Әйелдер туралы демалыста оқуға болатын 5 роман

Массагет порталы әйелдер туралы демалыста оқуға болатын романдарды ұсынады. Бұл романның әрқайсысы адам жанын тебірентпей қоймайды. Шығармаларды оқи отырып "әйелдің қырық жаны бар" деген сөздің растығына тағы бір көз жеткізесіз.

 "Ақбілек" – Жүзіпбек Аймауытов

Ақбілек романы – қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарын, әсіресе негізгі тұлға – Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туынды.

Бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмір-тірліктері, ақ гвардияшылар әрекеті кеңінен көрініс береді. Романда көтерілген басты мәселе - қазақ қызының тағдыры, әйел теңсіздігі.

"Джейн Эйр" (Jane Eyre) – Шарлотта Бронте

"Джейн Эйр" – Шарлотта Бронтенің классикалық романы, Британиядағы ең әйгілі романдардың бірі.

Алғаш рет 1847 жылы "Jane Eyre: An Autobiography" деген атпен басылып шыққан. Бірден оқырмандардың және сыншылардың жүрегін жаулап алған. Роман готикалық дәстүр ұстанымымен жазылған. BBC нұсқасы бойынша "ең үздік 200 кітап" тізімінде "Джейн Эй" романы оныншы орында тұр. Көптеген романдардың жазылуына түрткі болған. Кітап желісі бойынша 1934 жылдан бері біраз фильм түсірілген.

Шығармада өзінің тәуелсіз мінезімен өмір қиындықтарына төтеп берген кішкентай қайратты қыздың өмірі, балалық шағы, өмір жолын табу кезінде басынан өткендері жайлы әңгімеленеді.

"Әйел еркек емес" (A Woman Is No Man: A Novel) – Итаф Рам

Итаф Рам – Америкада өскен палестиналық иммигрант. Оның "Әйел еркек емес" романы шығыс әйелдеріне тән дәстүрді сипаттайды. Рам араб ережелері туралы, жалпы қабылданған сценарий бойынша өмір сүру үшін қыздардың қалай туатыны туралы баяндайды Және ол әйелдің таңдау құқығы, еркіндігі жоқ екенін айтады.  

Оның басты кейіпкері Дея Бруклинде өскен, бірақ ол әлі де дәстүрлерді құрметтеуге, мойынсұнуға, ерте тұрмысқа шығуға және балалы болуға мәжбүр. Бірақ Дея өз өмірін басқару құқығын қайтарып алуға және патриархалдық негіздердің тұтқынынан шығуға тырысады.

"Зүлейханың оянуы" (Зулейха открывает глаза) – Гүзел Яхина

Татар жазушысы Гүзел Яхинаның бұл романы – өткен тарихымыздағы әлі күнге дейін айтылмай жүрген ащы шындықтың бетін ашып, бүгінгі және кейінгі ұрпақ білуі тиіс ақиқатты айта білген туынды.
1930 жылдары кулак ретінде Сібірге жер аударылған, тар кезеңде тағдырлары тоғысқан сан алуан жан өлім мен өмір беттескен сәттерде тірі қалу үшін бірлесе күреседі. Рух қайсарлығы. Жүрек жылуы. Ана махаббаты. Романның бас кейіпкері Зүлейха осы қасиеттерінің арқасында тағдыр сынағынан сүрінбей өтеді. 

Шығарма желісі бойынша көп сериялы фильм түсірілді. Роман қазақ тіліне аударылып, 2021 жылы Фолиант баспасынан жарық көрді.

"Махаббат қызық мол жылдар" – Әзілхан Нұршайықов

Махаббат қызық мол жылдар — Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 33-аудиторияда өзін гүлге толған бақта отырғандай сезінуі, қыздардың тастай қылып өрілген бұрымдарына көз салуы, достарын, өз махаббатын табуы, болашағына жол ашып, өз жолын табуы да баяндалады.