Қабдеш Жұмаділов. "Құзғынның өлімі"

Қабдеш Жұмаділов. "Құзғынның өлімі"
Фото: massaget.kz

Бүгін Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туған күні. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дара қаламгер 83 жасқа толды.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы.

Жазушы 2017 жылдың маусым айында Массагет сайтының "Айна" жобасында қонақта болды. Қос Империяның да дәмін татып, 200 мыңнан астам қазақты ата қонысына бастап келген тұлғаның көкірегі тұнған қазына. Әдетте бағдарлама түсірілімі 30 минутта аяқталатын. Ал қазыналы қарт жазушымен болған сұхбатымыз 1 сағаттан асық болды. Нәтижесінде қаламгердің сырлы сұхбаты бағдарламамыздың екі бірдей санына арқау болған еді.

Бүгін жазушының туған күніне орай "Құзғынның өлімі" атты туындысын назарларыңызға ұсынамыз.

Құзғынның өлімі

Таң сібірлеп атып келеді. Шығыс көкжиек құланиектеніп, күн мен түн өзара тартысқа түскендей, дүние көгілдір мұнарға оранып сәл тұрды да, көп ұзамай жарық сәуле үстемдік ала бастады. Таң шапағы жота-жондар мен жапама жартас беттерін арайға бөлеп, түн қараңғылығы теріскейдегі орман алқабына, терең құз-шатқалдарға қарай шегініп бара жатты. Бүгін күн ашық болатын түрі бар. Сай-сайдан үлпілдей көтерілген ақ үрпек тұман тез қанаттанып, бір-біріне тұтаса жылжып, тау мойнына оралған ақшарбы бұлттар легіне біртіндеп қосылып жатыр.

Бұл Жоңғар Алатауының Тоқта тауына тірелетін терістік сілемдерінің бірі еді. Төменде өз етін өзі жұлып жеп, ақ көбігін аспанға атқан Тентек өзені буырқанады. Аңғардың сол жақ қапталындағы ұялы жартастардың бірінде қонақтап отырған кәрі құзғын секі тастың жиегіне таман жақындап, ұшуға қам жасағандай, шалғысы қысқа, доғал канаттарын қомдап-қомдап қойды. Бір кездегі кемірдей жылтыраған қанат-құйрығы бөзақ тартып, мойын жүні бурылдана бастапты. Ол тырнағы тұқыл, әлжуаз аяқтарын барбаң-барбаң басып, төмендегі асау өзен ағысына үрейлене қарап сәл отырды да, «ұшатын мезгіл жетті» деді өзіне-өзі дем бергендей.

Кеше күні бойы жаңбыр жауып, төңіректі тұман тұмшалап алғандықтан ұяда ұзақ отырып қалған. Жер бедері күңгірт тартып, жем қарасы көрінбесе, аспанға көтерілгенде не бітіресің? Босап қалған жемсауы құрғыр да шыдатпай мазадай бастап еді. Әсілі, тұмсықты мен тырнақты да құзғыннан бұрын қозғалатын құс жоқ. Әлгі қазақтар айта беретін «құзғын сәріңіз» осы. Құстың бәрі қыран емес — қалаған уақытта ұшып, көңілі ауған жемін барған бойда бас салатын. Құзғындарға ерте қамданбаса болмайды. Осы ойға берік бекіген ол алды-артын асықпай барлап алып, қарсы қапталға қарай ұша жөнелді. Қос канатын сабаулай қағып, аршындай сілтеп барды да, келесі сәтте қалықтай өрлеп, жылдам шарықтап кетті. Сол беті бірнеше айналым жасап, белгілі биікке шығып алған соң, түстікке қарай бет түзеді.

Сол жақ қанатта — ақ бас шындары күнге шатылған Жоңғар Алатауы, оң канатта — үлкенді-кішілі елді мекендер. Соңғы жеті-сегіз жылда бұл жаққа соқпай кеткені болмаса, бәрі де бұрын сан рет шарлап, ризығын татқан таныс өлкелер.

Бұл өзі — түстікте Ерентау мен Алатаудың арасын, терістікте Барқытбел мен Барлықты емін-еркін жайлаған жасамыс кәрі құзғын еді. Кәрі болғанда, мұның жасын дәл санаған ешкім жоқ. Тек бір нәрсеге ат коймай, айдар тақпай жүрмейтін қазақтар: «Құзғын мың жасайды» деп есептейді. Заты, осы сөзде жан бар. Олай дейтініміз: мына құзғынның әке-шешесі — сонау Шыңғыс хан заманын өз көзімен көргендер. Жер қайысқан қалың әскердің соңынан ілесіп, қонып аттанған жерлерінде қан сасып қалатын мол сарқытынан талай дәм татқан кәрілер. Мұның өзінің де көрген-білгені аз емес. Арты Шыңғысханды көрмесе де, бергі ойраттардың әйгілі қонтайшыларын талай жорыққа шығарып салған. Сәйгүлік аттарын ойнақтатып, қолдарына қыл шашақты қызыл жалау ұстаған қалмақтар Алтай мен Ерентау арасын ұзақ жыл шандатты той. Шіркін, ол да бір тоқшылық заман еді-ау! Сай мен сала, ой мен қыр мыңғырған малға, аң мен құсқа сыймай жатушы еді. Жүрек жалтар жемді қайдан табам дейтін емес, көк жүзіне көтерілсең болғаны, ризық дегенін шашылып жатады. Сол бір қыл шашақты ту ұстап, жырық етек қызғылт шапан киетін, айдарлы адамдар әрі қатал, әрі жомарт-тұғын. Олар басқа екі аяқтылар секілді өліктерін жерге көмбей, әлдебір киізге орап, далаға апарып тастайтын-ды. Жыртқыш андар мен құзғын-құмайлар азықтан тарықпаушы еді.

