"Жылаумен өткен жетім жылдар" (хикаят) #1

"Жылаумен өткен жетім жылдар" (хикаят) #1

Массагет сайтының поштасына Ербол Молдабекұлы Жалпошев есімді оқырманнан хат келді. Хат иесі Мassaget.kz порталының тұрақты оқырманы екенін айта келе, жаңадан "Хикаяттар" деген бөлім ашуды сұрайды. "Мен ол жерге өзім жазған хикаяттарды жариялап отырғым келеді. Кейбір оқырманды бұл бөлім де қызықтырады деп ойлаймын. Өйткені, бұл хикаялар өте аянышты тағдыр иелерінің бастан кешкен оқиғаларын баяндайтын болады. Оқиғаны оқи отырып көпшілік өздеріне өмірлік сабақ алады деп ойлаймын. Мен мұндай хикаяттарды тұрақты түрде жолдап отырамын. Егер осы ұсынысым қызықтырса, мен сіздерге бір-екі жазған хикаямды жолдап көрейін, оқып, бағасын беріңіздер", - дейді Ербол. Массагет порталы түрлі бөлімді толық қамтуға тырысады. Ербол айтқан хикаяттар топтамасын "Проза" бөлімінде жариялауға болады. 

Бүгіннен бастап Ербол Молдабекұлының "Жылаумен өткен жетім жылдар" атты хикаятын жариялауды бастаймыз. Хикаят ұзақ болуы себепті бөліп-бөліп ұсынуды жөн көрдік.

Жылаумен өткен жетім жылдар

Ауру денесін көтере алмай, екі кеудесінен әзер дем алып жатқан Сабира бір сәт анадай жерде домалап жатқан қызы Мейірімге көзі түсіп кетті. Қарны ашып қыңқылдаған қызына бірдеңе дайындап беруге мұның шамасы келді ме? Құр сүлдерін сүйретіп жүрудің өзі мұңға айналған жоқ па бұл күндері?.. Сонысын балаларына білдіргісі келмейді. Қос бүлдіршінінің көз жасын көргенше, аурудың азабына шыдап, өтірік күліп жүргенінің өзі артық емес пе? Дегенмен, бүгін жағдайы тым мүшкілденіп кетті. Бағана үйдің біраз тірлігін істеген болып еді, соның өзіне ентігіп, денесін мұздай тер басып, міне, ақыры төсектен басын көтере алмай жатыр. Тыныс алудың өзі осыншалықты қиын болады деп ешқашан ойламаған екен. Кеудесі тарылып, алқынады келіп. Дем жетпейді. Бейне дем алатын ауа қалмағандай. Аузын кере ашып қанша ауа жұтса да, өкпесіне бірдеңе жетіспейтіндей, ентігеді келіп, ентігеді. Қу сүйек болған денесінің де қақсап ауырмайтын жері жоқ. "Әлі жаспын ғой, бұнысы несі? Балаларымды ержеткізбей жатып кете бармақпын ба? Жоқ, олар жетімдікті көрмеуі керек!" дейді іштей өз-өзіне күбірлеп.

Иә, жанын жеген ауру орнынан тұрғызар емес. Тұрса басы айналады. Денесінің мұздай терге малшынып жатқаны мынау. Кішкентай қызы бағана "қарным ашты, мама-ау, қарным ашты" деп қыңқылдап еді, оған да бірдеңе дайындап бере қоюға мұршасы болмады. "Қазір Бақберген келіп қалады ғой, сол бірдеңе дайындар" деп үміттенген Сабира қу сүйекке айналған, жылуы да қалмаған алақанымен қызының басын сипап:

— Қазір, жаным, қазір ағаң келеді, сосын екеуің шәй ішесіңдер, - деп жұбатып қойды. Қыңқылдап, дастархан басынан айналшықтап шыға алмай жүрген қыз ақыры бір бұрышқа барып домалап ұйықтап қалыпты. Үстін бірдеңемен жапқысы келіп еді, Сабираның соған да шамасы жетпейтіндей.

