Батыс философиясының (мысалы, И.Канттың «анық ақыл ой сынын» алыңыз) осы секілді жауабы жоқ сұрақтарды шешуге талпынысындағы қайшылықтар жас ақынның түйсігіндегі(метафизикалық категория!) мазасыз Оймен үндесіп тұр. Дегенмен, еңсесін енді тіктеген жас ақындардың бәріне ортақ қиындық саналатын—өз-өзін қайталаудан сақ болса деген ізгі тілегім бар. Айтқанымыздай, жас ақынның бояуы күңгірттеу жырлары оқырман санасын сілкіп аларлық салмақты ойларға бай. Оның қатарластарынан, қаламдастарынан өзгешелігі де осы деп ойлаймын. Адам ғұмырының баянсыздығы — өмірдің ең үлкен трагедиясы. Осы жерде Нұртілеудің өзіндік философиялық концепциясын танытқан өлеңін түгел ұсынғым келіп тұр:

"...когда ребенок был ребенком,

он не знал, что он ребенок..."

(петер хандке)

түсімде:

бағып жүрмін бала күнгі өзімді,

...таныдым айқын:

он тоғыздағы Нұртілеу мен

төрт-бес жасар Нұртілеу.

ересегі - түнді сүйеді,

кішісіне - жарық ұнайтын.

жетектеп жүріп, өлең оқыды,

ауыр-ауыр ойларын айтты

оңаша ап барып,

дəл осы күнде болашақ барын.

үлкені өзіне ұқсатқысы келді,

доп орнына кітаптар ұстатқысы келді.

көнбеді сəби, қаша жөнелді.

жүгірістер мен күлкі, шулардан

жасап өнерді.

айнала қашты түз жазықтарын,

қуалап жүріп, балғын бейнеден

мəңгілікке енді көз жазып қалды...

Поэзия — жан тебіренісінің жарыққа шыққан, жазылған нұсқасы. Ортағасырлық ғұлама Цзянь-вэннің «Адам жүрегіндегі түйсік сөз арқылы сыртқа шықса, ол—поэзия» - деген сөзі ойға оралып отыр. «Ақындар айтып өтеді, арманын бүкіл пенденің...» Ақынның мойнындағы ең ауыр жүк—күллі әлемнің, тұтас ұлттың, өзімен тағдырлас әр адамның күйі, күйініші, сүйініші. Ал жастардың талғам таразысындағы дүниелер мен тақырыптардың бұған дейінгі мың ғасырлық мұралардан мәні де, мұңы да басқа екенін айта кеткен жөн.

Дәулет Жадырасын

Әр түрлі әдеби орталарда есімі естіліп жүрген Дәулет Жадырасынның өзіндік парасат пайымынан туған байыпты өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Қарапайым ғана құбылыстардан күрделі өмір шындығын көз алдымыңа әкелетін «Тығылмақ» өлеңі Дәулеттің «ә» дегеннен-ақ терең, мәнді әрі қарапайым жазуға дағдыланғанын аңғартады.

Қол сілтегім келеді деп «құрысын»,

Көп нәрседен құр қалып кетті уысым.

Жасырынар жер таппай қалғаны ма,

Көр ішіне тығылды көп туысым.

Шырылдайтын жабырқау жүрегім-ай,

Тығылмайтын достардың керегін-ай.

Тығылмақ ойнап жүр ме әлде бізбен?

Тығылып көрінбейді неге Құдай?

                               («Тығылмақ»)

Асылы, «басы сайран, түбі ойран дүниенің» өкініші де осы емес пе? «Жылап туып, кейіп өлетін» адамның өмірде көп нәрседен құр қалып, көп нәрседен айырылатыны ақын жүрегін осылай ойға қалдырса керек. Көкірегін кернеген осы бір аңғал да аусар сезімнің бәрін Құдайға айтып бергісі келетін тәрізді жас ақынның. Әділше(Ботпанов) айтсақ, «Көгіңнен түс, кел, кел маған, Құдайым, Сені көріп, өзімді аяп жылайын...» деген дәрменсіз хәл. Дәулеттің махаббат лирикасынан қарағанда философиялық лирикаға жиі соғатыны дүниетанымының даралығын танытады. Көпқатпарлы өмірдің қайшылықтары ақын өлеңдерінің ойөзегіне айналған.

