Қал-ағаңның айтқандары #2

Қал-ағаңның айтқандары #2

Белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлының Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың белгілі драматургі, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов туралы мақаласын жалғастырамыз.

ЕКІ БАСЫЛЫМҒА – БІР АЯҚ

Бір журнал, бір газетке редакторлық жасап жүрген Қал-ағаң аяғын ауыртып, ақсаңқырап қалады. Соны байқаған өткір тілді қаламгер ағаларымыздың бірі:
– Қалтай, бір журнал, бір газетті басқарам деп аяғыңа салмақ түсіріп алыпсың ғой. Ауырлау боп жүрген жоқ па? Өзіңді өзің зорықтырмай қайтармайсың ба бірін? – дейді тиісе сөйлеп.
– Оқасы жоқ, Рузвельт креслода отырып-ақ Америка Құрама Штаттары секілді үлкен державаны басқарған екен. Оның қасында бір журнал, бір газет не, тәйірі? Оны жалғыз аяқпен де басқаруға күш жетеді, – деп тапқырлықпен жауап берген екен.

ТАСБАҚАНЫҢ ҰРҒАШЫСЫ

«Қазақ әдебиеті» газетінде шығып тұратын «Бүйенбайдың» бетін жүргізіп жүрген Қалтай Мұхамеджанов бір күні сол бетте С.Кеңесбаевтың «саптама етікке» берген түсініктемесін қатты сынайды. Ол үлкен ғалым ағамызға жақпай қалады. Бір жолыққанда Қал-ағаңа тиіседі.
– Сен баланы көп біледі дейді ғой, – деп бір кекетіп алады да: – Білгіш болсаң айтшы, аюдың баласын не дейді? – деген сұрақ қояды.
– Қонжық.
– Біледі екенсің.
– Еліктің баласын?
– Құралай.
– Шынымен біледі екенсің, – деп ары қарай тағы да бірнеше сұрақтар қояды.
Қал-ағаң бәріне жауап береді. Кеңесбаев әбден бітті-ау дегенде енді Қалтай Мұхамеджанов сұрақ қоя бастайды.
– Сіз сұрақ қойып болсаңыз, енді мен сұрайын.
– Сұра.
– Тасбақаның ұрғашысын не дейді? – депті Қал-ағаң.
Жауап жоқ. Айта алмайды.
– Тасбақаның ұрғашысын «сірне» дейді, сірнедей жабысты деген сөз содан қалса керек, – деген екен сонда Қалтай Мұхамеджанов.

«АДАМ ИТЖАНДЫ ҒОЙ»

«Ара» журналында істеймін. Қалтай Мұхамеджановтың «Заман» газетін ашып жатқан кезі. Мекемелері жоқ. Бәрі «Араға» жиналады. Жамбыл облысынан келген журналист Болат Жаппаров кабинетімде отырған. Елдің әңгімесін айтып жатыр. Қалтай ағадан жұқтырған әзілкештігі де бар. Ертеден еліктейтін. Бір уақытта жаңа газеттің қызметкері, жазушы Адам Мекебаев кеп қосылды қатарымызға. Әңгіме одан са­йын қыза түсті. Болат әңгімені тартымды айтады. Кенет темекі шегуге ыңғайланып, қалтасынан шылымын ала бастады.
– Осы темекіні көрмесем, тартпай жүре берем. Қанша болса да шыдаймын. Ал біреуден көрсем шеккім келеді де тұрады, не бәлесі барын. Біреуін бере қойшы, – деп Болаттан темекі алып тұтатты Адам Мекебаев.
– Адам деген итжанды ғой, оған сенем, – деді темекі беріп жатып оның Адам Мекебаев екенінен мүлде хабарсыз Болат Жаппаров.

Сурет: el.kz

Ұқсас жазба: 

Қал-ағаңның айтқандары

Н. Айдархан