Әбіл-Серік Әліәкбар. Бір ділді Алаш фэнтезиі ешқашан тілге бөлініп алаланбайды

Әбіл-Серік Әліәкбар. Бір ділді Алаш фэнтезиі ешқашан тілге бөлініп алаланбайды

"Қазақ прозасында фэнтези жанры қалыптасқан ба?" деген сұрақпен белгілі әдебиеттанушы Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар ағамызға хабарласқан едік. Толықтай көлемді мақала жіберіпті. Автордың қызықты һәм танымдық мақаласын қысқартпай, сол күйінде оқырманның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

***

Фэнтезиге бет бұру – қазіргі қазақ әдебиетінде енді-енді кең тарала бастаған құбылыс. Тіпті, реалист жазушы деп саналатын М.Мағауиннің өзі – "Қыпшақ аруы" хикаятында осы жанрдың кейбір қағидаттарын басшылыққа алып, постмодернистік туынды жазып отыр.

Қазақ әдебиеті Батыстағыдай жынысқа қалай бөлінбесе, алаш фэнтезиі тап солай, ешқашан қазақ және орыс тілді деп еш алаланбайды. Оны көзі қарақты жан қазір шығып жатқан орысша туындылардың бабатүркілік сипатын танып-білу арқылы көз жеткізеді. Қазақша фэнтезидің аз болуы біріншіден: әдеби ертегі жазу үрдісі өркен жаймағандықтан; екіншіден: саудаға шығып, ұлттық кітапты тарату жүйесі қалыптаспағандықтан кенжелеп отыр. Осы мәселені "Жастар жылы" аясында "Массагет" сайтының орынды көтеріп отырғаны зерттеуші ретінде мені бек разы етті.

Қазақ фэнтезиінің бағын ашқан Таупық Рымжанов болды. Оның шығармаларында тылсым (магия) мен тылсым еместік бір-бірімен аяусыз күреседі.

Кезінде Алаш фэнтезиі ересектер әдебиетінде ғылыми фантастикамен араласып бой көтергенімен кең қолданыс таба алмады. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі бұл жанрдың ара-кідік ұшырасуы қаламгерлеріміздің шет ел фэнтези классиктері: Дж. Р. Р. Толкиен, Мэри Стюарт, Урсула Ле Гуин, Роджер Желязны, Майкл Муркок, Андрэ Нортон және басқаларымен орыс тілінде танысуынан деп білгеніміз жөн.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары кеңестік әдебиетте фэнтезидің алғашқы үлгілері: Н. Ютановтың "Оборотень", Е. Хаецкийдің "Меч и радуга", С. Логиновтың алғашқы әңгімелері мен Орталық Азияда Таупық Рымжанов туындыларында бой көрсетті.

Толкиеннің сақинасы. ©pikabu.ru

Шет елде бұл жанр қарқынды дамуда. Енді осы жанрдың іргетасын кім қалағандығы турасында сөз ете кетейік. Қазіргі біз фэнтези деп санайтын туындының әкесі Роберт Говард өзінің 1936 жылы "Айдаһарлар ғасыры" туындысын өмірге әкелді. Жаңа жанрдың бас қаһарманы Киммерлік Конан болып, жаңа үрдіс әуелі genresword and sоrcery ("қылыш пен сиқыр жанры") деп аталды. Осылайша, жаңа әдеби жанр өмірге жолдама алып, келесі жылы Дж. Р. Р. Толкиен "Хоббит, немесе Анда және кері" туындысын баспадан шығарды. Аталған қаламгер шынайы атақ-даңққа тек 1954 жылы"Сақина әміршісі" туындысынан кейін бөлене алды (Иванова Э. Создание вторичных миров: Дж.Р.Р.Толкин и жанр "фэнтези" // Искусство в школе. — 2008. — № 4. — С. 43.).

