- Негізгі бет
- Проза
- Жылаумен өткен жетім...
Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #3
Уақыт зымырап өтіп жатты. Бұл кезде Жарқын да, Сабира да мектепті тастаған. Иә, 9-сыныпты бітіргеннен кейін екеуін де Бектас пен Күлайша мектептен шығарып алған болатын.
— Оқу ешқайда қашпайды. Сәті түссе кейін колледжге түсірермін, ары қарай оқимын десеңдер университетке түсу де оңай сосын. Бәрібір жетістіріп оқып жатқандарың шамалы ғой, - дескен. Иә, сабақ үлгерімдері нашар болды. Нашар болмай қайтсін, сабаққа дайындалуға мұрша бермейтін еді ғой. Лажсыздан дегендеріне көнді.
— Үйдегі тірлікті істейік одан да. Мал басын көбейтсек, ақша да болады, ақша болған соң оқу да болады. Дұрыс па? - деген Бектас. Не айтса да бас изеп үйренген Жарқын бұл жолы да үнсіз келіскен. Келіспегенде қайда барады? Басқа амалы да жоқ қой мұның...
Құл мен күңге айналған Жарқын мен Сабирадан енді олар үйді де қызғануды шығарыпты. Жаздың күні ғой. Күлайша бір күні:
— Әй, осы үйге тығыла бермей, ана сарайдың ішін тазалап, сонда жатсаңдар қайтеді? Күні бойы қорада жүріп, үстің қи сасып кетеді. Ол иісті үйге алып кіресің. Үйдің іші де қора сасып кететін болды. Үйге біреу келсе ұялып өлемін, - дегені Жарқынға. — Сол сарайдың ішін тазалап, әктеп-сырлап кіріп алыңдар. Қайта өздеріңе жақсы, өздеріңмен-өздерің еркін тұрасыңдар. Солай емес пе?
Жарқынның іштей ашуы келді. "Енді үйін де қызғанып жатыр ма?" деп тістенген. "Үйім сасып кетеді" дегені несі? Сол малдың пайдасын бұл емес, өздері көріп жатқан жоқ па? Енді келіп жиіркене қалыпты ғой.
Дегенмен, бір шетінен Жарқын қуанды да. Иә, расымен өздерімен-өздері еркін отырады, еркін жатады. Бір тілім қара нан жесе де ешкімнен қысылмай жейді. Үйде ғой әр қасықты аузына апарған сайын әрқайсысына бір жалтақтап өледі. Дұрыс болды. Бұның да олардың түрлерін көргісі келіп жатқаны шамалы.
Бұл уақыттарда Елжас жоқ болатын. Каникулға шыққан соң ол қаладағы бір туыстарының үйіне кеткен. Жаз бойы сонда болады. Туыстарымен бірге сауда жасайтын көрінеді. Өзі аттай қалап кетті сонда. Ол кеткелі айдалада қалып кеткендей болып Жарқын мен Сабира біртүрлі болып жүр. Бұрын сол сәл де болса көңілдерін көтеріп, үнемі қамқор болып жүретін. Енді ол да жоқ.
Жарқын іске дереу кірісті. Бұрын отынхана болған сарайдың ішін әп-сәтте тазалап, астына линолеум төсеп, дуалдарын ақтап, терезесін дұрыстап, жарықтарын қосып, үш-төрт күнде ретке келтіріп алды. Күйлайша ескі-құсқы төсеніштер, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ беріп еншілерін берді. Ескі тумба, шкаф, теледидар да бұйырды. Сөйтіп шағын үй болып қалды. Ағаштан шәй үстел де жасап алды.
Күзге таяу Елжас та келді. Бұлардың сарайда тұрып жатқандарын көріп көздері шарасынан шыға жаздаған.
