Батырхан Сәрсенхан: "Бұл өмір – бір қыры шағылған бөтелке"

Батырхан Сәрсенхан: "Бұл өмір – бір қыры шағылған бөтелке"

Батырхан Сәрсенхан – 1995 жылы 28 наурызда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан ауылында туған. Бірнеше Республикалық мүшайралардың жүлдегері.

ЭЛЕГИЯ

Бір сұлу туыпты

туғандай ай беті,

туғандай аспанның самала шырағы.

Әлбетте, туғанда болмады көйлегі,

болмады өмірге сұрағы.

Нуларды кешіпті,

кешкендей тау гүлін,

Көнерген жазбаның сүйгендей сөйлемін.

Он беске толғанда

сезіпті барлығын,

барлығын нәп-нәзік махаббат дегеннің.

Беймәлім келері,

беймәлім өткені,

бүлдіршін бұлттардай гүлдерге жаумаған.

Туғанда оңынан он сегіз көктемі,

Жолықты

жолықты

жолықты ол маған.

Неге ерте,

Неге кеш,

Неге күн,

Неге түн,

Неге ойдың көре алмас көздер бар салмағын.

Мен оны он екі жасында білмедім,

Он жаста жыласа жұбата алмадым.

Секем бе,

Күдік пе,

Сейіл ме,

Сенім бе,

бойыма жұқтырар күрделі келісім.

Ол үшін қуанып көрмегем өмірде,

Жұбана білмегем және де ол үшін.

Жолықты,

Жолықты,

жолыққан күн жайлы,

ешбір жан тебіреніп жаза алмас роман.

күн болса қанқызыл саусағын бұлғайды,

ай болса ескіше орнында тұр аман.

Кеттік біз

екіге

жарылған жолдармен,

сабылған жолдармен сүйретіп үмітті.

Сан ғасыр дауысы қарылған жолдармен,

сүйретіп үмітін сансыз жан жүріпті.

Біз емес,

біз басқа,

біз болмас

ешкім де,

бұршақ та үзе алмас сезімдер сабағын.

Жамандық көрмеші жұмыр жер үстінде,

Жақсы бол. Сол кезде мен жақсы боламын.

СЕН ЖОҚТА...

 (Хадишаға)

Сен жоқта

адамзат неше рет өзгерді,

неше рет көктемгі ұлудай түледі.

неше рет қараған қойқоңыр көздерге,

неше рет толқытқан арудың білегі,

әкеңді сезіне білсең ғой бүгіндей.

сен жоқта ежелгі Шумерлер тілінде

Гилгамеш туралы жазбалар табылды.

және де Византия елдері бірінде

дабылдар қағылды.

адамдар алғаш рет от жағып үйренді,

алғаш рет тайпалық одақтар құрылды,

үйренді бақсылар аса алып билеуді

садақшы сарбаздың иығы жырылды.

және де

Пифагор мектебі ашылды,

Эфклид ұстаздық жасады ғасырға.

неше рет жауындар төпелеп, басылды,

неше рет үрейге бөледі жасындар.

сен жоқта Пайғамбар дүниеге келген-ді,

ілімін таратып жалқаулау жаһанға,

кезіпті, кезіпті алуан шөлдерді,

ғаламға мәуесін, сәулесін шашарда.

және де

бермудқа кемелер жұтылды

жұтылған секілді ескілер жаңаға,

күн қанша күңіренді,

ай неше тұтылды,

әрбірі сиясын бояды санаға.

сен жоқта ер Данте елі үшін жан берді

байрағы бейдауа бөгелек кезеңнің.

Бруно өртелді,

Коперник сенделді,

адамзат алқызыл түстерге безенді.

жер құшты қаншама, қаншама жас сәби,

жас сұлу тым ерте ілінді құрыққа.

және де туылды Ахмет Иассауи

ол менің ұстазым екенін ұмытпа.

сен жоқта Мәулана мәснауи қалдырды,

жүрегі өртеніп ышықтың отына

өр Хафиз,

мені естен, мені естен тандырды

сен оны сүйе біл, сен оны бақыла.

