Джоанн Харристің "Шоколад" романына рецензия

Джоанн Харристің "Шоколад" романына рецензия

Бұл бір туған қызынан өзге ештеңесі жоқ бейбақ, мәжнүн әйелдің бақытсыз тағдыры туралы дерсіз... 

Бір қарағанда солай. Екінші жағынан – бұл мына әлемді ұстап тұрған жылулықты бойына жиған туынды. Және бұл, екінші тұсы, біріншісіне қарағанда әлдеқайда басымырақ.

Кей кітапты бастаған соң, қайтып одан бас алу қиынға соғады. "Шоколад" дәл осындай сирек кітаптардың бірі. Туындыға тереңдеген сайын шоколадтың дәмі таңдайыңа үйіріліп, шоколадпен қоса әлемге үстемдік құрған махаббаттың шырынын да татқандай боласың. Қыз бен жігіт арасындағы үлбіреген, нәзік романтикаға толы махаббат емес... 

Басты кейіпкер – Вианн Роше есімді ашық мінезді, бар адамды өзіне баурап алатын қасиеті бар, жұрт шырмалған торға түспек түгілі, көз қиығын да салмайтын азат, ақылды әйел. Ол сырт көзге сондай еркін, тік адам болып көрінгенімен, оның да ешкім білмейтін ішкі қорқынышы бар. Біріншісі – қызы Анукты жоғалтып алам ба деген тұманды қорқыныш болса, екіншісі – Қара Адам. Қара Адамның кім екені кітаптың бас жағында құпия түрде қалғанымен, соңына қарай айқын ашылады. Қара Адам – образ. Әркімнің жүрек түкпіріне өзі ғана білетін қорқынышты құпиясы жасырынып жатады. Вианн әйтеуір не нәрсе істемесін, Қара Адам желкесінен төніп қарап тұрғандай, не миығынан мысқылдап күліп тұрғандай сезінеді. Ол – тек осындай қорқыныш қана емес, өмір сүруге, алға ұмтылуға жетелейтін үлкен күш те. 

Вианн әлемнің біраз түкпірінде көшпелі өмір кешіп, бірде ана тұстан, бірде мына тұстан нәпақасын тауып жүріп, ақыры өзінің бұл өмірінің мәнсіз, мағынасыз екенін түсінген соң, ел қатарлы бір жерде тыныш өмір сүргісі келеді. Ланскне-су-Танн атты шағын қалашық кішкентай қызы екеуін құшақ жая қарсы алғандай кейіп танытқанымен, бұл жақта оны толағай күрестер күтіп тұрған еді. 

Әйелдің басты дұшпаны – шіркеу қызметкері Рейно. Вианн жаңа жерге қоныстанып, "Аспан миндалі" атты шоколад дүкенін ашады. Ол жақта тәтті-пәттімен қоса, адамдар жүрек жалғап алуы үшін шәйді қоса береді. Осы ісінен астар көрген Рейно әйелдің бұл қылығын қостамағанымен қоймай, астыртын түрде қарсы шаралар ұйымдастыра бастайды.

Вианн Роше болса, кеудесін тік ұстап, өз ісімен айналысып жүре береді. Осылай оқиға өрби түседі.

Бұл тұста Вианн Рошенің бірбеткейлігінен, мықтылығынан, күрескер келбетінен үлгі алуға болатындай. Ол тіпті күйеуінен қорлық көрген Жозефина Мускатты жаңа өмір бастауға итермелейді.

Шығармада әйелдер қауымы әлсіз емес, керісінше мықты бейнеде көрінеді. Ал ер адамдар керісінше бейнеленген. Тіпті жағымды кейіпкерге саналатын Рудың өзін аса намысқой дегеннен гөрі ашушаң деген дұрыс секілді. Бұл – кітап авторы әйел жазушы Джоанн Харристің көзімен қарағандағы кейіп деп ақтап алуға болатындай.   

Кітаптағы бас кейіпкердің өміріне етене араласып кеткен Арманда Вуазен әжей айықпас дертке шалдыққанымен, дәрігерге барудан ат тонын ала қашады. Ал оның дүниеқоңыз қызы Каролинаның өз анасына жаны ашымайтыны біртүрлі түсініксіздеу...

Роман көп оқырман күтпеген тосын жағдаймен тәмамдалады. 

"Шоколад" романы төрткүл дүниенің нәзік жандылары ғана қызығып оқитын тұщымды шығарма деп баға берсек, қателескеніміз.

Сондықтан, Джоанн Харристің "Шоколад" романын міндетті түрде оқуға кеңес береміз. Әсіресе дәл қазір Жаңа жыл қарсаңында оқу үшін таптырмас кітап. Өйткені, бұл туынды – таңғажайып оқиғаларға толы... 

Беретін бағам – 10 ұпайдың ішінен 10!

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова