Назибекова Аружан. Отаным, саған айтамын

Назибекова Аружан. Отаным, саған айтамын
Фото: Назибекова Аружан

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Назибекова Аружанның шығармасын ұсынамыз.

Назибекова Аружан Дамирқызы – 2002 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы "Қайнар" колледжінің студенті. "Астана елімнің жүрегі-тәуелсіздік тірегі" атты республикалық олимпиадасының, "Туған жерге туыңды тік" атты республикалық байқаудың, "Өнер саласының майталмандары" атты республикалық өлең және шығарма байқауының жеңімпазы.
***
Отаным менің! "Менің" деп меншіктеп айтар жерің мен еліңнің болғаны қандай бақыт! 

Отан дегенде кеудеңді кере дем алып, еңсеңді көтере, басыңды шалқақ ұстап, айналаға асқақ қарағың келеді. Барлық адамдардың жүрегінде нағыз патриоттық сезім оятатын, баурап алып, мақтаныш тудыратын неткен құдіретті сөз десеңші! Қазақстан десе, көз алдыма сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген маңғаз таулар, бүлдіршіннің сыңғыр қаққан күлкісіндей мөлдіреп аққан бұлақтар, жұпар иісі мұрныңды жарып өтер нәзік гүлдер, әнімен жүрегіңді елжіретер күміс көмей құстар келеді. Осындай сұлу да көркем, ғажап табиғаты бар жер жәннаты - Қазақ жерінде тұрып жатқаныма өзімді бақытты адам санаймын. 

Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең көлемді шарлаған осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі бүгін ғана емес, бар уақытта да қан тамырымыздың лүпіл-бүлкіліндей естіледі бізге. Ол – өлең, ол – сұлулық, ол шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында. Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың ұясы – Қазақстан! 

Зымыраған жылдар! Сырғыған уақыт! Шыр айналған  дүние! Жиырма жеті жыл. Сіз қалай ойлайсыз, сіз үшін бұл мерзім көп пе, әлде аз ба? Былай қараған адамға көп уақыт емес секілді. Бірақ аз уақыт өтсе де, қайғысы мен қуанышы қатар келген талай мезеттердің, талай өзгерістердің куәсі болуымызға тура келді. Ең алдымен тәуелсіздік қазақ еліне, оның сан ғасыр бойы азаттықты аңсаған халқына бостандықтың желбіреген жібек туын ұстатты. 

Атадан балаға мирас болған ұлан-байтақ даланың төсінде тарихи оқиғаларды, жеңіс пен жеңілісті бір күнде, бір жазбада айтып та, жазып та бітіру мүмкін емес шығар... Білетінім – қатпарлы тарихта ата-бабаларымыз туған жердің тоқымдай бөлігін де жауға бермеген. Толарсақтан саз кешіп "ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып" жүріп қорғап қалған, аманат етіп бізге-ұрпағына қалдырған қасиетті жер бұл. Осы мекенде біз тәуелсіз елдің таңын атырып, күрсінбей күнін батырып, желбіреген Көк Туымыздың астында емін-еркін бақытты өмір сүрудеміз. Туған жерін қорғап, азаттығы үшін қасық қандарын аянбаған батыр бабаларымыз Бауыржан Баубек, Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктер ел басына күн туған жағдайларда Отан үшін от кешіп, ерлікпен елімізді қорғаса, ызғарлы желтоқсан жылдарында мұзға жанған алаудай болып, тәуелсіздік жолында құрбан болған Қайрат, Ербол, Ләззат сынды апа-ағаларымыз алдында біз борыштымыз. 

