Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Байкенова Тоғжан. Туған жердің әр белесі – ертегі

Байкенова Тоғжан. Туған жердің әр белесі – ертегі

Байкенова Тоғжан. Туған жердің әр белесі – ертегі

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Байкенова Тоғжанның шығармасын ұсынамыз.

Байкенова Тоғжан Манарбекқызы, Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бостандық ауылында 2001 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келген. Бостандық орта жалпы білім беретін мектебінің 2019 жылғы түлегі.

***

Отан – ол дүние есігін ашқан кезіңнен бастап, “махаббат пен жылулықтың” символына айналатын, ал есейе келе, сол ыстық сезім мен сүйіспеншіліктің арасын кеңейтіп, мәңгілік махаббатқа ұластыратын, алаңсыз балалық шағың мен жалындап тұрған жастық шағыңның өшпес естеліктері болып жадыңда сақталатын, ешқандай байлық теңесе алмайтын, ешқандай бағалы құндылықтарға айырбастауға болмайтын, құдіреттілігін бір сөзбен ұғындыруға келмейтін ерекше дүние...

Олай болса, осы қасиетті де қастерлі ұғымды, қанша жылдар бойы “туған жерім” деп келген, әлі де жалғаса беретін махаббатымның куәсіне айналған, кіндік қаным тамған жер, ыстық топырағы табанымды құшқан, мен үшін киелі мекен, жер жәннаты, туған ауылым арқылы жеткізсем деймін!

Менің ауылым Ақжайықтың еркесі Оралдың қойнында, Қараөзен мен Сарыөзеннің арнасы тоғысқан Казталов ауданына қарасты, талай-талай саңлақтар қанат қаққан, қаншама өнер майталмандарының туған жері атанған, қазағымның жетінші аймағының сегізінші кереметі – Бостандық ауылы. Әрине, әрбір адам үшін өзінің туған жері ыстық, бала кезден анасының әлдиімен құлағына енген сол бір сезім, уақыт өте келе, көбеймесе азаюы мүмкін емес. Бала кезден жатқа білетін жерлерің, алыс сапардан келіп сағына қауышқаның, ауасының өзі жаныңа рахат сыйлайтын туған жеріңе не жетсін, шіркін?! Әсіресе, табиғатының орны бір бөлек қой... Сіздер көктем мезгіліндегі менің ауылымның келбетін көрсеңіздер, табиғаттың қандай керемет суретші екеніне тағы да бір көздеріңіз жетер еді: айналаның бәрі жап-жасыл, өзеннің жағасы тіпті әдемі, ал ағаш басына қонақтаған құстардың қиқулы мен кешкі самал жел қосылғанда, сондай әсем әуен пайда болғандай әсер қалдырады. Табиғатынан бөлек, ауылымның өзі де көрікті, жыл сайын жаңарып, гүлденіп келеді. Кейде ойланып қаламын: «Ауылым қанша өзгерсе де, “ауыл” дейтін сипаты өзгермесе екен!” – деп, неліктен дейсіздер ме, бір күні мен қаланың күйбең тіршілігін артқа тастап, ауылыма келгенде табиғатымен тамсандырған, таза ауасы мен салқын самал желі өрбігенде, бар жараны емдейтін, сол баяғы ауылымды көрсем деймін, қанша жылдар бойы өзге тіршілік ордасында жүрген кездерімдегі сағыныштарымды солай бассам, одан асқан бақыт бар ма?

Ауылым – алтын бесігім. Осында өтіп жатырған әрбір шағым – менің асыл қазынам. Оның әрбір белесі – менің ертегім. Жаңбыр жауғаннан соң гүлге оранатын даласы, жиегінде жидектер өсетін алқабы оның сұлулығына сұлулық қосып тұрғандай! Ауылымның адамдары да дәл сондай: жайдары мінез бен қонақжайлылықты серік еткен жандар. Жүздері күннің сәулесіндей шуағын шашып тұрады, бірдеңе сұрай қалсаң, көмектесуге даяр, осындай жандардың ортасында жүргендіктен бе, емін-еркін жүремін. Кешқұрым ауыл тіршілігінің нағыз қызатын уақыты, айнала у-шу, тура бір араның гуіліндей күйге енеді, ал түн жамылғысы жабылған уақытта манағы шу да бірге жоғалады, қоңыр жел мен жарыққа жиналған жәндіктердің дыбысы естіледі. Айта берсем, ауылымның қызығы көп, төрт мезгілде, төрт түрлі құбылады, бейне бір төрт түрлі кітап секілді, бірақ бұл кітаптар мені ешқашан жалықтырған емес... Маған екінші өмір берілсе де, мен өз ауылымды таңдар едім, өйткені маған басқа кітаптар қызық емес...

Бақытты болу үшін адамға не керек? Бақытты іздеп әуре болудың қажеті жоқ, бұл жерде сұрақты басқаша қою керек: “Адам қай жерде бақытты?” Адам өзін еркін сезінетін, жанында жақын адамдары бар, өз пікірін айта алатын, жеткізе алатын, бейбітшілік етек алған жерде бақытты! Мұнымен не айтпақпын? Бақыт – менің Отаным, менің туған жерім, себебі мен бұл жерде өзімді бақытты сезінемін!

Ой-толғауымды өзімнің сиясы кеппеген туындыммен аяқтасам деймін:

“Бақыт құшқан кездерімнің куәсі,
Бейбіт күндер – бізге берген мұрасы.
Жауһарындай жер жаһанның жайнасаң,
Ал жүректе «жырым» болып тұрасың!

Арман менен мақсатымды биіктет,
Сен секілді тұрсын деймін биікте!
“Отаным” деп әркез алға қараймын,
Қол созамын, сен жеткізген биікке!

Саф алтындай жарқырайды болмысың,
Көк туымды желбіретіп тұрмысың?!
Сені сүю – болса егер айыпты,
Онда сенсің, менің үлкен қылмысым!

Құлатпаспын ешқашанда рухыңды,
Намыс отым “Қазақпын!” деп сілкінді!
Өзге жұртта мәңгі өмір сүргенше,
Сенде өткізген артық екен бір күнді!”.

0
Рейтинг: +0

Фото: Zhambylnews.kz.
Қосылған күні: 20 шілде, 14:43

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.