Азамат ӘЛІБЕК: Уақыт қана күбірлеп үстелде отыр"

Азамат ӘЛІБЕК: Уақыт қана күбірлеп үстелде отыр"
Фото: Азамат ӘЛІБЕК

Азамат ӘЛІБЕК – 1999 жылы 8-наурызда Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Облыстық жыр додалардың жүлдегері. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи ат. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенті.

Қазақстан жазушылары шығармаларын қолдау мақсатында жас ақынның топтама өлеңдерін ұсынамыз.

РОМАНС
 
Сөнбейді деп сенімнің шырағданы,
Кім алдады? Иә, рас кінәм бары.
Сағынышым айналып сандыраққа,
Көз ұшында сәттердің мұнарлауы.
 
Заңдылық па екі әлем тоғыспауы?
Бәлкім бізді көрінбес тор ұстады.
Періштем деп атауға серт бермеймін,
Пендешілік еткен жоқ періште әлі.
 
Құлазып ой, тоңып тән, құрып сүлдер,
Бәлкім бізді айырды күдікшілдер.
Менің жаным бірге ұшып кететіндей,
Үп еткенде шашыңнан үмітсіз жел.
 
Солғандай-ақ жүректің гүл күлтесі,
Сонсоң мыйда Мәжнүннің күңгірт есі.
Кездестірер әйтеуір “Мың бір түнім”,
“Мың бір күнім” немесе “Мың бір кешім”…
 
КАРАНТИН. ЭКСПРОМТ.
 
Өзімді-өзім бейуақ көп алдаппын,
Жүрекке жүк артуды доғармаппын.
Бетпердесіз серттерден айнымадым,
Қолды болған сәттерден жоғалмаппын.
 
Өрекпіген көңілдің барын ұқтым,
Жазғырыппын, о, бекер жаңылыппын.
Шым-шытырық жолдарда адасыппын,
Бір адамды өлердей сағыныппын.
 
Кей сөздердің ұғымы бұрмаланған,
Кей түндердің ұйқысын ұрлап алғам.
Кей қиялым алыстап дәруіштей,
Кей үміттің көзесін мұңға малғам.
 
Соның бәрі санамда шыңғырады,
Жаным айғыз әйнектей бұлдыр әлі.
Қала мынау бос көше, бос көліктер,
Саябақтар, вокзалдар, естеліктер...
 
Тәңір барлық күнәдан тыс жерде тұр,
Уақыт қана күбірлеп үстелде отыр.
Жер мәңгілік тұрағым болар-ау деп,
Махаббат та жұмақтан түскен көпір.
 
Табанымды күйдіріп сыз кешегі,
Құлағымды қыздырып ізгі өсегің.
Алақаным үстіне көктем орнап,
Ерінімде күз көшеді.
 
Кір қоғамды,
Мөп-мөлдір, нұрлы адамды,
Себепсіз қоштасқанды,
Кенет қол бұлғағанды,
Құшақтағым келеді бәрін-бәрін,
Кешіремін сол үшін бұл ғаламды.
Кешірдім!
 
ШАЛЫҚ
 
Сағынышымның салмағы серттен ауыр,
Күрсінісімнің деміне өкпе қарып.
Бұзып-жарып кеудемді көктем ару,
Есімді алдың жанымды дертке малып...
 
Сол үшін
Өкініштен өртеніп қайғы құшам,
Мүрдесіне дұға оқып ойдың ұсақ.
Қасиетті сезімдер жығылғанда,
Қасіретті жалғыздық жайды құшақ.
 
Тұнжырайды түнгі аспан мен тәрізді,
Бөлек кешіп жүрсің деп шер теңізді.
Анасындай аяла жалқы тағдыр,
Енесіндей аяулы, ерке қызды.
 
Қасаң мінез көрсетпей еріктен тыс,
Түйсік көнсе бейкүнә көріпкелміз.
Сөзден анық ойларды тұншықтырып,
Бөзге оранып кетеміз неліктен біз?!
 
Сонан соң,
Мезі болдым мына түн кірпік ілмей,
Кездесетін күнді аңсап күлкі білмей.
Көңіліңнің көз жасы ыршып түссе,
Мені жоғалтып алардай үркідің бе?
 
Жүрегімде жаттанды ерін табы,
Жанарымда сақтаулы сенім таңы.
Сөзім үшін селт етсең менің қамым,
Сезім үшін серт етсем сенің қамың.
 
Қайта айналып келсе ғой бағзы дәурен,
Шалық тиген тәнімде жан жүдеуде.
Пәруанаң ем адасқақ ілкі күннен,
Сені сүю секілді жалғыз әурем.
 
