- Негізгі бет
- Проза
- Асылан Тілеген. "Қазақстан"...
Асылан Тілеген. "Қазақстан" шоколады
Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Асылан Тілегеннің шығармасын ұсынамыз.
Асылан Тілеген – 1993 жылы 21 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылына қарасты Балдырған елді-мекенінде туған. 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетін тәмамдады. 2017 жылы “Үр” жыр жинағы жарық көрді. Қазір республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған “Ақ желкен” журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады.
***
Аңсар Алматы-Куала-Лумпур бағытындағы ұшақты күтуге үйінен таңертең ертемен шыққан. Ұшақтың Куала-Лумпур әуежайына түстен кейін қонатынын білсе де бұл таңертең ерте шықты. Тіпті түнде-ақ шығып кетер ме еді қайтер еді, жанындағы жігіттер бұны сабырға шақырды. Ал Аңсардың дегбірі қашқалы қашан. Елден жанындағы бір досының туысқаны келетін бопты дегенді естігеннен бастап Аңсардың шығарға жаны қалмады. Әке-шешесіне хабарласып, елден дәм беріп жіберуді өтінген. Енді ол жолаушыны досынан бетер күтіп жүр. Күтпегенде қайтеді?!
Ерте шыққан өзі, енді уақыт өткізбекке әрнені бір ойлап, ақыры осында келген алғашқы кездерді еске алды. Сонсоң сөмкесінен қойындәптерін алып, кейбір қызық оқиғаларды түртіп те отырды.
Аңсардың Малайзияға келгеніне жарты жылға жуықтады. Ағылшын тілін дамыту орталығына бірге оқуға келген жанындағы достарына баста қазақша сөйлесуді тия тұрайық деген.
– Мүмкіндігінше ағылшын тілінде сөйлей берсек, тіл үйренуге келдік қой, – деген де өзі еді. Қайдан?! Жарты күн өтпей жатып жарыларға шақ қалды. Елден шықпас бұрын бәрін зерттеп, асқан дайындықпен шықтым-ау дегеннің өзінде келгелі екі күн өтпей жатып шатқаяқтап қалғаны бар. Орналасқан үйі де, сабағы да жақсы болғанымен көңілі тынши алмай жүрді. Әйтпесе үйде “үй кинотеатры” бар, не көрем десе де еркі еді. Барлық ғимаратта бассейн, судан шықпасаң да болады. Артық мазалап жатқан ешкім жоқ. Ал бұл интернеттен елге қатысты дүниелерді ақтарды. Кейбір сайттар мен ақпараттарға кіруге мүлдем рұқсат етілмейді екен. Өзі қанша көрсе де жалықпайтын “Менің атым – Қожа” фильмін іздеп еді, жарқ етіп шыға келді-ау. Дауысын мейлінше жоғары көтеріп қойып көрген. Шынында, қанша көрсе де жалықпайтын еді, мынасы тіптен бөлек болды. Себебі, Малайзияда, Куала-Лумпурдың төрінде жатып “Менің атым – Қожаны” көрді-ау. Сұлтан мен Қожа “Сарыжайлауды” айтқанда өзінің де арқасы қозып, қосыла шырқап еді-ау.
Оны айтады, бұл жақта нан деген атымен жоқ екен, басында аштан өле жаздаған. Кейін ғой интернеттен қарап жүріп нан илеуді үйреніп алды. Қазір шала-пұла піскен болса да апасының таба нанындай сүйсіне жеп жүр. Бірақ апасының таба нанына жету қайда. О-о-о, ондай нан әлемде жоқ шығар. Кейде соны ойлап отырып жегенде көзінен қалай жас шығып кеткенін де байқамай қалады. Әйтпесе бұл жақтың тағамдары әсіресе қазаққа керек емес нәрселер. Жан-жағы мұхит-теңіз болған соң балық пен су жәндіктерінен жасалған тағамдар көбіне.
Өткенде бір қазақ досының туған күні болған. Сонда көрші қазақ қыздарына елден ет келе қап, олардың ет асқаны бар. Сонда арабы бар, түрігі бар, ағылшыны бар, бәрінің басын қосып, еттің дәмін таттырған. Қазысы да бар еді Құдай оңдағанда. Бірақ ет желініп жатып, дәмге мақтау айтылғанда ғана байқады, Сами деген араб досы қазыны соғып отыр екен. "Мынау не деген дәмді, ненің еті өзі?" дегенде, Аңсар сасып қап: "Сиырдың еті ғой" деген. Соңара қонақтар тарап жатқан кезде түрік досы Гази:
– Аңсар бей, бешбармақ дәмді бопты. Бірақ жылқының еті екенін Самиге айтпа, көңіліне ап қап жүрер, – деген жылы жымиып.
