"Эпигон"

"Эпигон"
Фото: howlingpixel.com

Даниялық драматург, ақын Карл Адольф Гьеллеруп  (Gjellerup, Karl Adolf)  1857 жылы 2 маусым күні Рохольтда Карль Адолф пен Анна Фибегердің жанұясында өмірге келді. Карл 3 жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Осыдан соң оны анасының інісі ақын Юханс Фибигер алып кетеді. Міне осы жағдай Карлдың болашағына үлкен әсер етті. Себебі ол алғашқы өлеңдерін Юхансқа еліктеп жаза бастады.

Мектепті бітіріп Копенгаген университетінің дінтану факультетіне оқуға түскен Карл ол жерде Дарвин ілімін тереңінен зерттеді. Сонымен бірге сыншы әдебиеттанушы ғалым Георг Брандестің шығармаларымен де танысады.

Гьеллеруп жоғары оқу орнында дінтанушы мамандығын алса да, университетті атеист ретінде тәмәмдаған. Студент кезінде оған Гете, Кант, әсіресе Шиллер сияқты неміс әдебиетінің үлкен тұлғалары қатты әсер еткен. Ол Шиллердің өлеңдерін өзіне үлгі етті.

1878 жылы басылып шыққан "Идеалист" ("En idealist", 1878) романы көлемі жағынан онша үлкен болмаса да, оның тырнақалды туындысы еді. "Эпигон" бүркеншік атымен жарияланған бұл шығарма Құдайды жоққа шығаратын антидіншілдік ойлармен ерекшеленеді. Екінші шығармасы "Германиялықтардың шәкірті" ("Germanernes laeriing", 1882) өзі сияқты тоқырауда жүрген адамның жан-дүниесін баяндайды. "Мажор тұзы" ("G-Dur", 1883), "Ромул"» ("Romulus", 1883) шығарамларынан Тургеневтің әсері қатты сезіледі. Сол уақыттарда әдебиетші Италия, Греция, Германия, Ресей, Швейцария және Швеция, елдеріне саяхаттайды. Сапарлап жүріп  "Классикалық ай" ("En klassisk maaned", 1884) және  "Сапардағы елдер" ("Vandreaaret", 1885) шығармаларын жазады.

1885-87 жылдар аралығында Дрезденде жасаған ақын  "Тамир" ("Thamyris") атты алғашқы дастанын жазады.  Гьеллеруптың кезекті "Хагбард пен Сигне" ("Hagbard og Signe", 1888) шығармасына данияның халық аңызы негіз етіп алынған болса, "Минна" ("Minna", 1889) атты  шығармасы Дрездендегі махаббат хикаясын баяндайды. Сол жылдары ақын "Менің махаббат кітабым"  ("Min kaerligheds bog", 1889) атты өлеңдер жинағын кітап етіп шығарады.

Карл заманауи драмалық шығармаларды Ибсен әсерінде жаза бастайды. "Герман Бандель" ("Herman Vandel", 1891) ауыл оқытушысының бақытсыз махаббаты жайында, "Вуторн" ("Wuthorn", 1893) тауда тұратын екі жастың махаббаты жайлы, "Жоғары мәртебелім" ("Hans Excellence", 1895) мемлекеттегі парақор, сатқын шенеуніктер туралы шығармалары соның жемісі. "Вуторн" драмасы Копенгагендегі Дагмар театрында 100 ден аса сахналанады.

1892 жылы отбасымен Дрезденге қоныс аударған Карль  өзі "шынайы сөйлеу өрнегі" санаған неміс тілінде жаза бастайды. "Пастор Морс" ("Pastor Mors", 1894)  пен "Диірмен" ("Mollen", 1896) романдары соның көрінісі.

1917 жылы Нобель сыйлығын тапсыруда саясат үлкен роль ойнайды. Бірінші Дүниежүзілік соғыста Швеция бейтарап болса да оның Германиямен жақындығы түрлі бағаланып келді. Швеция, Дания, Норвегия каролдіктерінің кездесуі скандинавия халықтарының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған болатын. Швеция соғыста бейтарап ел, Даниямен достық қарым-қатынас тараптары екенін білдіру мақсатында Швеция Академиясы біржола даниялық екі жазушыға – Карл Адольф Гьеллеруп  пен Хенрик Понтоппиданға "Нобель" сыйлығын беру шешімін қабылдайды. Гьеллерупке "түрлі поэтикалық шығармалары және жоғары идеалдық ойлары үшін"  осы мәртебеге лайық деп табады. Соғыс себепті марапаттау рәсімі өткізілмейді.

Ал, даниялықтар үшін Гьеллерупқа сыйлықтың берілуі жаңалық болған жоқ. Себебі олар жазушыны әлдеқашан неміс әдебиетшісі деп есептейтін.

Карл Адольф Гьеллеруп  1919 жылы Дрезден маңындағы Клоцше қаласында өмірден өтті.

Т. Раушанұлы