Сол сәтте,
Есімді алған жанымды дертке малып,
Мөлдірейді өмірім көкке налып.
Кездесу кезеңіне қимай қарап,
Қоштасу кезеңіне кеткен ару -
Мен сені сүйемін!..

ТЫЛСЫМ ТҮН
 
Сол бір түн.
Шексіздік.
Айнала.
Жалғыздық.
Гөзәл.
Сәт.
Қараңғы.
Өмірге Өлең боп байланам,
Сонан соң батырам қарамды.
 
Жылуын сездіріп Ай ғана,
Құс жолы бұрымын таранды.
Күнәм мен күмәнді ой ғана,
Мысықша тырнайды жарамды.
 
Досым көп аянбас көмегін,
Жауым көп ізімді аңдыған.
Сол түннің жоғалтып дерегін,
Көзімді тарс жұмып қалғығам.
 
Бақыттың заһарын жұтып қап,
Күнәмді әлемге жаярмын,
Сол бір түр бетімнен қытықтап,
Елесің оятты.
Ояумын.
 
Көргенше өлердей асығам,
Жұп қылмас тағдырға қырсығып.
Күнәмді әлемге жасырам(?)
Менсіз де тазармас тіршілік…
 
Үміт — ол желге ұшар үлпілдек,
Тәңірден сен жайлы сұрағам.
Айнаға қараймын күлкім кеп,
Әлемді арылтып күнәдан.
 
Күнәсіз демеңдер, күнәм бар,
Күмәншіл іңірде күйреген.
Балауса сезімге құмарлар,
Сол түнгі жұлдыздай сиреген.
 
Сүймесін дедің бе?..
“О, жынды…”
Өзіңнен өзгені бақылап.
Сол бір түн соқыр ғып көзімді—
Сен неге ояттың?
“Ақымақ”…
 
ЖҰМБАҒЫМ

Әлеміме тым жақын бір ғаламшар
бар еді ғой...(көрсетер дүрбі болса...)
Ниеті мен ойы олақ ақымақтар
торлап алса, қайтемін, ұрлап алса?..
Мойылдайын мөлдіреп жанар іші,
Қарайтұғын өзгеге қабағы ісіп,
Доп-домалақ ғаламда моп-момақан
бір қыз болған гүл өңді, дара мүсін.
Кенет көзден тасаға жоғалды арман,
Жол да үзілді айды орап оған барған.
"Құс жолы" деп атап жүр қазір бәрі,
Естелікті сол түні маған қалған...
Мұң қамаса,
Дерт іштен мұңға малса,
Іздейтінім баяғы бір ғаламшар.
Мені сонда жерлеңдер!
кеудеме егер,
қалам сынды ұшталған гүл қадалса!..
 
ҚАДІР ТҮНІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР
 
Аспан қыздың көз жасын кім тияды,
Ғасырларға сіңер ме бұл күй әлі?
Шатырыма тамшы кеп тырс еткендей,
Ақылыма бағынбай жүр қиялым.
 
Бәлкім, мынау қалалық жол мұңайтты,
Бәлкім, анау далалық жел мұңайтты.
Екеумізді байлаған кемпірқосақ,
Ол сезім де баянсыз… Енді қайттік?
 
Құлақ асқыш қоғам бұл жел өсекке,
Алашағы артықтау, берешек кем.
Беретінім азайса бүгін менің,
Көретінім көбейді-ау келешектен.
 
Жел сейілген көшенің көбі ұйқылы,
Оянбаса өліге жоритыным,
Ойлана алса тіріге жоритыным,
Ертегі емес шындықты қоритыным.
 
Айды қара дақ торлап, үдейді ашу,
Түн қамаған ойлардан үрей басым.
Жұлдыз-үміт сөнгенше Күнді сүйер,
Асырды екен тағдырдан кім айласын?
 
О, бойжеткен сезімге сертің берік,
Содан шығар жасыңа еркің жерік.
Ең аяулы өмірдің мөлтілдерін,
Құшағыма сыйғанша толтыр келіп.
 
Қинамаймын сонан соң мені ұмыт деп,
Түсінбеппін, жанымның шері біткен.
Сүйгім келсе әлемнің мөлдір мұңын,
Шатырыма тағы да төгіліп кет.
 
Күрсінбеші, түнерме, құлайсың ғой,
(Күмбезсіз жұрт – дерексіз, құдайсыз ғой.)
Қос қолшатыр жайылса, кешір мені,
Сен бәрібір жылайсың ғой —
Аспан...

Т. Раушанұлы