— Күн жылы ғой, тоңа қоймас. Бәрібір теуіп ашып тастайды. Қазір Бақберген келгенше жата тұрсын. Мен де біраз жатып демалып алайыншы, сәл де болса жағдайым дұрысталар, - деп өзін-өзі алдап қойып, ауруымен арпалысып ескі-құсқы төсегінде көрпе ішіне бүрісіп тығыла берді.

— Жарқын ертерек келсе екен. Ол да кешікті ғой. Менің жағдайым күннен-күнге нашарлап бара жатыр. Осы екі балаға бас-көз болса жарар еді. Құдайым-ай, менің жанымды да қазір алмай тұра тұршы! Мына екі балам сәл өссінші ең құрымаса! Мен өлсем бұлардың жағдайы нешік болмақ? - деп Сабира өз-өзімен сөйлесіп жатты.

Әлден уақытта көше жақтан балалардың шуылдасқан дауысы шықты.

— Бақберген жаным да келіп қалды-ау деймін осы. Дұрыс болды ғой, - деп Сабира есік жаққа көз тігіп жатты. Бірақ, сырттан кіретін баласы жоқ. Есесіне көшедегі дауыс күшейіп барады. Күлген, жылаған дыбыстар... Сабира тың тыңдай қалды. Жылаған дауыс Бақбергендікіне ұқсайтын сияқты.

— Мынау менің балам ғой, Бақбергенім ғой! Оған не болды? Тағы мына көршілердің балалары күн көрспетпей жатпаса болды. Солардың менің баламда не өштері бар екен осы? Біздің көргеніміз аз ба еді, енді балаларымды да қорлыққа салып қойғаның ба, қу тағдыр? Бұл неткен әділетсіздік осы?

Көздерінен екі тамшы жас бырт етіп үзілді.

Қояр деп еді, жоқ, болмады. Баласының шар-шар еткен дауысын естіп Сабира жата алмады. Бар күшін жинап төсегінен сүйретіле тұрды. Басы әлі де айналып, көз алды қарауытып барады. Сәл жүрсе құлап қалатын сияқты. Қан аздығынан, сырқаттығынан шығар... Қолына түскені ана жерде сүйеулі тұрған оқтау болды, соны сүйеніп сыртқа беттеді.

Бұл кезде көршінің балалары Бақбергенді мазақ қылып, сөмкесін ары-бері лақтырып жатқан.

— Бер деймін сумкамды, бер деймін сендерге! - деп шар-шар еткен бала анаусына бір, мынаусына бір жүгіреді. Бетімен кеткен балалар сөмкені бір-біріне лақтырып, Бақбергеннің қолын жеткізер емес. Өздері мәз, сақ-сақ күледі. Сөмкедегі кітаптар шашылып, бір асынғыш бауы жыртылып онда кетті. Сөмке енді бір лақтырылған кезінде қағып алуға тиісті балаға жетпей, жерге түскен болатын. Бақберген ұмтыла беріп еді, қарама-қарсы үйде тұратын Талғат оның арқа тұсынан көйлегінен ұстап тартып, жерге қарай домалатып жіберді. Пар етіп жыртылып көйлек кетті. Бұл кезде сүйретіле Сабира да шыққан болатын. Көріністі өз көзімен көрді. Талғат өзіне таяу жерде тұрған, соны қолындағы оқтауымен періп кеп жіберді.

— Оңбаған! Нең бар менің баламда? Қай әкеңнің өшін ала алмай жүрсің?

Талғат басын ұстаған күйі бақыра жылап үйіне қарай жүгірді. Басқа балалар да тым-тырақай қаша жөнелген.

— Оңбай кеткірлер! Әлдерің осыған ғана жете ме? Неге күн көрсетпейсіңдер? - деп бақырған Сабира балалардың соңынан біраз қарғанып алды да, сосын жыламсырап орнынан тұрып, шашылып кеткен кітаптарын жинастырып жатқан Бақбергенге қарады.