Қадам бассаң қарсы алар қақпан оқыс,

Іңір келді, ібіліс шаттана түс!

Көп бояумен әрлеген көңіл-күйім,

Ақшам туса қайтадан ақ-қара түс...

Маған ұнайтыны оның өмірдің әр құбылысын өзі таңдап алған ракурста түсіндіре алатыны. Ығы-жығы, даурыққан тірліктен бас босағандағы ақынның жалғыздығының көрінісі — ақ-қара түс. Ақынның «ақ-қарасы» — ойға малынып, дүниенің азабы пен ғажабын саралайтын сәті деген болжам жасағым келеді. Осы өлеңнің концептуалды мазмұны мына бір жолдарда анық берілген:

Көшелерден іздеймін көңілді ырғақ,

Сағат тілі барады өмірді ұрлап.

Қоштасу да қоштасу көз ашқалы,

Әне, тағы біреу тұр қолын бұлғап.

«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген сөздің айғағы осы, бәлкім. Бірақ, тек ақындар ғана жапа-жалғыз ғұмыр кешеді деген сөз емес. Ақындар адамзаттың, әр адамның басындағы сезім мен жай-күйді жеткізуші, түсіндіруші болғандықтан, Дәулеттің айтар ойы алдыңғы өлеңінде де берілген баянсыз әрі ғапыл ғұмырдың көрінісі еді. Әр шумағын оқып отырып тиянақтылығына тәнті боласың. Ой мен образды шебер жымдастырған жақсы өлеңдер. «Урания» деп аталатын өлеңінде «текке құрып», «сөзін мадақ» тіркестері ұйқас үшін маңызды қызмет атқарғанмен, мұндай инверсиялар ақын өлеңіне кері әсер ететінін ескерткім келеді. Өлеңді оқып отырып алдыңғы өлеңдердегідей тосын, тың фрагменттер байқай алмадым. Дәулеттің ақындық қарымы қатайып қазақ өлеңінің қоржынына қайталанбас жырлар салуына тілектеспін!

Жақсылық Асқарбек

Тоқтала кетуді жөн санаған келесі жас ақын — Жақсылық Асқарбек. Жақсылықтың өлеңдері көбінде лирикаға бағытталған. Бұлақ бастауын Сағи, Тұманбай, Жұматай, Төлеген секілді ғажап классиктерден алғанын аңғарымпаз оқырман бағамдаған болар. Жақсылықтың құбылмалы ғасырдағы әдебиетте пайда болып жатқан қаптаған «измдермен» шатағы жоқ. Оның өлеңдерінде қатарластарының өлеңдерінде жүрген экзистенциалистік элементтер де кездеспейді. Сезіну мен суреттеуден тұратын сүйкімді өлеңдерінің ырғағы сыршыл. Әр сөзіне ықтиятты қарайтынына ырза боласың.

  Сыңғыр күлкің-бұлақ айтқан сыр болып,

  Сылдыр сөздің шамалы еттім керегін.

 Сенің мөлдір көздеріңнен жыр болып,

 Жер бетіне жылап ақсам деп едім!

Шығыс шайырларының шаһқарларын еске түсіретін мына бір өлең сылдыр, жылтыр сөздерден ада. Ақынның стандартты сезім не болмаса жатанды, таптаурын ойдан бойын алыс ұстап, жаңа ғасыр лирикасына үлкен олжа салатынына шүбә жоқ. Тағы бір сөз. Келтірілген өлеңдегі «көздеріңнен»(көпше түрде қолданбау керектігін ескере отыра!) сөзін «жанарыңнан» деп өзгертсе нұр үстіне нұр болар еді.

Саған мені бастамайтын жолдарды,

Жүрегіңе жалғасам ба, жырменен?

 Бұл — үміт жыры. Ақынның алып аңсары, қалауы...Ғашықтарда болатын «жалған күліп, шын жылаудың қайғысын» ұқтырған сезім. Дәл осы өлеңнің соңғы шумағы:

Қанша мұңнан өлең болып қайтты есе,

Өмір бізге үйреншікті боп алды!