Христиан және ислам фэнтезиі

Христиан және ислам фэнтезиінің екі бөлек дүние екендігін ескеруге тиіспіз. Өйткені, фэнтезидің ілкі нышандары Шығыс әдебиетінде араб, үнді, қытай, жапон, түркі т.б. елдерде буддизм, брахманизм, ислам, алаш мифологиясы негізінде бұрыннан бар болатын.

Ал батыста готикалық, авантюралық, сал-серілік романдардың, "феялық ертегілердің" (fairy tales), аруақтар туралы әңгімелердің қоспасы ретінде фэнтези жеке жанр болып қалыптасты.

Шығыс әдебиетінде фэнтези бар ма?

Бізде, яғни Шығыс әдебиетінде фэнтези бар, ол еуропалық ұғым-түсініктен мүлдем бөлек. Араб фэнтези, түркі фэнтезиіне ұқсамаса, жапон мен қытай фэнтезиі бір-бірінен бөлектеніп тұрады. Ал, батыста бәрі бір дінде болғандықтан бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болып келеді. Үш түрлі дінді ұстанып отырған шығыстың фэнтезиін әдебиеттану мен өнертану бойынша зерделегенде осы өлшенімді қаперде ұстауға тиіспіз.

Қазір батыс фэнтезиі толкиендік эпопеяны: ведьмак (А. Сапковский Польша), Жерорта тарихы, Артур мифтері және ғаламтордағы "фанфикшендер" жазбаларымен толықтырып жалғастырып келеді. Ресейде толикендік бағыттағы Ник Перумовтың "Кольцо тьмы", Н. Васильеваның "Черная книга Арды" мен "Исповедь стража", К. Еськовтың "Последний кольценосец" т.б. шығармалары өмірге келді.

Біз батыс фэнтезиін бір ғана толкиендік үрдістің қазығына байлап қойсақ, ғылыми әділетсіздік жасаған болар едік. Еуропа ұлттары өз ескілігінің негізінде де фэнтези туғызып жатыр. Бұл салада орыстар мен поляктар славяндық мифтерді басшылыққа алып мифологиялық фэнтезиді өмірге әкелуде.

Бір кездері әлем (еуропа) романтиктері өз дәуірінде ұлттық ертегілерін өңдеп, әдеби ертегі жанрын қалай өмірге әкелсе, енді жаңа ғасырда қазақ қаламгерлері де өздерінің алаштық мифтерін өңдеп, қазақ және орыс тілдерінде фэнтези жанрын өмірге әкелді.

Осы орайда "Дастан мен Арман" фэнтезилік сагасының авторы Ильмаз Нургалиев: "Мен әлемге ұлттық фольклорымыздың бай қатпарын айқара танытқым келеді" дегенінде көп сыр жатыр.

©informburo.kz

Қазақ прозасында фэнтези жанры қалыптасқан ба?

Мәселенің байбына барар болсақ, өткен ғасырдың ХХ ғасырдың екінші жартысында тағы бір фантастикалық жанр – фэнтези әдебиет әлемінің есігін ашты. Аталған жанр біріншіден, әдеби ертегінің шекпенінен шыққандықтан пайда болу жолы да сан қилы, фэнтези кейде шындық өмірден қашып, миф пен аңыздарды қайыра ой елегінен өткізуге бағыт ұстанса, оның түп тамыры әдеби ертегі белгілі бір ұлт үшін сын сағаттар болған сәтті оны ертегілік образдар мен мотивтер арқылы таныта біледі; екіншіден, фэнтези жанрындағы туынды басқа жанрлардың мәтіндік бөлігі бола алмауымен әдеби ертегіден ерекшеленеді.

Әбу-Асқар Мекешұлы, Еркінгүл Солтанаева және осы жодардың авторы әр кезде осы жанрға қатысты өз пікірлерін алғаш рет білдірген әдебиеттанушылар болатын. Екінші мәселе, қазақ фэнтезиін орыс тілді және қазақ тілді деп бөлуге болмайды. Бұның себебі – қазақ ділді фэнтези қай тілде жазылса да, алаш дүниетанымы мен дейдей түркі мифтік әлемін әлем жұртшылығы назарына ұсынады.

