Досхан Жылқыбай. Бокетто

Досхан Жылқыбай. Бокетто
Фото: Досхан Жылқыбай

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Досхан Жылқыбайдың шығармасын ұсынамыз.

Досхан Жылқыбай – жас жазушы. 1994 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің түлегі. 
***

Бокетто

Ауыл. 31 тамыз. Таң. Сағат 6:00. Ауа температурасы +21 градус.

Ауылдан облыс орталығына бет алған автобустың соңғы бес орындығында үш қызын ерткен ерлі-зайыптылар отырды. Үлкені мен кішісі анасына тартқан секілді. Аяқ-қолдары жылдамдау. Ал ортаншысы әкесінің аузынан түсіп қалғандай. Қараторы. Көздері бақырайып, көп нәрсеге мән бере бермейді. Бірақ, үлкен қыздың қолындағы төрт бүктелген қағаз ашылған сайын бұл да бар дүниені ұмытып соған қарайды. Кішісі әріп танымаса да тоңқалаңдап қағазға жармасады. Оны бажылдатып кеудесінен итеріп, үлкен екеуі талқылауларын ары жалғастыра береді. Бұл бөлектеуге шыдамаған кішкентай анасына жармасады. Әкесіне жалтақтайды. Бірақ екеуінен де өтірік еркелеткеннен басқа ештеңе көрмеді. Мұны алдаусыратып қояды. Бәрі көңілді...

***

Қала. 31 тамыз. Бесін. Сағат 16:00. Ауа температурсы +43 градус.

Жағып жатқан соляркасынан күйіс қайырып оталып тұрған автобус жол жиегіндегі ағаш бұталарына арқасын қасыта теңселіп жолға түсті. Өкіргеніне қарамай өкпеге теуіп, ескі моторын қинағандардан көңілі қалғандай өксіп алады. Автовокзалдан шыққаны сол еді, ескі костюм киіп, дорба арқалаған біреу қуып жетіп, тоқтатып алды. Есік ашыла ішке сөйлей кірді.

– 40 градус күннің ыстығында жұртқа жол тілеген оңай дейсің бе? Жүрмей тұрып айтпайсың ба? – деп жүргізушіге ашуланып келеді.

– Ей, осы әдетіңді қойсаңшы. Әжептеуір үйі бар, мәшинесі бар дейді ғой сені.

– Болса несі бар? Бала-шағам үйдің қабырғасын мүжімейтін шығар. ...Болды. Кедергі жасама... – деп автобус ішін аралай кетті. Әрбір жолаушының қасына келіп, кезерген еріндерінен түкірік шаша сөйлеп "Жолың болсын! Жолың болсын" деп автобустың артқы орындықтарына қарай жылжыды.

– Жолға шығайын деп тұрсыңдар. Ақ жол үшін 5-10 теңгемізді аямайық. Қане... – деп ұйықыға кетіп бара жатқандардың өзін оятып алып алақанын жайып тұр. Тиын ұстатпағандарына ұрысып та алады.

Автобустың соңғы бес орындығында ішкі ыстық былай тұрсын, мотордың ыстығы астынан өтіп отырған жолаушылардың алдына келді де бір отбасының адамдары екенін түсіне қойып, терезеге мағынасыз қарап шетте отырған еркекті түрткілей бастады.

– Жолың болсын! Жолың болсын! Қыздарыңның қызығын көр, – деп ортаңғы орындықта отырған үш қызына қарап қояды. Бірақ еркек терезеден бұрылар емес. Дорба асынған еркек те бермесең кетпеймін дегендей әлі тұр.

– Жолың болсын! Жолың болсын!

Осы сәтте әйелі еріне бұрылды да, кейіп кетіп:

– Берші мынаған қақсатпай, – деді қыршып алғандай.

– Жоқ қой, жоқ. Сорлап отырғанымызды көрмей тұрсың ба?

– Соқыр емеспін.

– Соқыр болмасаң ие болмайсың ба?

– Мен кінәлі екенмін ғой. Еркек болып өзің ұстамадың ба? Болмаса қуып жетпедің бе? Тұрдың ғой...

– Болды!