— Бұл қалай? Неге мұнда жатырсыңдар? - деген түсінбей. Осы екеуін сондай сағынып келген еді, бірақ сарайдан көремін деп ойламаған-тын. Сағынып дейміз-ау, бәлкім соншалықты сағыныш та емес шығар оны мұнда асықтырған, мүсіркеушілік пе, әйтеуір бір сезім оны осыларға қарай тартатын да тұратын. Өзінен басқа бұлардың жанашыры жоқ екенін жас болса да Елжас терең түсінетін еді. Қалада жүргенінде осы екеуін ойлап тынышы кететін, уайымдайтын. Бірақ, азық-түлік дүкенінде жұмыс істеді, оны бір күн де жабық қалдыруға болмайды. Ақыры жұмыс істеуге келгендіктен, соңына дейін жеткізейін деп сабақтың басталуына екі-үш күн қалғанша жүруіне тура келді ғой.
— Өзімізге осы жер ыңғайлы, - деп күлді Жарқын.
— Осындай бірдеңе болатынын жүрегім сезген еді. Анамдар қандай адам болып кеткен өзі? Адамгершілік дегенді мүлде ұмытқан ба? - деп Елжас жынданып кетті.
— Қой, Елжас, бізге бола үйіңдегілермен ұрыспа, - деп басу айтты Жарқын. — Айтып отырмын ғой, қайта бізге осы жер ыңғайлы. Өзімізбен өзіміз. Рахат.
— Ммм... - Ары қарай Елжас ештеңе деместен сарайдан шығып кетті.
Үйіне келе анасына біраз сөйледі. Бірақ, анасы өзінікін дұрыс етіп шығарды. Елжас қолын бір сілтеді де, қайтадан Жарқындардың үйшігіне келген. Өзі жаз бойы қалада тапқан ақшасынан бұларға біраз сыйлықтар алып келіпті. Сыйлығы сол — киім-кешектер.
— Размерлері тура келеді ме, көріңдерші. Жобалап ала бердім әйтеуір, - деп қояды. Жарқын да, Сабира да қысылып қалды. Бұл үйге келгелі мұндай сыйлықты көрді ме бұлар? Иә, алғашқы кезде болатын. Кейін мүлде шетке ысырылды емес пе бұлар? Осындай кең жүрегің үшін сені Құдай алдыңнан жарылқасыншы, Елжас!
Сабира жылап жіберді. Жарқынның да көздеріне жас толып қалыпты.
— Әй, бұларың не? Қуанудың орнына жылағандарың қай сасқандарың? - деп Елжас күліп, екеуін қоса қапсыра құшақтап алды.
— Елжас, бекер әуре болғансың ғой. Біз үйден шықпаймыз, мұны қайда киіп барамыз? - деп ыржиған болды Жарқын.
— Неге шықпайды екенсіңдер? Мектеп бітірдіңдер, сен жігіт, сен бойжеткен қыз болдың, әлі талай вечеринкаларға барамыз. Мен сендерді ертіп барамын!
— Елжас! Мен сені сондай қатты жақсы көремін! Сен осы өмірдегі ең жақсы адамсың! - деген Сабира оны тас қылып құшақтап алып, екі иығы селк-селк етіп жылай берді.
— Өй, қой деймін, қой, - деп Елжас оның шашынан сипады.
— Қоя бер, жылап алсыншы. Сені де сағынды, іші де толып қалған ғой, ішін босатып алсын, жеңілдеп қалады, - деді Жарқын. Шыны керек, Жарқынның өзінің де жылағысы келіп тұрған болатын. Тек, Елжастан ұялып, теріс бұрыла берді...
Елжас келгелі Жарқын мен Сабираның жағдайы тәуірленіп қалды. Жалғыз ұл болған соң үйіндегілер оған ештеңе дей алмайды. Үйіндегі дәмділерді осында тасиды ол. Кейде өзі де осылардың қасына жата салады түнде. Өзі айтқандай екеуін кейде отырыстарға да ертіп барады, қинағандай болып. Иә, өмірлерінде ондай жерде болып көрмеген бұлар барынша тартыншақтайды, бірақ Елжас қоярда-қоймай ертіп алатын.
