Аяш Шайхсламқызы. Бірлігі жарасқан ел озар

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы  Аяш Шайхсламқызының шығармасын ұсынамыз.

Махамбетияр Аяш Шайхсламқызы – 1999 жылы 29 мамырда Қызылорда қаласында өмірге келген. Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті, "Халықаралық құқық" мамандығының 4 курс студенті. 


Бірлік – мәңгілік және бөлінбейтін, ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ең биік ұғым, сан ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ортақ келісім мен ауызбірлікті, жарасымдылық пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған. Бірлікті елдік пен ұлт болып ұйысып, ынтымақ пен сыйысып отырудың басты кепілі ретінде санаған. Біздің Отанымызда 125-тен астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Біртұтас бірлігі жарасқан еліміздің халық саны жыл санап көбеюде, Отанымызда басқа ұлт өкілдері мен қазақ халқы бір киелі шаңырақ астында, бір атаның баласындай бірлікте тұрады. 

Яғни, Отанымызда қазақ елі тек қазақтарға ғана емес басқа ұлт өкілдеріне пана болып табылады. Сан ұрпақтың кіндік қаны тамған туған жері, атамекені. Ата-бабаларымыздың ұлы аманатын арқалаған қазақ елі туыс елдерді кеңдігімізбен, дархандығымызбен әрі қонақжайлығымызбен, даралығымызбен, саналылығымызбен, өз қамын емес өзгенің қамын жоғары қойғандығымызбен ерекшеміз, құрметтіміз. 

Елімізде басқа ұлт өкілдерімен достықты, сыйластықты, ынтымақтастықты, бауырмалдықты сан жылдар бойы іс-әрекетімізбен, тыныс- іршілігімізбен дәлелдей білдік. 

Тарих тағылымына үңілсек, байтақ даламыз талай ұлт пен ұлыстарға пана, апа-әжелеріміз талай жетімдерге ана болды, өз балаларынан бөлмей-жармай маңдайынан сыйпады, бақытты өмір сыйлады. Соның жетістігі бірлігіміз тірлігімізге арқау болып, сыйластықта, татулықа өмір сүрудеміз. Бірлігі жарасқан елдер озады, бірлігі жоқ елдер тозады. 

Тарих тегеурініне төтеп бере алмай бірлігі жоқ қаншама елдер, мемлекеттер елінен де, жерінен де айырылды, кең дүниені тарылтты, ең өкініштісі жойылып та кетті. Қай бір мемлекетті болмасын оларды ешбір жау сырттан ала алмайды. Елдің іргесі қашан да іштегі алауыздықтан, түсініспеушіліктен, сыйластықтың әлсіреп, ынтымақтың жойылуынан ыдыраған. Ел іргесі сөгілмес үшін ең бірінші бірлік, ынтымақтастық, парасаттылық пен сабырлылық, әрбір іс пен сөзге жауаптылық, байсалдылық таныту қажет. 

Біздің Қазақ еліміз бүкіл әлемге қонақжайлылығымен әрі ынтымақтастығымен танылып, өзін мойындата білді. Тілі мен түрі басқа болса да тілегі бір, бірілікке ұмтылған мүддесі бір, "Қазақстан" атты тірегі бір, "Отан" деп соққан жүрегі бір, әрбір ел азаматының бағы мен тағы да, берекесі мен ырыздығы да, бірлігі мен тірлігі жарасқан осы елде десем артық айтқандық болмас. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. 

Бірлік сөзін ой елегімнен өткізіп, саралап көрсем: 
Б- біртұтастығы бөлінбеген, 
І- іргесі сөгілмеген, 
Р- ризығы қолында, рахымы өмір жолында, 
Л- лайықты ұл- қызын ынтымаққа үйреткен, 
І- іңгәләған сәбиін адал еткен жөргектен, 
К- кемелденген болашаққа қадам басқан сеніммен,- деген жолдар ойымды ашып, мақсатым мен мүддемді, арманым мен тілегімді айшықтап әрі нақтылап бергендей болды.

Кемеңгерлігімен елін ерекше сүйген, даналық сөздерін ұрпағына мирас еткен, Ақтамберді жыраудың "Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет, Бірлігіңнен айырылма, Бірлікте бар қасиет", деген қанатты сөздері ғасырлар тоғысқан жылдарда өз өзектілігін еселеп арттыра түспесе кеміткен емес. Осы орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: "Халықтар арасындағы келісім мен достықтың алтын тамыры қазақтарға тән асыл қасиеттерде жатыр", – деп айтқан көкейге қонымды, жүрекке жылы тиер сөзі тұғырлы тұлғаның орамды ойын Отанымыз ортақ әрбір азамат қабылдауы тиіс қағида іспеттес. 

Ендеше, әрбір қанаты талмаған жас та, әрбір іске аса жауаптылықпен қарайтын бас та, аға ұрпақ та азаматтығын арттырып, бейбітшілік пен келісімді сақтап, баба үмітін ақтап, татулыққа ұмтылып, әрбір іске бірауыздан жұмылып, сенімділікті серік етіп, бірлігі жарасқан еліміздің ілгері қадам басуына өз үлесімізді қосуымыз керек. Елдің тағдыры – өз қолымызда. 

Осы Қазақстан атты киелі шаңырақтың бірлігі мен ынтымағы жарасып отыруының басты дәлелі: әр ұлттың елімізді көркейту жолындағы ерен еңбегі мен бабалардан келе жатқан асыл мұраны сақтауы. Қазақ жері қандай кең байтақ болса, әрбір қазағымның жүрегі де сондай кең әрі дархан. Бірлігіміз арылмасын, жеріміз тарылмасын. Бірлігіңді бағың деп түсін дана халқым! Теңіз тамшыдан құралады дегендей, 20 жасқа енді ғана аяқ басқан менің еліме айтар датым осы.