Артқы орындықтар үнсіз қалды да көргенділері арқасымен сезіп, көргенсіздері көздерімен бұларды сүзе қараған. Дорба асынған еркектің алақаны жаюлы қалды. Бүкіл автобус ішінде ыстықтан аһылап-уһілеген адамдар мен газды-газсыз сулардың ашылған, олардың қылқылдап жұтылғандары естіледі. Үш қыздың шешесінің жанында отырған ең кішкентайы анасының бауырына тығыла түсті де:

– Мама су ішем, – деп еді анасы:

– Отыршы... – деп қызының сан етін үзіп алардай шымшып алған сәтінде, қызынан қыңқ еткен дыбыс шықты да, соңы үнсіз ығырсуға ұласып кетті. Ортада отырған ортаншы қызының тостағандай көздерінен екі тамшы жас домалап түсті де, ол да еріндерін жымқыра қойды. Мұндай картинаға куә боламын деп ойламаған дорбалы еркек кері бұрылып есікке беттеген.

– Жолың болсын! Жолың болсын!

Автобус өзінің қалыпты жүрісіне түссе де, жолдың ой-шұқырында селк-селк етіп еденіндегі шаңын көтеріп-көтеріп алады. Көзге көрінбес еді. Тек терезе пердесінің тесігінен түскен күн сәулесі жолындағы бүкіл тозаңға жарық түсіріп, құс жолындай анық көрсетіп тұр.

Ері мен әйелі екі жаққа қарап, терезеге телміреді. Бірақ екеуінің де көздері ойсыз. Үлкен қызының ұпайы түгелдей жан-жағына алақ-жұлақ етіп отыр. Кіші қызы шөлдеген қалпы ұйқыға кеткен. Тек ортаншы қызы ғана қос қолымен иегін таянып мұңлы көздерін сирек жұмады.

"Таңсықтың киімі түгел. Бәрі жаңа. Анау күні үйінде ойнап жүргенде тығылып көрсеткен. Кофтасы, туфлиі, юбкасы, тіпті бантигіне дейін жап-жаңа. Құндызайдың алдыңғы күні апайдан сұранып жатқанын көргем. Кеше дайындыққа келген жоқ. Ол да жаңа киім алған шығар. Малика да осыдан екі-үш күн бұрын қалаға келіп кетті..." – деп ортаншы қыз өз сыныбындағы қыздардың киімдерін түгендеп, өз киімі туралы ойлағанда көмейіне өксік кептеліп қалып, кері жұтты. Сол сәтте иегін таянып отырған сол жақ қолының қары ашып кетті де, тартып алды. Шыңғырып жіберудің сәл-ақ алдында қалған. Бұрылып еді, анасы екен.

– Қарап отырмай, жаттасаңшы өлеңіңді.

Қыз кімге мұңын шағарын білмей әкесіне қарап еді, шалқайып ұйықтап жатыр. Жыны келді. Жек көрді. Әкесін, анасын, автобустағылардың бәрін. Әсіресе айлығы ай соңында түсетін, түссе де арзымайтын әкесінің қолын қыршып тістеп алқысы келген. Бірақ батылы жетпеді. Қалтасынан екі бүктелген қағазды алып оқи бастады.

Отаным кең далам, орманды,

Болаттан соғылған қорған-ды...

"Жаңа мектептің ашылуында біз неге Отан туралы ән айтамыз" деп ойлады да қайта қағазына үңілді. Бірақ ондағы жазылған сөздерді оқып отырған көзі ғана. Таңертеңгі жағдайды ойлап кетті.

***

Қала. 31 тамыз. Сиыр сәске. Сағат 10:00. Ауа температурасы +30 градус.

Үш қыздың әкесі автобустан түсе темекісін тұтатты да:

– Ал, жылдам-жалдам аралап, түстен кейінгі автобусқа үлгеріп қайтып кетейік, – деп әйеліне қарады.

– Шәй ішіп алмаймыз ба?

– Күн салқындау кезде біраз жұмысымызды бітіріп алайық, – деп автовокзалға жапсарласа орналасқан базардың қатарларына өзі бастап бет алды. Әйел кішкентайын көтеріп, екі қызын жетектеп соңынан ерген.

Ығы-жығы адам. Базар жаңа ашылса да сауда қызып жатыр.

– Түсіріп берсеңші!

– Таңғы базар ғой!