және де Мәжнүннің, қарашы, зарына

ол үнсіз әуендер оқиды кереңге.

назар сал әр бұта, әр саусақ табына,

хақиқат әрқашан, әрқашан тереңде!

сен жоқта жүрдім мен жолдармен не түрлі,

аламан жастықтың бағында теңселіп,

ол күндер паравоз түтіні секілді

бәріне сүйініп, бәрін де еңсеріп

келемін. Қызым, сен, өзге бол менен де,

шалдықпай салғырттық аталар індетке.

еш әуес болмағын жазу мен өлеңге

содан соң

өзіңді сүйгенді құрметте.

ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖАЙЛЫ ОДА

Желке тұсы, кірпігі, қарашығы,

ән салады мейірі, жаны ашуы,

жауырыны, мойыны, қатар тісі,

тең өлшенген Тәңірдің жарасымы

ән салады. Кекілі, көзқарасы,

ән салады қазақтың паң даласы.

саршұнағы, жусаны, суырлары,

ымырт сіңген қаланың қарбаласы.

Ән салады бүршігі, қасат қары,

келіншектал, майдамтал шашақтары,

бөртегүл мен қалампыр пиязшығы,

иектері кемсеңдеп жас аққалы.

Сақ ұланы, сырбаз ер, шаһит баба,

оянады жымиып жатып қана,

оянады тылсыммен уағдаласып,

алтынменен жағасы жақұттана.

Оянады Қозы мен Баян жаны,

қобыз кеуде құлпытас шайырлары,

оянады морт сынған ер найзасы,

бұршақ толы бойтұмар мойындағы.

Оянады абыздың мол арманы,

телміргені, тапқаны, жоғалғаны,

жүрегіне сіңгені, толғатқаны,

дүбір-дүбір болашақ қадамдары.

Ән салады бешпеті, алақаны,

ой жанары, сана іші, жан отауы,

күбірлесіп тұнжыр кеш дұға оқиды,

бір әуенмен қызғылтым таң атады.

Ән салады түйсігі, түймелері,

көктем бейне аспанкөз түрге енеді.

күмбез дүние әнімен буланады,

ол тек қана армандай білген еді.

СУ ПЕРІСІ ЖАЙЛЫ ЕРТЕГІ

1.Су ханшасы теңіз балдырлары мен

2. қоңыраулы медуза шашақтарына қарайтын

3. таңдана. Ал, түнде, теңіз бетіне түскен

4. жұлдыздар жарығына елтіп жоғары

5. ұмтылатын. Бірде су бетіне шықты

6. және кеме көрді қираған. Дауылға

7. тап болған кеме ішінде жалғыз

8. ханзада жатты демігіп. Сосын

9. су ханшасы оны жағаға шығарды,

10. ақырын жиды есін. Ханзада оянғанда

11. су ханшасы тұрды көз алдында.

12. Өзі сұлу, көркем. Бірақ аяғы

13. балыққа ұласқан аруға таңдана

14. қарады ұзақ...

II.

15. Бұл көзқарас жүрегін қарс айырды

16. су ханшасының. Балық аяғын қалайда

17. армандады қалыпты адамның қос аяғына

18. айналдыруды. Бұл тілегін теңіз бақсысы

19. жеткізді сегізаяққа. Сегізаяқ оған қызыл

20. сұйықтық құйылған берді құтыны.

21. Таң рауандаған тұста сұйықтықты

22. ішер болса, балық аяғы адамның қос аяғына

23. айналарын айтты оған.

III.

24. Шынында, таң шапағы шық бетіне

25. қонар тұста,

26. Күн бұрымы қырқаға асылар тұста,

27. су ханшасының аяғы тең басып,

28. қосылды адамзат сапына. Мұнан соң тезірек

29. асықты ханзада сарайына. Кешқұрым екеуі

30. қайта көріскен сәтте ханзада

31. су ханшасының ұзақ қарады таңдана

32. тең басқан аяғына...

IV.

33. Әлқисса, сонда ханзаданың су ханшасына

34. айтқаны:

35. – Алғаш көргенде ұнаттым сені.

36. Сен ерек едің, көркем едің. Бар еді өзіңе тән артықшылығың.

