Әйгілі адамдардың тапқырлығы #1

Әйгілі адамдардың тапқырлығы #1
Фото: ladysarafan.ru

Өмірде әйгілі адамдардың түрлі тапқырлыққа баратыны бар. Кейін сол ұтымды сөзі мен әрекеті цитатаға айналып жатады. Назарларыңызға атақты адамдардың өмірінен бір үзік сыр ұсынамыз.

Бернард Шоу ©shkolazhizni.ru

***

Бір күні Бернард Шоу ат мініп серуендеуге шығады. Пошта қызметінің қасына келгенде жолында кездескен адамға өтініп:

– Кешіріңіз, мына атты аз уақытқа ұстап тұрасыз ба, мен поштаға кіріп шығайын?- дейді.

Сонда бейтаныс адам жақтырмай қарап:

– Не деп тұрсыз?! Мен парламент мүшесімін!  дейді.

Бернард Шоу жымиып:

– Бір қарағанда адал, иманды және намысқой адамға ұқсайсыз. Мейлі, мен сізге сеніп атымды уақытша тапсырамын,  деген екен.

Энрико Карузо ©operanews.ru

***

Әйгілі опера әншісі Энрико Карузо Америкаға алғаш келгенде, оған журналистер сұрақты қарша боратқан. Олардың бірі әншіден:

– Италия мен АҚШ сауда қатынастары туралы не айта аласыз? – деп сұрақ қояды.

"Мен бұл туралы ешқашан ойламаппын",  дейді әнші сәл ұялып, – Бірақ мен ертеңгі газеттерден не айтқанымды біліп алатыныма сенімдімін",  деген екен.

Альберт Эйнштейн © moleclues.org

***

Бір күні Эйнштейн достарымен табиғат аясында қыдырып жүріп:

– Алдымызда тұрған мына таудың ұшар басында ежелгі сарай қалдықтары бар. Құз басындағы тар соқпақпен жүрсеңіздер, тау етегіндегі жасыл алқапқа шығасыздар. Бірақ тар соқпақпен жүру өте қауіпті. Абайламасаңыздар, құлап кетесіздер. Егер де құздан құлап кететін болсаңыздар, оң жаққа қарауды ұмытпаңыздар. Себебі, оң жақтан таудың ғажап табиғатын көре аласыздар,  деген екен.

Михаил Евграфович Салтыков-Щедрин ©kuban.kp.ru

***

Өмірінің соңғы жылдарында жазушы М.Е. Салтыков-Щедрин қатты аурудан азап шегеді. Сонда да ол шығармашылықпен айналысып, қабылдауына келген адамдармен сөйлесуге уақыт табады. Бірақ өмірінің соңғы күнінде тіпті төсектен тұра алмай қалады. Бірақ бір адам қайта-қайта қабылдауын сұрап өтінген. Сонда Салтыков-Щедрин көмекшісіне:

"Шығып, одан кешірім сұра да, менің бос емесімді – өлейін деп жатқанымды айт" деген екен.

***

Альберт Эйнштейн "Салыстырмалылық теориясын" жазғаннан кейін әлемге әйгілі болды. Ғалымды халықаралық конференциялар мен университеттер дәріс оқуға шақырады. Күн сайын әр университетте осы теория бойынша дәріс оқиды.

Бір күні ғалымның жүргізушісі:

– Мырза, сіз осы теория жөнінде көп айтқаныңыз сонша, оны мен жаттап алдым, - дейді.

Сонда әйгілі ғалым:

– Пәлі, солай ма? Онда келесі жолы дәрісті сен оқисың! Мен дәрісхананың соңғы орындығында тыңдаушылармен бірге отырам - дейді.

Шынында да келесі дәрісті жүргізуші оқиды. Оның "Салыстырмалық теория" жөнінде шебер дәріс оқығаны сонша, аудиториядағылар мінберден шапалақ ұрып шығарып салады.

Мінберден түсіп бара жатқанда, тыңдаушылардың бірі оған кенеттен осы теория бойынша қиын сұрақ қояды.

Тапқыр жүргізуші іркілмей:

– Сұрағыңыз тым оңай екен. Оны мен түгіл жүргізушім де біледі,  деп Эйнштейннің өзіне сілтеп жіберіпті.

жалғасы бар...

Т. Раушанұлы