— Неге тиісе береді олар саған, неге? Жаным-ау, не жазып қойып едің сен? - деп дірілдеген қолдарын оған қарай соза берді. — Көйлегіңнен де түк қалдырмапты ғой жетпегірлер...

Үйінде қызықты сериалын көріп жәйбарақат отырған Райханды басын ұстап ойбайлап кірген Талғат шошытып жіберген болатын.

— Көтек, саған не болған? - деп орнынан атып тұрды.

— Сабира әпке басымнан оқтаумен ұрды.

— Не дейді? Оқтаумен ұрғаны несі? Мына Сабира ма? - Райхан түкті де түсіне алар емес. — Қане, қолыңды ал, не болды басыңа? Немен ұрды?

Оқтау тиген жер сәл ісіңкіреп қалыпты.

— Әй, ол неме сені неғып ұрып жүр? Бірдеңе бүлдіріп пе едің?

— Жоқ, Бақдаулет бәріміз ойнап жатқанбыз, өзі келді де, оқтаумен басымнан бір ұрды, - деп Талғат өксігін баса алар емес.

— Жынданған шығар ол? Несі бар екен менің баламда? Ала алмай жүрген өші бар ма? Әліне қарамай, өлейін деп жүріп біреудің баласын таяқтағаны несі? - деп Райханның ашуы шықты. Сериалының быт-шыты шыққаны аздай, баласының басының торсиып ісіп тұрғаны мынау. Қаны басына шапты.

— Жүр қане, жүр, оған көрсетейін, шашын жұлып қолына берейін! - деп баласын қолынан ұстап, дедектете сүйреп Райхан ашумен сыртқа шықты. Сабира мен Бақдәулет қақпаларынан енді ішке қарай кіргелі жатқан екен, бұл шыңғырып тоқтатты.

— Әй, әруақ құсаған албасты неме!

Сабира тоқтап қалды, кері бұрылды. Райхан ұлын жетектеген күйі лезде оның жанына жетіп барды, көгереңдеп тұр.

— Менің балам саған не істеп қойды? Неге оның басынан оқтаумен ұрасың? Бұл саған "мешок" болды ма, мал болды ма? Малды да олай ұрмайтын шығар? Неге ұрасың деймін саған? - деп Райхан Сабираның бетіне тап-тап берді.

— Үйбай-ау, Райхан, оның өзі ғой менің баламды жылатып жатыр екен... - Сабираның да ашуы басылмаған болатын, бірақ, ашудан дір-дір етіп, сөйлей алмай тұтығып қалып тұр.

— Не қылып жылатыпты? Бала болған соң ойнайды, күледі, жылайды, соған бола баламның басынан оқтаумен ұрасың ба? Басын жарып өлтіріп алсаң не етер едің? Қарашы, басы домбалдай болып ісіп кеткен!

— Сен менің баламды қарашы, киімдерін пырым-пырым етіп, сөмкесінің де сау-тамтығын қалдырмаған. Кітаптарының жыртылып, жалбырап қалғаны анау. Ау, одан да балаңды тәртіпке салсаң етті. Бір емес, екі емес, қашан көрсең жылатады да жүреді. Біздің баланың да жаны бар шығар, біздің бала да адам шығар?

— Бала болған соң ойнайды, құлайды, киімі жыртылады. Барлық бала сондай. Соған бола оқтаумен тоқпақтайды ма баланы? Сен маған тәртіп туралы мораль оқымай-ақ қой, естідің бе? Бейшара-ай, тәртіп туралы айтады ғой. Қай киімі мен сумкасын әулие қылып айтып тұрсың? Онсыз да іріп-шіріп, жыртылып түсіп қалуға дайын тұрған киімі мен сумкасының жыртылғанын енді менің баламнан көрмей-ақ қой, түсіндің бе? - деп баж-баж еткен Райхан мұны жұлып жеуге дайын тұрған сияқты, көздері шатынап, найзағайдай жарқ-жұрқ етеді.

