Бала тәрбиесі туралы 5 кітап

Бала тәрбиесі туралы 5 кітап

Баласының тәрбиесі алаңдататын әр ата-ана кітап іздеп оқитыны белгілі. "Ең мінсіз ата-ана – әлі баласы жоқ адамдар" дегендей, бұл кітапты балалы болғанға дейін өзге көзқараспен оқысаңыз, балалы болған соң қайталап оқып көріңіз. Сонда міндетті түрде алдыңғы оқығанға қарағанда жақсырақ түсінесіз, басқаша ой қорытасыз.

Мағжан Жұмабаев "Педагогика"

"Тәрбие – баланы кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру" деп басталады. Қазіргі кезде жиі айтылып жүрген "баланы өсір де, еркіне жібер" деген сөзді Мағжан сол заманда-ақ айтып кеткен.

Баланың дене тәрбиесінен бастап, ақыл тәрбиесі, сұлулық һәм құлық тәрбиесі толық қамтылған. Бала тәрбиесі туралы ілімді осы кітаптан бастау керек.

Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя"

Батырдың қаламынан туған бұл шығарма - "этнографиялық энциклопедия", яғни қазақ салт-дәстүріне байланысты барлық жөн-жоралғы жазылған. Әжесі Қызтумастың тәрбиесі, әкесі Момыштың Бауыржанға жеті атасын үйреткен тұсы балама оң тәрбие беремін деген ата-анаға үздік үлгі болады. Өз елінің әдет-ғұрпын санасына сіңіріп өскен бала жаман болмайды.

Алма Қыраубаева "Жаным садаға"

Ерекше мектеп ашып, ұстаздық ұлы жолдан өткен педагог бұл кітабында балалармен қарым-қатынасы жайында жазған. Әр тәрбиелеуші баланың жанына, ішкі әлемінің тереңіне үңілу керек деген ой айтылады. "Тентек балаларды көбірек жақсы көру керек" дейді, бұл сөзінің мәнін ұққыңыз келсе, кітапты оқыңыз.

Мәлік Ғабдуллин "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес"

Авторды танысаңыз, кітап не туралы екенін де бағамдайсыз. Кеңес Одағының батыры балаларды ерлік рухқа қалай тәрбиелеуге болатынына нұсқау беріп, мысал келтіре отырып жазады. Сонау тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі кезеңге дейін жетелеп әкеледі. Тәрбие беруде саналы тәртіп пен патриоттыққа үндеу мәселесін көтереді.

Анатолий Некрасов "Материнская любовь"

"Бала, бала" деп күйеуіңе көңіл бөле алмай қалсаң, дұрыс тәрбие болмайды. Ата-анасының бір-біріне деген махаббаты баланың дені сау, күш-қуаты мол боп өсуіне себеп болады. Кітап тілі күрделі емес, тез қабылдауға болады.

Осы тізімдегі кітаптың қайсысын оқыдыңыз? Қай кітаптан бастап оқыр едіңіз?

@. @assel_assanova