— Не болды соншама, өмірлеріңді осы сарайдың ішінде өткізбекшісіңдер ме? Сендер де өмір көріңдер, жассыңдар ғой, қыдырыңдар, - деп қоймайтын.
Елжастың бұл қылығы Бектасқа да, Күлайшаға да жаққан емес. Амалсыздан дегендеріне көніп жүрген. Ақыры бірде Күлайшаның да шыдамы шегіне жеткен екен. Күн салқындай бастаған кез. Елжас анасына:
— Жарқындарды қайта үйге көшіріп алайық, ауа-райы салқындап келе жатыр, - деген еді, жарылайын деп жүрген Күлайша баж етті.
— Неге осы сен "Жарқын, Жарқын" деп тақылдап қоймайсың? Кіндігің жабысып қалған ба еді сонымен? Келмейді мұнда! Сонда өздеріне пеш соғып алып, жатсын! Бұл үйді сол жетімдер жатсын деп салғанымыз жоқ. Қайта тамағын, киімін беріп асырап жатқаныма рахметін айтсын олар! Әйтпесе осы күндері жетімдер үйінде көздері бозарып отыратын еді терезеге телміріп. Ал қазір ішкендері алдарында, ішпегендері арттарында, не керек басқа? Қайта сен оларды әбден еркелетіп басымызға шығартып жібердің! Жұмысты дұрыс істемей, сенімен желпілдейді де жүреді. Әкең де наразы болып жүр. Болды ғой, қойсайшы енді осындайыңды. "Қояр" деп ары жүрміз үндемей, бері жүрміз үндемей. Ал сен солардан басқа адам жоқтай өзеурейсің келіп. Басыңды айналдырып, дуалап алғаннан сау ма өздері?
— Ана, қойыңызшы қайдағыны айтпай! Олар да бауырларым ғой. Неге оларды сыртқа тебуіміз керек? Неге оларға құл сияқты қарайсыздар? Мұндайларыңыз бар, не үшін асырап алдыңыздар оларды? - деп Елжас та ойындағысын айтып тастаған.
— Қандай бауыр? Тегін білмейтін тексіздерді қалай бауырым деп айтасың сен? Өз бауырларыңа осылай жанашырлық танытпайсың ғой! Бөтен біреу дегенде неге емешегің езіледі де қалады осы? Оларды асырап алсақ, осы үйдегі жұмыстарға қолғабыс болады деп әкелдік, саған бауыр болады деп емес. Сендерді қара жұмыстан құтқарайық, еркін өссін, оқып, білім алсын, жақсы азамат болсын деп әкелдік оларды.
— Сонда біз үшін солардың өмірін құрбандыққа шалып отырсыз ба? Ана, мен сізді танымай тұрмын, қандай қатыгез жан болып кеткенсіз? Мен сіздей тасжүректен қалай туылғанмын? - деген Елжас мүлде түңілгендей-тін.
— Жап ауызыңды! Анаңа қалай-қалай сөйлейтін болғансың өзі? Ешкім ешкімнің өмірін құрбандыққа шалып отырған жоқ. Қайта біз оларға жақсы өмір сыйладық. Жетімдер үйімен салыстырғанда бұл жер оларға жұмақ емес пе? Саған шағымданып, бізге қайрап салып жүр ме? Мастанған да. "Асырама жетімді..." деп бекер айтпаған екен ғой... - деп Күлайша да баж-баж етуде.
— Қандай жұмақ өмірді айтып отырсыз? Өздерін жұмсайсыз, жәрдемақысын былай алып жаратып отырсыз. Отырса опақ, тұрса сопақ етесіз. Осы ма жұмағыңыз?
— Жап деймін аузыңды!
— Онсыз да Балтабайға қанша ақша төлеп жүрдіңіздер. Ал Жарқын сол Балтабайдың істегенінен екі-үш есе артық істеп жатқан жоқ па? Сонда да бір жылы сөзіңізді қимайсыз. Қандай тасжүрек жан едіңіз!
