Дария Саржанқызы. "Арайлы Ақсу – арман мекен…"

Дария Саржанқызы. "Арайлы Ақсу – арман мекен…"
Фото: Yernar Almabek

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Дария Саржанқызының шығармасын ұсынамыз.  

Ерқасымова Дария Саржанқызы – Алматы қаласы "№133 жалпы білім беретін мектептің" 10 сынып оқушысы.

Жазбамды бастамас бұрын, ұзақ ойландым. "Ұлтарақтай болса  да ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып өскен ел қымбат", – демекші туған жерді жырлағанда, майын тамызып айтсаң да, көзіңмен көрген әсем табиғатты айтып жеткізу мүмкін емес. Туған жерім іргесі 19 ғасырдың ортасында салынған, Талдықорған қаласының солтүстік шығысына қарай, Жетісу Алатауының баурайында, Ақсу өзенінің бойында орналасқан. Өлкенің атауыда осы ағынды Ақсу өзеніне қойылған. Ал, осы шығармамды "Ағынды менің Ақсуым", – деп жырлаған ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің шығармасынан бастамасам болмас. Ақынымыз туған жерінің тауын да, тасын да, әрбір ой-шұқыры, өзен-көлін жырлаған ғой. Ал мен, өз туған жерімде дәл осындай ақынның болғанын мақтан етемін. Ұлы жібек жолының бойында орналасқан бұл өлкеде, небір ұлы адамдардың ізі жатыр. Жалпы, киелі Ақсу – батырға да, ақын-жазушы, әнші-күйшіге бай өлкелердің бірі. Тіпті, сезім тербеткен өлке десемде артық етпес.

Шіркін-ай, бұл ағынды Ақсудың табиғатын көргенде арманда, көрмегенде арманда... Жетісудың жерұйығы, қойнауы тұнған қазына, табиғаты құт мекен Ақсу өңірінде менің балалық шағымның бақытты аспаны өткен. Қазір арман қала Алматыда тұрсам да, көңілім Ақсуыма қарай бұрып тұрады. Өз басым, жазғы демалысты асыға күтемін. Демалыс бастала салысымен, ауылға қарай жол тартамыз. Қаланың у-шуынан бір демалып, 5-6 сағат көлікпен жүрсек те, ауылға баратынымды есіме алып, шаршағанымды ұмыта кетемін. Талдықорғанның талдары сәлем беріп, күні көзіңе жымиып тұрғандай қарсы алады. Сол мезетте ауылыма жақындай түскенімді білемін, Ақсуымның саф таза ауасы бойыма күш берердей. Сөйтіп әне-міне дегенше ауылға да жетіп қаламыз.

Қызығы мен шыжығы бірге жүретін бұл ауылда еске алатын оқиғалар өте көп. Тұрғындарының түрлері таныс, әрі жылы. Кейде, үлкен ата-әжелеріміз көшеде жүргенімде "Мынау , кімнің баласы?" ,– деп сұрап жатады. "Ерқасым атаның немересімін ғой", – деген сәтте бетімнен шөлп еткізіп сүйіп, қалтасынан кәмпит тапқан әжелерім қолыма ұстатқызып кетеді. Сол әжелердің кәмпиттері мен үшін ерекше тәтті. Ауылдың жастары ұйымшыл болатын, кешке қарай көшеге шығып доп ойнап, тіпті жиналып қалған әңгімелерінде айтып үлгереді. Қаладан келсеңде, бөтенсітпей әңгімеміз жарасып кететін. Тіпті, үлкендері де жиналып әңгіме дүкен құратыныда бар.

Қойларын, сиыр, жылқыларын күткен ата-ағаларымыз уақыт өткізу үшін, тарихты бір шарлап өтеді. Ауылдың басты мерекесінің бірі құрбан айт деп білемін. Сол күні ауылдың небір бұзық балалары тілдері бұлдырап, айтшылайтыны да бар. Әжем олардың кішкентай ғана уыстап тұрған қолдарына кәмпит ұстатады. Ал, олар болса көрші үйге қарай зуылдай жөнеледі. Тіпті, кешке қарай жарапазан айтатындарыда бар. Үлкендерде айтшылап, кішкентай ғана ауылда абыр-дабыр басталады. Осы көріністі бақылай отырып, бір ойлағаным: қай қалада тұрсам да, тіпті, шетел асып кетсем де, осы Жетісудың жерұйығы Ақсуыма жетпейді екен...

Т. Раушанұлы