Алмас қылыштары жарқылдап, өмірі ат аркасынан түспейтін сол айдарлы адамдар қайда қазір? Бірін-бірі өлтіріп, қырып-жоюға келгенде, екі аяқтылар жыртқыш андардан бір де кем түспейді. Әлі есінде, бір жылдары әлгі айдарлы адамдарға күншығыс жақтан зауал келді. Аттылы-жаяуы аралас қалың әскер... Қолдарында күн күркіретіп, от бүркетін сұмдық қарулары болды. Сол қарумен әлгілер айдарлы адамдарды бір қыс, бір жаз қырғындады. Сонау жоңғар даласы мен Барқытбел, Барлық өңірі қан сасып, өлексеге толып кеткен. Сол жылдары жер бетіндегі қарақұс атаулы Жоңғарияға жиналған шығар-ау! Несін айтасың, «Қарақұстардың тойы» әлденеше айға созылды... Бұл — соны көрген құзғын ғой. Мың жасамаса да, бірнеше жүз жылдығыңды артқа тастағанында күмән жоқ.

Құзғын бұл жолы шекараның арғы жағындағы Бұратала, Барлық тауларынан ұшып келе жатқан. Шекараның не екенін езге кұстар ажыратпаса да, көп жасаған кәрі ептеп шамалайды. Әр тұсқа орнатылған ада бағандар, тау жотасын жүлгелей тартылған сым торлар, сол тордың түбіндегі жанама соқпақпен ит жетелеген әлдебір адамдардың ары-бері жүретіні бұл тұста қатаң күзет барын аңғартады. Жалпы, дүниенің қожасы — екі аяқтылар ғой. Солар өздеріне тиесілі жерді сыммен қоршап, бөліп алған секілді.

Құзғын соңғы жылдарын шекараның шығыс бетінде өткізді. Бұл жаққа келмейін деген жоқ, жете алмай қор болды. Шамасы, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын-ау деймін, бұл Ерентау бөктерін қыстап қалған. Сол жылы көктемде қарақұс атаулы Мұзтаудан асып, түстікке қарай ағылды да жатты. Қарақұс текке ұшпайды, демек сол жақта жемтік көп деген сөз. Бұл да дүрмекке ілесіп, күнгейге қарай бет алған. Көптің соңын ала ұшып жетсе, өлексе дегенің, шынында да мол екен. Әсіресе, Лобнор көлінің төңірегінде қырылған бөкен мен қарақұйрықтың өлігі бада боп жатыр.

Көлге қонған қаз-үйрек те ұзақ ұша алмай құлай беріпті. Сірә, сол өлкеде бір сұмдық апат болған секілді. Әлде жер дүмпіген, не аспаннан пәле жауған. Ауадан бір жағымсыз, қаңсық иіс білінеді... Бірақ оған қараған ешкім жоқ. Қарақұстар жер бетін өлекседен тазарту кызметіне қызу кірісіп кеткен. Арада апта өткенде қарақұстардың өзі қылжия бастады. Кұстар сонда тана секем алып, өлекседен бой тартқандай болып еді. Жандәрмен терістікке кайта серпілді.

Бірақ кеш қалыпты. Аспанды көрсетпей қаптап кеткен қарақұстардың көбі сол жақта ажал тапты. Аман қалғандары тым аз, үштің бірі ғана. Бұл әйтеуір, құдай жанын сірі етіп жаратқан құзғындығымен құтылып кетті. Шошынғаны сонша, жолдағы Ерентауға да аялдамай, солтүстіктегі Барлыққа бір-ақ тартқан. Алыс жолда бейнетті де әбден көрді. Әлденеден әл-қуаты азайып, жол бойы талай жерге аялдап, мына тұрған Барлыққа он тақты күнде әрең жетті.

Екі-үш жылдай Барлықтың жылы күнгейін қыстап, ілдебайлап жан сақтады. Арада тағы бір жыл өткенде бұл соңғы рет ұя басқан. Бұрынғыдай бойды алып бара жатқан желік те, қызу да жоқ еді. Қиуадан қосылған ата құзғынның ырқына көңіл қалғаны бар. Көктемде әдеттегідей екі көк шұбар жұмыртқа тапты. Сол жолы бұған ұя басу да оңай болған жоқ. Мамық жүні сұйылып, тос сүйегі шодырайып, әбден жүдеп кетті. Бірақ керегі не, енбегі еш болды. Екі жұмыртқаның бірі жарылмай бітеу күйінде қалды да, екіншісінен шыққан шала-жансар балапан қатарға қосылмады. Сол Лобнор сапарынан бір пәле жабысқаны анық. Содан ес жиғаны биыл ғана. Будан кейін ұя баспайтын да болар. Мұның бойынан жат бірдеңені сезе ме екен, ата құзғындар да бұрынғыдай «өліп-өшуін» қойыпты...

