Сырманов Алпамыс: "Фэнтези жанрында қазақы кейіпкерлер қалыптастырамын"

Жақында Сырманов Алпамыстың "Сарман: алты таңбаның кітабы" атты балаларға арналған фэнтези жанрындағы романы жарық көрді. Алпамыс әдебиет табалдырын енді аттап жатқан жас қаламгер.  Ол осы жанрды дамытып, әлем нарығындағы бәсеке төтеп бере алатын қазақы қаһармандар қалыптастырсам дейді. 

Қазір ол тамақ жеткізу қызметінде жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп те әдебиеттен алыстамаған

Оқиға орта ғасырдағы "Тұран" атты мемлекетте өтеді. Ол жердегі "өлмейтін хан" атанған – "Тарын", тақта мәңгі отыру үшін әлемді жойып жіберуден де тайынбайды. Оған қарсы тұру үшін алып күштің иесі – "Табураттар", ақыл-ойдың иесі – "Мардарлар" және супер күшке ие – "Сармандар" бірігеді. Жалпы, кітап өте қызықты, шытырман оқиғалы. Нағыз балаларға арналған

Массагет порталының тілшісі автормен жаңа кітабы және фэнтези жанрының қазақ әдебиетіндегі орны туралы тілдесіп қайтты

– Алпамыс, алдымен өзіңді таныстырып өтсең? Қай жақтың тумасысың? Әдебиетке қанша жасыңнан бастап қызықтың?

– Есімім Сырманов Алпамыс, 1998 жылы Өзбекстанда туғанмын. 2006 жылы Қазақстанға қоныс аударып, мектепті Мақтаарал ауданында оқыдым. Кейін Алматыға көшіп келіп, мектепті аяқтадым. Ветериналық медицина бойынша жоғары білім алдым. Қазіргі кезде тамақ жеткізу қызметінде жұмыс істеймін. Әдебиетке аса бір қызықтым деп айта алмаймын. 18 жасыма дейін көркем кітап оқымадым. Қызығушылық болмады. Тек университет қабырғасында жүргенде Танат деген досым бір кітап берді. Ол кітап Бодо Шефердің "Жеңімпаздардың заңы" деп аталады екен. Сол шығарма менің көзқарасымды, ойымды түгелдей өзгертті. Яғни, адам өз-өзін дамыту арқылы ғана көздеген жетістігіне жете алатынын түсіндім. Соның бірі кітап екен. Содан кейін кітап оқып бастадым. Ірі жол салып кеткен тұлғалар өмірін зерттедім. Өмірдің мәні біреуге көмектесу екен. Біреуге көмектесу үшін алдымен өзіңе көмек беруің, дамытуың керек екен.

– Неге фэнтези жанрын таңдадың?

– Бала кезден осы жанрға қызықтым. Бірақ кітап жазамын деп ойламадым. 10 сынып оқитын кезім болса керек, бір күні 7 троллейбуста келе жатып, неге мен осы кітап жазбасқа деп ойладым. Сол күннен бастап ойымда жүрген идеяны пысықтап, кейіпкерлерді пісіріп жазуға кірістім. Мен көріп жүрген фантастика, фэнтези фильмдерінде бірдеңе жетіспейтіндей көрінді. Оның үстіне бала кезден шетелдің осы жанрындағы кітаптарын оқып өсітік. Бізде бұл жанр бойынша жазылған кітап жоқ. Бар болса да танымал емес. Қазір фэнтези жанры әлемдегі ең танымал жанр. Фильмдері де миллиардтап ақша жинайды. Мысалы, "Кек алушылардың" бюджеті 3 млрд долларға жақын. Бұдан бөлек те фэнтези жанрындағы кез келген фильмді немесе кітапты алып қараңыз. Бәрінің де көрермені, оқырманы өте көп. Осы сияқты фэнтези жанрындағы қазақ тілінде жазылған шығармалар әлем оқырмандарына таралса деймін.

– Осы жанрда шығарма жазу идеясы қалай келді?

– Идея жан-жақтан келді. Ұзақ жылдар миымда пісті десем дұрыс болар. Ағылшын тілін оқып жүргенде құжатты фильмдерді көп көрдім. Жердегі экологиялық апаттар туралы іздендім. Мысалы, біздің елде жаһандық жылыну, экологиялық апаттар туралы көп адам білмейді. Себебі оларға тікелей әсер етіп жатқан жоқ. Уақыт өте келе бізге де әсер ете бастайды. Оның лебі де келіп жатыр. Маңғыстау облысындағы қуаңшылық соның бір көрінісі. Арал тартылып кетті. Бұл да адамның әсерінен болған апат. Осы дүниелерді фэнтези жанрында қалай жазып шықсам деген ой туды. Сөйтіп, кітаптар оқып, ойланып, сюжет құрастыра бастадым. Сосын, бұл кітапқа қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік қоғамдағы саяси проблемаларды да қостым.

– Кітаптың атауы неге Сарман?  The Batman, Superman, Iron Man деген сынды атаулармен мұның арасында байланыс бар ма?

– Оқиға орта ғасырда өтеді. Сондықтан, сол заманға сай ат қойғым келді. Бірнеше есім таңдап алдым. Бірақ, Сарманды таңдап алдым. Көбісі оны менің тегіммен шатастырып жатады. Бірақ бұл есемнің маған да, шетелдік фильм қаһармандарына да еш қатысы жоқ.

– Шығарманы оқып отырып, сенің қиялыңның ұшқырлығына тәнті болдық. Ормандар, жануарлар, жемістер, адам түрлері мен жер-су атауы қалай қойылды?

Бәрін ойланып отырып қойдым. Кейде атау табылмай қалады. Көп ойланам. Қоя алмай жүрем. Бір күні аяқ астынан атауы келеді.

– Жеке әлем, қиял-ғажайып оқиға көбіне бала жас кезінде жалғыз ойнағаннан, көп кітап оқығанна пайда болады деген мәлімет оқыдым. Балалық шағың қалай өтті, ертегі көп тыңдап өстің бе? Себебі, фэнтезидің әу бастағы ұшы ертегілерде жатады.

– Мен тұйық бала болмадым. Көпшіл болдым, асық, футбол ойнадым. Бірақ бала кезден анимеге өте қатты қызығып өстім. Жапондардың анимесі жай мутфильм емес. Ол жерде көптеген философиялық сабақ бар. Ол жерде көптеген адамның өмірі жатыр, олар өте қиын таңдаулар жасайды. Онымен көпшілік келіспей, кінәлап жатады. Бірақ ақыр соңында таңдаудың дұрыс болғанын түсінген басқалар, оны бағалай бастайды. Осындай жағдайлар кітап жазуыма біртіндеп әсер етті. Сосын Marvel-ді көп көрдім.

Тағы бір айта кететін нәрсе қазақта заманауи суперқаһармандар жоқ. Неге соны жазып шықпасқа деп ойладым. Сол нарықтағы бәсекеге жауап бере алатын қазақы кейіпкер жасағым келді.

– Тұран деген әлемде адамдар патшалық құрса, мәңгілік орманда күштің иесі, бойы 3 метр Табураттар өмір сүреді, оқиға барысында Тұранның Тарын ханымен соғысқан Мардар атты ақыл-ойдың иесі тағы бір адам  типтес тіршілік иелерінің болғанын аңғарамыз. Кітапты оқи отырып фэнтези жанрының атасы саналатын Джон Рональд Руэл Толкиннің "Сақиналар әміршісі", "Хоббит",  Ричард Мартиннің "Тақтар таласы" сынды шығармалары еске түседі. Сенің шығармаңдағы кейіпкерлер де жоғарыдағы екі автрдың кейіпкерлеріндей ұзақ жол жүреді. Сол жолда түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіреді. Олардың ең қауіпті қарсыласы ажалсыздар болады. Жалпы, оқиға, сюжет жағынан осы туындыларға ұқсас жағы көп екен. Өзің аталмыш авторлардың оқисың ба?

Толкиннің барлық кітабын оқығам. Ричард Мартинді оқыған жоқпын. Білмедім. Ұқсастықтар бар шығар. Бір адам ештеңе көрмей, ізденбей бір дүниені жарата алмайды ғой. Ондай ұқастық кез келген туындыда болады. Бірақ олар осы шығармалары арқылы не айтқысы келгенін білмедім. Бәлкім гипер сілтеме жоқ шығар. Бірақ менің шығармамда айтқым келген мәселелер бар, ірі экологиялық, әлеуметтік мәселелер қозғалады.  

– Бірінші бөлімі ғана біткен шығарманың. Қалған бөлімін қашан шығаруды жоспарлап отырсың?

Қазір екі бөлімге кірістім. Негізгі идеяларды, ойларды пісіріп қойдым. Алдағы уақытта толық жазып шығамын деген ойдамын.

– Әңгімеңе рахмет!