Оспанханның оспақтары

Оспанханның оспақтары
Фото: kaz.tengrinews.kz

Оспанхан Әубәкіров – қазақтың сатира саңлағы. Біз оны «Сүт ұйықтап қапты» деген өлеңімен 4-сыныптан бері танимыз. Кезінде «сатира сарапшыларының» сынына ұшырағанымен, қалың оқырман О.Әубәкіровтің уытты мысқылынан әрқашан жанына жайлылық тауып отырды. Назарларыңызға сатириктің бірнеше сықақ өлеңі мен сатиралық әңгімесін ұсынамыз.

Көкек
«Өз атын өзі шақырады»
Деп көкекті даттап жүрміз.
Шамасы біз шындықтан аттап жүрміз.
Көкек не десе де,
Көкектігін жасырмай айтып жүр.
Ал енді біздің
Кей жігіттер қайтіп жүр?
Тіпті көкек құрлы болмай,
Өз атын айтудан тайқып жүр.
***
Бәленшенің Түгеншесімін деп,
Сүйенгенін қосып айтады.
Қосып айтқанда бөсіп айтады.
Міне, көкек деп осыны айтады.

Ауыр науқас
Басабай бір тойға тап түсіп,
Әкесі өлгендей қатты ішіп,
Ертесіне, баяғы, ауырмай ма?
(Яғни, кешегі ұрған құдай
Ертесіне тағы ұрмай ма?!)
Осы тұста,
Жарамсақтарының бірі кеп:
– Басеке,
Көңіл сұрайық деп кіріп ек,
Қазақта хал сұрасар жөн бар,
Жай науқас па?
– Білмеймін, әйтеуір бір шөл бар...
– Шөл шөлмекпен жоғалмас па екен?
***
Апыр-ай «бізді» түбінде
Осы тұқымың құрығыр шөл алмас па екен?!

Шал ақылы ақыл-ақ
Шал жуырда келін түсірді.
Қалыңмал қамдамай-ақ
Қаладан алып тегін түсірді.
Кемпір келіннің етегін ұзартып,
Сыбанып жүрген жеңін түсірді.
Тырнағының сояуын кесіп,
Бояуын қырнап қырып алды.
«Басыма тисеңдер де,
Шашыма тимеңдер»,- деп
Келін қарысып тұрып алды.
(Жас болған соң жастық қып
Әрін күтер сұры бар-ды).
Бала мұны ұнатпай
Келінді бірде бүріп алды.
Шал балаға ашуланды:
– Шатақта не басың қалды?!
Не керек қатын айқай?
Сен киізбасқа
Мынадай ақыл айтайын.
«Атыңды ұстатпайды» деп ұрсаң,
Сосын мүлде ұстатпай қояды.
Со секілді әйелді ұра берсең,
Ұл түгіл қыз таппай қояды.
Әйел де жылқы мінезді,
Қашаған ат секілді.
Ұстатпақ түгіл тұстатпай қояды.
***
Шал ақылы ақыл-ақ,
Тек соны ұқса ғой
Анау, алшаңдап жүрген «ақымақ».

 

Қызыл сәуле
Әусек қызметтен түскеннен кейін: «Әй, түлей көзіңе қарап айдасайшы!» - дейтін шопырдан да айырылды. Аяғы «Зеңгірге» түссе, ала қашатын қайран ала өкпе машина күнде күркілдеп есігінің алдына келіп тұрушы еді... Иә... Жылы төсектен жұлып алып, құйрыққа бір тепкендей әуселе болды. Өзіне де обал жоқ, кеңсесіне кірмей, су кешіп, балық сүзіп, чекке қол қоймай қаңғып кетуші еді, шегіне жетті. Бәрінен де жеңгейдің: «Балықта басың қалғыр бақа, балағыңды түріп алып судан шықпай қойып едің, сауап болды!» - деп табалауы өтіп барады.

Шынында да жаңа ғана зам болып жан болғанда азаннан сазан қуып мазасы кетіп еді, жазасын тартып жалпағынан түсті. Тырсылдаған тоқ көңіл тасқа тиген топша секіріп осы кезде өзен бойлап жүруші еді, бұл күнде үзілген түймедей орнында жоқ.

Қонаққа шақырып көңілін елеген «балықшы» достары: «Басың аман болсын, балық та болады, байлық та болады»,- деп шығарып салған.

Жарым түннен асқан кез болуы керек, көшенің арқасы босап, бояу сатып тұрған кісідей тек светофор ғана қалыпты. Көңілі көпсіп, шекесі жіпсіген Әусек «күркілдек машинасына мініп алып» тартып кетті. Табаны тасқа тимей тартып келе жатқан күркілдек кілт тоқтады, қызыл сәуле жанып тұр екен. Әусек әдетінше әкеден бір қайырып алды да:

– Әй, түлей неме, көзіңе қарасайшы, отқа түсіп кете жаздадық қой,- деп күңк ете қалды.

Шопыр үнденген жоқ, жүріп кетті.

– Ауыздарыңа бірдеңе тисе, қатын-балаларыңды ұмытып кетесіңдер. Светофорды басып кете жаздадың ғой, есалаң өгіз. Көше тәртібін білмейтін балық екеш балық та су астында өздерінің көзіне қарап жүреді,- деп Әусек әлі барқылдап келеді.

Осындай қаптаған қызыл сәулелерге бөгеліп сүрініп-қабынып келе жатқан күркілдек машина қып-қызыл болып «өртеніп» тұрған светофорға соғылып «күл-талқаны» шықты. Анадай жерге ұшып түскен Әусек: «Қап, иттің баласы-ай, өлтірдің-ау»,- деп басын көтерді. Шопыр да жоқ, машина да жоқ, көрінген светофорға «шоқынып» манадан жаяу келе жатқаны енді есіне түсті. Машинадан түспей әбден жаман үйреніп кеткен ғой қайран қасқа.

Айналайын қиял-ай десейші, күркілдегін бүркілдетіп өмір-бақи мініп жүремін деп ойлаған да.

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Қал-ағаңның айтқандары

Оспанхан Әубәкіров. "Жаңа жыл әзірлігі"

@. @assel_assanova