Кәрі құзғын тау жоталарынан тым алыстап кетпей, бөктерлей ұшып келе жатты. Қос қанатын оқта-текте бір топтап қойып, аспан төсінде қалықтап сырғиды. Жерден қараған кісіге көгілдір мұз айдынында жалғыз жаттығып жүрген қара киімді спортшыны еске салар еді. Бірақ кұс мекені көкте болғанымен, бар назары жерде. Шын шүйіліп,тесіле қарағанда құзғынның көз жанары дүрбіден кем емес-ті. Ағаш басынан топталып ұшқан торғай мен ін аузында жорғалаған тышқанға дейін анық көрінеді. Жер беті қыбырлаған тіршілік. Тырнақты мен тістінің, әлсіз бен күштінің мәңгілік шайкасы. Ұшқан құс, жүгірген аң бір тамақтың әлегімен жанталасып жүр. Бұдан сәл төменде жер бауырлай ұшқан бөктергі, жағалтай, күйкентайлар сыпсың қағады. Сонау бір айтақырда әлдебір кірпікшешен қамшының өріміндей қара шұбар жыланның құйрығынан тістеп, домаланып қатып қалыпты. Жыланның ұзына бойы қызыл ала қан. Кірпіні сабалаймын деп-ақ діңкесі құрып біткен секілді. Кірпі енді сүйікті асынан өлсе айрыла ма, құйрықтан кеміргеннен басына бір-ақ шығады. Бұл да тіршілік үшін күрестің бір түрі. Табиғат жан иесін несібесіз жаратпаған ғой: біреуге тіс, біреуге тырнақ берсе, кірпіге тікенді сауыт сыйлаған.. Сонау бір қырқада қос құлағын жымырып алып, көкше қоян зырлап барады. Төрт аяқтының қорқағы әр жерге бір тоқтап, секектеп барды да, шоқ қарағанның арасына кіріп жоқ болды.

Қоян неден секем алды екен деп, құзғын қалықтай айналып, сол маңайды тағы бір сүзіп шықты. Жерде сөдегей ештеңе байқалмайды. Қауіп аспаннан төнген секілді. Бәсе, он жақ қапталда бір үйелмендей қара қалықтап ұшып жүр. Басында бұл да бүркіт пе деп қуанып қалған. Бүркіт болса құдайдың жарылқағаны ғой. Ол мына сәскелік шабыт кезінде бір тоят алмай кетпейді. Жылы-жұмсағын қыранның өзі қылғытса, қарақұсқа қалғаны да жетіп жатыр... Бірақ үміт ақталмады. Бүркіт пе дегені өзінің жамағайын туысы тазқара екен. Сыртынан қопа қардай боп көрінгенімен, бұл да өздігінен тірі тышқан ұстай алмайтын әлжуаз сорлы. Құдайым құзғынды да туысқа жарытқан ғой. Тазқарадан басқа ақбас күшіген, құмай дейтін де ағайындары бар. Бәрі де - тұяқ қимылдата алмайтындар. Ал әзір асқа тұмсық сұғуға келгенде алдарына жан салмайды. Өздері сұмдық мешкей, өлексе көрсе өліп кете жаздайды.

Құзғынның тағы бір таңғалғаны биыл бұл өлкенің жота-жон, сай-саласының шалғыны жапырылмай, сол күйі жайқалып тұр екен. Мына далада бір өзгерістің болғаны анық. Әйтеуір, басты бірдеңенің орны толмай тұр. Айтпақшы, төрт түлік мал қайда? Ана жылдары осындай жаз айларында жайлауға қарай қора-қора қой шұбырып жатпайтын ба еді. Үйездеген жылқы, табын-табынымен жүретін мама сиырлар қайда? Сай-салада, бұлақ, бастау бойларында жұмыртқадай жұтынған аппақ киіз үйлер тұрушы еді, ол да жоқ. Жайлау құлазып, иен қалыпты. Мынау — сұмдық қой! Соңғы жылдары бұл өлкеде бір алапат жұт болды ма десе, оның да ізі байқалмайды. Құзғын бұл жақтағы адамдардың мал өсіруді қажетсіз деп тауып, қыл құйрықты мен аша тұяқтыны кұртып жібергенін білмейтін еді. Таңданып қалды. Жан-жануардың азайғаны қайбір жақсылық дейсің. Екі аяқтылар алдымен малды тауысып, сонан соң өздері қырылатыны болушы еді, сонысы тағы қайталанып жүрмегей! Осыдан алпыс жылдай бұрын осы өлкеде сондай бір сұмдық апат болғаны есінде. Адамдар ауру-індеттен емес, аштан қырылған. Қара жолдардың бойында адам өлігі үйіліп қалған... Егер ондай апат қайталанар болса, мына даланы өлекседен тазарту да оңай болмас.

Кәрі құзғын тау қойнауларының мүлде йен қалғанын байқады да, жүрек жалғар бірдеңе кезіге ме деген үмітпен етектегі елді мекендерге таман ойысты, мұнда да сол өзіне таныс ауылдар, солардың арасын қосқан тарам-тарам жолдар. Биіктен қарағанда қара лентадай боп көрінетін жіңішке жолдарда ерсілі-қарсылы жүйткіген атсыз көліктер... Өздері тіпті көп-ак: аты, қарасы, қызылы, жасылы аралас, жөңкіліп жүр. Бірақ керегі не, бойларында қанып ішер қаны, шоқып алар еті жоқ.

Кенет құзғынның. көзі шырадай жанып, жүрегі кеудесіне сыймай атқалақтап кетті. Мәссаған, мына малды қара! Апыр-ай, төрт түліктен әлі де тұқым бар екен-ау! Бірақ тым аз, әр ауылдың іргесінде ірісі-уаты аралас, шоқтана жайылып жүр. Мынадай шатын мал екі аяқтылардың өздерінен де артыла қоймас. Күзеті де қатты шығар. Кеш бата бітеу қораларға тас бекітіп қамап тастайтын болар... Дала серісі қасқыр да көрінбейді. Бері жортпаған өлкеде бөстекі қайдан болсын-ау! Үміті кесіліп, көңілі суыған құзғын ауыл маңынан алыстап кетті.

