Бақытжан Момышұлының бітпей қалған "Қара жұлдыз" ертегісі аяқталды

Бақытжан Момышұлының бітпей қалған "Қара жұлдыз" ертегісі аяқталды
Фото: Yernar Almabek

Қазіргі қазақ әдебиетінде ақсап тұрған саланың бірі – балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиетінің негізі сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланды. Балалар әдебиетінің алғашқы жазба үлгілерін Ыбырай Алтынсарин жасады. Ол балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, этикалық, эстетикалық тәрбие беретін өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сондай-ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне түсінікті жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер аударып, құрастырды, ана тілінде алғашқы оқулық ("Киргизская хрестоматия", 1879) бастырып шығарды. 

Содан бері қазақ балалар әдебиетіне қалам тербеп келе жатқан қазақ қаламгерлері аз емес. 

Сондай қаламгерлердің бірі, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлының “Қара жұлдыз” (“Черная звезда”) атты аяқталмай қалған ертегісін жазушы, аудармашы Ресейдің “Русские Премии” сыйлығының екі мәрте лауреаты атанған Юрий Серебрянский аяқтады. Кітап түрлі иллюстрациялық суреттермен қырқүйек айында орыс және қазақ тілінде жарыққа шықты. 

©vlast.kz

Шығарманың өмірге келу тарихы да айрықша – әйгілі қазақ жазушысы Бақытжан Момышұлы оқырмандарға туындының кейіпкерлерін сомдап, дәстүрді терең ой елегінен өткізіп, сюжетті жол ортасынан жеткізгенімен, шығарманың мән-мағынасын түгел ашып үлгермеген еді. Жазушы 2012 жылы 71 жасында қайтыс болған. 30-ға жуық шығармалардың авторы Бақытжан Момышұлының артында балаларға арналған құнды “Қара жұлдыз” ертегісі аяқталмай қала берген. 

“Казахстанские сказки” аталатын кітабымен және әдеби сыйлықтарға лайықты басқа да шығармаларымен оқырмандарға танылған жазушы Юрий Серебрянский туынды желісімен жіті танысып, автордың басқа да кітаптарын егжей-тегжейлі зерттеп, баяндау стилін сақтап, өзіне тән замануи әдеби теңеулерді қолдана отырып, туындыны қисынды нүктесіне жеткізген. 

©vlast.kz

Бұл жерде айта кету керек, жасы қырықтан енді асқан Юрий Серебрянский бұл кітапты асығыс түрде толықтырды деп айта алмаймыз. Юрий Серебрянский ертегінің жалғасын жазбас бұрын 1 жыл ішінде Бақытжан Момышұлының 20-ға жуық шығармаларын мұқият оқып шыққан. Роман-ертегіні Бақытжан Момышұлындай жазу үшін оның шығармашылық лабороториясын зерттеген. 

Бұл туралы: “Басқа жазушының ойын, оның стилін, тілі мен ырғағын түсіну өте күрделі міндет. Маған жазушының мұрагері, баспа және қандай да бір деңгейде автордың өзі берген шығармашылық бостандық, мәтінмен жұмыс жасаған екі жыл ішінде автормен өзара байланыс барын сезіндім (тіпті санамның екіге бөліну сәттеріне дейін), бұл бір жағынан шабыт, екінші жағынан қысым болды. Мәтіннің бір бетін жазғаннан қатты шаршап, бірнеше сағатқа ұйықтап кеткен кездерім де болды, бірақ менің күндізгі уақытта демалатын әдетім жоқ еді. Мен біртүрлі түстер көре бастадым, әрине, бұл осы кітапты аудару барысында оған толық бойлағанымның нәтижесі, өзге мәдениетте тәрбиеленіп өткен тұлғаға етене жақындау әрекеті”, - дейді әдебиетші Юрий Серебрянский.

Бұл романның басты кейіпкері айрықша белгі – қара жұлдыз тәрізді меңмен өмірге келген Қара Жұлдыз есімді ханзада. Данышпан ақсақалдар байыпты да байқампаз баланың өсе келе ұзақ сапарға шығып, жан тазалау, ағару жолын іздейтінін болжайды. Алайда ол жол — жауынгердің де, тақуаның да жолы емес еді. Қара Жұлдыз ханзада ержетер жасқа жетер-жетпестен, қасына өзін тәрбиелеген сүт-анасы – қаншық қасқыр мен қорғанышы, тәлімгері ақжал бөріні ертіп, ұзақ сапарға аттанады. Олар бір әлемнен бір әлемге өте жүріп, әр әлемнен өздеріне бір өнеге табады. Ұзақ жолдан жүріп өткен ханзада өзінің қаншалықты өзгергенін, мақсатқа жету жолының қаншалықты ауырлығын, әр кездескен әлем оны өзіне жақын тартатынын да, алыстататынын да ұғынады. “Классикалық сюжетке” қарамастан, автор (Б. Момышұлы) дәстүрлі кейіптеулер мен әсіреулерді өзінің жаңа бояуларымен, қисынды бұрылыстармен толықтырып, және осы заманның метафоралық мәніне терең дендей отырып, әрлей алған (Ю. Серебрянский). 

Ұлттың сапасы балаларды тәрбиелеу мен балалар әдебиетінен басталады. Жасөспірімнің қиялын шыңдап, ойын дамытатын да балалар әдебиеті. Жастайынан кітап нәріне қанып өскен ұлт ұрпағының бойынын ұлттық дәстүр жоғалмай, білім-ғылымға деген құштарлық қайнап тұрады. Ендеше бүгінгі қазақ әдебиетінде балалар шығармасы онсыз да аз кезінде жарыққа шыққан “Қара жұлдыз” ертегісі – құнды шығарма. 

Айта кетейік, Бақытжан Момышұлының "Қара жұлдыз" қазақ және орыс тіліндегі кітабының тұсаукесері бүгін, сағат 19:00-де Алматы қаласындағы Меломан дүкенінде (Гогол 58) өтеді. 

Т. Раушанұлы