"Өткенім бар-өкініш, жасыра алмаған, 
Тарихым бар жазылған ғасырлардан. 
Қазақ деген ел барын әйгіледім, 
Жаңа ғасыр, сен енді бас ұр маған! 
Орындалсын аңсаған асыл арман!" –  деп жырлағандай өткенімізге өкініп, қилы тағдырды басына төңкерген шежіре тарихымызды баяндадым. Өткеніміз сұм соғыстар мен зұлмат жылдарға толы болды. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ата-бабаларымыз байтақ даламызды қызғыш құстай қорғап, өмірлерін келер ұрпаққа табыстады, жерімізді елімізге мұра етті. Қайран халқымыз жылдар бойына аңсап келген азаттыққа қол жеткізіп, егеменді ел атанды. Алға жетелеген көшбасшымыздың сындарлы саясатының арқасында арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқыр мінезді, өр рухты қазақ халқы біріге отырып ел басына төнген қара бұлтты ашып, бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кірді, Азияның ақ барысына айналды. 

Менің туып өскен жерім - егеменді Қазақстан. Қазақтың жері қандай дархан болса, халқы да сондай кеңпейіл, жері шұрайлы, шөбі шүйгін қасиетті мекен. Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. "Отаның-алтын бесігің", "Отаны жоқтық – нағыз жоқтық" – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Туған елі мен жерін сүюді қазақ халқы бала бесікте жатқан кезден бастап-ақ үйретеді. Отан деген – біздің туып өскен жеріміз. Отан деген ата-анамыз, досымыз, тіліміз, тарихымыз, дініміз, бауырларымыз, ауылымыз, қоршаған ортамыз, табиғатымыз,барымыз. Отанға деген махаббат – адамның рухани деңгейінің биіктігі.  Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады. 

Менің кіші Отаным – киелі Маңғыстау жері. Қайда жүрсең де өзіне тартып тұратын, есіңе түссе көңіл қобызыңды беу-беулетіп, жүрек отын жағатын дүние есігін ашқан жеріңді сүймеу, алыстасаң сағынбау мүмкін емес. Себебі, атамыз қазақ "туған жердің торғайы да сүйкімді" деп бекер айтпаса керек. Иә, туған топырағың қасиетті, кез келген өзге жер, өңге мекенмен салыстыруға да келмейді. Бойымды мақтаныш сезімі кернегені соншалық –еріксіз қолыма қалам алып, ішкі жан тебіренісімді бөліскім келеді: 
"Маңғыстауым-маңғаз далам, паң далам, 
Бір өзіңнің келбетіңнен нәр алам. 
Даналар мен әулиелер мекені, 
Құшағын жайған қасиетті кең далам!"

Туған дала төсіне жүгіріп шығып, о шеті мен бұл шетіне көз жүгіртіп, айналаңа көз салсаң, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамызша: "Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!" - демеске еш шараң қалмайтындай. Осындай сұлу да көркем, ғажап табиғаты бар жер жәннаты - Маңғыстауда тұрып жатқаныма өзімді бақытты адам санаймын. 

"Не замандар өтсе-дағы бұлағай, 
Көк түріктің туы қалды құламай. 
Маңғыстауым – тұнып тұрған тарихым, 
Ашық аспан астындағы мұражай", – демекші, кең байтақ қазақ даласында осы бір қасиетті өлкенің тарихы ерекше. Тарихының тамыры тереңге тартқан Маңғыстау жері талайларды тамсандырып, талайлардың шөлін қандырған. Табиғаты таңғажайып, тау-тасы мен өзен-көлін түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған ғажап өлке. 

Қасиетті Маңғыстау жері туралы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев "Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған" деген. Біз сол баянды бақыттың иесіміз.Біздің Маңғыстау жерінің тарихындай терең тарих ешбір жерде жоқ.Қазақстандағы жиырма мыңнан астам тарихи – мәдени ескерткіштердің алпыс пайызы біздің Маңғыстау жерінде тұр десем артық айтпаған болармын деп ойлаймын. 

Шынымен де Маңғыстау кез келген адамды қызықтырып әкететін терең, тарихи өлке. Халқымызда "жер шарының геологиялық тарихын білгіңіз келсе, Маңғыстауды бір рет көріңіз" деген жақсы бір сөз бар. 