Адамдар мекеніне тым жақындай берудің қауіпті жағы да жоқ емес. Не үшін екен, екі аяқтылар қарақұс атаулыны жек көреді. Ауыл аспанына жолап кетсең, қаруы барлар тарсылдатып мылтық атады. Мылтығы жоқтары елеген, шелектерін даңғырлатып, аулаққа қуып тастағанша асығады. Соншама өшігетіндей бұлардың не бүлдіріп қойғаны түсініксіз. Қарақұстардың адам баласы түгіл тірі жан иесіне қиянат істеген жері жоқ қой. Күнкөріс тамағы ешкімге қажетсіз өлексе, жыртқыштар мен қырандардан қалған жемтік. Құзғын осынша жасқа келгенше тірі тышқанның мұрнын қанатты ма екен? Сірә, адамдар қарақұс атаулыны кезқұйрықпен шатастыратын болса керек. Осында мұның тағы бір туысқаны — кезқұйрық деген сұғанақ бар. Істейтіні — ұрлық: өреге жайған құртты ала қашады, аулада жүрген тауықтың балапанын іліп кетеді. Сол сұмпайы-ақ құс біткенді жексұрын етіп болды.

Сондай-ақ, адамдардың құстарды да өздері сияқты топқа, жікке бөлетінін құзғынның іші сезеді. Олар бүркіт бастатқан сұңқар, қаршыға, лашын, бидайық, ителгілерді — «қырандар» деп әспеттесе, жанағы тазқара, құмай, кезқұйрық секілді мұның туыстарын «қарақұстар» деп тым төмен санайды. Қырандар — айрықша жаралған, дегдар, ақсүйек құстар. Ал «қарақұс» тексіз деген сөз болса керек. Бұларды адамдар осы тексіздігі үшін ұнатпайды. Жолы ауыр, ниеттері харам деп ойлайды. Қарақұстардың реті келсе, адам өлігін де шоқып жіберетінін кешірмейді. Сірә, қарақұстар адам баласынан бір ауыз жылы сөз естімей-ақ өтетін шығар.

Кәрі құзғын осыны ойлағанда, дүниеден түңіліп кетеді. Өйткені ол қарақұстар жайында басқаша ойлайтын адамдардың да бар екенін білмейтін. Биология ғылымынан да хабары жоқ еді. Биолог ғалымдар өз кітаптарында: «Қарақұстар — жер бетін өлекседен тазартатын санитарлар. Олар — тазалық сақшылары» деп жазады ғой. Егер осы жолдарды оқыса, бәлкім, мына құзғын өз өміріне басқаша қарар ма еді, қайтер еді?!

Бұрын құзғында қорлану, кектену, жауласу, ашулану, шамданып-шамырқану деген сезімдер болмайтын-ды. Мұның бәрі — қырандарға тән мінез ғой. Қырандардың өмірі қысқа болатыны, қан майданда шайқасып өлетіні де сондықтан. Ал құзғын осы жасқа келгенше «мен қарақұспын, қормын, өлексемен жан баққан сорлымын» деп бір сәт те ойланған емес еді. Жүйкесі сұмдық берік - тұтын. Егер құзғында анау-мынауға селт етпейтін тас жүйке болмаса, бүйтіп мың жасар ма еді?! Алайда соңғы жылдары мұнда да бір өзгеріс бар. Лобнор оқиғасынан кейін бұл тым «ойшыл» болып кетті. Сол сапарда миына бір зақым келді-ау деймін. Кейде тіпті қанатты құс емес, екі аяқты адамша ойлайтын әдет тапты. Бұл қай жақсылық дейсің?! Жан иесінің өмірін қысқартатын — осы ой емес пе? Ой — жегі құрт... Ой жүрген жерде пәле жүреді.

Ол бір ауық шырқау биікке көтеріліп, көгілдір аспанды сүзумен болды. Онысы көк серісі бүркіт көріне ме деген ой еді. Бірақ, бүгін бүркіт те, басқа қырандар да көзге түсе қоймады. Олар қайда екен? Әлде төрт түлік малмен, аңмен бірге олар да бір жаққа ауып кетті ме? Олай болмас. Айтпақшы, қазір қырандардың балапан ұшыратын кезі ғой. Ұрпақ қамымен ұя маңында жүрген болар. Тәйірі, қырандар қай уақытта, қалай ұшты дерін бар ма? Олар қарақұс тәрізді күні бойы жемтік іздеп сандалып жүре ме? Жүрегі қарайып, шабыт қысса, мынау бөрі, мынау түлкі, мынау қоян демей, кез келгенін бас салады. Бүркіттің қанатының зуылын естігенде-ақ қорқақ қоянның жүрегі жарылып кетеді. Азуы алты қарыс арлан қасқырдың өзі бүркітті көргенде кірерге тесік таппай жанталасады. Неткен жүрек, неткен қайрат десейші! Бір аяғымен таңнан алып, екінші аяқпен бастан бүріп қысқанда, анау-мынау аңның омыртқасын үзіп жібереді. Болат тұяқтар бас сүйектің өзіне сықырлап еніп кетеді ғой! «Қыран жемін шашып жейді» деген рас. Соншама ерен ерлік, мол қайратпен алған анды түгесіп те жемейді-ау! Жылы-жұмсағынан бірер қарбытып ауыз тиеді де, қалғанын «пақырларға» тастап жүре береді.

Құзғын бүгін өзінің асыраушысы бүркітті іздеп көп сандалды. Бірақ кезіктіре алмады. Мұндайда бір тасадан жарқ етіп шыға келетін қаршыға мен лашын да көзге түсе қоймады. Кіші қырандар дария бойында не қол жағасында үйрек аулап жүр ме, кім білсін. Нағыз қызық сонда ғой, шіркін! Ержүрек ерке лашынның сонау аспан төрінен зулап келіп, шүрегейлер тобына қалай шүйілгенін сырттай тамашалаудың өзі неге тұрады?! Кірпияз қыран балдырлы, батпақты жердегі үйрекке түсіп, зипа бойын кірлеткісі келмейтін болар, қашанда кұстарды ұшырып жіберіп, аспанда айқасқанды ұнатады. Әмәнда, әлі жеткен алып та, шалып та жығады ғой, лашынға жемнен гөрі ойын керек секілді. Үйректер тобының ұйпа-тұйпасын шығарып, нажағайдай жарқылдап, ойнақ салып бір кетеді дейсіз. Аспанда кұс мамығы қарша борап, әп-сәтте бірнеше үйректің мойны салбырап құлап бара жатқанын көресіз. Тентек қыран сол үйректердің ұзаса біреуінен ғана тоят алады. Ал қалғандары — манадан бері соңынан қалмай еріп жүрген тобырдың сыбағасы... Тәңірім қырандарға ұзақ ғұмыр бергей! Олардың тұқымы құрып кетсе, қарақұстардың көрген күні не болады?

