Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Рамазан Шахан: «Маған түн ұнайды...»

Рамазан Шахан: «Маған түн ұнайды...»

Рамазан Шахан: «Маған түн ұнайды...»

Поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулы бар. Осы бір қасиет атаулыны жыр жолдарына сыйдырған Рамазанның өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

Рамазан ШАХАН – 1995 жылы 18 ақпанда Төлеби ауданы, Жамбыл ауылында туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі. Бүгінде ол өзі білім алған Төле би ауданындағы «Майбұлақ» жалпы орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Өлеңдері облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланған.

***

Көктем тырна қанатымен бірге есіп,
Көк Тәңірден жеткізгендей жыр несіп.
Көкке ұмтылған көңілімнің әуені
Жатқандай-ақ дауысымен үндесіп.

Тырна даусы күңірентіп ғаламды,
Тырнағандай жүректегі жарамды.
Жайлы тұрақ іздеп, бәрі сап түзеп,

Қиқуымен тербетеді даламды.

Тіршіліктен жатқан мынау алдасып,
Жалыққандай жан тәніммен арбасып,
Бірге ұшып кетіп қалғым келіп тұр,
Сол тырнаның қанатына жармасып.

Бара жатты тобыр ұзап, көңілсіз.
Жәннат мекен табарына сенімсіз.
Қанатым жоқ, Құдайымды жазғырып,
Мұңды көзбен қарап тұрдым мен үнсіз.

Ұмытқан жоқпын

Естелігің еңсемді жылытқан жоқ тым,
Елеп алар ерекше сыр ұққан жоқпын.
Көңіл суып барады өзіңнен, бірақ,
Ұмытқан жоқпын.

Арыла алмай сен салған құрықтан көп күн,
Өзге ешқандай сезімге құныққан жоқпын.
Ойлар өшіп барады сен жайлы, бірақ,
Ұмытқан жоқпын.

Өтірікке малынып, былыққан көптің
Арасынан мен сені тұнық таң деппін.
Сезім сөніп барады жүректен, бірақ,
Ұмытқан жоқпын...

***

Өзің деп өлең өргенім үшін,
Маржанын сөздің тергенім үшін,
Жиырма төрт жыл осыдан бұрын
Шырылдап жарық көргенім үшін.

Әкелген мені толғағы үшін,
Анамның жылы қолдары үшін,
Өсірген мені өзгемен тең қып
Асқар тау Әкем болғаны үшін.

Ашылған жаңа "дәптерім" үшін,
Жазылған әрбір беттерім үшін,
Сәбилік таза шақтарымменен
Балаң ой, қамсыз сәттерім үшін.

Балиғат жасқа жеткенім үшін,
Аттаған алғаш өткелім үшін,
Адам боп, қоғам сапына қосып,
Оқытқан сол бір мектебім үшін.

Қайғы- мұңым мен шаттығым үшін,
Асау құлындай жастығым үшін,
Ең алғаш сүйген таза көңілмен
Албырт сезімге мастығым үшін.

Әлемді танып, білгенім үшін,
Әлі де талай білмегім үшін,
Өмір ұстаздан тәрбие алып,
Жер басып қазір жүргенім үшін.

Жаратқан мені жарлығың үшін,
Маңдайға жазған тағдырым үшін,
Дос-жаран, туыс, бауырларыммен
Мендегі бардың барлығы үшін
Жаратқан, саған мың алғыс...!

***

Көңілім көктен құлап барады
Көмек сұрауға құмар емеспін.
Жүрегім жырмен сыр ақтарады
Естімес оны сірә да ешкім.

Сан түрлі ойлар басынып алып,
Елеске айналды ертегі күнім.
Қайғысын ішке жасырып алып,
Қағазға үнсіз шертеді мұңын.

Жапырақ қағаз, шимай да шимай
Әр жерде үзік жырым қалады.
Кеудеме жаным сыймайды қинай,
Қаламын сілтеп тыным табады.