– Қаншаға бересің? – деген сияқты дабырлаған сөздерден құлақ тұнады. Бесеуі де базардың бір бұрышынан бастап өздеріне керектілерін қарай бастаған. Алғаш болып үлкен екі қызға туфли қарады. Ортаншы қызының тұсауы кесілмеген еді, былтыр ғана әперген ақ туфлиінің тоз-тозын шығарған. Бояуы ұшып, қарайып, астындағы матасы көрініп тұр.

Қыздары таңдап, ұнатқанын киіп көріп тұр екен.

– Інім, қанша деп тұрсың мына туфлилеріңді?

– Екеуін де алсаңыз төрт жарымнан беремін, әпке.

– Қымбат қой. Түсірсеңші.

– Әпке, бүкіл базардағы баға осындай. Сезон ғой. Ертерек келгендеріңізде болар еді түсіруге.

– Біздің папамыздың айлығы айдың соңында түседі – деп күйеуіне қарады.

– Әпке, ол енді біздің шаруа емес. Жарайды. Төрт мыңнан берейін, – деген жылпос жігіт аяқ киімдердің қораптарын дайындай бастады. Қыз киімінің оңай табыла қоймайтынын білетін әкесі бұл жылдам саудаға қуанғаннан темекісін тұтатып сырт айнала берген еді. Әйел қолындағы сөмкесін жаймада тұрған аяқкиімдердің үстіне қойып, тізерлей отырды да қыздарының туфлилерін өзі ұстап көре бастады.

– Қыспай ма?

– Жоқ, мама. Ыңғайлы.

– Үлкен емес пе?

– Дұп-дұрыс.

– Бір размер үлкенін алсақ қайтеді. Ендігі жылы да киесің.

– Қойшы, мама. Былтырғым жарамай қалды ғой.

– Жарайды, – деп орынан тұрып, сөмкесіне қол соза бергені сол еді, ақ кепкалы жігіт мұны итере құлатты да, сөмкені ұстаған қалпы базардың қалың жұртының ішіне кіріп жоғалды.

– Мақсат... Мақсат... Ұрлап кетті, – деп айқайлаған әйел далбалақтап не істерін білмей қалды. Темекі тартып тұрған еркек те қапелімде кімді, қалай қуаларын білмей әйелі сілтеген жаққа жүгіре берген.

– Ақ кепкасы бар, Мақсат. Ақ кепка, – деген әйелінің сөзін де еміс-еміс естіп, кездескен ақ кепкалының бетіне қарап жүр. Қайдан танысын. Артынан қыздарын ертіп әйелі де жетті.

– Таптың ба?

– Қайдан табам?

– Құдай-ай. Мұрыныңды құрт жегір. Сәл шыдай алмадың ба?

– Айналайын, адам базарда сөмкесін қараусыз қалдыра ма?

Шарт-пұрт айқай арасында бақырып кіші қызы жылады. Үлкені базардағы әркімнен ақ кепкалы жігітті сұрап жүр. Ортаншы қыз сылқ етіп отыра кетті. Көзі жасаурап барады.

***

Қала. 31 тамыз. Түс. Сағат 12:00. Ауа температурасы +37-38.

– Қай қатар, қай дүкеннің алдында ұрланды? – деп мұртты офицер бұларға мейірлене қарады.

– Бірінші қатар, үшінші дүкеннің алдында.

– Сағат қаншада?

– Он жарымдар шамасында.

– Куәгерлер бар ма?

– Бар.

– Қанша?

– Бәріміз. Тіпті сол жердегі сатушы жігітті де алып келейік, – деп еркек ашуланып кетті.

– Сіздер ренжімеңіздер. Мен сіздерді түсініп отырмын. Бірақ сіздер де түсініңіздер. Бізге хаттама толтыру үшін мұның бәрі керек.

Әйел шарасыз үнмен:

– Таба аласыздар ма? – деп сұраған. Табылуы керек. Іздеу жариялаймыз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз ғой.

– Бүгін табылмай ма?

– Бәлкім. Ол осы маңнан ұзай қоймаған шығар, – деп мұртты офицер тартпасынан кәмпит алып кішкентай қызға ұсынды да: – Іздеп жатырмыз. Бүкіл айналадағы адамдарға хабар берілді. Нөмірлеріңізді жазып алдық. Табыла қалған жағдайда хабар береміз.

***

Ауыл. Ақшам. Сағат 20:00. Ауа температурасы +29 градус.