Кәріліктен бе, әлде өзекке түскен аштықтан әлі құрыды ма, сәске түс шамасында қанатының талғанын байқады. Бір тұғырға қонып, аз-кем тыныс алмаса болмас. Сол оймен сәл төмендей ұшып, тал-терегі мол өзен аңғарын сүзіп келе жатқан-ды. Кенет тал басында секектеп жүрген ала қанат сауысқанды көзі шалып қалды. Я, сәт, құдай бірдеңе берер! Сауысқан — бұлардың жердегі барлаушысы ғой. Қызыл атаулыны алдымен сол көріп, басқаларға хабарлайды. Сауысқанның тамағы қашанда тоқ. Ол жауыр атқа жабысып та, ауыл-үйдің күресінін жағалап та күнкөрісін айыра береді. Дәл қазір де таяу маңнан әлдебір жемді көріп тұрғаны анық.

Бәсе, небәрі таяқ тастам жерде, тоғай арасындағы шағын алаңқайда бір топ қарақұс әлдебір жемтіктің кеудесіне мініп, «сен же, мен же» боп жатыр екен. Осы маңайға қаңғылестеп келген әлдебір есекті қасқыр жарып кетіпті. Көкжалдың өзі әлденеден секем алған болар, шабын жарып, майлы сүбеден бірер қарпып асапты да, тастап жүре беріпті. Тазқараның үшеу-төртеуі, ақбас құмайдың екі-үшеуі есекті жәукемдеуге кірісіпті. Құмайдың күші мойын мен тұмсықта ғой, қалын теріні шүберекше жыртып, боршалап жатыр. Кәрі құмайдың бірі бас жаққа қонған екен, бас ұстаған ақсақалдарша есектің көзін ойып, аңқиып қалған аузынан тілін суырып жеп отыр. Үйелмендей екі тазқара шұбатылған ішек-қарынды сүйрелеп, тартысып жүр.

— Орта толсын! Мақтап жүреді екенбіз, — дегенді бүкіл болмысымен білдіріп, аяқ жақтан құзғын да келіп орын тепті.

— Әзір асқа тік қасық, осы сияқты қыдырмашылардан-ақ құтылмайтын болдық-ау! — дегендей тазқараның бірі «ыс-ыс» етіп, айбар шекті. Бірақ қуып тастай алған жоқ.

Олардың қас-қабағына қарайын деп тұрған құзғын да жоқ еді. Өзегі талып, зорға жеткен. Бұл да қомағайлана кірісіп кетті. Есек тіпті семіз екен. Ауылда жүрсе бала-шаға маза бермесін сезіп, тоғай ішін еркін жайлаған қу болса керек, шарбы майы ақтарылып, қазысы төнкеріліп жатыр. Құзғын қазы-қартасынан бірнеше рет қарбытып асап жіберіп еді, таяу тұрған тазқараның бірі:

— Бірден жылы-жұмсаққа жүгірмей, сен де ет боршалап, енбек етсейші! — дегендей мұны канатымен кейін қақты.

Бірақ мол дүние бәріне де жетіп жатыр еді. Біраздан соң ар жақтарына ел қонып, «Алыңыз! Сіз алыңыз!» десуге келіп қалған. Жаңа ғана тоймайтындай көрінген ашкөз құмайлар мен төбе жүні түскен тазқаралар:

— Я, құдай, бергеніне шүкір!

— Әмісе осылай несібеңнен құр қалдыра көрме! — десіп, кейінірек шегінісіп кетті. Тек осы кезде ғана манадан тал басында күзетте тұрған сауысқан:

— Әй, сендерде ынсап бар ма? Әу баста осы жемтікті тауып, хабарлаған мен емес пе едім! — дегенді шықылықтай айтып, сылан етіп келді де, шашылған ет қиқымдарын теріп жей бастады.

Бұл кезде күн де кешкіріп қалған-ды. Енді біраздан соң манағы көкжал бөлтіріктерін ертіп, сүйек мүжуге келуі ықтимал. «Ұрлық қылған жерде көп бөгелме» деген қағиданы жақсы білетін қарақұстар жалп-жалп етіп, жан-жаққа ұша жөнелді.

Бұл күні құзғын тау бөктеріндегі орқаш тастардың біріне түнеп шықты. Тоқшылық неге жаман болсын, кешегі тұмсық майланар жас еттен кейін бойына қуат бітіп, қунап қалыпты. Бәлендей жүрегі қарайып тұрмаса да, ежелгі дағды бойынша бүгін де аспанға ерте көтерілді. Жер шолу керек. Бұл пәниде нендей өзгерістер бар, байқастау керек.

Ол өріс жаңарту мақсатында тау бөктерімен түстікке қарай біраз самғап алды да, қалықтай айналып, сол төңіректі барлай сүзді. Сол баяғы таныс тіршілік, әркім әлі жеткенін бас салып, жеп жатқан дүние. Құзғынның да құлқынынан өтетін нәрселер толып жүр. Бірақ керегі не, тірі жәндікке тіс тигізуді тағдыр мұның маңдайына жазбаған. Бұған бұйырғаны — дайын жемтік, дайын ас. Ол қазір сөрелері азық-түлікке толы дүкенге кіруге бата алмай тұрған, қалтасында көк тиыны жоқ тіленші тәрізді. Құдай солай жаратқан соң, амал не? Алдыңғы шепте, қан майданда жүретін көзсіз батырларға құдай қуат берсін! Мұның міндеті - артқы шепте солардан қалтаңды талғажау етіп, жер бетін артық-ауыстан тазарту ғана.

