Го Фың (Тайвань). Көгілдір тауларға көз салып...

Го Фың (Тайвань). Көгілдір тауларға көз салып...

Го Фың (Тайвань). Көгілдір тауларға көз салып...

Мәңгі осылай үнсіз отыруға, көгілдір тауға көз салып, жым-жырт, үнсіз отыруға шынымен пейіл едім. Көгілдір тауға көз салып, қиялыңды қиянға самғатып, оңаша отыру, шіркін, қандай тамаша. Табиғатқа мастанып, ләззәт алушылар қайда кетті екен, осынау мүлгіген өзен-суды, тау мен тасты маған ғана қалдырып? Осылай болғаны да оң, қиял құшағында отырып жанарыма лықсыған жарықты қармап, көзіме көгілдір тауларды сыйғызамын! Айта берсең бұл да бір ғажап, адамдар, сірә, неге мөлдір көлге ғана құмартып, жайқалған жасыл тауларды ұмыт қалдырады екен? Мынау таудың тым қоңырқайлығынан ба, әлде көңілдеріне бүккен өзге құпиялығы бар ма екен, сірә? Ал менің жалғыз арманым – осы тауды сүйіп өту. Көк тіреген заңғар шыңдарды да көргенмін, әй, адам-ай! Жалама жартастарға ғана өрмелеп, үмітсіз шәкенелік ішінде арпалысады. Мен сондықтан да осы тауды сүйемін, оның осы қарапайымдылығына тәнтімін. Ол көл жағасында сабаз қасқаяды, мені асқақтығымен таң қалдырмайды, хикіметтей көрініп тамсандырмайды, оның алтын күннің шұғыласына шомылған осы тұрқында өзінше бір салтанат бар. Күзгі күннің кәусардай тұп-тұнық сәулесі ұшы-қиырсыз аспанды құлан-таза жуып, жәудіретіп, көкжиегін кеңейте түсіпті. Таудағы қалың орман да күн сәулесінің тұнығына шомылып, жап-жасыл өңі құлпырып, жасаңғырап, көркі көз қармай түсіпті! Шет-шексіз көгілдір түске қара жасыл бояу жағылған, шебер табиғаттан өзге ешкімнің де қыл қаламы дәл мұндай жан тебірентер көріністі сыза алмас-ау! Жоқ, бұл қоңыр күзге тіптен ұқсамайды, болмаса, күз – тіршілік тынысына толған мезгіл деуім керек шығар. Осынау тауға көз салсаң, анау ормандардан, анау көгілдір төбелерден, тіпті алақанын көкке жайған әрбір жапырақтан тіршілік иісі бұрқырайды. Оны түсіндірудің қажеті жоқ, түсіндіре алмайсың да. Ал мен тек: "Құдірет!" деп күбірлей бердім.

Көгілдір тауға көз салып, қиялыңды қиянға самғатып, оңаша отыру, шіркін, қандай тамаша. Бірақ, тау деген осы екен деп қалмағайсың. Таудың да сан қыры бар, оның әр қырында әр алуан өзгеше көрініс жатады. Қарашы, әне! Қай кезде екені белгісіз етектен тұман көтеріліп, бар алап әппақ болып мұнарта қалыпты, қырқаға жете бере жоталарды бойлап, сай-салаға баппен жайылып, үздік-создық көлбіреп, шұбатыла созылған тұман тау шоқылары мен ағаш ұштарына жалауша ілінді; айтып ауыз жиғанша тұман сейіліп, бұлт шөгіп, келбеті қырық құбылған тау әп-сәтте түрлен бикеш-қырлан бикешше түрлене қалды. Оның қарапайым бейнесіне осыншама нәзік сезімнің жасырынып жатқанына кім сенер? Дегенмен, осы бір тосын көрініске алдана көрмеңіз! Қою тұман мен шарбы бұлтты, бірде «Жарқ!» етіп, бірде көлегейлене қалған күн сәулесін, тіпті анау бұлт арасынан қаздиған шоқыларды да елемей-ақ қойыңыз. Осынау көрген түстей көркем сәтте маған керегі жанды масайтар буалдыр сағым ғана. Еліте түс мені, буалдыр сағым! Масаң шақта ғана түстегідей тау сұлулығын сезінуге болады.

(Жалғасы бар)

Аударған: Байсенім Әбдібек

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: qq.com

M. Auelkhan