Қазір қазақ тілінде Тауфих Шеғиров – Сәукетаевтың "КЕЛЕШЕК ТУРАЛЫ" РОМАН – ФЭНТЕЗИ жарық көрді. Және 2015 жылы Ильмаз Нургалиевтің мың жарым данамен шығып, Ресейге тез тарап кеткен, ал өз елімізде 100 данасы ғана сатылған "Дастан мен Арман" фэнтезилік сагасының қазақша аудармасы өз баспагерін күтуде. Бұдан бөлек "Воздушное кочевье", "В поисках золотой чаши" т.б. орыс тілді фэнезилер өмірге келіп жатыр. Журналист қаламгер Адам Қапановтың "Воздушное кочевье" роман фэнтезиіне аңшы Аңсар мен сүйген жары айдай сұлу Нұрияның асыл махаббаттары арқау болып, оқиғасы мифтік әлем аспан көшелілері елінде өтеді. Аталған автор көшпелі жауынгер мен шармақшы әскери сері (рыцарь-крестоносец) жайлы "Перекрестье" атты жаңа фэнтези жазу үстінде.

©expertonline.kz

Зира Наурызбаева, Лиля Калаустардың қосаравторлығымен шыққан "В поисках золотой чаши", кітабы да өзіне назар аудартады. Қала баласы Бату мен достары массагет ханзадасы Аспарамен танысып, көнеден қалған жәдігер даналық пен әділдіктің жоғалған шарасын іздеуге аттанады. Олар осы сапарында Самұрық сынды талай мифологиялық персонаждармен жолығысып, барша қиындықты жеңіп шараны табады.

Тимур Ермашев "Воскрешающий легенды" фэнтезиінің сюжеттік желісінде тылсым жағдайдағы апаттан кейін "Орбұлақ шайқасының" қатысушына айналған екі достың бастан кешкен оқиғалары арқау болады. Салқам Жәңгімен бірге оның 600 сарбазының бірі болып, 50 мыңдық жоңғар қолын талқандауға қатысқан екі жігіттің қызықты тағдыры оқырманын бей-жай қалдырмайды.

Фэнтези (ағыл. fantasy – "фантазия") – мифологиялық және ертегілік мотивтерді пайдалануға негізделген фантастикалық әдебиет түрі. Заманалық әдебиет түрі ретінде XX ғасырда өмірге келді. Қазіргі деңгейіне жетуі үшін Джон Рональд Руэл Толкин ересен еңбек сіңірді. Оны кейбірде фэнтезидің әкесі деп атайды.

Фэнтези туындылары көбіне тарихи-шытырман оқиғалы туындыны еске түсіріп, ондағы іс-әрекет белгілі бір ұлттың бағзы баба дәуіріндегі, орта ғасырлардағы тыныс-тіршілігін танытатын ойдан шығарылған әлемде өтіп, бас кейіпкер құдай ерекше қылып жаратқан құбылыстар және мақұлықтармен аяусыз күреске түседі. Кейбірде фэнтези архетиптік сюжеттер негізіне құрылады.

Ғылыми фантастикаға қарағанда фэнтези іс-әрекет орын алып отырған әлемді ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырыспайды. Батыс фэнтезиінде оқиға өтетін әлем не параллельді әлемде, не басқа ғаламшарда орын алады. Ондай әлемде құдайлар, құшнаштар, мифтік мақұлықтар (айдаһар, гном, тролли) немесе басқа да фантастикалық мақұлықтар шынайы өмір сүреді. Олардың әдеби ертегіден өзгешелігі суреттелетін әлемнің дағдылы қалыбы деп танылып, табиғаттың бұлжымас заңдылығы деп қабылданады.

Ерекше әлемге қатысты сөз қозғасақ Тимур Ермашевтің "Воскрешающий легенды"-сы "Орбұлақ шайқасының" қатысушы біздің заманымызда өмір сүретін екі достың бастан кешкен оқиғаларына құрылады. Адам Қапановтың "Воздушное кочевье" роман фэнтезиі мифтік әлем аспан көшелілері елінде орын алады.

Фэнтезилік "Құпиялық" туындыны аяғына дейін оқуға мүдделі етеді. Біз Т.Рымжановтың "Зәйтүнқарлығаштың ерлігінде" Шахат сиқыр мен Сұртырнақтың өлтірген жебенің құпиясын еш білмейміз. Оның қайдан шыққандығын тек осы туындының жалғасы "Ерден батырда" Табиғат патшаның сақалы екендігін, оның садақпен атылып, араға уақыт салынып, ұшып жүріп, Ерден Жаһұтқа оралғанда Ла диюды өлтіретіндігін білеміз.

©samlib.ru

Фэнтези жанрының ерекшелігі

Сонымен фэнтези жанрының қазіргі ТМД әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі қандай? Міне осы сұраққа қолда бар материалдар негізінде жауап іздеп көрелік.

Фантастика өнердегі әдіс-тәсіл ретінде есте жоқ ескі заманнан белгілі. Ол белгілі бір дәрежеде кез келген өнер түріне тән болып келеді. Әлем әдебиеті, оның ішінде қазақ әдебиеті алғашқы қауымдық мифтен қиял-ғажайып ертегіге, ертегі мен аңыздардан орта ғасырлық әдебиетке, одан кейінгі дәуір әдебиетіне дейінгі ұзақ жолды бастан кешті. Ақыр соңында ғылыми фантастика мен фэнтезидің күні туды. Қос жанр бірде қабаттаса дамып, бірде бір-бірімен астаса өркендеді. Бұл жанрлар руханияты дамыған барша елдердің әдебиетінде атаулары мен анықтамалары пайда болғанға дейін өмір сүріп келген еді. Өнертану мен әдебиеттану ғалымында олардың ара-жігін ашудың өзі оңайға түскен жоқ. Ғылыми фантастика турасында бәрі оңайлау болса да, фэнтези турасында олай дей алмаймыз. Ғылымда осы жанр турасында бір ізге түскен түсіндіру әлі өмірге келе қойған жоқ (Беренкова В.М. Жанр фэнтези как объект лингвистического исследования // Вестник Адыгейского государственного университета. Серия 2: Филология и искусствоведение. — 2009. — № 4. — С. 91.).

Кеңестік кезеңде қазақ соцреализмінің идеологиялық жүйесі күйреуге ұшырай бастаған кезде ұлттық фэнтезидің алғашқы нышаны М.Дүйсеновтің, Б.Соқпақбаевтың, Р.Тоқтаровтың, Т.Рымжановтың т.б. белгілі қаламгерлердің туындыларында ұшыраса бастады. Ғылыми фантастика кеңестік режимге қызмет етсе, фэнтези бұған көнбеді. Өйткені, ол сана мен қисынға емес, сезім мен арманға арқа сүйегендіктен бейсанасыз болып келіп, ешбір идеологияның ырқына көнбейді. Сондықтан бұндай жанрға ескіні көздеушілік деген таңба басылып, аяқ басқан қаламгерлер билеуші топтың кәріне де ілікті.

Постмодернизм элменттерінің төл әдебиетімізге сыналап енуі бұл жанрдың бағын ашты. Қазіргі қазақ фэнтезишілерінің батыс пен орыс қаламгер-әріптестерінен өзгешелігі барша ұлтқа ортақ болып табылатын коммерциялық шаблондарды қолданбайды, қайта өз қазағы ғана ұғынатын ұлттық нақыштар төңірегінде ой толғайды. Таза фэнтезилік үрдістің соңында біржола кетпей, қайта оны қазақ постмодернизміндегі дәстүрлі элемент ретінде талғап, таңдап қолданады.

Фэнтези жанры өзіне қаламгерлерді несімен қызықтырады? Бұның себебі авторлық фантазияға кең құлашты жол ашылады да, адамның ақылы жетпейтін элементтер әңгімелеу өзегіне айналады. Бірақ біз осыны теориялық жақтан айтқанымызбен, қазақ және әлем авторлары үшін оның өз шегі мен ережесінің бар екендігін естен шығармайық.


