Алтынбек Мерсадық:

Алтынбек Мерсадық: "Ойлар – менің төбемде ойнақтаған мыстаным"

Алтынбек Мерсадық – 1999 жылы 28 қыркүйекте БҚО, Теректі ауданы, Ақсоғым ауылында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Нүкте

Таяздау санамның
шексіз кеңістігі ішінде 
қап-қара нүкте жатыр.
Мен оған жақындаған сайын ол менен алыстай түседі.
Менің оған оралғым келеді... 
Өткенге "қайта оралу" секілді,
Алдымнан шұбырған балалар жүгіріп шығады,
Күлкісі риясыз, шаштары кекілді.

Уақыт табы бәрібір дегенін жасайды,
Көзімнің алдында көлбеңдеген елестерге тек сағынышпен қараймын.
Өзімнің дәрменсіз кейпіме күйіп,
Өзімнің өткерген тәтті естеліктерімді жиып,
Жасаған күнә мен сауапты Ар сотына салып,
Ұятыммен өлшеймін һәм санаймын!

Мен қаласам да, қаламасам да,
Адамдардың хайуандығы немесе хайуаннан да бетер тіршілігі жалғаса береді.
Кейде содан жүрегім айнып, құсқым келеді.
Кейде содан жындана жаздап, ішкім келеді.

Бәрібір, қап - қара нүктеге қол созып,
үңілгім келеді.
Жеткім келеді Сана түкпіріндегі нүктеге!
Өмірдің менсіз-ақ жалғаса берерін білсем де,
Уақыттың қайталанбайтынын,
сағаттың бір бағытта сырғитынын көрсем де,
Өзгерткім келеді өзімді, сосын Дүниені.

Мен солай бақытты болғым келеді,
Түсімде де көрмеген сезімдерді кешіп,
Шетсіз де шексіз теңіздерден өтіп,
Мен солай Бақытты болғым келеді,
"Бастапқы нүктеге" жетіп...

Хəл

Құдайдың рухынан жаралып,
Киелі кітаптар бетіне жасырынған.
Бағзы бір естеліктерді іздейміз
Сана түкпіріндегі саңылаудан.

Біздің хəл
терең де мағыналы өткенімізден сыр шертеді,
Қозғайды жүрек ішіндегі бұлқыныстарды.
Ешбір кітап та, 
ешбір тіл де, 
ешбір адам да 
өзгерткісі келмейді.
Өзгерте де алмайды
Таным көкжиегіндегі осы бір күйді.

Иə, біздің хəл —
жəй ғана қызығушылық емес,
барша құштарлық пен махаббат атаулының бастауы;
барша сезімдеріміздің түйісер тұсындағы алтын қақпа.

Тек қана Жүрек арқылы тарайтын,
Қан тамырларының бойымен баяу ғана
жылжитын
Боямасыз хəл —
біздің жəне сіздің Құдай алдындағы болмысымыз.

Amor fati

Жанды қинап не түрлі,
Еркіндікке ұмтылғым келіп еді.
Ал, еркіндік... 
Жүректің
"түрмесіне" тоғытылған тұтқын ғой.
Шығу үшін сол бір алып түрмеден,
Қашу үшін надандықтың кебінен,
Ең әуелгі, мөлдір жаратылыстан 
табылсыншы ұтқыр Ой.

Тауқыметті көп көрген,
Адамдардың арсыздығын жек көрген,
Болмысымда — 
зауқым да жоқ Құдаймен 
бір шеңберге сыятын.
Күнә сүйген көздерімді жұмғызып,
Тәуекелге талпынған жан қалауын тұсаулап,
Құлдықта ұстап тұр мені Обал менен Ұятым.

Санасының саңылауы ескірген,
Ақыл-ойы өзінен соң кеш кірген,
"Ұлылардың"
маңайында ұялайды сан күдік.
Тым ұраншыл, тым даурықпа қоғамның
Айқайы да - айқай емес, жаңғырық!

Қауырсындай жеңіл ойлар мазалау,
Діннен артық өлшемі үшін жазалау,
Бәрі, бәрі:
жамылудың тәсілі өлілердің мүрдесін.
Болашағы жоқ істен бақыт іздеу, бақ табу,
Есі ауысқан кісідей масайрау һәм шаттану.
Ессіз тобыр үшін ғана 
білем, оңай "күн кешу".

Ғасыр мүжіп, жылдар жеген санамды.
Мен сондықтан ұлы Уақыт алдында, –
Дәрмені жоқ байғұспын!
Бұл Өмірді "сүйемін" деп жүргенде,
Бұл Өмірдің өзгермесін білгенде,
Өлшеуі жоқ, мөлшері көп қайғы іштім.