37. Енді, міне, бірі болып шыға келгенің не

38. көп ханшаның?! «Біз адам баласын ең көркем

39. бейнеде жараттық» аятына қарамадың ба?!

40. Немесе Інжілдегі «біз әр адамға бір артықшылық бердік.

41. Егер ол одан айрылса – құнсызданады»

42. даналығын алмағаның қалай қаперге?!

43. Адамның сүтағаштай артықшылығы болса, оны уақыт өте өзі кемшілік деп

44. ойлайтыны несі екен?! Неге кекіліндегі

45. сұлулықты көруге мұнша сараң көздер.

46. Ерек тіршілік иелері еш ерекшелігі

47. жоқ бір сарынды жүз ағзаны білсе

48. өзін солардай болмағаны үшін

49. кінәлі сезінеді, аяусыз өзін айыптайды, неге?!

50. Ол дара болып туғаны үшін

51. шексіз ләззат сәулесіне бөленбес пе?

52. Сенімділік оты жоқ болса кімде

53. күйсін жүрегі шоққа!

54. Әр тіршілік иесі ғаламның

55. сұлу бастапқы болмысымен!

56. Түпкі раушанжүз жаратылсынан қашқан жан

57. Өмір бойы қашқан жолын іздер!

58. Көңіл Тәңір сырларының биігін шалар болса,

59. жан ғарышқа қарай жүгірер екпінмен.

60. Пәк жан ғалам нұрына қалар қайран,

61. ал, сәулесіздер құлы тәннің!

62. Қара нәпсіге елтіген жанның тән бұтағы мыңға

63. жетсе де көктемес,

64. арыла алмас азапты тұманнан.

65. Адам денесіндегі оғаш сипаттар жол ашар

66. кейде жанның әсемдік шыңына.

67. Өзіңді түрмеден босат,

68. Өзіңнен өзіңді көр!

69. Бір күдік бейне екеу болып сезілер,

70. шапсаң бірін, екеуі де қалмас.

71. «бар» мен «жоқ» ұқсас жазылғанымен

72. арасы аспан мен жердей болар.

73. Ей, арықтан аттаушы!

74. Ей, арықтан асып өтуші!

75. жарылғыш секунд көлеңкесіне мас болғаның не сенің?!

76. Егер бұл дүние бақыты құс кейпінде болса,

77. қанаты бөлек болар еді оның да.

V.

78. Су ханшасы бұл сөздерден соң

79. бақсы сегізаяққа жүгінді қайта.

80. Құтыдағы сұйықтықты ішіп,

81. оралды ежелгі қалпына. Солайша

82. айналды хас сұлу ханшаға!

83. Ғұмыр кешті шұғылалы

84. ханзада екеуі.


БІР ТҮННІҢ ТАРИХЫ

Мен білдім бе, білдім бе, жо, білмедім,

бұрқан сенім күмәнге көмілгенін.

алақандай ішіне жүрегіңнің,

Махаббаты ананың себілгенін,

іңкәрлігі әкенің бүрлегенін,

бүршігі оның қисапсыз түрге енерін,

Мен білдім бе, жылаттым білмегесін,

алабында жұлдызды гүлдер өсіп,

Тұрған еді.. жәудеріп тұрған еді,

Түн. Алматы.

жол алыс шегінерге,

құламайды деуші едім сенім өрге,

сөгілмейді деуші едім қабырғасы,

- Саған, күнім, айтпағым шағымда осы:

Сезімнен де, ойласаң,

талығуға болады жалығуға,

жек көріп те болады сағынуға,

бәрі адамның дертінен табылуда.

..Суынғанмын, мен сенен, алыстағам,

азбан жыл ма бөтендік табыстаған?!

Кешір мені, дін көңлім, өзгеде енді,

Өзге жүрек.. айта алман сөзбен, енді,

- дедім де, жүре бердім, жүре бердім,

сақ құлағым соңыма түре бердім.

Бұрылғанға соңына гүл өнер ме,

Жүре бердім жаңылып бір өлеңге,

Жүрек пе әлде, сағат па кеудемдегі?