Осы кезде ішке Бектас та кіріп келген еді, баласына алара қарады:
— Шешеңе қалай-қалай сөйлейсің, көргенсіз? Жап ауызыңды! Кет бар! - деп айқайлап берді. Іштей булығып, ашудан қалш-қалш еткен Елжас тістеніп, сазарған күйі үйден шықты да кетті...
Сөйтіп, Күлайшаның дегені болды. Жарқын үйшіктеріне пеш соғып, енді қыста да сонда тұратын болды.
— Менің сендерге көмектескім келеді. Бірақ, қолымнан ештеңе де келер емес. Қанша айтқаныммен әкем де, анам да түсінгілері келмей безеріп отыр. Қалай мұндай жанға айналғандарына өзім де таңмын. Сендердің алдарыңда өзімді кінәлі сезініп, әке-шешем үшін өзім ұялып, кірерге тесік таппай қиналып жүрмін. Кешіріңдерші, - деп бірде Елжас Жарқын мен Сабираны құшақтап отырып жылап та алды. Жарқын оны аяп кетті. Бейшара-ай, бұлар үшін қиналып жүр-ау.
— Елжас, қойшы, - деп оны иығынан құшақтап отырып Жарқын да жылап жіберді. — Бізге бола өзіңді былай қинамашы. Анам мен әкемнің айтқандарын тыңдашы. Біз... біз осы өмірге үйренгенбіз. Ешкімге өкпеміз жоқ, шын сөзім. Сабира, солай емес пе?
Сабира да басын изеп қойды.
— Жоқ, мен сендердің қалай қиналып жүргендеріңді жақсы білемін. Тіптен, қиналмасаңдар да, бұлай өмір сүргендеріңді қаламаймын. Сендер оларды "әке, ана" деп атайсыңдар. Ал олар сендерді балалары ретінде көрмейді, жұмысшылары деп санайды. Осы әділдік пе? Қай жерінен адамгершілік көріп отырсыңдар? Оларды "әкем, анам" деп атауға мен ұялатын болдым. Қара бастарынан басқа ештеңені ойламайтын болып алған. Қапалымын оларға! - деп Елжас одан сайын өкірсін.
— Олай емес. Елжас, қойшы, болды. Өз-өзіңе келші. Оларды жазғырма. Кейін түсінерсің оларды. Болды енді, болды, - дегенімен, Жарқын оны қалай жұбатарын білмей, жылы сөз де таппай қосыла жылай берді.
— Осыдан өсейін, өз қолым өзіме жететін жағдайға жетейін, қалаға кетемін, сендерді де алып кетемін.
— Елжас...
Үшеуі де түн ортасынан ауғанша жылап отырды...
* * *
11-сыныпты бітірген соң Елжас қалаға оқуға кетті. Бұлармен әзер қоштасып кеткен.
— Шыдаңдар, мойымаңдар. Мен жиі келіп тұрамын, - деген кетіп бара жатып. Бірін-бірі қимай қоштасты.
Бұл кездері Жарқын да, Сабира да қара жұмысқа әбден бойларын үйретіп алған болатын. Малды көбейтеміз деп, Жарқын жаз бойы жаңа қоралар да салып тастады. Балалар үйінде тәрбиеленсе де, қазір қолынан келмейтіні жоқ шеберге айналған. Құрылыс жағы болсын, малға қарау болсын, басқа қара жұмыс, бәрін дөңгелетіп әкетеді. Сабира да солай. Еңбектері еленбесе де, ішкен тамақтарына мәз болып, жүргендері мынау. Иә, олар бұл үйдің құлы мен күңіне шындап айналған болатын...