Автобус ауылдың алдамасына тоқтасымен әйел өзі қарызға азық-түлік алатын дүкенге жүгірді. Жүргізуші автобустан түсіп темекі тартып тұр еді, Мақсат жүргізушіге жақындап келіп именіңкіреп тұрады да:

– Таңертең базарда ақшамызды ұрлатып едік, – деді мұрнының астынан.

– Иә. Қазір қайта қаптап кетті ғой ұрылар.

– Халықтың жағдайы төмендейін деді-ау...

– Бәлкім. Тыныштық болса болар еді, әйтеуір...

Жүргізуші темекісін тартып бола бергенде бұл қалтасынан бос екен білсе де темекісінің қорабын шығарды да, аузын ашып сұқ саусағымен қораптың төрт бұрышын адақтап шығып:

– Таусылыпты ғой, – деп лақтырып жіберді. Бірақ оған жүргізуші назар аударған жоқ. Мақсаттың әйелі алқынып жүгіріп келді де жолақысын жүргізушіге ұстатты.

Бесеуі үнсіз үйге қайтып келеді. Бұларды үй алдынан Мақсаттың ағасының баласы күтіп алған.

– Көке, монша жағып қойдым, – деп ере жөнелді. Бірақ олардың қолынан ешбір сөмке көре алмай, күні бойғы еңбегі еш кетіп үнсіз қалып қойған еді.

***

Қала. Ақшам. Сағат 20:33. Ауа температурасы +35.

Жазғы алаңқайына су себілген кафеде мұртты офицер мен базардағы аяқ киім сатушы сыра ішіп отырған еді.

– Бүгінгі күннің жанғаны-ай, – деп дәу сары орындықтың арқылығына шалқая кетті.

– Айтпаңыз.

– Анау қайда жүр?

– Әне, келе жатыр, – деп есікті нұсқады.

Ақ кепкалы жігіт бұлардың үстеліне қарай жақындаған кезде даяшы да мәзірін алып әзір тұрған еді.

***

Ауыл. 1 қыркүйек. Сәске. Сағат 9:00. Ауа температурасы +31 градус.

Ортаншы қыз қарайған жерлеріне ақ краска жағылған былтырғы туфлиін киіп, мектепке кетіп барады. Ескі, жеңі қысқара бастаған кофтасының жеңін созып-созып қояды. Бүгін жаңа мектептің ашылуында ән айтуы керек. Сол ән айту үшін мұның бірнеше сыныптасын сабақ басталмай тұрып жинаған еді. Бұл кешегі дайындыққа қалаға киім алуға барам деп қатыспаған. Ескі кофтасымен ескі мектептің жанынан өтіп бара жатып дәл кешегі базардағыдай көзі жасаурап кетті.

Ешбір сыныптасының көзіне түскісі келмей мектеп алдындағы жиналысқа кешігіп келді де, сыныптастарының артына елеусіз тұра қалды. Тек іздеп қалмасын деп, апайының көзіне анық түсті. Айналасын барынша бақылай қарады. Былтырғы киімімен келген ешкім жоқ секілді. Бәлкім өзіне солай көрінді.

Еңселі мектептерінің ашылу салтанатын 11 сыныптың екі оқушысы сампылдап жүргізіп тұр.

– Ендігі кезекте өнер көрсететін 7 сынып оқушылары. Хор. "Отан" әні.

Микрафон дауысы жақсы деп, жұрттың бәріне естілсін деп ортаншы қыздың қолына ұстатылған.

Отаным кең далам, орманды,

Болаттан соғылған қорған-ды.

Бақыттың, шаттықтың мекені,

Қорғаймын, қолдаймын ордамды...

Қалай айтып шыққаны есінде жоқ. Тек артындағы сыныптас қыздарының мұның ескі кофтасына, туфлиіне тесіле қарағанын ғана сезді.

***

Ауыл. Түс әлеті. Сағат 12:08. Ауа температурасы +35 градус.

Жаңа мектептің ашылу салтанатынан ескі киімдерімен көңілсіз қайтқан ортаншы қыздың түсінгенінен түсінбегені көп еді. Көп адам сөйледі. Көп сөз сөйленді. Бәрі бұлыңғыр. Түсініксіз.

Мұның санасына симағаны, түсінбегені сол, мемлекет туралы айтылған мектептің ашылу салтанатында бұлар неге Отан жайлы ән айтты.

Т. Раушанұлы