Жаздың соңғы күндері-ай, жан мұңайтқан

Жаздың соңғы күндері-ай, жан мұңайтқан

Массагет порталы биылғы жаздың соңғы күнінде қазақ ақындарының жаз туралы өлеңдерін ұсынады.

Биылғы жаз жаңбыр боп өтті

Биылғы жаз жанбыр боп өтті,
Ұсақ балапан жаңбырлар
Мөлдір жаңбырлар
Теректерге жауды да кетті.
Сенің толқын шашыңа,
Сол жаңбырлар меруерттей тізіліп қалды.
Есіңде ме тау басында,
Көзіңнен бір моншақ үзіліп қалды.
Шықпайды тіпті есімнен
Ол былай еді:
Көк төсінен
Мөлдір моншақтар
Төгіліп құлай берді,
Төгіліп құлай берді.
Сен пана іздеп жалғыз еменнен
Қияда қалдың тұрып.
Түсіп жатты төбеңнен
Тырсылдап жаңбыр ұрып.
Еменнің қабығын жай
Сен оқыс аршып едің.
Түсіп жатқан көк жауынындай
Мөп-мөлдір тамшы көрдің.
Жалғыздығыңды сол емендей
Есіңе алдың.
Жас күнің үшты заулап
Көзіңді көлегейлей
Бір тамшы жас түсті аунап,
Еменнен көрдің өз тағдырыңды,
Төктің моншак, жаңбырыңды.
Жаз көркін ашу үшін
Шалғынға бөлеп,
Жан өртін басу үшін
Жаңбыр да керек.
Биылғы жаз жаңбыр боп өтті.

Сырбай Мәуленов

Жапырақ – жаздың жүрегі

Тыңдаңызшы!
Жас шынар ән салып тұр!
Білесіз бе?
Қымбат шақ қаншалық бұл?!
Ән салып тұр мәңгі іңкәр жапырақтар
Көздеріне көк жасыл тамшы алып бір,
Әнсіз олар жеткізсін қайдан бәрін?
Айтып жатыр:
Жас өркен жайғандарын,
Көктем мен қыс,
жаз бен күз
арасында
Күрес барын,
бітпейтін майдан барын.
Тыңдаңызшы!
Тым жақсы әндетеді,
Айтады олар:
Дүние сәнді екенін,
Бір жаманы —
бұл ғұмыр қысқа екенін,
Бір жақсысы —
махаббат мәңгі екенін.
Қандай шынар!
Сұлу да, биік те тік!
Бір-біріне қылығын сүйікті етіп,
Қараңызшы, дірілдеп қуанады
Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп.
Самал желге —
жүгірген тасып хабар —
Сыр айтады ұзақ та,
ашық та олар.
Күрсінеді,
қарайды,
біз сияқты
Бір-біріне олар да ғашық болар?
Басатынын біле ме ақыры ақ қар,
Жаздың жырын тыңдайды атырап бар..
Сабағынан сарғайып үзілгенше
Өлең айтып өтеді жапырақтар.

Күләш Ахметова

Сыз. Нөсер. Күз...

Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

Есенқұл Жақыпбек


 
Жаздың соңғы күндері-ай!..

Әлденеден қалғандай жараланып,
Мына әлемге соңғы рет қарап алып,
Қалт-құлт етіп Ертістің толқынында
Жаздың соңғы арманы барады ағып.

Жаздың соңғы күндері-ай,
Жан мұңайтқан,
Үнсіз көніп үкімге тағдыр айтқан
Кеткеніңмен,
Келерсің жыл айналып,
Ұмытпасаң болғаны жолды қайтқан.

Аспан – күңгірт...
Бұлттардың жанары – шық.
Жан берісіп тағы да жан алысып,
Жалт-жұлт етіп құстардың қанатында,
Жаздың соңғы сәулесі барады ұшып.

Жаздың соңғы самалы,
Жылы... салқын...
Шолпанмен де, Аймен де ұғысар Түн
Бәрі - ғайып...
Жарықтық жапырақтар –
Көктен жауған жез бен мыс, күміс-алтын!..

Тамыз түні түрге еніп қарақошқылт,
Бір дауысты құмыққан қалам естіп.
Көз жасына малынып Көк Аспанның,
Жаздың соңғы күндері барады өксіп.
Жаздың соңғы күндері-ай,…

Қалқаман Сарин

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы...
 
Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
“Қош” деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.
 
Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,
себелекті келгендей өлең еткім,
жаңбыр иісі... ашылған терезеден
әнін шырқап қоямын көбелектің.
 
Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...
 
Ерлан Жүніс