Билл Клинтон детективті роман жазады

Билл Клинтон детективті роман жазады
Фото: mixnews.lv

Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Билл Клинтон мен америкалық жазушы Джеймс Паттерсон екінші кітаптарын бірге жазатындарын мәлімдеді. Бұл жолы кітап желісі Билл Клинтон қызының ұрлануы туралы болады.  Қос автор шығарма атауы “Президент қызы”  (The President's Daughter) деп аталатынын айтқан.

Роман 2021 жылдың маусым айында баспадан шығады деп жоспарланған. Шығарма бір уақытта кітап, аудио және электронды түрде де жарияланады.

73 жастағы Клинтон мен жазушы Паттерсон бірігіп “Президент жоғалды” (The President is Missing) атты алғашқы романын 2018 жылы Alfred A. Knopf және Hachette баспасынан шығарғаннан кейін шығарма оқырмандар тарапынан бірден сұранысқа ие болған.  Нәтижесінде 3,2 миллион данамен сатылған. Олардың жаңа романы да сол баспадан шығады.

“Біздің алғашқы кітабымыз үлкен қызығушылықпен қабылданды. Мен “Президент қызының” оқырмандар қолына түскенін қалаймын. Және олар бұған өкінбейді”, - деді Джеймс Паттерсон.

Америка Құрама Штаттарының 42-ші президенті Билл Клинтон отставкаға кеткеннен кейін бірнеше ғылыми, автобиографиялық және бір әдеби роман жазды. Оның алғашқы кітабы – “Менің өмірім” өмірбаяны және “Президент жоғалды” атты алғашқы көркем романы бестселлерге айналды.

Айта кетейік, жазушы Джеймс Паттерсон детектив және триллер жанрында 130-дан астам туынды жазған. Оның алғашқы романы “Өрмекші келді” (Along Came a Spider) шығармасы 1993 жылдың қаңтарында жарық көрді және содан соң автор сот психологиясының жұмысы туралы сериялы шығармаларын жазуды бастады. Паттерсон – әлемдегі ең көп қаламақы алатын жазушылардың бірі. Ол 2019 жылы 70 миллион доллар табыс тапқан. Ал 2018 жылы 20-дан астам шығармасы баспадан шығып 86 миллион доллар табыс тапқан еді.

Т. Раушанұлы