Бұл турасында тереңдеп сөз қозғауымыз үшін, ең әуелі фэнтезидің мәні мен анықтамасының басын ашып алуымыз керек. Қазіргі ТМД өнертануы мен әдебиеттануында ғылыми ортаға көптеген ой түйіндеулер ұсынылып отырса да, біз тек соның екеуін ғана келтіре кетуді жөн көрдік. Оның біріншісі – "Разновидность художественной литературы, определяемая комплексом (иногда минимальным) тех или иных признаков (элементов или качеств) содержания и формы" ("Литературоведческим энциклопедическим словарем"). Екіншісі – "Исторически складывающийся тип литературного произведения… в теоретическом понятии о жанре обобщены черты, свойственные более или менее обширной группе произведений какой-либо эпохи, данной нации или мировой литературы вообще" ("Современным словарем-справочником по литературе").

Көріп отырғандарыңыздай біз аудармай берген орыс тіліндегі екі анықтама бір-бірін теріске шығарып тұрған жоқ, қайта бір-бірін толықтырып тұр. Ертегіде бәрі бақыттылықпен бітсе, фэнтезиде көбіне қайғы мен қуаныш аралас аяқталады.

Сонымен фэнтезидің барша әлем әдебиетіне ортақ нышан-белгісі – біздің әлемде болмайтын дүниені сөз етулері болып табылады. Ұлтық ерекшелігіміздің барша рухани-мәдени құндылықтарын сақтай отырып, өзінің біртұтас көркем әлемін фэнтези жанры бойынша өмірге әкелген жазушылар қатарына Тауфих Шеғиров – Сәукетаев, Тимур Ермашев, Адам Қапанов және Ильмаз Нургалиевтарды әбден қосуымызға болады.

Осылайша, заманалық қазақ фэнтезиінде ол қай тілде жазылмасын мүлдем өзгеше шындық өмірде мүлдем мүмкін емес дүниелер тылсым күш арқылы жүзеге асып жатады. Сонымен қаламгер өзінің басты мақсаты қаламымен өскелең ұрпаққа тәрбие беру екендігін жете сезіне отырып, шынайы өмірде болуы мүлде мүмкін емес дүниелерді дидактикалық кәдеге жарата біледі. Айта берсек, оқырманынан бүккен қаламгер құпиясы жетерлік болып, сананы сай саққа жүгіртеді.

Тауфих Шеғиров – Сәукетаев, Тимур Ермашев, Адам Қапанов және Ильмаз Нургалиевтар болмыс пен бейболмыс арасындағы межені бұзып, суреттейтін әлемінің шынайлығына өз оқырманын сендіре біледі. Осылайша жасөспірімдер қаламгер фэнтезиінің әлемді түйсінудің, бейнелеудің, ой елегінен өткізудің өзіндік бір жолы екендігін ұғынады. Аталған жазушылардың бізге ұсынған ертегілік әлемі «ертегілік емес» әлемге айналып, бүгінгі күнгі қазақ қоғамының басты проблемалары астарланып, өткен күндердің оқиғаларымен астасады. Осылайша, авторлар біздің барша өзекті мәселелерімізді мифпен өрілте түсіндіріп, өздік образ сомдаулары арқылы түрлі қырынан ұсынады. Бұл фентизилердің тасысында мені танып ал деп қылтиған біздің бүгінгі өміріміздің көлеңкелі жағы жасырынып та жатады. Оның автор тарапынан тереңге жасырынғаны сондай, кез келген оқырман аңғара бермейді. Және батыстық фэнтезиден қазақ фэнтезиінің бір айырмашылығы фольклорға тән сөз саптау мәнерінен қол үзбеуі.

