Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап, айырылып досынан…

Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап, айырылып досынан…

Көрнекті ақын Есенғали Раушановтың қазасы қаншама жүрекке мұң тастап кетті. Ақынның достары, іні-бауырлары, оқырмандары қайғыра еске алып, жоқтау үстінде. Назарларыңызға Есенғали Раушановқа арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз. 


***
Терісіне тер сіңбей,
О да кетті мына жерді жерсінбей.
Біздің ел де қызық ел ғой, жүретін
Жетесізі – жетелісін теңсінбей!
 
Кетті ол...
Құсын талай қимай ұзатқан,
Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.
Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,
(Жолы болғай!),
Кетіп қалды бұ жақтан.
 
Сонда отыр ғой Алашыңның асылы.
Алшысынан түсіп күнде асығы.
Онда миын ашытатын ешкім жоқ,
Осында ғой дүниенің пасығы?
 
Сасығы...
Сыңғырлаған сиқырлы оның күй – іші,
Періште мен періштенің сүйісі!
Келмейді ғой біздің мына мұрынға.
О жақтағы ұжмақтың иісі?
 
Көп ел бізде дәмелі сол ұжмақтан,
Мағжандарын өз қолымен ұзатқан?!.
...Жүре бермей бір иісті иіскеп,
Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.
 
Серік Ақсұңқар
 
 ***
Жалғаннан Есенғали ағам көшті!
Ол дағы нар құлжадай аран кешті!
Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген
Жетектеп жүре берді тәмам көшті…

Уа, көшті!
Көшті деймін Есен ағам,
Сумиып қала барды көсе-ғалам…
Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,
Кісінеп: “Ием қайда?” – десе маған?..

Светқали Нұржан

***
Ақ кемедей ақша бұлтқа  шым батқан
Өтті  Есағам, кетті Өлең…
Бүгін маған қара  хабар  тыңдатқан
Телефонды жек көрем!
 
Жек көремін,
Жағдайым жоқ ұғатын
Аяп, көңіл айтқанды,
Ақындарға қазанама шығатын
Газеттер мен сайттарды.
 
«Көз жасыңды төге берме сен енді…»
Жұбатады кәрі іңір.
Жазбасыншы  «ақын өлді» дегенді,
Оқымаймын бәрібір…
 
Өзімді алдап, өтірікпен достасып,
Мен отырмын түн ішіп.
Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,
Жылап жатыр  бүрісіп…
 
Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,
Қалғаны – тек бос ұран.
Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,
Айырылып досынан…
 
Гүлнәр Салықбай

  
***

Қайдан білейін,
ғұмырда бір сәт қуанды ма, әлде кейіді ме,
Қана алды ма елдің мейіріне?!
Ертемен айтып,
ебіл де дебіл еткенің немене біздерді,
Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!
 
Біз жылағанда сен орамалыңды алып жетпеп пе ең,
Өткен түн қалай текке өткен?!
Ебіл де дебіл ал, жыла енді,
ал, жыла,
Есенғалиы жоқ көктем!..
 
Есенғалиы жоқ Алматы!
Шула қайыңдар,
жыр тілеп,
Шулаңдар таулар, дүниенің жанын сілкілеп,
Қайсыңа барып көңіл айтайын,
беу, дүние-ай,
Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!
 
Өлеңнен бүгін құстар ұшады қаңқылдап,
Аспандайды олар даңқыңды ап,
...Қарайлауменен қалған да өмір өтеді-ау, көке,
енді бұл,
Қайсыбір тұстан шыға келер деп жарқылдап...
 
Ерлан Жүніс
 
 
Аза-нама
 
Есағам да кетті өмірден,
Өмір сенде не қалды?
Бізді қойшы, жұбанармыз, келген құсқа обал-ды.
Бір тақсірет түс екен бұл,
Дүниенің алдынан,
Алтын дәптер, күміс қалам жоғалды.
 
Құс біткеннің жоқтау әні – көк ала аспан,
Қара жер –
Қара жерде қаралы көш, қаралы ел.
Құстың пірі – Есенғали –
Құс секілді бейкүнә,
Құс секілді жаралы ер.
 
Қайда кеттің, құс біткенді сыңсытып,
Түс көріп ем, түсім менің шым-шытық.
Қайда кеттің, Маңқыстауды күрсінтіп,
Ыршығыңның ащы жасын ыршытып.
 
Құс тұмсықты қаламыңа тұнып қалды сыя мұң,
Бозторғайы боздап қалды кеудемдегі ұяның.
Домбырамның шегі үзілген секілді,
Күмбірлеп кеп, кілт үзілді күй ағын.
 
Достарыңа көңіл айтам, құс көңілі қаралы,
Қазағыңа көңіл айтам, жаны да оның жаралы.
Құс біткенді аман-есен Алматыға қондырып,
Құстың пірі – Есенғали, көкке ұшып барады...
 
Жанат Жаңқашұлы


 
***
Қазір жаңбыр төгеді қара да тұр,
Көз жасына малшынып дала да, қыр.
Әуенінен жаңылып құс біткен кеп,
Қиқу салып әр тұста қалады ақыр.
 
Тұр ғой әзір түк сенбей, шерге езілмей,
Шын ақын-ды Алматы ол да өзіндей.
Сәлден кейін Алатау өксіп бастар,
Қос иығы селкілдеп еңгезердей.
 
Өкінішке сенбеді ол әл-әзір,
Қамсыз тұр-ау, қайран қап, қала қазір.
Сәлден кейін өкіріп қоя берер,
Жоқтау айтып,
Төгілтіп далаға жыр.
 
Сұрғылт бояп қаланы, тауды бір өң,
Сеңдей соғып, баурымдап барлығымен,
Ақ жаңбырға малшынып,
Сенделерміз
Сәуірдің жаңбырымен,
Абай даңғылымен...
 
Аслан Тілеген





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар