Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» тарихи романы қандай шығарма?

Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» тарихи романы қандай шығарма?
Фото: erkindik.kz

Әдебиет саласы бойынша биылғы Мемлекеттік сый­лық жазушы Бексұлтан Нұржекеұлына бұйырды. Бұл сыйлық жазушыға «Әй, дүние-ай» тарихи романы үшін берілді.

Аталмыш роман туралы Б.Нұржекеұлы журналист Жұлдыз Әбділдаға берген сұхбатында кеңінен айтып берді.

Сонымен, Нұржекеұлы не деді? Кезек берсек:

«Жаңа романды «Әй, дүние-ай!» деп атаған себебім, бұл жеке адамның тағдыры емес. Бас кейіпкері – Шәйі деген Албанның қызы. 2016 жылы Албан көтерілісіне, Торғай көтерілісіне, жалпы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл қазақтың үлкен бір тарихи белесі. Қазақтың үлкен қайраткерлері, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары 1916 жылғы көтеріліске шығудың қажеті жоқ деген. «Халық қырылып қалады, қарсы шығамыз деп қазақты қырып алмау керек» деген ұстанымда болған. Кейбіреулер осының өңін теріс айналдырып, ел алдындағы азаматтардың халыққа деген қастандығы тұрғысында бағалаған. Ал мына тарихты көргеннен кейін солардың ұстанымының дұрыстығына көзім жетті.

1916 жылы әскери қызметке барса, мына қарсылықпен салыстырғанда халық жүз есе аз қырылатын еді. Қазақтың жеріне қалай иелік етсем деп отырған орыс патшалығының құдайы берді, «қазақтар қарсы тұрды» дегенді желеу етіп, қырып салды. Қырғанда да аямады. Фон Берг деген кейіпкер бар романда, қылдай қиянат жасаған жоқпын, архивтен алдым, барлығы өз сөзі. Қара Иван деген бір омарташыны қазақтар ауылдан қуып жіберіпті деп, Кравченко соған көмектесуге жіберген адам. Өлтірмеген, ұрмаған-соқпаған, әншейін ауылдан қуып жіберген. Соған көмекке келген. Ал тірлігі анау. Түнгі сағат 12-ден өте келіп, «көтерілісшілерді қырдық» дейді. Түнгі он екіде ел ұйқыға жатпай ма, неғылған көтерілісші?! «70-ін қырдық, қалғандары тауға қашып тығылды» деген де соның өз сөзі. Қашып тығылғандар – әйелдер, бала-шаға. Оқиға қыркүйек, қазан айында болған. Қырғанын қырып, қалғанын қуып, үйлерін өртеп жіберген. Күздің қара суығында далада қалған адам өзі-ақ аштан, суықтан қырылып қалмай ма?! Бұл – саясатты бүркенген сұмдық. Фон Берг онымен тоқтамайды, келесі ауылға барады, одан келесі ауылға өтеді, сөйтіп Қарқараға таңға жуық келеді. Ертесіне мыңғырған малы бар, қайсыбірінің омырауында патшаның берген медалі бар, үлкен көш келе жатады. Сол көшті қырады. Аман-есен Қытайға өтіп кетсек деп келе жатқандарды да көтерілісші деп, қырып салады. Өздерін ақтаған сиқы тіпті күлкілі. «Қазақтардың үйлерінен иконалар шықты, әйелдердің әшекей бұйымдары шықты» дейді. Сондағысы, «орыстарды қырып, тартып алғаны» дегенге келтіреді. Иконаны неғылады қазақ?!

Бұл деректің барлығын қайдан алдым дегенге келейік. 1916 жылғы күзде халық Қытайға қарай опыр-топыр қашты. Судан өткенде бірінің үстін бірі басқан. Сол жерде жиырма шақты баланың батпаққа қатып өлгенін айғақтайтын деректер бар. Күзгі суықты білесің. Сүмбенің суығы белгілі. Бұл – Қытайға аман-есен өтіп кеткен Алдабергендердің естелігі. Осының барлығын Ілияс Жансүгіров жаздырып алған. Біздің зиялы ағаларымыз бізден гөрі көреген болған. Көзкөргендерді сөйлетіп, барлығын жаздырып алған. Біз ештеңені жаздырып алған жоқпыз ғой! Әсеттің Ырысжанмен айтысы дегенді алайық. Шашубай зиялыларымыздың ортасында жүрді. Сол кезде бірде-біреуі «Ырысжан дегенмен айтысыпты ғой, ол кім еді?» деп сұрамаған ғой. Ырысжан деген адам өмірде жоқ, мысалы. Әсет те бертінге дейін жүрді, ешкім өз аузынан жазып алмаған. Ал Ырысжанмен айтыс – дастан, Әсеттің өзінің шығармасы. Осындайды біз ескермедік. Ілияс ағаларымыз қандай көреген болған?! Болашақ тарихқа керек, ұрпақ білсін деген».

Н. Айдархан