— Ол біздің алманы ұрлаған-тұғын, сосын сумкасын алып қойғанмын, - деп міңгірледі осы кезде Талғат басын төмен салбыратқан күйі.

— Не дейді, алманы ұрлады дейсің бе? - деп баласына бір қарап алған Райхан енді күшіне шындап мінгендей. — Көрдің бе, өз балаларыңды тәрбиелей алмай жүрсің! Бесіктен белі шықпай жатып ұрлық істейді. Өзің ештеңе көрмеген жетім едің, балаларыңды да сол ештеңе көрмегендей жебір қылып тәрбиелеп жатырсың ба? Қайыршы неме! Осы оқтауыңмен өз басыңды ұрып жарсам ба екен? Сен бейшара ұруға да жарамайсың ғой. Мына әруаққа айналған денеңмен балаларға ғана күшің жететін шығар!

— Мына сөздерді үп-үлкен басыңмен қалай айтып тұрсың? Көргенсіз екенсің! - деді соншалықты нала болған Сабира Райханның бетіне ызалана қарап.

— Не? Мені көргенсіз дедің бе? Көрсетемін мен саған көргенсізді! - деп Райхан Сабираның жағасынан ұстады да, сілкіп-сілкіп кері итеріп жіберді. Арғы бетінде басы салбырап Бақберген тұрған болатын, Сабира соған соғыла-моғыла, екеуі де жерге құлады.

— Қайыршы неме, маған сөйлемес бұрын өзіңе қарап ал! Бұдан кейін біздің үйге жолаушы болма! - деген Райхан жерде домалап жатқан Сабираға қарай бір түкірді де, баласын жетектеген күйі үйіне қарай кетіп қалды.

— Қу тағдыр, о-о, қу тағдыр! Мен сорлыны неге аямайсың осы? Бүгінге дейінгі көргенім аз ба еді, неге қинай бересің? - деп Сабира өкіре жылап жіберді. Мына жатқан жерінен тұрғысы келмейді. Осылай жатып өліп кете салса ғой. Мына қорлықтың бәрінен құтылар еді-ау сонда. Осынша азаптың бәрінен ада болып, жер астында тып-тыныш қана жататын еді ғой.

— Мама, мама, тұрыңызшы! - деп өзі де жылап жүрген Бақберген мұның қолынан тартқылап жатыр. Осы кезде үйдегі Мейірім де оянып кеткен екен, бақыра жылап ол да шықты үйден.

— Балапандарым-ау, шырақтарым менің!

Сабира лажсыздан тұруға талпына берді. Иә, өлуге де құқығы жоқ мұның. Мына екі баланы қайтпек? Оларды кімге қалдырмақ? Қорлықтың бәрінен өліп құтылар-ау бұл, ал балалары ше? Оларды батпақтың ортасына қалдырып кетпек пе? Жо-жоқ, олай етуге болмайды. Бұл қасында жүргенде жұрттың оларға көрсетіп жатқаны мынау, өлсе, тірідей түтіп жер. Ұлын құл, қызын күң етіп, өмірлерін табалдырықта өксітіп өткізер... Жо-жоқ, өлуге болмайды екен...

Орнынан әзер тұрған Сабира оқтауына сүйенген күйі үйіне әзер жетіп, кіре бағанағы төсегіне құлады. Алқынып біраз жатты да, сосын жыртық көйлегіне қарап мұңайып отырған баласына қарады.

— Сен олардың алмасын неге ұрлап жүрсің? Жерге қараттың ғой мені! - деді дауысын қатайтып.

— Мама, мен алма ұрлаған жоқпын. Дуалдарынан бері көшеге қарай өзі түскен алмалар ғой. Мейірім жейм деген соң солардың үш-төртеуін теріп алғанмын, - кінәлі жандай анасына тіке қарай алмай отыр. Кішкентайынан жасық болып өскен баласын Сабира қатты аяп кетті.

