Естай Божан. Екі портрет (әңгіме) #2

Естай Божан. Екі портрет (әңгіме) #2

(Басы мұнда)

Мен бұл қатарлы ойымда мыңдаған жарық жылындық жол басып тұрғанымда, анандайда тұрған ол мені өзіне оқыс жалт қаратты. Бұл қарату қимылдан, сөз немесе сыбдырдан емес-ау, бұл бәлки магнит өрісі не көзге көрінбейтін энергия. Көзіне көзім тіке барып қадалды... теңселіп кеттім... жаным маңдай тұсымнан бастап ажырап жерге құлап түсті, тәнім табанымнан еденге шегеленіп қалды. Көз шарасы қандай үлкен, мөлдір қара көздің сонша тұнықтығын, тереңдігін адам баласынан бірінші көріп тұрым, һәм мұң ба, кек пе әзірге анық емес бір иірім жатыр онда. Ол мені қаратқанда менің жаңағы ойша келген бекімімді сезген, сосын маған бірдеңе айтпақ. Айтпай-ақ қой, сездім, оқыдым. Ол маған «Жоқ, мені олай жібере салып, мүсіркемеңіз!» деді көзбен. Ғасырдан ұзақ, минуттан қысқа уақыт арасында екі жанның көзбе-көз диалогы жүріп жатты:

- Тіпті маған сіздің ақша төлеуіңіздің де керегі жоқ?

- Қалай сонда, сен Виктория Меран емессің ғой?!

- Ол екеумізде бір ғана ортақтық бар – мен өз еркіммен келдім.

- Жоқ, сені бір долы сезім алып келді...

- Маңызды емес, маңыздысы мен өз аяғыммен келдім емес пе. Әрі ар мен ұятым үшін келдім. Сіз менің портретімді салудан бас тарта көрмеңіз. Менің портретімді салушымды өз ұлтымнан бұйыртқаны үшін ғана Раббыма миллион мәрте алғыс айтам.

- ... түсіне алмай барам, - дейім оған, шынымен көзім алдым тұмандана берді.

- Ертеңгі кеш мені алғаш рет жат жыныстың қойнына салғалы тұр.

- ... - мен енді оған көзбен жауап беруден қалып, суқараңғы қарап тұрым.

- Сіз менің дәл әзірге дейін тәнімнің күнәдан пәк екенін анық сезіп тұрсыз, солай ма? Ертең осы уақытта мен жат жынысқа етегімді ашамын, бүтінімнен жарылам...

- ... - тыңдаудың өзі қандай қасірет.

-  Мені қауызымнан аршып алатын бөгде жынысты өз тегім, өз топырағымнан да емес, неге келгенімді түсінген боларсыз? Сіз менің ең соңғы адал тәнімнің портретін алып қалыңыз...

- Мұның қажеті бар ма? - менің бұл сөзім өзіме де ұнамады.

- Ойлаңызшы, әрнені образдап, астарлауға құмар сіздердің тілмен айтқанда мен бір шоқ қызғалдақ, тамырым өзімнің торқа топырағымда. Ана терезенің сыртындағы қоғамды көріп тұрсыз ба, ол менің топырағымның үстінде құрылған. Алайда ол өз қызғалдағын қорғауға шарасыз, дұрысында құлықсыз. Пәктің құнын дауламайтын қоғамда, жаттың қолымен жұлынған қызғалдақты кім санап жатыр? Соның өзі біртүрлі саудалау емес пе? Менің арымның құны ол қоғамда бағалана ма? Тәнімнің құны ше? Сол үшін кінә арта алам ба оған? Тән құнын санаған жұртқа ар құнын даулап сөзім өтер ме?  Қалталы келімсектерге жұлынған қызғалдарқтарды өгей көріп мінегенде, мінін кім өзінен көріп жатыр, ағатай? – бетімнің оты шығып барады. Доғаршы деуге дәрмен жоқ... ол енді «Сенге» ауысты:

- Намысыңа болайын, пәтеріңе тығылып көркемөнер деп күн өткіздің, иә, онсыз ұлт та мылқау-зағип, алайда сен сырттағы ардың арпалысын айнытпай салып бере алсаң бұлай өртенесің бе? Тақырыптан тұралған күндеріңде оны алқам-салқам өмірден іздемей, өз арыңнан сұрасаң нетті?

- ... - ол қайта «сіз» деп бастады.

- Сіз менің портретімді салуға тиіссіз. Бұл менің ең соңғы пәк қалпындағы жаным мен тәнімнің портреті боп қалады. Тән менікі, ар сіздікі. Сіз менің пәк күйімнің құрығанда бір бейнесін алып қалыңыз, сосын ешкім сенбесе де менің тұмадай күнімнің болғанына сіз куә болыңыз. Мыңдаған қызғалдақтардың соты болса, жалғыз ақтаушы сіз болыңыз.

Мен оны натурашыға жалдап тұрғам жоқ, тіпті ол маған мені салшы деп өтініп тұрған жоқ, бұл бұйрық беріп тұр.

- Қаласаң киіміңмен-ақ болсыншы, солай салайын! – мен жалына бастадым.

- Жоқ, лыпасыз болуым керек! Себебі, онда да солай болмақ, - ол терезені нұсқады. Мен ештеңе айта алмастан, еріксіз оны моншаға ымдай беріппін.

Ол жуынып, бір қабат әппақ жұқа кірлікпен ғана оранып шыққанға дейін, өң мен түстің арасында жүріп, бояу, қылқалам және биіктігі кісі бойындай тік төрітбұрышты ағашқа керілген матаны әзірлеп тұрдым.

Қара мақпал шашының беліне тақау ұштарынан мөлдір-мөлдір тамшылар құлап, жеңіл басып келді де, бөлменің төр жағына менің нұсқауымсыз барып тұрды. Сосын қалай тұрсам болар дегендей маған сұраулы қарады.

- Өзіңнің еркіңде, қалай тұрғың келеді... – дедім, біз әлі де жанарлардың тілімен сөз алысып тұрмыз. Ол қабырғаға теріс қарап сәл тұрды. Алақанымен албырап тұрған жүзін басып терең күрсінді, сосын басын оқыс жұлып алды да маған бұрылды, манағы кербез күйіне еніп:

- Мына орауыштың жалғыз байлауын сіз ағытыңыз, менің қолым барар емес, - деді тағы да көзбен тіл қатып.  

Патшадан «мені өлтір» деп бұйрық алған жендеттей екіұдай халмен оған қарай жақындадым, жақындай түстім, тіпті міне дәл жанына келдім, әуелі оның жүрегінің кеудесін аласұра соққылап тұрғанын да анық түйсініп тұрым. Тынысының жиілеп, әппақ кірліктің ары жағындағы бұлтиған, жұп-жұмыр екі омырауының дегбірсіз қозғалысына дейін ап-анық сезем. Бір қабат шүперекті шешіп алу дәл әзір мен үшін Аршыға дейінгі ғарышты сыпырып алудан да әрмен ауыр. Оның ар жағында сұлу тән, мүмкін музаның ұлы тәні. Қиыны сол  –  жан мен тәннің күнәдан пәк таза қалпы, қыз бен әйел шекарасы ораулы тұр. Одан да маңыздысы – ар мен намыстың кірлеуден тәулік бұрынғы қалпы – менің Арым, менің Жаным тұрды. Асатыннан менің бойыма бір күш енді де, қолымды орауыштың байламына қарай көтерді. Ішкі менім көмекке енді келді, білем: «Бұл сенің қалауыңнан бұрын, міндетің. Сен қазір күллі қоғам алдындағы мінбеде тұрсың, алдыңда қайталанбас портрет, екі тумас образ және аздаған уақыт пен тар кеңістік тұр. Бұл тек сенің ғана қолыңнан келеді,» деп өтті «менім».

... Мен ақыры байлауды ағыттым. Пәк тан ораулы, байламынан шешілген кірліктің жиегін қолыма мықтап ұстап сәтке аялдадым да, көзімді қыз жанарына қадап тұрған күйде кілт тастап жібердім. Әппақ кірлік ауамен қалқып, ұлы да сұлу тәнді аймалай үйіріліп жерге түсті. Оны қайтып көтеріп алу енді мүмкін емес-ті. Қардай әппақ кірсіз тәннен бойымды бір жұпар леп ұрып өткенін сездім. Кірлік жерге қалай жайрады, қыз көзі солай жұмылып кетті. Сүңгі кірпігі қайта ажырағанда байқадым мөп-мөлдір жасқа малтығыпты. Кенет енді оның жанарында мана алғашқы долылықтан да әрмен дүлей бір сезім ойнап шыға берді. Енді ол маған назарын да салмай, құдды менсінбегендей асқақтап барады, мен оның қасында өзімнің тым құнсыз боп қалғаныма қорланып кеттім. Алайда дәл осы сезім мені суретші қалпыма әкеп мықтап орнатты.