аяңдаршы, сезімсіз шермендені,

аяңдаршы, сүюден ғапыл қалған,

көкірегі сөгілген көр кеудені.

Жас бұлдырай бұзылған бекіністен,

құмбыл жанар бұлақтап бетім іскен.

Көктем көшіп келеді, сол арудың,

бұрымына байланған өкінішпен...

ЛИРИКА

Жабырқау, жабырқау күз өтті,

ағаштар есінер қалжырап.

Күн сайын тәлімді, ізетті

болуды қалаймын. Ал, бірақ,

Неліктен? Не үшін? Не себеп?

сан сұрақ басады еңсені.

Зұлымдық оралар еселеп,

және оның болмайды өлшемі.

Бір адам хақында ойларда,

бір адам хақында сөйлерде,

ұмытып одағай жайларды,

көп әріп жұмсаймын өлеңге.

Бір жанның әкесі, бауыры,

әпкесі, ағасы, сүйгені,

бар оның, бар оның ауылы,

бөтенге ұнайды билеуі.

Маңызсыз дарынсыз дарынды,

темір ме, тіл ұшы семсер ме,

Мен кеше сүйкімді жарымды,

қиялдан жасалған өлшемге

сыйдырмақ болыппын. Ол деген

әйел ғой, әйел ғой, бауырлар!

тамағы, қолы бар көлденең,

тісі бар кей-кейде ауырған.

Әркімді жөтелі, жүйкесі,

жөнімен қабылдау керегін

сезінген, сезінген күйде осы,

жақсылық барына сенемін!

II.

Бір шәйнек қайнай береді,

ешкім де ішпейді бірақ.

Мен үнсіз ойлай беремін,

Соңына түспеймін жылап.

Қар сынды түспеймін, енді,

Қалықтап тұрам аспанда.

Ол мені іштей біледі,

өзіне құлақ асқанда.

Құрбыдан сұрар да, бәлкім,

Жұбатса күрең өлеңім.

Түн жайлы шығармаларды,

Оқимын. Күле беремін.

Бұлыңғыр қараша кеші,

Өзге етіс адамның жаны.

Сезімге бола сөнбеші,

Сезім ол –

зиянсыз дәрі.

Өшеді Неонның шамы,

Көшерміз бұлттармен долы.

Құрмалас адамның жаны,

Тоғыз қыш, бөз мата соңы.

Неге осы ойлай беремін,

соңына түспеймін жылап.

Бір шәйнек қайнай береді,

ешкім де ішпейді бірақ.

ЭПИТАФИЯ

Мырзалар, біліңдер бұл жерде қалғыған арудың табаны

КазГудың бойында жүрген.

бұрымын тербеген ебі жел самалы,

бұл жерде наздана күлген.

Мырзалар, біліңдер өкінген олдағы,

қуанған ұтқанда грант.

кезекпен ауысқан күндердің балдағы,

галлюцинация және квант

толғантқан оны да, біліңдер мырзалар,

ол мұнда пәтерде тұрған.

Есентай ұшында жүгірген жылғалар,

мойынын Шығысқа бұрған.

Бір жігіт қараған бейтаныс бекетте,

Ол бірақ өкінбес ешбір.

бұл өмір бір қыры шағылған бөтелке,

бұл өмір бүйірсіз қасқыр.

2.

Сейсенбі

Сәрсенбі

бейсенбі

Сенбі

сен үшін бақырдай бағасыз енді.

өмірде өлшеуге татымсыз тұтқа,

өзгеге көрінер Тәңірлік белгі.

Өтелмес уақыттың тұсаған жолын,

біз неге оқыдық физика пәнін?

Біз неге тыңдадық аспашам сөзін,

Біз неге санадық халықтың санын?

Біздерге ешқашан бермеген опа,

Біз неге үңілдік Құдайсыз хатқа,

Біз неге ояндық сөйлемес үшін,

Біз неге түсуді қаладық отқа?

Ғұмырды кешудің, қонудың ізге,

шындығын үлкендер айтпады бізге,

шындығын пейзаждар айтпады қолға,

шындығын айтпадық момақан түзге.