Иә, маңғаз Маңғыстау – бабалар мен әулиелер мекен еткен қасиетті өңір. "Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстау" деп осы өлкеде мекен еткен үш жүз алпыс екі әулиені, сан мыңдаған ескерткіштері мен тау тастарын, "Адай" деп ұрандаған ақын, әрі батыр Сабыр Адайларды, бұл өлкеден шыққан Әбіштей даналарды, Маңғыстау маржандары Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Ұлықпан Жолдасов, боксшы Әділбек Ниязымбетовтарды айтпай кетпеу мүмкін емес. Бұл қасиетті өңірді осы жердің құмын кешіп, суын ішіп өскен атақты жазушы Әбіш Кекілбаев: "Жасаған Ие осы бір құлазыған былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғамасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсың",  – деп айтқанындай  шынымен де бұл өңірді бұрын – соңды көрмеген адамның көз алдына елестетуі қиынға соғады. Табиғаты – тұнған тарих, сырға толы шежіре. Дархан даласына көз жүгіртсең, тіршіліксіз құла түзге кезігіп, жаңа әлемге аяқ басқандай боласың. Бірақ осынау құлан жортпас атырап адам бойына үрей ұялатпайды. Керісінше, сортаң шөл мен сусыма құм шағылдары ішіне сыр бүгіп жатқандай сезім сыйлайды. Бұл өлкені көрмей жатып, көзбен шарлап ұғына алмайсың. Ал академик Қаныш Сәтбаев ағамыз Маңғыстау түбегінің үстінен тікұшақпен ұшып бара жатып, бұл аймақты ұйқыдағы аруға" теңеп кеткен. Қандай ғажап десеңізші...

Иә, жері қандай ұлан-байтақ болса, жаны да сондай дархан. Халқын ыстық құшағына алған, Маңғыстауым, мен сенің ұлылығыңнан нәр алып, дархандығыңмен сусындап, бойжетіп келемін. 

"Мен – -Маңғыстаудың маңғаз қызымын, мен Маңғыстаудың қасиетті топырағында өмір сүріп жатырмын, елімнің өркендеуі үшін аянбай тер төгемін" – деп бар әлемге жар салғым келеді. 

Әрбір адам – алға асығып аққан бұлақ. Бұлақ барып құятын бір шалқар теңіз болу керек. Міне, осы айдын теңі – Маңғыстау мекені. Мен Маңғыстау арқылы елімнің ертеңін көргендей боламын. Жүздің арасынан оза шауып келген қас тұлпардай алға, тек қана алға басуыңа шын жүректен тілектеспін. Асты – мұнайға, үсті – адами рухани құндылықтарға толы қасиетті, киелі өлкем жасай бер мәңгі, жасай бер! Көгімізде бейбітшілік белгісіндей көгершіндер, азаттық белгісіндей қыран құстар самғай берсін! Мен сені мақтан тұтамын, Маңғыстауым! Ендеше, мәртебең мәңгiлiк биiк болсын, үш жүз алпыс екi әулиелi, жұмбақ жайлап, аңыз өрген қасиеттi Маңғыстауым!!! 

"Мен - Қазақстандықпын" деген әрбір жас өскіннің жүрегінде еліне деген сүйіспеншілігі болуы хақ. Мен елімді сүйемін! Сен де сүй...! Мен – Қазақстанның патриотымын. Сенің әрбір гүлің, өзен-көлің, әрбір тасың, тауың мен үшін қандай қымбат десеңші! Перзентіңнің саған деген махаббаты қарт Каспийдей терең, Хан-Тәңіріндей биік, Көкшетаудың саф ауасындай таза, ерке Есілдің суындай мөлдір. Тіпті, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 

Отаным, біздей ел қорғаны, жас ұландар мен қырандарың барда жүздің арасынан оза шауып келген қас тұлпардай алға, тек қана алға басуыңа шын жүректен тілектеспін. Жасай бер мәңгі, жасай бер, қасиетті Отаным! Көгімізде бейбітшілік белгісіндей көгершіндер, азаттық белгісіндей қыран құстар самғай берсін!    

Т. Раушанұлы