Келесіде әрекетімді ширатып, қылқаламымды қолыма алдым. Әлі бояуға маттырыла қоймаған қылқаламды матаның бетіне апарғанша менің ойымда нені, қалай бейнелеу туралы түйсіктің қарасы да болмаған, тек мата бетіне ұшы қалай тиді, қаламым солай жұлып ала жөнелді... мезетте бір асау шабыттың жалына қонғанымды сезіп тұрмын. «А, Құдай, а, Құдай!» деп салды «мен». Қарындашпен нобайламай бірден сызатын әдетіммен енді қаламды бояуға матырып еркін сілтей бердім. Сананың тереңдегі маниторында бір ғана «қызғалдақ» деген сөз тұрды... Қыз маған тура қарап тұр, шашы иығынан қара түндей құлапты да тоқ омырауын жартылай жауып кеткен. Екі иығы қомдалып, кеудесін қусырып алыпты, бірақ иегін биік ұстап, көзінің астымен маған тіке қадалыпты жүзі. Екі қолы алдына салынған, алтын құрсағы мен одан төменгі аярын қос қолдап жауып алған. Оң аяғын да алдына салып, тізесін сәл бүгіп көтерген... Бұл нағыз әйел затының лыпасыз қалғандағы арының арпалысы. Тап осы суретті бұдан бұрын тек фантазиясына кісі бойлай алмайтын бір ақынның «Жасыл көйлек» жырынан көрген едім...

Сурет, бұған дейін шетінен ортасына жиыратын әдетімнен жаңылып, дәл ортадан, алғызыл ноқаттан басталды. Ұмай кіндігінен таралған алғызыл нұр қыл қаламмен жан-жаққа жайылып барады... Ақ – пәктік, қызыл – намыс пен қан, араласып кетті. Шет-шегарасыз қауышып жатқан осы екі рең тұтас қыз, жоқ, Ұмай тәнін шарпып тұрды. Ұмай жүзіне келгенде бәрі сәтімен барып, дәл жанардың тереңіне қалам салғанда реңнен жаңыла бердім, әлде матаға бояу қонбай кетті ме... жоқ, анда қыз, мұнда Ұмай жанарының жасы парлап тұрды. Жаққан бояуым жаспен жүзіне жолақ боп ағып барады. Сол күйінде қалдырдым... өзімнің де жанарым пора-пора. Қалам ұлы тәннен шыққасын, тізгін жұлған асаудай құныперен құйғытты: «көшпелінің топырағы көң жұпары аңқыған... түңкелі дала, бөрі ұлыған бозаңыр... көкжиек діріл қағады, бір жалын содан барып көкке қанат қағады... салқын аспан, бірақ жарқын, жымыңдаған мың жанар, көк сүңгісін үзіп жерге лақтырады ту ғарыш:  «Мен білмеймін –  кімдер өшіп, кім қалар»!

****

Оның қалай шығып кеткенін сезбедім, тек портретке қарағандағы көзінің жасы ыршып-ыршып кетіп, маған алғаш рет жылы қарай қалғаны, сосын, кетерде ернімді ернінің табы жалғыз рет өртегені есімде. Ол кеткен кезде таң құланиектеді, бұл мен жарты жылдағы көрген жалғыз таң болды...

****

Күн де батты. Түнның өлі сұлбасы елбеңдеп келіп жығылды да мызғап барады. Терезеден сұп-сұры бір әлем беті қызармай сығалайды. Бұл түн ол қыздың ақ ары мен пәк тәнін алып барады. Оның ана топырағындағы адал күйі менің портретімде қалып барады. Қайран қызғалдақ! Жүрегім жанып барады...

Салған портретіме күні бойы қарай алмадым, міне түн қараңғысы орнай бере бетіне жапқан, кеше түні қыз оранған кірлікті сырыдым. Жүзімді бір ыстық жалын қарып өтті. Ұмайдың оты өртеп тұр...

 

Жылқы жылы, 17 маусым

08 сағат 49 минутта аяқталды

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

M. Auelkhan