Бір күнінен бір күнінің айырмашылықтары жоқ, тар тамға тығылып екі жетім де өсіп жатты, жастары да біразға келді. Жарқынның жасы жиырмадан біраз асып кеткен бұл кезде. Елжас медициналық оқу орнында оқитын. Оны жеті жыл оқу керек көрінеді, бұл күнде әйтеуір бес жылын артқа тастаған. Ол оқуға түсірген де Бектас болатын. "Осы ауылдағы емхананың бас дәрігері боласың кейін" деген. Бір демалысында ауылға келіп, Жарқындармен бірге солардың үйшіктерінде шәй ішіп отырған Елжас бір уақытта шетін әңгіменің ұшын шығарды.
— Бұрын жас кезімде "кейін оқуды бітірген соң қалада қаламын, сонда жұмыс істеймін" деп ойлаушы едім. Сендерді де қалаға тартып аламын ғой деп ойлайтынмын. Адамның ойлағаны бола бермейді екен ғой. Мен үйдің жалғыз баласымын. Әке-шешем мені ешқайда жібермейді, мен де оларды қартайған уақыттарында жалғыз тастап кете алмаймын ғой. Сендерге енді қалай көмектесетінімді де білмеймін, - деп ол әңгімені алыстан орағытып бастады.
— Елжас, бұның не? Сенің бізге істеп жүргендерің аз ба? Одан артықты күтпейміз де. Қайта біз саған қарыздармыз, - деді Жарқын.
— Иә, сенің арқаңда ғой осылай жүргеніміз. Әйтпесе баяғыда өмірден түңіліп, өліп те кетер ме едік, - деп Сабира да шынын айтты.
— Жо-оқ, қайта біз сендерге қарыздармыз. Осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрсіңдер. Ішіп отырған тамағымыз да, киіп отырған киіміміз де сендердің еңбектеріңнің арқасында ғой. Сендердің болашақтарыңды ойлап қатты уайым жеймін.
— Елжас...
— Жарқын, сөзімді бөлмеші, соңына дейін тыңдашы мені, - деді ойлы көзбен тұңғиыққа бойлап кеткен Елжас бір нүктеге қадалған күйі. — Бұрын "ағам бар" деп қуанушы едім. Сенің үйленіп, дүркіретіп той жасап жатқанымызды көз алдыма елестетуші едім. Жеңгем болады, онымен әзілдесіп, ойнап-күліп жүремін деп қиялдайтынмын. Қазір соның бәрі алдамшы екенін түсініп отырмын. Әке-анамның сені үйлендірмейтінін, сені тұрмысқа бермейтінін аңғардым. Олардың ондай шығынға бармайтындары белгілі, екіншіден, жақсы жұмысшыдан айырылып қалғылары келмейді. Одан да сендер өмір бойы осы үйдің тірліктерін істеп жүрсеңдер, сол керек оларға. Бірақ, сендер де адамсыңдар ғой. Сендер де отбасы болуларың керек. Сендерді осы қорлықтан құтқаратын да сол отбасы болғандарың. Сондықтан, екеуің бас қосып, бір-біріңе үйленсеңдер қайтеді?.. Бәрібір басқа жақтан жар табу қиын, жағдай да жоқ. Одан да бір-бірлеріңді бұрыннан білесіңдер, екеуің бас қосыңдар. Сосын "өзіміз бөлек шаңырақ болдық" деп мына үйден басқа жаққа көшіңдер. Екеуіңнің де қолдарыңнан бәрі келеді, тәп-тәуір өмір сүріп кетесіңдер. Мен де қолымнан келгенімше көмектесемін, - деп сөзін аяқтаған Елжас "не дейсіңдер?" дегендей екеуінің беттеріне кезек-кезек қарады. Сабира ұялғанынан жүзін төмен салып отыр екен, Жарқын да, бірақ ол тез басын көтерді.
— Елжас, мұның не? Сабира менің қарындасым ғой! Біз бәріміз бауыр емеспіз бе?
