Батырлық туралы 5 роман

Батырлық туралы 5 роман

Батырдың батырлығы оның білегіндегі алапат күші мен кеудесіндегі рухында. Бұл екеуі үнемі қатар жүретін егіз ұғым. Бірі болмаса, батырлық та жоқ. Білектегі күшті еңбек пен үздіксіз жаттығулар арқылы арттыруға болар. Ал, рухты ше? Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: "Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады",– деген екен. Рух та сол секілді. Ешкім іштен рухы мықты күйінде тумайтыны анық. Адам ол қасиетті өсе келе қоршаған ортасынан алады. Отбасы мен орта бермеген рухты адам уақыт өте өмірдің сынақтары арқылы немесе сол сынақтардың алдын алу жолында бойына сіңіруі мүмкін. Бұл қасиетті шынықтырудың басқа да құпиялары бар, соның бірі – кітапта.

Кітаптың түр-түрі болады. Олардың бірі адамды қажетті жолға бағыттап, ынталандырып, жігерлендірсе, енді бірі адам бойына патриоттық сезімді, ұлттық рухты ұялатуға арналған – бүгінгі әңгімеміз осындай кітаптар жайында болмақ. Халқымыздың тарихында өмірінің соңына дейін сыртқы жаумен арпалысып, маңызды шайқастарды басынан өткеріп, жекпе-жектерде жеңіске жеткен батырлар көп. Олардың өмір жолы, бастарынан өткен оқиғалары бүгінгі ұрпаққа әсіресе жас жеткіншектерге үлгі болары анық. Егемендігін жылдан жылға нығайтып келе жатқан мемлекетімізге әлі де ел қорғайтын ерлер қажет болғандықтан, біз сіздерге өткеннен үлгі алып, рухты мықты етуге септігін тигізетін топтаманы ұсынуды жөн санадық. Бұл шығармалар қазақ тарихына өзіндік ізін қалдырған тұлғалардың тағдыры мен ел үшін істеген ерліктері жайында баяндайды.

"Аласапыран", Мұхтар Мағауин

Екі томнан тұратын Мұхтар Мағауиннің бұл шығармасында XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың алғашқы он жылдығындағы Қазақ хандығын Тәуекел хан басқарған кезең сипатталады. Сол кезеңдегі қазақ ордасының тұрмыстық, әскери жағдайы, басқа елдермен саяси қарым-қатынасы жақсы көрсетіледі. Туындының басты кейіпкері – "қазақ-қалмақ билеушісі" атанған Тәуекел хан емес, оның немере інісі әрі тақ мұрагері Ораз-Мұхаммед сұлтан. Ол сыртқы жаумен шайқаста қаза тапқан Ондан сұлтанның ұлы еді. Шығармада Ораз-Мұхаммедтің бозбала шағынан өмірінің соңына дейінгі тағдыры жазылған. Кейіпкер оқырман алдында ер жетіп, оң-солын толық ажырата алмайтын жастан, ел басқаратындай ақылға, күшке ие тұлғаға айналады. Сібірде жүргенде тұтқынға түсіп, өмірінің көп бөлігін Ресей жерінде өткізген ол шетте жүрсе де, елінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, қазақ халқының болашағы үшін қажетті әрекеттер жасауға ұмтылады.

"Дарабоз", Қабдеш Жұмаділов

1994-1996 жылдары шыққан Қабдеш Жұмаділовтің бұл дилогиясы батыр, қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың тағдырына арналады. Шығармада батырдың азан шақырып қойған есімі кім, "Нар бала" деп кімдер атаған, не үшін "Қабанбай" атанды, қай шайқаста "Дарабоз" деген атқа ие болды деген сұрақтарға жауап беріледі және оның өмірі арқылы XVIII ғасырдағы қазақ ордасының жағдайы, сыртқы саясаты, қазақ-жоңғар соғысы көрсетіледі, ел аузындағы мақал-мәтел, өлеңдер, аңыздар баяндалады, тарихи қақтығыстар орын алған және кейіпкерлер жүріп өткен жерлер суреттеледі. Айта кетерлігі, туындыда Қабанбайдан бөлек Әбілқайыр хан, Абылай хан сынды тарихи тұлғалардың да бейнелері сипатталған.

"Райымбек батыр", Жолдасбай Тұрлыбайұлы

Бұл роман қазақ-жоңғар соғысында ерлігімен танылып, аты Албан руының ұранына айналған Райымбек Түкеұлы жайында. Шығармада батыр дүниеге келген XVIII ғасырдағы Жетісу өңірі мен сол өңірді мекен еткен қазақ руларының тағдыры көрсетіледі. Жастайынан жоңғар шапқыншыларына кек сақтап өскен Райымбектің қалай ержеткені, қол бастар азаматқа айналғанға дейін қандай сындардан өткені романда жақсы сипатталып, сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен шебер байланыстырылған. Туындыда Райымбек батыр қатысқан ұрыстар, соның ішінде оны қолбасшы ретінде танытқан Ойрантөбе шайқасы туралы құнды деректер бар.

"Қаһар", Ілияс Есенберлин

"Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы саналатын бұл туынды XIX ғасырда қазақ даласында болған тарихи оқиғаларды көрсетеді. Шығармада сыртқы жаудың кесіренен әлсіреп, Ресей патшалығының отарлау саясатына ұшыраған Қазақ ордасын қайта қалпына келтіруді мақсат тұтқан Кенесары Қасымұлының тағдыры баяндалады. Қазақтың соңғы ханы саналатын тұлға өзінің мақсатына апарар жолда түрлі қиындықты бастан өткереді. Автор кейіпкердің ерлігі мен даналығын оқырманға сол оқиғаларды сипаттау арқылы жеткізеді. Отаршылардың елге еш жақсылық әкелмейтінін, жеке мемлекет болудан асқан бақыт жоқ екенін түсінген Кенесары Қасымұлы тәуелсіздік жолында күресіп, қаза табады.

"Ақиқат пен аңыз", Әзілхан Нұршайықов

Қаһармандық рухтағы бұл шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделеді. Автор романдағы оқиғаны оқырманға кейіпкермен болған диалог арқылы жеткізеді. Батырдың сонау балалық шағын, қан майдандағы және соғыстан кейінгі өмірі ашылып жазылған туынды Бауыржан Момышұлының тағдырын шынайы деректер арқылы баяндайды. Туындының ерекшелігі, мұнда батырдың тек қаһармандығы ғана емес, азаматтық, адами бейнесі де жақсы ашылған.

Y. Almabek