Құзғын талайдан көзге түспей, көп аңсатқан бүркітпен бүгін улы сәске кезінде ұшырасып қалды. Өрдегі биік шыңдардың бірінен көтерілген көк серісі бөктерге қарай баяу қалықтап келеді екен. Бұдан әлі де бір-екі айналым жоғары, сонау ақша бұлттардың астында жүр. Қанат қағысы басқа кұстардан мүлде бөлек. Жер бетіне ентелеп емінбей, тым тәкаппар, паң қимылдайды. Өзі жас қыран болса керек. Қалықтап келіп, бұрылған кездерінде қанат-құйрық астындағы ақ қауырсындар күнге шағылып, жарқ ете қалады.

«Па, шіркін, нағыз тастүлектің өзі екен-ау!» деп сүйінді құзғын. Бүркітке бір табан жақындай түскісі келіп, өрге қарай бірер айналым жасады. Бірақ қатарласып баруға жүрегі дауаламады. Әркім өз орнын білуі керек қой. Әшейін, қанатты құс екенмін деп, қол жетпес биікке тырбанып керегі не? Бұл әдепті өзге білмесе де, көп жасаған құзғын білуге тиіс. Ол қыран назарына ілігер тұсқа таман шарықтап барды да: «алдияр тақсыр, бар екенсіз ғой! Бағынышты құлыңыз — біз де саяңызда қалқақтап жүріп жатырмыз» дегенді білдіре қалбаң қағып, шырқ айнала төнкерілді.

Бұл қуаныш белгісі, құс патшасына берген сәлемі еді. Сонан соң, осындай сәті түсіп тұрғанда жақын жерден көріп алайыншы дегендей, қыранның әр қимылын қалт жібермей бағумен болды. Бұрын кім байқаған, бүркіттің бітімі тіпті бөлек екен ғой. Қос қанаты жайған керегедей, қауырсын қияқтары да сом жаратылған. Үшкілдене біткен қос шалғысы — қыпшақы қылыштай. Бәрінен де көк мұхитын қақ жарып отыратын болат топшыны айтпайсың ба?! Аңға құйылып түскенде зуылдап жел соқтыратын түп-тұтас сүмбіл дене. Кешкіл бас, орақ тұмсық... Балақ жүні үлпілдеген шомбал аяқтарын бауырына жиып алған екен. Көк құрыштай салалы сегіз найза ап-анық көрініп тұр. Қыранның қаһарлы қаруы — осы найзалар.

Құзғын осынау ұзақ ғұмырында қырандардың алуан түрін көрді ғой. Бірақ соларға бұлайша сұқтанбайтын, қызықпайтын. Бәрі де солай болуға тиіс сияқты боп көрінетін. Бүркіт, әрине, қыран болған соң аңға түсуге міндетті. Бұл соның соңынан қалмай еріп жүріп, дайын жемтікті жеп кетуге тиіс. Бар болғаны осы ғана. Ана жылғы Лобнор сапарынан кейін құзғынның құлқы өзгерді. Қырандарға қызыға қарайтын болды. Өз тірлігін солармен салыстырып, қорланатынды шығарды. Табиғатта әлдебір әділетсіздік, теңсіздік барын сезінеді. Бұл неге өмір бойы өлексе жеп өтуі керек? Өзгелердің қаңсытып, қалдығын жеуге жаралып па? Егер бұған бұйырғаны осы ғана болса, соған бола осыншама ұзақ жасаудың не керегі бар? Мұныкі — өмір емес, азап қой! Табиғаттың мазағы... Мұнын мың жылдық өмірі қыранның бір күніне тати ма?!

Бір сәт осындай ойларға берілген құзғын қара басып, бүркіттен көз жазып қала жаздапты. Жалқы қыран тау алқымына қарай қайта өрлеп кеткен екен. Өзінің ұшуы тым суыт қой, өткір жанары бірдеңені шалып қалды-ау, шамасы. Не көрді екен? Бұл маңай елсіз, иен жатқан. Беткейдегі тотай арасында жалғыз орманшының ғана үйі бар. Мана үстінен ұшып өткенде байқаған. Сол байты қаба сақалды, алпамсадай, көк көз адам әлі де ешқайда кетпеген көрінеді. Үй сыртындағы омарта маңында бал арасы дегенін құжынап жүр.

Бірдеңеден құр қалғандай қос канатын сабалай қатып, құзғын да жетті-ау! Қыранның әлдебір аңды көргені күмәнсіз. Биіктен торуылдауына қарағанда жер бауырлап келіп іліп әкететін кіші-гірім де жем емес, аспаннан атып түсуді тілейтін ірі андардың бірі. Қасқыр болмағай: көк серісі мен жер серісі шайқасса, нағыз майдан сонда болар еді... Бүркіт көп күттірген жоқ. Шарықтай айналып, шырқау биікке көтеріліп алды да, кенет канатын қомдап, мойны ұзара түсіп, төмен қарай шүйіле сорғалады. Көктен құлаған жайдың отындай атып келеді. Бұл кезде құзғын да сол тұсқа барып қалған-ды. Қыран канатының зуылымен мұны ұшырып әкете жаздады. Сол беті лақтырған тастай зымырап барды да, орманшының үйіне тақау, тотай арасындағы бір алаңқайға жарқ етіп түсіп қалды.