— Жарқын, өз-өзімізді қашанғы алдап жүреміз? Иә, мен сені аға, Сабираны қарындасым деп есептеп келдім. Бірақ, басқа амал жоқ. Соқа бастарың сопайып өтпекшісіңдер ме мына өмірден? Жастарың болса келді. Бастысы — екеуіңнің қандарың бөлек, ешкім ештеңе демейді. Қайта бір-бірлеріңді жақсы түсінесіңдер, бақытты отбасы боласыңдар, - дед Елжас.
— Мүмкін емес қой бұл, мүмкін емес...
— Бәрін де мүмкін етуге болады. Менің ақылымды тыңдасаңдар, солай етіңдер. Ақыры сендерге ешкім дүрілдетіп той жасап берейін деп жатқан жоқ. Тіпті, ертең сен үйленіп, беташар жасағанның өзінде, соны әке-анамның қанша уақыт міндет етіп айтып жүретінін білесің бе? Келіншегің де осы үйдің күңіне айналады. Сол керек пе саған? Одан да екеуің үйленіңдер, сосын бөлек шығамыз деңдер. Мен барынша көмектесемін.
Жарқын да, Сабира да терең ойға шомып кеткен болатын.
— Ақылға салып ойланып көріңдер, - деген Елжас орнынан тұрып, шығып кетті...
Иә, Елжас дұрыс жолды көрсеткен болатын. Одан басқа жаны ашитын кім бар? Ақыры оның айтқанын құп көрген Жарқын мен Сабира екеуара түсінісіп, бас қосуға шешім қабылдады. Дәл қазір Елжас жазғы демалыста. Осы кезді пайдаланып үйленіп алғандары жөн. Иә, сөйткендері жөн... Сосын осы жазда бірдеңе етіп еншілерін алып шықса, сөйтіп өз түтіндерін өздері түтетсе. Елжас дұрыс айтты ғой, біреу үшін жұмыс істегенше, өздері үшін жұмыс істесін. Пешенелеріне жазғанын көреді де сосын. Құдай қашанғы қинасын, бақытты болып кетер бұлар да. Елжас, неткен адамгершілігі мол жан едің? Тереңінен ойлайсың ғой. Сендей адамға жолықтырған Аллаға мың да бір шүкір!..
* * *
Кешкі ас үстінде Елжас әке-шешесін өзіне қаратып:
— Сіздерге айтар жаңалығым бар, - деді.
Бектас пен Күлайшаның күтіп жүргені де осы еді.
— Үйге келін әкелесің бе? Анаңның қолын ұзартқың келген екен ғой! - деп Күлайша қуаныштан саңқ ете қалды.
— Иә, келінді боласыздар. Бірақ...
— Бірағы несі? Бүлдіріп қойғаннан саумысың? - деп Күлайшаның түрі лезде бұзылып сала берген.
— Қоя тұрсай, айтарын айтып болсын! - деп Бектас оны тыйып тастады.
— Қолыңыз онсыз да ұзын ғой. Мен үйленбеймін, Жарқын үйленеді.
— Не? — Енді бұл жолы Бектастың дауысы қатты шығып кеткен. — Үйленгені несі? Қорадан шықпай жүріп қандай қалыңдық тауып қойыпты өзіне?
— Несіне шошынасыздар? Жасы келді, үйлену керек қой.
— Қандай жасы келген? Осы жұрттың балалары отыз-қырыққа дейін жүреді ғой. Бұлар түрлеріне қарамай үйленгіш, - деп Күлайша шап етті.
— Маған келгенде жастығыма, оқуымды да аяқтамағаныма қарамайсыздар...
— Сен осы үйдің жалғызысың.
— Ол да жалғыз ғой...
— Әй, ол бәтшағар кімге үйленбекші? - деп Бектас гүр етті. — Жұмбақтамай тез-тез айтсай айтатыныңды.
— Сабира екеуі қосылады.
— Не? Ойбай, бетім-ай! Екеуінен бірдеңе шығатынын біліп едім, - деп Күлайша тыз ете қалды.
— Жынданғаннан сау ма? Не деп тұрсың сен өзі? Өз қарындасын аламын дей ме?