— Бұл адамдарға не көрінген? Құдайларын ұмытқан ба? Қанағат деген қалмаған ба? Көшеде домалап жатқан алмасын да қызғана ма? Онсыз да мал да жеп кетіп жатқан жоқ па? Оны несіне әлдеқандай қылып айтып тұр өздері? Неге? - Сабира көз жасына тұншығып біраз үнсіз қалды да, сосын барып баласына қайта қарады:

— Айналайыным, көшеде домалап жатпақ түгілі, басқа болса да соларға жоламай-ақ қойшы. Соның баласына да жоламашы. Көрсең аулақ кетіп қал, жанына жуыма тіптен. Түсіндің бе?

Бақберген басын изеді.

— Сосын шәй қойып, жейтін-пейтін бірдеңе дайындап жеңдерші. Мына қыздың қарны ашты. Екі-үш картошканы суға қайнатып жесеңдер де, бірдеңе қылыңдар.

— Сіз ше?

— Мен біраз жатып демалайын. Мазам болмай тұр...

— Көйлегім мен сумкамды не істеймін, мама? Олар жыртылып қалды.

— Қоя салшы. Тұрғаннан кейін бірдеңе етермін... - Сабираның сөйлеуге де шамасы қалмай бара жатқандай.

Иә, ол Талғатты оқтаумен ұрмас та еді-ау, баласының көйлегінің жыртылғаны ғой жанын шығарып жібергені. Екінші сыныпқа барып жүрген баласының бұдан басқа дені түзу киімі де жоқ. Тиыннан теңге құрастырып жүріп әкесінің сабақ басталар алдында әпергені осы еді. "Күтіп кисін, басқасына ақша жоқ қазір" деп айтып еді сонда Жарқын. Иә, басқа киімі жоқ. Жалғыз жейде, жалғыз шалбар, жалғыз аяқ-киім. Кірлесе дереу жуып қойып, ертеңіне қайта соны кигізіп жібереді. Бейшара баласы былтыр да бір көйлекпен шығып еді. Жазға дейін сол көйлегі жыртылып, іріп түсуге айналған. Аяқ киімі де тесіліп, шұлығы сол тесіктен сыртқа шығып жүретін. Биыл да жалғыз киім... Қарашы, енді сол жалғыз көйлегін де пырым-пырым етіп жыртып тастады. Енді не кимек? Бұл ақ көйлекті қалай тігіп береді? Оны қалай киіп жүреді? Сөмкесін қайта мектептің өзі көмек ретінде берген. Оны қойшы, бауын тігіп-ақ берер. Тіптен болмаса кітаптарын пакетке салып-ақ апарар. Көйлекті айтсайшы, көйлекті. Шыдамай кеткені содан ғой. Өздерінде бар болған соң олар түсінбейді-ау, "бала болған соң ойнайды, құлайды, киімі жыртылады" деп жайбарақат айтып тұр. "Іріп-шіріп кеткен киімін әлдеқандай қылмашы" дейді тағы. Құдайым-ау, басқа ауыстырып киер киімі болса, несі бар мұның осынша жаны шығардай? Өзі бір арзан "китайский" көйлек еді, тігуге де жарамайды-ау енді... Не істесе екен? Ертең сабағына қалай барады?

Теріс қарап жатып алған Сабира осыларды ойлап үнсіз егіліп жатты. Ауыр тағдырына, өздерін қорлауға дайын мына қоғамға ренжіп жүрегі езіліп жатты. Жетімдігін, жоқшылықтан зар болып отырғанын бетіне басып, одан қалса баласының көзінше итеріп құлатып, бетіне түкіріп кеткен көршісі Райханға нала болып жатты. Жетпейтін қу дүние ғой, көрші болған соң үйіне кейде анау-мынау сұрап баратыны рас. Енді сонысын "қайыршы" деп бетіне басты-ау. Сұраса, алса, тегін алған жоқ қой. Сонысы үшін талай тірліктерін бітіріп берген жоқ па еді? Ауру тәнін сүйретіп жүріп талай жұмысын жайғастырып берді ғой. Бірдеңе бола қалса жүгіріп бірінші осыған келмейтін бе еді сол Райханың. "Сенің қолың алтын ғой, істеп бере қойшы, көмектесе қойшы" деп жабыспайтын ба еді? Енді келіп "қайыршы" дейді-ау, "жетімсің" деп жүрегіндегі жарасын тырнайды-ау...

Сабира тағы ауыр күрсінді. Ішінен жалын шығатын сияқты. Мына өмірге деген наласы ішін күйдіріп-жандырып, аузынан сыртқа жалын болып шығып жатқан тәрізді. Көз жасын тоқтата алар емес. Қайдан шыға беретін жас өзі?.. Неге таусылмайды бұл? Бұл тағдыр неліктен мұны жылата береді? Осы күнге дейін жылап келгені жетеді ғой. Ең құрымаса балаларына бақытты өмір сыйласа нетті? Оларды да жоқшылықпен қысып, жылатып, жұрттың қорлығына салды-ау... Әділетсіз дүние-ай...

Қанша жатқанын білмейді, бір уақытта баласының иығынан түрткенінен селт етті.

— Ау?

— Мама, картошка пісті, жейсіз бе? Міне, аршып қойдым, - деді Бақберген жалынышты үнмен. "Жеңізші" дейтіндей. Бұл басын бұрды. Жүрегі елжіреп кетті. "Иә, мені бұлардан өзге кім ойласын? Мен бұларға қамқор болудың орнына, қарғадай болып алып менің қамымды ойлайды-ау... Жарықтарым менің!" деп Сабира іштей еміреніп кетті. Көз жасын әзер тоқтатып, өзін қинай жымиды.

— Асыраушым, қамқоршым менің! Өздерің жей берсеңдерші.

— Бізге жетеді, мама. Сіз де жесеңізші. Шәй ішіңіз.

— Жоқ, өздерің іше беріңдер. Маған бір кесе салқын су берші, сол да жетеді.

— Картошкадан жесеңізші, қарныңыз ашады.

— Кейінірек жеймін, қоя сал. Маған қарамаңдар, өздерің жей беріңдер.

Бақберген су әкеп берді. Қинала жатып сол суды ішіп алды да, басын қайта жастыққа қойды. Бақберген мен Мейірім өздері шәйларын ішіп, суға піскен картопты тұзға батырып жеп, ауыздары шалп-шұлп етіп отыр. Олардың отырыстарына сондай мейіріммен қарап жатқан Сабираның есіне өзінің де бала кезі түсті. Бұл да осылар сияқты шалпылдатып, асығыс-үсігіс тамақтанып отыратын еді ғой. Иә, алдында тамағы бар, оны ешкім тартып алмайды, сонда да болса сондай бір қомағайлықпен ішетін. Қарны тоймайтындай көрінетін. Білмепті ғой... Сөйтсе мұның қарны емес, көңілі тоймайды екен ғой. Тамаққа емес, мейірімге зәру екен ғой... Кейін білді емес пе оны... Сол мейірімнің орнын тамақпен толтырғысы келіп жанталасады екен де... Қайран сол күндер-ай!.. "Қайран" дейді-ау... Жылап өткен сол күндерін де сағынып отыр ма? Терезеден телмірген теперішті күндерін сағынғаны ма? Әлде, балалығын сағынды ма? Шынымен бақытсыз балалығын сағынғаны ма? Несіне сағынады? Бәлкім, бүгінгі күнінен сол күндері артық па еді? Құдай-ай, келмеске кеткен ол күндер неге есіне түсіп кетті екен, неге? Неліктен мына жүректегі ескі жара орны қайта ашылып, сыздатып жатыр? Әлде, Райханның "жетім" дегенінен кейін еске түсті ме? Иә, иә, солай еткен шығар...

Сабираның көз алдына өткен өмірі келе қойды. Жетімдікпен өткен жылдарын еріксіз есіне алды...

Жалғасы...

Автор: Ербол ЖАЛПОШЕВ

Ш. Талап