Болатбай Дариға. Отаным, саған айтамын!

Болатбай Дариға. Отаным, саған айтамын!
Фото: Sputniknews.kz.

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Болатбай Дариғаның шығармасын ұсынамыз.

Болатбай Дариға Бауыржанқызы 2002 жылы желтоқсанның 24 жұлдызында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің 11-сынып оқушысы. 

***

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Қасым Аманжолов

Арғымақтың белі бүгіліп, ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның аяғы талатын ұлан-байтақ даламыздың көрсең көзің тоймайтын, көркем табиғаты жаныңды еріксіз баурап әкетеді. Шыр етіп, дүние есігін ашқан сәттен бастап,анамның ақ сүтімен дарыған туған жеріме деген махаббатым жылдар өткен сайын тек күшею үстінде... Қазақстанның қай бұрышына барсам да, жаңа туған сәбидей Отаныма қайта ғашық бола түсемін! Туып-өскен жеріңнің күн санап дамып келе жатқанын өз көзіңмен көру – сөзбен айтып жеткізе алмас ғажап сезім! Сондықтан да, бүгін өзімнің туған жеріме деген ыстық махаббатымды жүрегіме арқау ете отырып, Отаныма арнап, өзіндік ой толғағым келіп отыр!

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, батыр бабаларымыздың қанымен, ақ жаулықты аналарымыздың көз жасымен келген кең-байтақ жеріміз бен тұғыры биік тәуелсіздігіміз аяулы Отанымыздың халқы үшін қандай маңыз бен құрметке ие екенін айқындай түсетіні хақ! Аспанмен таласып, көк тіреген заңғар таулары мен көлдей көлкіген өзендері, аңқыған жусанының иісі, бәрі-бәрі Отанымызды өзгелерден ылғи да ерекше етіп көрсетіп тұрады.Шынында да, әлемнің аты аңызға айналған небір керемет жерлеріне барсаң да, жүрегің өз еліңді аңсап тұрады! Жасылға оранған әйгілі Швейцарияда жүрген күннің өзінде көгорай белді Бурабайыңа еш жердің тең келмейтінін түсіну қиын емес!

“Қалай ақын болмайын, мен түгілі,
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың”, – деп көрнекті ақын Күләш Ахметова апамыз жырлап кеткендей, осындай құдіретке ие туған жеріміз жайлы толғанып , қолына қалам алмаған жан кемде-кем шығар...

Отан! Сіздің “ағынды өзеніңіз бен асқар тауыңызды, гүліңіз бен қасиетті тіліңізді, құдіретті үніңіз бен қыбырлаған бар жәндігіңізді сүйемін”, – деп өлең-жырдың алмас семсері Мұқағали Мақатаев атамыз толғанса, жалынды ақын Қасым Аманжолов “өзіңіздей байтақ жердің құшағында емін-еркін өскенін” айтып, махаббатын жырға қосқан болатын. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дейді емес пе?! Осы сынды ақын ағаларымыздың туған жер тақырыбында жазған жырлары кеудеңе өшпес рух, жүрегіңе шексіз сүйіспеншілік сезімін сыйлайды.

Кемеңгер көшбасшымыз бола білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Тәуелсiздiк бiзге ең жанды мәселелердi шешуге – Семей ядролық сынақ полигонын жабуға, жан-жақты экономикалық реформаларды жүргiзуге, экономикадағы терең құрылымдық сәйкессiздiктi жоюға, елдiң табиғи ресурстарын халық игiлiгiне жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызды. Тәуелсiздiк дәстүрлi мәдени құндылықтардың ыдырауын тоқтатуға, қазақ тiлiн өркендетуге көмектестi”,  – деп айтып кеткендей, еліміздің егемендіктің туын көтеріп, желкеніне мінгелі ширек ғасырдан асты. Осы 28 жыл төңірегінде еліміз біраз белестерді бағындырып, ащы термен келген тәтті жеңістің жемісін көру үстінде. Шежіреге толы тарихымыздың беттерін парақтар болсақ, қазақтың талай қиын-қыстау сәттерді басынан өткеріп, оларды еңсере білген батыр халық екенін ұғынуға болады. Шынында да,ойлап қараңызшы, сұрапыл соғыс жылдары да, тіпті бодандықтың бұғауында болып, кеңестік дәуірдің отымен кіріп, күлімен шыққан кезеңдерде де, еліміз өз ұлттық құндылықтарын көзінің қарашағындай сақтай білді!Соның арқасында, қазіргі таңда біз –  татулығы жарасқан, ұлттығы берік, өркениетті елдердің біріміз!