— Қарындасым деп ойлаушы едім, бірақ сіздер оларды бөтенсіген, ешқандай бауыр емес, бұл үйге тек жұмыс істеу үшін ғана алғандарыңды білдірткен. Бәрібір сіздер олардың басқаға үйленуіне жол бермейсіздер, той шығынын көтермейсіздер. Одан да бір-біріне үйленсін де, тыныш тапсын.
— Ақылыңнан алжасқан шығарсың сен! - деп Бектас көтеріліп кетті. — Мына ел-жұртқа қай бетімізбен қараймыз сосын? Жұрт бұларды бауыр деп қабылдаған, солай есептеп жүр де. Енді тірідей жерге тықпақшы ма бізді? Қарабеттер!
— Әй, Бектас, қоя тұршы, - деді осы кезде Күлайша. — Негізі Елжастың сөзінің жаны бар. Шығын да жоқ, басқа да жоқ, екеуін үйлендірейік те, тыныш табайық. Қайта екеуі де осы үйде қалады. Жұрт не десе о десін, онда шаруамыз жоқ. "Өздері солай шешіпті, бөтеннің баласы бәрібір өз балаңдай болмайды екен" дейміз де қоямыз. Онсыз да осы күнге дейін бірге жатып, бірге тұрып жүрген олардың арасында бірдеңе болмады деп ойлайсың ба? Көтеріп қойған шығар анау неме, сосын шығар Елжасты араға салып жатқандары.
— Ана, қалай аузыңыз барады? Олардың арасында ештеңе болған емес. Мен оларды соған көндірген. Менмін!
— Білемін ғой сені. Солардың айыптарын жабумен өмірің өтетін шығар, - деп Күлайша ернін сылп еткізді.
— Сізге дауа жоқ, - деген Елжас орнынан тұрып кетті. Бөлмеден шығып бара жатып: — Молда әкеп некелерін қиып, ең құрымаса кішігірім дастарханмен беташарын жасайық, көңілдерін аулайық, - деді де, шығып кетті...
Сөйтіп ақыры Жарқын мен Сабира үйленді. Бірақ, беташар да жасалған жоқ. "Жұрттың бәрі таниды, онсыз да бірге тұрып жатқан адамдар, не деп беташар жасаймыз?" деп Бектас пен Күлайша қарсы болған. Молда шақырып некелерін қиды, көрші-қолаңды жинап кішкене дастархан жайды. Сонымен "той" бітті, екеудің жаңа жұбайлық өмірлері басталды.
Елжас енді үнемі бұларды "бөлек шығамыз деп айтыңдар" деген сөзбен мазалайтын болған. Бірақ, бұлардың олай деуге батылдары жетпей, тілдерін тістеді де қалды. Оның үстіне ауылда бұлар туралы өсек жалындап тұрған болатын. "Ойбу, өзінің қарындасына үйленіп алды ғой" десіп әйелдер жағы бет шымшысып жатты. Еркектері де солардың сөздеріне қосылып, "жетім деген сол екен ғой, қанша бағып тәрбиелесең де көргенсіздіктерін істейді екен де. Бектас пен Күлайшаның шыдап жүргендерін айтамын да" десіп қояды.
— Осы жерге қаратқандарың да жетер! Енді сыртқа қарай аттап қадам басушы болмаңдар! Бір адамның көзіне түспеңдер! - деп қатты тапсырған осындай өсектерден соң Күлайша да бұларға.
Осылай жүріп тағы бір жылдай уақытты артқа тастапты ғой бұлар. Сабира жүкті болатын. Қарны шермиіп, бұрынғыдай көп тірлікке араласа алмай қалды. Онысы Күлайшаға жақпай жүр. Бір сенбіде Елжастың үйге келген кезі болатын. Анасының Сабираға айқайлап жатқанының үстінен түскен.