Сабағы реттеліп, тілді меңгеруі жақсарды-ау дегенде жұмысқа тұрып алды. Қаланың орталығындағы әйгілі "Самба" мейрамханасына даяшы боп кірді. Бір жағы тілді дамыту болса, екіншіден қаражат та керек. Әйтпесе түстен кейін бос уақыты көп. Түсқайта үштен түнгі он бірге дейін жұмыста. Тіпті сабаққа қарағанда осы жерден-ақ ағылшын тілін дамытып алған сияқты. Себебі бұл мейрамханада келген қонақтармен емен-жарқын сөйлесу керек. Бірақ Аңсардың ойында үнемі Қазақстан тұрды. Келген қонақтар арасынан қазақтарды іздеп елеңдейді. Елді сағынғаны сонша әріптестерінің бәріне Қазақстан туралы айтып шықты. Тағы бір ойы еліміз туралы біле берсін дегені еді. Себебі мұнда әр түрлі ұлттың қыз-жігіттері жұмыс істейді. Әсіресе администратор қыз Арлин мұның әңгімесін қызыға тыңдап жүр. Бірде елдің тарихы туралы сұраса, екінші күні қазіргі әлеуметтік жағдайы туралы сұрайды. Әлбетте бос уақыт көп бола бермейді, бірақ ыңғайы шыға қалғанда екеуінің айтатын әңгімесі осы. Елден әкеліп, сақтап жүрген “Қазақстан” шоколадының екі-үшеуін жұмыстастарына үлестірген. “Тамаша” десті бәрі де. Өзі де біледі. Өйткені бұған туған жердің топырағы сіңген. Сыртындағы тудың айрықша бейнеленгенін де айтып жатты әріптестері. Аңсар бұған масаттанып-ақ қалды. Сосын “Қазақстан” шоколадын бірге жеп отырып Арлинге қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтып берді. Арлин көкпарды қайта-қайта сұрай берді.
– Аңсар, менің Қазақстанға барғым келеді. Көкпарды өз көзіммен көргім келеді. Сосын сен айтқан табиғаты әдемі жерлерді де көрсем деймін. Мені қонақ етесің бе? – деді Арлин бір күні. Аңсар оған айрықша қуанды.
– Құдай қаласа, алдағы жазда кел! – деді Аңсар.
– Иә, өзің “біз – қонақжай халықпыз” дегенсің, байқап көрейік, – деді Арлин де әзілдеп.
Бір күні жұмыста тапсырыстармен әрлі-берлі шапқылап жүрген. Мейрамхана іші у-шу. Әр түрлі ұлттардың өзара сөйлескен дауыстары, музыка үні... Бір кезде... “Әсел, мынаны қалай кеседі?” деген дауысқа жалт қарады. Бүкіл даңғаза шудың ішінен сонау жердегі қыздың дауысы мұның құлағының түбінен естілгендей болды. Шалқасынан түсіп жатқан тауық етіне үңіліп тұрған кәдімгі қазақ қызы екен. Жетіп барып:
– Сіздер қазақсыздар ма? – деді жүзіне қан жүгіріп.
– Иә, – деп, олар да таңырқасып қалды.
Сөйтсе Әсел дегені осында оқиды екен де, сіңлісі әпкесінің бітіруіне елден, Атыраудан кепті. Үшеуі мәре-сәре боп, біраз қауқылдасып қалды. Аңсардың шабыты мұншама оянса бола ма, кеш бойы өзі ғана сөйледі-ау. Оларда да “Қазақстан” шоколады бар екен, Аңсарға да біреуін берді. Аңсар оны шетінен кертіп, ұзаққа дейін жеп жүрді.
