Индира Біржансал. Отаным, саған айтамын

Индира Біржансал. Отаным, саған айтамын
Фото: kazakh-tv.kz

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Индира Біржансалдың шығармасын ұсынамыз.

Индира Біржансал 1993 жылы Алматы обылысы Райымбек ауданында  өмірге келген.  

***

“Қазақстан пай-пай, пай ардағым-ай,
Сен менің Шолпанымсың жаңған ұдай.
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай”, – деп Мұқағали жырлағандай, сүйікті Отанымызға жетер ештене жоқ. Дәл осынау сүйікті де сондайлық қымбатты Тәуелсіз Отанымызға, өз алдына отау құрған мемлекетімізге биыл 28 жыл толып отыр. Ардақты ел мен жұртымыз үлкен той, шат мереке, толағай қуаныштың құшағында. Мұнау өмірге кімдер келіп, кімдер кетпеді?! Осынау туын желбіреткен Тәуелсіздікті, азаттықтың ақ таңын, аяққа кісен салғандай бодандықтан құтылуды кім аңсамады, кім көксемеді десеңші?! Сол бір сан ғасырлық уақыттардың бәрі көзді жұмып- ашқандай артта қалған сыңайлы. Бабаларымыз сан ғасыр аңсаған, шөлдеп күткен күн басымызға бір-ақ күнде қонғандай?! Бір Алла осынау қуанышымыздан ажырата көрмесін дейміз, жан-тәнімізбен. Тұңғыш Президентіміз, елі сүйіп, халқы қадір тұтқан Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, “Тәуелсіздік – басқа қонған бақ” болса, сол бағымыз, қолымызға қонған қуанышымыз тек қана сүйіндіргей?!

Ұлан байтақ қазағымның жері не көрмеді, қарапайым халқым не көрмеді десеңші?! Ел мен жердің басына не келіп, не кетпеді?! Мұнау даланың ат тұяғының дүбіріне толып, қанға боялған шағы да аз болған жоқ. Күн шуағы төгілген қасиетті өлкеде айқасқан қылыш пен найзаның үніне толған сәті аз болды деп кім айта алар?! Шүкір, соның бәрі артта қалған. Ұлан байтақ қасиетті қазағымның жерінде неше түрлі зобалаң, жан түршігерлік қасірет өтпеді тән ауырта, жан сыздата, жас моншақтата “елім-айлаған” сәттер жетпеді деп тағы да кім айта алар?! Бәрі өтті, бәрі жетті қазағымның басынан. Не көрмеді бұл қазақ?! Қандай қиын күн туса да, қайсар рухты қазақ сағын сындырмады, арын сатқан жоқ, антын бұзбады. Даңқын асырды, елі-жерін сақтап қалды. Рухы биік, намысы бөлек халқым жоқшылықты көрді. Ашаршылық нәубетін басынан өткерді. Қуғын мен сүргіннін азабын тартты. Неше түрлі соғыстың, көтерілістің тозағына күйіп-жанды. Жанын берді, қанын ағызды. Шүкір, соның бәрі артта қалды.

“Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен оны сақтап қалу одан да ауыртпалығын алға әкелді» деп, Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, ғұмырлы болуын аңсамайтын жан жоқ шығар. 28 жасқа келген жігіт шағындағы Отан көшінің көрікті, босағасының берік, шаңырағының биік, керегесінің бекем болып түтіннің түзу ұшқанында армандайтын жан сирек болар.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін, мемлекет келешегінің мығым да кемел болуы үшін күніне жүз ойланып, мың толғанар Елбасымыздың амандығын тілер халықпыз. 100 нақты қадам, Ұлт жоспары-мұның бәрі Тәуелсіз Отанымыздың келешек болашағы үшін жасалынып жатқан ұлан-ғайыр істер. Мақсаты биік шаруалар. Қазақ деген халқымыз, кең байтақ жеріне ие болған ұлтымыз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрінсе деген үлкен ниет, асқақ арман, биік мақсат. Соның бәрін ойластырып, қамдастырып жатқан Елбасымыздың ісі ілгері, жұмысы жемісті бола бергей! Тәуелсіздіктің басымызған қонған бақ, толағай қуаныш, тілмен айтып жеткізгісіз бақыт екенін түсіне отырып, Елбасымызды қолдап, ісіне дем беру – барша халқымыздың асыл мұраты, асқақ борышы, абыройлы міндеті деп білеміз.

Мұның бәрі шын мәнінде елім деп туған Елбасымыздың бүкіл Әлемде ғана емес, Тәуелсіз Отанымыздада тыныштық, бірлік пен бақыт болсын деген шын ниетінен туған жүрекжарды сөзі, батыл байламы, сарабдал саясаты деп бағалаймыз. Мұның бәрі 28 жасына келген Тәуелсіз Отанымыздың кемел келешегін ойластырған ұлағатты іс деп білеміз. Шүкір, 130-дан аса ұлт тұратын туған еліміздегі тыныштық пен бірлік өзгелерге үлі боларлықтай.

Туған Отан, Тәуелсіз Қазақстан! Жадырай шыққан күні қандай нұрлы десеңші?! Күлімдей батып бара жататын кеші қандай шуақты десеңші?! Түні қандай жылы, ай шуағына орап жататын сәттеріне не жетер?! Қай-қашанда туған Отанымыз үшін қуанамыз, мың мәрте көтеріліп сала береміз. Бір Алла басымызға берген Тәуелсіздіктей қымбатты бағымыздан айырылып қалмасақ екен?! Туған Отанның туы биікте желбіреп, күні елжіреп жанымызды жадырата бергей!

Т. Раушанұлы