Фэнтези авантюралық романдардан көп нәрсені алды. Оның ішінде әсіресе сюжет құру мен айла-шарғыны. М. Бахтиннің "авантюралық" романдық уақыт туралы пікірін тірек етсек: "авантюрлық "уақыт жағдайы" дегеніміз иррационалдық күштердің адам өміріне араласатын арнайы шағы: тағдырдың жазуы,.. құдайлардың, әзәзілдердің, сиқыршылардың… романдық аярлардың араласуы", барша шексіз авантюралық уақыты бір ғана күш – кездейсоқтық билеп төсейді", - онда көптеген туындыларды сөзге келмей фэнтезиге жатқыза аламыз.

Қазір ТМД кеңістігіндегі әдебиеттанушы ғалымдар фэнтезидің көлеміне қатысты да дау туындатып жүр (Чепур E.A. Русская фэнтези: к проблеме типологии характеров // Проблемы истории, филологии, культуры. — 2008. — № 19. — С. 336.).

Әдеби ертегі бұрынғы фольклорлық ертегіде мүлде кездеспейтін авторлық таңғажайып әлемді өмірге әкелді. Ол әлем сол авторға дейін жазылған ешбір әдеби әлемге ұқсамайды. Бұны Чернышева "әдеби ертегідегі жаңа дәстүр" деп атайды. Т. Степновскаяның сөзіне кезек берсек, онда фэнтезидің өмірге келуі турасында: "Фэнтездің еркін қиялдың шарықтауы арқылы шындық өмірдегі барша заңдылықты бұзатын, мазмұн мен форманың бойына кез келген сиқыр мен таңғажайыпты ендіре алатын көркем әдебиеттің ерекше түрі ретінде өмірге келуінің бастау көзі миф пен ертегіде жатыр", - деп тұжырымдайды. Бұл арада ескеретін бір нәрсе "жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоғалмайды".

Мифте басты заң фатум мен жоғарғы күш. Ал, ертегінің қағидаты бұдан бөлектеу жақсылық жамандықтан қашанда үстем, бас қаһарман еш қиналмай жолындағы кедергінің бәрін жеңіп шыға алады. Ал ондағы зұлымдық тек жақсылықтың жеңіп шығуы үшін ғана қажет.

Фэнтези әлемді үлгілеп, ертегілік ауан шарттылануы экзистенция деңгейінде өзін жоғалтып алады. Басқаша айтар болсақ, ертегі фэнтезиге айналады сол кезде, қай кезде өзіне реалистік өмір нышанын таңдап алатын болса. Жақсылық пен жамандықтың арасалмағы теңесіп, әділетсіздік туындап, кездейсоқтық пен жазымыш пайда болады.

©informburo.kz

Батыс мифологиялық фэнтезиі белгілі мифтер шеңберінен аса алмаса, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде алаш мифологиясы Тауфих Шеғиров – Сәукетаев, Тимур Ермашев, Адам Қапанов және Ильмаз Нургалиевтар фэнтези арқасында жаңа сатыға көтеріліп, басқа қаламгерлерімізге рухани азық болып жаңа шығармалар тудыруға мол мүмкіндік беретін жарық жұлдызға айналды. Осы өліра сәтті өзінің шығармашылық кәдесіне жаратқан Т.Рымжановтың әдеби үрдісі өз жалғастығын тапты.

Алаш дүниетанымы мен ұлттық мифологиямыз кеңінен арқау болған Тауфих Шеғиров – Сәукетаев, Тимур Ермашев, Адам Қапанов және Ильмаз Нургалиевтар қаламының қарымымен оқырманға жол тартқан заманалық әдеби жанр фэнтези әдеби процесімізде өзін таныта бастады. Тек лайым фэнтези жанры қанатын кеңге жайып, жас авторлардың легі арта берсін деп тілейік.

Осының бәрінің бастау көзінде Таупық Рымжановтың "Зәйтүнқарлығаштың ерлігі", "Гүл Ағашы", "Күн перзенттері", "Ерден батыр" сынды төрт туындысы тұр. Осы қазақ фентези жанры турасында, оның негізін салушы әм осы жанрдың атасы – Т.Рымжанов шығармашылығы жайында жаңа ізденістер өз зерттеушісін күтіп жатыр.

Т. Раушанұлы