Буалдыр уақыттың бүркеген жолын,

өкінем өткенге химия пәнін,

Сейсенбі,

сәрсенбі,

бейсенбі,

сенбі,

ұстаның қолымен соғылмас енді.

3.

Қысқа и мен қалпақты й бір әріп пе?!
адам сыры байқалмас куәлікте.
түнереді көңілдер қуанып та,
қуанады кісілер түнеріп те.
Екі көштен тағы екі көш өреді,
топыраққа гүлзар бақ төселеді.
өткір емес қайшыда сес болады,
өмір мәнін білгенде қас өледі.
Естегі мен ойдағы өршеленер,
жақсы іске орнықса кеңсе берер,
көрінгеннің сипатын сүймегендер,
сүйе де алмас Тәңірді көрсе де егер!
Төмпешікке тіл бітпес, хош бітеді,
жылуы бар жүрекке жас бітеді.
құлан ала таңына бой бергенде,
көлеңкесі қауыстың кешкіреді.
Қайбір жерім сыздайды, жара сонда,
құмалақ та дәрменсіз жол ашарға.
көмген дене қайтадан көктемейді,
кідірмей мыңға дейін санасам да!..

4.

Қоңыр мен қызыл,

Жасыл мен сары.

Жұмыр мен түзу,

Арпа мен тары.

Асыл мен тәтті,

Мұхит пен құрлық.

Қатты мен қатты,

Шындық пен шындық.

Күлгін мен ала,

Көжек пен дию.

атыз бен дала,

Тағу мен кию.

Шабдар мен шұбар,

Бозғылт пен бөрте.

Сұрау мен сыңар,

Өмір мен өлке.

Масақ пен мұнай,

Мазмұн мен қалып.

Ендік пен сыңай,

ұлу мен балық.

Кеше мен көгал,

Көжек пен тауыс.

Жақын мен жанар.

Жұмсақ пен дауыс,

Адыр мен жыра,

Терек пен дөңес.

Мүйіс пен мұра,

Мөлдір мен кеңес.

Ұшақ пен зәкір,

Кеме мен қанат.

Темір мен ақыл,

Айна мен болат.

Жауын мен жақша,

Лағыл мен шыны.

Жұпар мен бақша,

Жылы мен жылы.

Жұлдыз бен қалың,

Балдыр мен қалам.

бәрін де бәрін,

арнадым саған.

ANXIOUS

Мен ойлаймын. Ойлаймын. Нені ойлаймын,
сені ойлаймын, жо-жо-жоқ, оны ойлаймын,
оны ойлаймын дегенге, түнермеші,
жиі-жиі саған да қарайлаймын.
Сені ойлаймын. Ойлаймын. Шамда ойлаймын,
зауза жұлдыз өшпеген таңда ойлаймын,
таңда ойлаймын дегенге, өкпелеме,
таң атарда ең жақын жанды ойлаймын.
Ойланамын. Сен емес, ой қасымда,
қасымда ойым апта мен ай қасымда,
алты күліп, жетінші жәудірейді,
желкен көңіл кеуденің қоймасында.
Күлімдеймін кей-кейде жол үстінде,
мұңаяр ма сал жігіт ер үстінде,
ер үстінде мұңаяр сері жігіт,
қапелімде етігін теріс кисе.

КҮНМЕН ҚОШТАСУ

Кешір, таң,

кешір, түс,

кешір, кеш,

кешір, түн,

мен бүгін

балалық

секілді

сендерді,

абайсыз өзімнен өшірдім.

Кешір, ай,

кешір, гүл,

кеш, үміт,

кеш, арман,

Сендерге,

сүйініп

қарауды

ұмыттым,

ұмыттым қармінез қалада қасарған.

Кеш, көзім,

кеш, қолым,

кеш, аяқ,

кеш, арым,

білдім бе

білдім бе

бәріңді

аяуды,

білмеймін енді не тосарын.

Кеш, өмір,

кеш, уақыт,

кеш, сәттер,

іңірлер,

айрылдым,

ақшамның

тұсында,

шарасыз,

Ешқашан келмейтін күнімнен...

Т. Раушанұлы