Қыранның соңынан қалбаңдай ұшып, құзғын да жетіп еді. Межелі жерге жақындай бергенде, сол маңнан құлақты жара шыңғырған бір дауыс естілді. Ешбір аңға ұқсамайтын жағымсыз, жат дауыс. Бұл үстеріне төніп барғанда бір-ақ көрді: бүркіт орманшының тотай арасын түртпектеп жүрген шошқасына түсіпті. Қысы-жазы бордақы да тұрған кеспектей ақ шошқаның өзі. Бұрын алып жүрген үйреншікті аңы болмаса да, жүрегі қарайған жас қыран шабыт кезінде өзін ірке алмаса керек. Дағды бойынша оң аяқты бастан салыпты да, сол аяғын майлы бөксеге іліктіре алмай, арпалысып жүр. Қыранның шенгелді салуында қалы жоқ. Тек бөкседен бүрген болат тұяқтарды іркілдеген май қабаты ұстамай, жырылып кете береді. Ақ шошқа құждай күшті неме екен, үстіндегі бүркітті бұйым құрлы көрмей, жан дауысы шыға шыңғырып, алып қашып жүр. Жұп жұмыр кеспек дене бүркіттің бүре бүктеуіне ыңғайсыз болса керек. Ақыры соны сезген ашулы қыран қас жауының бөксе жағын босатып қоя берді де, екінші аяқпен талпақ танауды қапсыра алқымнан алды. Сөйтті де, май басқан ақымақ басты шамырқанған кекті ашумен сықырлата қысты. Бас сүйекке бойлай сіңіп кеткен болат тұяқтар ми қабатына бір-ақ жетсе керек, жаңа ғана күш бермей мөңкіп жүрген шошқа кенет оқ тигендей серең ете қалды.

Алғашқы айқас кезінде – ақ осы маңға келіп, бір теректің бұтағына қонып үлгерген құзғын әлгі көріністерді айызы қана тамашалап, қыранның қайратына сүйініп отыр еді. Аңды бейне өзі басып жатқандай құшырлана сілкініп қойды. Бұл кезде көзі шатынаған ашулы қыран басқан жемнен тоят алғанша асығып, шошқаның төс етін шоқып, жұла бастаған. Қай тұсынан жұлып алса да, тұмсығына аппақ май ілігеді. Ол май қабатын жоңқалай шашып тастады да, арғы қызыл еттен ғана екі-үш рет қылғыта асап жіберді.

Құдауанда, сауысқанның да жүрмейтін жері жоқ. Солардың бір-екеуі тал басына қонды да, төңірекке жар салып, шықылықтай бастады. Қазір сөз жоқ, тазқаралар мен құмайлар қаптайды. Құзғын ішінен: «Мешкей немелер әжептәуір дүниені тағы да талапайға салатын болды-ау» деп өзінше соны уайымдап отырған. Алайда бұйырмаған дәмге дауа бар ма, осы сәтте бүл күтпеген оқиға болды. Басында тапырақтай жүгірген аяқ дыбысы естілді де, кенет шоқ талдың тасасынан қаба сақалды, бір дәу адам шыға келді. Қолында мылтығы бар екен. Серейіп өліп жатқан шошқаны, оның үстінде канатын жайып жіберіп, ту сыртын бере тоят алып отырған бүркітті көрді де, еш ойланбастан мылтығын көздей бастады. Құзғын бір қатердің төнгенін сезіп, жан ұшыра «ысылдап» белгі берген. Бірақ кеш қалыпты. Сол сәт гүрс еткен мылтық дауысы шықты да, бейғам отырған қыран қанат серпуге де шамасы келмей, жалп етіп құлап түсті.

Құзғын жан дәрмен ұша жөнелген. Көкке көтеріліп, едәуір ұзап барған соң ғана есін жинады. Санасында «күс патшасы өлді, аспан әлемі қырансыз қалды» деген бір сәуле жарқ етіп, қайта сөнді. Сол беті бағыт-бағдарсыз сандалып ұша беріпті. Тек, әлден уақытта өлген қыран есіне түсіп, жаңағы жерге қайта оралды. Тым төмендемей биіктен барлап жүр. Көзіне түскені: орманшының үйі мен манағы тотайдың арасында жанама жол бар екен. Төрт бұрышты сандықтай ғана бір қызыл машина сол жолмен баяу жылжып келді де, теңкиіп жатқан шошқаның қасына тоқтады. Ішінен бір ақ жаулықты әйел мен манаты қаба сақалды еркек шықты. Еркек қолын шошаңдатып, әйеліне бірдеңелерді самбырлап айтып жатыр. Сонан соң көліктерінің бөксе жағын аңырайта ашып қойды да, өлген шошқаны екеулей көтеріп, сотаң салып алды. Қыранның сұлбасы көрінбейді. Сірә, бір қалтарысқа лақтырып жіберсе керек.

Тұла бойын өмірі бастан кешпеген бір бейтаныс сезім билеп алған құзғын аспан төрін біраз кезіп жүрді де, бас жақтағы секі тастардың біріне қонып, қанат суытты. Отан өлім жаңалық емес-ті. Өлексе де таңсық емес. Бірақ қыранның өлімі оның жанына қатты батты. Дүниеде өлімге қимайтын асыл тектілер болады той. Бүркіт те соның бірі еді. Әлсіздердің асыраушы қамқоры еді-ау! Көз алдынан манаты қаба сақалды дәу кетпейді. Сол адамның қыранға неге оқ атқанын түсіне алмады. Шошқаға болысқаны ма? Қыранның қасында шошқа деген не ол? Адамдар қыран құстарды ардақтап, қолдарына түссе мәпелеп бақпайтын ба еді? Басына шытыралы томаға кигізіп, балағына сәнді бау татып, аңға алып шытатын еді той... Ондай аяқ баулы бүркіттердің түлкі мен қоянды қынадай қырып, адамдарға олжа салғанын бұл талай рет көрген. Ал, сонда, мына қаба сақалдыға не көрінді? Әлде ол қыранның қасиетті құс екенін білмей ме? Жан баласына жаны ашымайтын, шектен шыққан жауыз ба? Әй, солай шығар... Қырандардың ғұмыры қысқа болатынын, ерлердің қашанда қан майданда шайқасып өлетінін бұл білуші еді. Ал адам қолынан мерт болғанын көріп тұрғаны осы.

Ол кешке таман орманшының үйіне дейін ұшып барып, сол манды тағы бір рет шолып кайтты. Ауланын іші көк түтін. Қаба сақал мен әйелі отты лаулата жағып қойып, манағы шошқаны үйтіп жатыр. Сірә, отқа қақтап жейтін шығар деп ойлаған. Ал, шын мәнінде, орманшы арам өлген шошқасын ертең базарға апарып сатудың қамында жүр еді.

Сол күні құзғын тым алысқа ұзап кетпей, тау бөктеріндегі қожыр тастардың біріне қонақтап шықты. Түні бойы көз ілмей, аза тұтумен болды. Аштықтан өзегі талып, қалтырағанын да елен қылмады. Бұл үшін енді тіршіліктің еш мәні қалмаған секілді. Өзінің осынау өмірде неге соншама ұзақ жүргеніне қайран қалды. Дүниеден қырандар кетіп жатқанда, мұның сүйретіліп тірі жүруі ақылға сыймайтындай көрінген. Дүниенің қожасы — адам өмірі де өлшеулі. Адамдар құзғынды тым ұзақ жасағаны үшін де жек көруі мүмкін ғой. Жетер! Бұл ит тірліктің бұған ешқандай өкпесі жоқ. Енді өле беруге де болады.

Ол бүгін аспанға күндегісінен де ертерек көтерілді. Шығыс жақ қызыл арайланып, жер бедері енді ғана көріне бастаған. Басқа жаққа бұрылмай, тура орманшының үйіне қарай тартты. Әлдебір ширыққан ашумен екпіндей ұшып келді де, сол маңда баяу қалықтап жүріп алды. Ендігі жауы — қаба сақал. Соның басына қона кетіп, көзін шоқып алмайынша кегі қайтар емес. Соның оңтайлы сәтін күтіп жүр.

Аулада тұрған қызыл машинаның маңы абыр-сабыр. Қаба сақал мен әйелі кесек-кесек майлы еттерді машинаның артқы қуысына қаттап салып жатыр. Бір жаққа жол жүретін болса керек. Өз ойын іске асыруға асыққан құзғын құлдырай ұшып, ауланын үстіне төніп-ақ келіп еді, үлгіре алмады. Қаба сақал соның арасынша лып етіп үйге кіріп кетті. Едәуір ұзап барып, қайта оралған. Бірақ бұл жолы да сәті түспеді. Кеш қалыпты. Бұл кезде қаба сақал әйелімен екеуі машинаның алдыңғы жағына катар жайғасып алған. Көп ұзамай орнынан қозғалып та кетті.

Қызыл машина қақпадан шықты да, ағаш арасындағы суыртпақ жолмен құлдыраңдай жөнелді. Содан біраз жерге дейін шаңдатып барды да, кілт солға бұрылып, темір көліктер атылып жатқан күре жолға түсті. Құзғын да одан көз жазбай, дәл үстерінде қалықтап келеді. Алда не істейтіні өзіне де анық емес. Бар білетіні: ана қаба сақалдан қалайда кек қайтару керек. Ол аман кетуге тиіс емес.

Құзғын сонау темір сандықтың ішінде кетіп бара жатқан жауына еш айла жасай алмайтынын ойлағанда, күйініштен жарыла жаздады. Өмірінде бірінші рет өзінің дәрменсіздігіне налып еді. Кенет әлдебір ой жарқ етті. Соған керемет қуанып кетті өзі. Енді анау қаба сақал мінген көліктің көзін шоқығаннан басқа амал жоқ. Соның көзін ағызып жіберсе, иесі де ұзап кете алмайды.

Сол оймен қызыл машинадан едәуір озып кетті де, шұғыл айналып, жалт бұрылды. Қараса, машинаның алдыңғы әйнегі жаңа шыққан күн нұрына шағылып, жарқырап келеді екен. Ең оңтайлы сәт те осы еді. Құзғын қанатын қомдап, бар екпінімен қарама-қарсы зымыраған күйі, сол әйнекке келіп ұрылды. Тарс еткен дыбыс шықты да, ар жағы меңіреу жоқтыққа айналды. Машинаның алдын жауып кеткен қан мен қауырсыннан басқа қаба сақал да ештеңе аңғара алмай қалды...

Арада бір апта өткенде, газеттер мен теледидар «Табиғат ғажайыптары» деген айдармен мынадай хабар таратты. Онда Алматы — Талдықорған тас жолының бойында әлдебір бүркіттің «Жигули» автомашинасына шабуыл жасағаны айтылған. Нәтижеде базарға ет әкеле жатқан орманшы Афанасий Никитин дегеннің машинасы аударылып, өзі тіл тартпай өліп кетіпті. Қасындағы әйелі ауыр жаралы көрінеді.

Әрине, бұл оқиғаның болғанында ешқандай күмән жоқ. Тек бір ғана жаңсақтық бар. Орманшыға шабуыл жасаған — бүркіт емес, құзғын ғой... Сөйтіп, қашанда даңқ пен дақпыртқа табынатын адамдардың кінәсінен ол байғұстың мың жылда бір істеген ерлігі де өзіне бұйырмай, басқаға телініп кетті.

1999 жыл, сәуір.

Н. Үсенова