Сырласар едім, әлдекімменен,
Мұңымды ұқпайды тереңнен тартып.
Жарасып жатар жан дертімменен
Досым жоқ, сірә, өлеңнен артық.

Мөлдір мұң

Тас төбемнен төнді тағы қара түн,                                                                                
Мұңға батам, сынғандай бір қанатым.                                                                       
Маған бірақ түн ұнайды, о тоба,
Өз-өзіммен ойға батып қалатын.

Шындығыма айналады түсім кей,                                                                           
Жанымды ұқса ел өр еңсемді түсірмей.
Қара түнде жымыңдайды жұлдыздар,
Менің мөлдір мұңдарымды түсінбей.

Қызық көріп тамашалап мінімді,
Үңілгендер өмірден көп түңілді.
Мың жұлдыздың арасынан біреуі
Ағып түсті көтере алмай мұңымды.

Ілесе алмай уақыт дейтін көшкінге
Жалғыздықтың күйін тағы кештім бе?!
Құлағымда ыңылдайды бір әуен
Менен басқа естілмейтін ешкімге.

Тыныштықты бұзар кім таң ағармай,
Өкпелейді көз шырымын ала алмай.                                                                                  
Мен ояндым, ұйықтамаған қалпымда                                                                             
Ғайып болды түн кінә да таға алмай.

Күйкі тірлік күйбеңінен жалығып,
Қылтияды қас қарайса тағы үміт.
Мөлдір әнін тыңдау үшін жанымның
Мен жүремін түнді тағы сағынып...

***

Сені ойладым...
Ұйқымнан оянғанда,
Таң нұрға боянғанда,
Сағыныш самалымен
Қоңыр мұң таянғанда,

Сені ойладым...
Көкте күн көрінгенде,
Сәуле мың төгілгенде,
Кеудемде өзің жайлы
Сұлу сыр өрілгенде.

Сені ойладым...
Тіршілік тарпа қысқан,
Қалдырып қалтарыста,
Тіріліп, түнгі ұйқыдан
Түскенде арпалысқа.

Сені ойладым...
Ұмытып көктем жайын
Қоңыр күз шеккен жайым.
Сен жаққа тарта берді
Әр сағат өткен сайын.

Сені ойладым...
Күн батып, аспан лезде
Қызғылт нұр шашқан кезде,
Даланы дамыл тауып,
Кешкі ымырт басқан кезде.

Сені ойладым...
Қара түн төнген кезде,
Елесің көлбең, кезбе,
Жымыңдап жұлдыздардай
Төбемді көмген кезде.

***

Жауап бермей сұрағыма татымды,
Жалған өмір басымды әбден қатырды.
Міне, тағы мұңға малтып отырмын
Ұстап алып жолданбаған хатымды.

Көтерілмей көңілдің өр еңсесі,
Жырмен таңы атуда, өлең кеші.
Аппақ парақ – суреті сезімімнің,
Қара сия – қайғымның көлеңкесі.

Болашаққа қараппын-ау бағамсыз,
Енді, міне, жүректе мұң, санам күз.
Сезімім сипатталған сол парақты
Бір ашып, бір жабамын амалсыз.

Тіршілік түсініксіз түске айналды,
Ақтарып жазып едім бүкпей барды.
Осы хатым жазылған дәл сол күні
Махаббат көгершіні ұшпай қалды.

Жіберемін белгісіз бір жақтарға,
Жан табылар құрмет тұтып сақтарға.
Жасырып ап жүрер едім, қайтейін,
Жүрек толы жолданбаған хаттарға...

Оқи отырыңыз

Мәулен Әнербай: "Қоштасқым келмейді, себебі..."

Мұрат Шаймаран: "Кейде ақын екенімді ұмытып кетемін"

Нұртас Тұрғанбек. «Ауылға барып қайттым, аға...» (видео)

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Қосылған күні: 05 сәуір, 16:51

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз. 

--> --> -->