Аңсардың басқа әріптестеріне мақтанар тағы бір жөні бар. Онысы – қазақтардың “Астана” мейрамханасы. Куала-Лумпурдың өзінде “Астананың” үш филиалы бар. Үшеуінде де қазақ дастарханының мәзірі дайын. Бірақ бағасы өзгелерден әлдеқайда қымбаттау. Аңсар туған күнін сол мейрамханада атап өтті. Оған сабақтағы, жұмыстағы достарының бәрін шақырды. Біразы жиналды. Мейрамханада даяшылардың бәрі өзбектер, ал аспазшылары малайлар – малайзиялықтар екен. Аңсардың көзіне мейрамхананың төрінде ілулі тұрған домбыра оттай басылды. Рұқсат сұрап, қолына алып көрсе, тиегі жоқ екен. Қызметшілерден қарындаш сұрап алып, тиек жасап жіберді. Бала кезінен үйіндегі ескі қалақ домбыраны даңғырлатып, кейін күй үйірмесіне қатысқан бұған домбыра тарту не тәйірі. Бірден күмбірлетіп ала жөнелді. Көптен үні шықпай, құмығып тұрған қара домбыра да құлақтың құрышын қандырып еді-ау. “Адайды” тартқанда достары билеп ала жөнелген. Сосын Аңсар жымиып:
– Бұл билейтін музыка емес. Бұнда біздің үлкен тарихымыз бар, – деп, домбыра туралы, күйшілер туралы да біраз әңгімелеп берген.
– Үні ғажап екен. Түсінбесек те баурап алатын сиқырлы аспап екен, – деп, қайта-қайта күй сұрай беріп еді.
Өткенде бір қазақ бауырымен ренжісіп қалған. Оқуды бітірген соң не істейтіндерін әңгіме қылған болатын.
– Қазақстанды сағынған жоқпын, – деді досы. – Әзірге барғым келмейді, – деді тыржиып.
Аңсар бұрын-соңды мұндай ашуланса болар ма.
– Туған жерің емес пе?! Қалай сағынбауға болады?! Осы жерге жеткеніңнің бүкіл бастауы туған жеріңнен басталады емес пе? Әкең, шешең, бауырларың, ұстаздарың, достарың – бәрі де Отаның емес пе?! Алыста жүрген сені уайымдамайды дейсің бе? Соларға амандығыңды білдіріп, реті келсе жиі барып тұрсаң нең кетеді? Алған біліміңді, тәжірибеңді еліңе ғана жұмсаудың орнына сонша кергисің. Сені өсірген елді сен де өсірмейсің бе? “Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне” дегенді айтқан да сол туған жеріңнің, отаныңның ұлы тұлғалары. Сонда сенің осы екеуінің қайсысы болғаның? – деп, бұл намыстана сөйлеген. “Сөз сүйектен өтеді” деген рас екен, ақырында досы көнгендей болды. “Шынында осыным қалай” дегендей енді мұнымен әлденелерді ақылдаса бастаған. Ал Аңсардың бар мақсат-арманы әуелден елмен ғана. Не істесе де елмен ғана көгермек.
Енді міне, осының бәрін ойлап келеді. “Жарты жылға жуық уақыт ішінде қаншама нәрсе өзгерді?!” деп ойлады Аңсар. Қаламын қайта қолына алды. “Біршама тіл үйрендім. Жаңа достар таптым. Бірақ бәрібір бөтен елді жатырқайды екенмін. Асты-үстімді алтынмен аптап қойса да туған топырағыма аунағандай болмайды екен. Ешбір ел туған жерге, туған топыраққа жетпейді екен. Әрине, Куала-Лумпурдың табиғаты да әдемі. Әсіресе түні қандай ғажап. Жаңбырдың жиі жауатыны да ұнайды. Сосын да болар жапырақтың түсі тым қанық жасыл. Бірақ бәрібір ауылдың қара топырағына жетпейді. Оны қазір бөтен елде отырып жазып отырмын. Табиғаты әсем жерде отырып-ақ ауылдың шаңын аңсап отырғаным. Көзім әбден жеткен болса керек. Қай тауыңды болса да Алатауымнан биік қоя алмаймын. Осынау ұлы мұхиттардан менің Жайығым мен Ертісім кең секілді. Мен не берсем де еліме беремін! Отаныма адал қызмет етемін!” деп жазып қойды қойындәптеріне.
Түс болып қалыпты. Сәлден кейін Алматыдан көтерілген ұшақ Куала-Лумпур әуежайына қонады. Аңсар елден келе жатқан дәмді қаншалықты ауыр болса да көтеріп алмақ. Тілінің ұшына “Қазақстан” шоколадының дәмі келгендей болды...
Т. Раушанұлы