Кадірғалиқызы Таразы. Отаным, саған айтамын

Кадірғалиқызы Таразы. Отаным, саған айтамын
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Кадірғалиқызы Таразының шығармасын ұсынамыз.

Кадірғалиқызы Таразы 2004 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өмірге келген. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 “А” сынып оқушысы.

***

Туған жер, Отан сөздерін естіген кезде әрбір жанның жүрегінде бір қайталанбас сезім туындайтыны рас. Бұл сағыныш, махаббат, тіпті мақтаныш әсерінен пайда болуы мүмкін. Біз өмір сүріп жатқан ел тарихын терең қойнаудан бастаған. Ал қазіргі жағдайға жетіп, көркейіп жатқанымыз әрине Елбасының еңбегі деп білемін. Әлемдік деңгейде танымал,бәсекелестікке қабілетті мемлекетке айналған Отаныма айтар өз сөзім бар.

“Туған жер – алтын бесігім” демекші, адамзат үшін отанынан артық мекен жоқ деп ойлаймын. Мейлі, талай-талай көрікті жерлерді араласаңыз да, басқа елдің тыныс-тіршілігімен танысып ұнатсаңыз да туған жердің бір уыс топырағына жетпейтіні сөзсіз. Сандық мәліметтердің қажетінсіз-ақ Қазақстанның саяси, экономикалық әлеуетінің қаншалықты жетекші орынды алатынын білеміз. Пайдалы қазбалардың алуан түрі біздің тарихи жерде кездеседі. Және көршілес немесе басқа елдермен терезесі тең қарым-қатынас жасау біздің қолымыздан келген бірден-бір нәрсе. “Жер шоқтығы – Көкшетау, Жер жәннаты – Жетісу” деген сөз бекер айтылмаса керек. Өзіміз білетіндей, Көкшенің сұлу бейнесі мен Жетісудың ерекше табиғатына таң қалудан басқа амал жоқ. Шет елден келген саяхатшылар да Қазақстанның көрікті жерлеріне ғашықтығын жасырмауда. Бәрі де естелік ретінде суретке түсіп, тек жақсы көңіл-күймен өз елдеріне оралып жатыр.Елімізде өткен айтулы іс-шараның бірі “EXPO-2017” осы саяхатшылардың назарын аударған секілді.

Осы арқылы қалың көпшілік жас буынның тың идеялары мен жаңа инновациялық жобаларымен танысты. Қоршаған ортаны, әлеуметтік жағдайды жақсарту жөнінде бірнеше жұмыстар талқыланып, көзге түскен болатын. Осының бәрін көре отырып мен басымды тік көтеріп, еш қысылмай Отаныммен мақтана аламын. Біздің әлі де жетер асуларымыз, алар белестеріміз көп. Бәрі жастардың қолында, осыған сәйкес еліміздің дамуына атсалысатын білімді жастарды даярлау керек. Мұны да есепке алып,зияткерлер ордасы- Назарбаев Зияткерлік мектебін ашты. Бұл жерде әрбір оқушының өз миссиясы, ұраны және ұстанымы бар. Осы бағытта әрекет ету арқылы бір нәтиже шығаруға болатынына кәміл сенімдемін. 

Өзіме келетін болсам, кіндік қаным тамған жер Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы. “Отан отбасынан басталады” дегендей, мен керемет адамдардың отбасында дүниеге келгенмін. Неліктен осылай айтады екен деп ойлана келе бір жауабын тапқандай болдым. Себебі отбасында қажетті тәрбие берілсе, салт-дәстүрлердің бәрін кішкентай кезден баланың құлағына сіңіріп айтса, патриоттық сезімді қалыптастырса, онда болашақта ондай ұл-қыздан Отанын қадірлейтін, сүйетін, ол үшін бәріне дайын тұлға шығады. Өлкемізді Пір Бекет бастаған әулиелер қолдап жүр. Ақтау қаласы күн санап өсіп келеді. Ақтау Каспий теңізінің жағасында орналасқан жас қала болып саналады.

"Туған жер әркімге де ыстық мекен.
Айналайын құт мекен, атамекен
Отанымыз жайнай берсін, өркендесін
Мен өскенде отаныма қызмет етемін", – деп айта келе, болашақта еліміздің атын шығарар жас ұрпақ көбейе берсін, еліміздің байлығы ортаймасын, халқы үнемі береке мен молшылықта өмір сүрсін деген жүрекжарды тілегім бар. Кезінде ата-бабаларымыздың аман алып қалған қастерлі мекенін енді біз көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ертеңі жарқын еңселі ел болу үшін бір орында тұрмай әрі қарай мүмкіншіліктерімізді жетілдіру – біздің алға қойған мақстымыз. Сонда ғана еңбектің жемісін көруге болады.

Т. Раушанұлы