— Ішіңдегі баланы сылтауратып жұмыс істеуді қойдың ғой сен! Әбден басынайын дедің! Енді қартайғанымда осының бәрін мен істеуім керек пе? Мүмкін ертең балаңның кір-боғын да маған жудырарсың сен?! Бала көтеріп жүрген жалғыз сен емес. Біз де жүкті болғанбыз. Төрт баланы өмірге әкелген кезімізде де ләм деместен осы үйдің барлық тірлігін істегенбіз. Бетіңе қараған сайын есіріп барасың ғой, түге. "Ешектің жүгі жеңіл болса жатаған болар" деген, әбден басымызға шығып біттің ғой. Қане, істе тірлікті! Ішіңдегі бала түсіп қалса да істе осы үйдің тірлігін! - деп шыңғырып жатыр еді. Елжас анасынан мүлде түңіліп кетті. Айтарға сөзі жоқ. Қанша айтса да түсінбейді бәрібір. Түнерген күйі үйіне кірді де, сөмкесін тастап, ешкіммен амандаспаған күйі қайта көшеге шығып кетті...
Сол түні бұлардың қоралары өртенді. У-шу басталып, түні бойы тыныш таппады ешқайсысы. Біраз мал тірідей жанып кетті. Іштерін у жалағандай болған Бектас пен Күлайша қатты қайғыруда болатын.
— Сендер әдейі өртедіңдер қораны! Кеше Сабираға сәл дауыс көтергеніме қырсығып, әдейі өртедіңдер! - деп Күлайша Жарқынға тап-тап берді.
— Жақсылықты білмейтін хайуандар! - деп Сабираның шашын жұлуға дейін барды. Осы кезде түнде достарымен сәл ішіп келген Елжас анасының қолын ұстап қалған.
— Мен өртедім қораны, мен! Сол малдарыңды адамнан артық көретіндерің үшін әдейі өртедім! Не істейсіздер, сол малдардың артынан кетесіздер ме? - деген ол. Бектас баласының бетінен шапалақпен тартып-тартып кеп жіберді. Елжас біраз уақыт сазарып тұрды да, артынша үйге кіріп, сөмкесін алып, шығып кетті. Ешкіммен қоштаспады да. Қораны шынымен сол өртеді ме, әлде Жарқын мен Сабираны қорғау үшін әдейі айтты ма, ол жағы белгісіз. Бірақ, қораны өртеу туралы ой Жарқын мен Сабираның басына ешқашан келген емес, қораны өртеген бұлар емес...
Осы бір айқайдан кейін бұл үйде ары қарай тұра алмасын білген, оның үстіне Елжастың да ашумен шығып кеткені әсер етіп, ертесіне-ақ Жарқын мен Сабира бөлек кетуге бел буды. Болмашы заттарын екі сөмкеге салып, ендігі тағдырларын Құдайға тапсырып, әке-анасымен қоштасуға барды.
— Осы үйден кету үшін әдейі өртедіңдер! - деп олар әбден жер-жебірлеріне жетіп, Бектас Жарқынды біраз тоқпақтап, ақыры бұлар қашқандай болып кетті. Осы ауылдың шеткері бір тұсында бос лашық үй болатын. Иесі колхоз-совхоз тараған соң көп ұзамай көшіп кеткен екен. Сатайын десе, мұнда үй алатын адам жоқ, содан қаңырап бос қалған. Қараусыз қалған үй тозып, бау-бақшасы қурап, адам көргісіз күйге түскен-тін. Сонда бет алды бұлар. Оны да көрсеткен Елжас болатын. Иә, баяғыда көрсеткен. "Осы үйге келіп тұрыңдар, өйтіп-бүйтіп жөндеп мына лашықта тұра тұрсаңдар, кейін жағдай келіп жатса дұрыстау үй салып аласыңдар. Егесі келіп жатса, мені айтыңдар, өзім сөйлесемін" деген. Соны медет тұтып бара жатыр...
Жалғасы бар...
Автор: Ербол ЖАЛПОШЕВ
Сурет: photo-forum.net
Ұқсас жазбалар:
Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #1
Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #2
Ш. Талап