Сен айтпадың сүйемін деп, әйтпесе,

Екеумізде айтылмаған не қалды?

-деп аяқталады. Анығында, аяқталмайды, керісінше, жақын жаннан алыстағаннан кейінгі азапты да аянышты күй басталады. «Өмір бізге үйреншікті боп алды» — қарапайым көрінгенмен астарына адам тағдырын сыйдырып тұрған тамаша тармақ. «Ара шағып алған қыз», «Безіну» секілді өлеңдер жас ақынның еркін көсіле алатын кең диапазонын көрсетті. Алдағы уақытта Жақсылықтан баллада шебері шығатынын ішім сезеді. Жас ақынның тағы бір тәтті сезімді селт еткізерлік өлеңін тұтас ұсынғым келіп отыр:

Сені мүлде көре алмайтын кез келіп,

Өмірім де өлеңім де өзгеріп.

Суретіңді аялармын сонда мен,

Сені аялар басқа біреу сөз беріп.

Кабинетті айналдырып көрмеге

жынданармын... Күлмейді деп ол неге?!

Қара барқыт көйлектегі көрікті,

Суретіңді іліп қойып бөлмеме.

Бір күні өлең жаза алмаған еңсемен,

Шам жағылған үстелімде...

                                         кеңседе

отырғанда дауысыңды сағынып

Суретіңнің сөйлеріне мен сенем!..

Нұртай Мәжит

Қаламдастарымның аяқалысына оқырман да өз бағасын берер деген үміттемін. Біздің буында формалық ізденістер мен еркіндікке ұмытылып жүрген ақындар да бар. Нұртай Мәжиттің өлеңдеріндегі көркем ой мен кестелі сөз ақынның қалыпқа сыймайтындығының, қағидаларды қиратуға қауқарлы екенінің жарқын көрінісі. Бұл тұрғыдан талай есімдерді атауға болады, бірақ ол міндетті деп ойламаймын.  Қазіргі кезең — мүлдем жаңа мазмұн мен пішіннен  туған «андерграунд» өлеңдер мен дәстүрлі поэзиядан бастау алған өлеңдердің арасындағы (жолайырық) кезең секілді.

Инверсия мен ұйқастағы аз-кем ақаулар аталған, аталмаған жас ақындардың бәрінде кездесіп жатады. Жалпы алғанда, жастардағы (жоғарыда айтылған барлық сөзге менің де қатысым бар екенін ескерерсіз!) кемшілік  — бірсарындылық пен тақырып аясының тарлығы. Ал жасандылыққа ұрыну не ұрынбау әр ақынның Өлеңге адалдығына артылған сын деп бағалаймын. Кемшіліктерге келетін болсақ, өмірлік-интелектуалдық тәжірибелер жинай келе ақындардың қалыптасып, қанатын кеңге жаятыны айқын. Т.Шапай айтпақшы, «қай ақынның болсын, қалыптасу кезеңін екі кезеңге бөліп қарауға болады.

Біріншісі алдыңғыларша жазу, әдеби әсерлер мен кітаби «даналықтарды» игеру кезеңі». Бұл  — жоғарыдағы ақындардың қазіргі кезеңі екені даусыз. Осы кезеңдерден сүрінбеуді жазсын! Шама-шарқымша әділ айтуға тырысқан аз-кем сөзде кеткен олқылық болса айыпқа бұйырмаңыз! Поэзия жайлы айтылған көп анықтамадан көңілген қонатынын айтулы испан ақыны Антонио Мачадо айтқан екен: «Поэзия ақынның уақытпен, өз уақытымен диалогы». Осы жерде Мачадоға «ақын тек өз уақытымен емес, келер уақытпен де диалог құра алатынын» қоса кеткім келеді...Аты аталған және аталмаған(елеп-ескермегендіктен емес!) ақын достарымның өлеңі оқырманның рухани игілігіне айналарына, ал талғам талабы биік оқырмандардың  жастар поэзиясынa назар сала жүретініне сенімім мол!  

                                                                      Дәурен ТІЛЕУХАН

Т. Раушанұлы