Әрине, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге масайрап, “осы да жарайды” , – деп арқаны кеңге жайып отыруға болмайды! Уақыт бізді күтпейді.Сондықтан да, еліміз одан әрі дамып, тәуәлсіздіктің тұғырын биік етуі тиіс. Ал бұл іс-жастардың еншісінде. Көкірегі ояу,көзі ашық, өз ісіне сенімді, жасампаз жастар Қазақстанның ертеңін арайлы етеріне кәміл сенемін! Мысалы, батыл жүректің иесі, әскери журналист қызымыз Назгүл Кенжетай өз халқына тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру үшін жан аямай жұмыстанып жүр. Назгүл Кенжетайдың “Осы жолда “Жәннатта азық көп пе?” деп сұраған сәбиді көрдім, өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекетті көрдім, босып кеткен халық көрдім, байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін көрдім және қолымнан келгенінше оны әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым отансыздықтың не екенін көрсету еді” деген сөздерінің өзі оның рухани болмысын ашып беретіндей... Ел болашағына немқұрайлы қарамайтын кез-келген жанға бұл сөздер әсер етпей қоймасы анық! Назгүл Кенжетай секілді көпке танымал болмаса да, ғибратты ғұмыр иесі болып жүрген жандардың Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқан "Қазақстанның 100 жаңа есімі" қатарынынан көруіміз- көңіл қуантарлық жағдай! Бұл тізімге енген Елдос Баялышбаев, Салтанат Байқошқарова, Серік Есматов сынды тұлғаларымыз да жас буынға үлгі болып,оларды патриот, еңбекқор ұрпақ етіп тәрбиелеу жолында өз септігін тигізеріне ешқандай шүбәм жоқ! Сонымен қатар, еліміздің жастары әлемдік білім сахнасынан да өз орнын тауып, Қазақстанның атын шығарып жүр.Менің бұл сөзіме осы жақында Қазақстан оқушыларының математика-жаратылыстану ғылыми сауаты бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кіргені бұлтартпас дәлел.Еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен болатын.

“Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!”, – деп отты ақын Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей,осындай білімді де тәрбиелі жастарымыз барда Отанымыз бұл арманына тоқтаусыз, жақын арада жетеріне үмітім зор. Әйтсе де, біз бұл даму жолында ұлттық құндылықтарымызды қараусыз қалдырмауымыз тиіс. Өйткені,олар-біздің бабамыздың көзі,ұлттығымыздың айғағы.Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру", "Архив-2025", "Ұлы Даланың жеті қыры" сияқты бағдарламалар халқымыздың өткені мен келешегі арасындағы тамырластығын тереңдете түсері анық.Тіпті, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы”, – деп айта отырып, латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдауы бізді түркі бауырларымызға жақындата түсуге ықпал жасады.

Мен бұл жеткен жетістіктеріміз жайлы айту арқылы құр мақтауға бой алдырғым келмеді.Керісінше,Отаным, еліміздің бұл жемісті нәтижелерін жазу арқылы, сіздің бақытты екеніңізді көрсеткім келді! Иә,сіз – татулығы жарасқан, озық ойлы,өнегелі халық мекен ететін киелі жерсіз! Сіз – қазақтың маңдайына біткен бағысыз!

“Нағыз патриот – өз елін мақтайтын емес, нағыз патриот кемшіліктерді байқап, оларды түзеуге ықпалдасатындар”, – деп Елбасымыз айтып кеткендей, мен де елімнің дамуына ықпалдасу үшін бірқатар ұсыныстар мен ізгі тілегімді айтқым келеді.Біріншіден, халқымыз дамыған елдер қатарына кіріп, ғылыми-төңкеріс заманында озық нәтиже көрсету үшін қалыптасқан қасаң қағидалардан бас тартуы қажет.Бұл әрине ұлттық салт-дәстүрлерімізді тарих сахнасынан алып тастау деген сөз емес. Біз кемел келешегімізге кесел болатын әдет-ғұрыптарды рухани жаңғыртып, қазіргі заманға сәйкес өңдеуіміз қажет. Екіншіден, еліміз өзге дамыған мемлекеттер жүріп өткен даму жолын таңдамай,оларды менталитетімізге сай, қазақи жолға салуы қажет. Сонда ғана еңбегіміз жемісін бермек.Үшіншіден, жаһандану дәуірінде ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп, тапсыруымыз қажет! “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген мақалды ұстанымымызға айналдыру қажетпіз.

Отаным! Сіздің алдағы уақытта талай жеңістер мен жетістіктердің куәсі боларыңызға толық сенімдімін! Осы шағын ғана ой-толғауымды жазу арқылы сізге деген ыстық сезімім мен сүйіспеншілігімді айтып жеткізуге тырыстым. Иә, менің бұл махаббатым тек сөз жүзінде қалып қоймайды! Жарқын болашақта мен сіздің атыңызды шығарар айтулы тұлғалардың бірі болып, дамуыңызға сүбелі үлесімді қосатын боламын! Осы арманымды орындау үшін, мен қазіргі таңда жұмыстану үстіндемін. Арманымның шындыққа айналар күні де алыс емес. Мен секілді асқақ арманы бар жастар біздің Отанымызды әлі де гүлдендіре түседі.

Отаным! Мен сізге жарқын болашақ пен бейбіт күндер тілеймін! Сіздің атыңызды әрдайым әлем сахнасынан көріп, үздік елдер қатарынан табатын боламыз! Жалынды жастарға, бізге сеніңіз! Сіздің жүрегіңізде өз қолтаңбамды қалдырғым келеді...

Т. Раушанұлы