***
Құмыраға құюлы менің сірі жанымның
шеңберіне қол созып,
Сен де, бәлкім, жаныңа айықпастай қайғы алдың.
"Өмір үшін күрестің түбі — өлім" екенін
білген кезде
мәнсіздік тұтқынына айналдым.

Жанарыңа тұп-тұнық батып кеткен сәтімде,
Ұрғылайды санамды жеткен лебі бейістің.
Арлы азапты арқалап,
...жалт қарасаң жақұттай
Сенде қалған бейкүнә,
сезім үшін Өлеңге айналуға тиіспін!

Мезеттерге жасырдым жүрек қылын қозғаған,
Саған деген кіршіксіз мейірімнің аңсарын.
Дәру болды дәл маған көздің жасын тыюға,
Тағдырымдай аяулы қоңыр түсті саусағың.

Ию-қию жолдарда бағытынан жаңылған,
Құс жолымен адасқан
ойлар – менің төбемде ойнақтаған мыстаным.
Сағы сынған сүреңсіз сәттерімді елеумен,
Бізді қайда апарар бұ Дүниенің пұшпағы?!

Кеңістіктің ішінде тербетілген Уақыт
және менің алдамшы үмітімнің сорабы.
Жылдарым да,
жаным да,
тағатым да таусылды.
Күнге өртеп жібердім
Жүрегі жоқ болмыспен
Естеліктер бұрқырап, есімді алған Маусымды.

Бетховен. Ай сонатасы 

Қайтадан, тағы қайтадан,
"Ай сонатасын" қой, панам!
( Т. Ешенұлы)

Әуенін естіп, иілсем меңіреу Айдың,
Болмыстың арғы шетінен көрінер қайғым.
Түн болып сөзден бүрлесе естеліктерім, 
Мұң болып көзден ып-ыстық төгілер айдын.

Кірпік ұшына ілініп бозамық сәулем,
Топырақ – жаным ұялса сазарып жерден.
Шомылып Айдың мөп-мөлдір шұғыласына,
Мертіккен ойдан айығар, тазарып кеудем...

Көл толқып, тербеп... түйсігім ымдаса маған,
Жамалын Айдың жанарға ұрласа санам.
Қажыған... бір сәт көңілдер нұрланар ма еді?!
Бетховен үнін жүрекпен тыңдаса Ғалам.

Көктегі тәнім зерлі аспан төсінде жатса,
Балқиды жаным жұлдыздар көшіне батса.
Елесін кезем осылай ессіз сұлбаның,
Жабырқау көше жарығын өшірген шақта.

Назды саз елтіп, құлаққа төгілген тұста,
Қолымды созам қанатсыз көрінген құсқа.
Кеудеде жатқан тереңнен өрілген бұл үн —
ӨЛІМНЕН БИІК БОЛҒАНМЕН, ӨМІРДЕН ҚЫСҚА!

Тұманды ойлар тұмшалап, торықтырғанда,
Жалғыздығымды жолдағы жолықтырғанда,
Тыңдағым келе береді "Ай сонатасын",
Төбемнен сары уыз Ай төніп тұрғанда...

Апперцепция

Өмір.
Өлең.
Өлім — менің тағдырым!
Тағдырымнан кейде теріс айналдым.
Басқа түскен сордың санап әрбірін,
Көз ұшында өткен жолға байландым.

Ойсыз жаны мейірімге қанбаған,
Сұм ғасырдың балын, уын жұтқам мың.
Мені, сені – бәрімізді алдаған,
Өмірімнің "өтірігін" ұққанмын.

Қанды жастың қасиеті ұмыт қап,
Тексіздерге, бәлкім, текке кектендім.
Күнә басқан Ойларымды құлыптап,
Қара жерге көміп тастап кеткенмін.

Аққан тамшы – бәз біреудің тағдыры...
Тамшы-ғұмыр тылсымын да кезгенмін.
Көктен жауған "нұр" дейді жұрт жаңбырды,
Мен жаңбырдан Ажал иісін сезгенмін.

Сезіп мәнін, кезіп бәрін Ғаламның,
Өзімді-өзім "өлтірмеуге" ұмсындым.
Зор сенімін артып бойға Адамның
Ар алдында ауық-ауық күрсіндім.

Келген жолдан енді кері қайта алмай,
Өмір бойы Өлең жазып өтермін.
"Ақын болам" деп жүргенде байқамай,
Жерден ауыр жебір мұңды көтердім.

... Мен бір бейбақ екенмін!

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды
Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды
Арктика мұзы 2050 жылдары жойылып кетеді
Арктика мұзы 2050 жылдары жойылып кетеді
Балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлері қазақ тіліне аударылады
Балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлері қазақ тіліне аударылады
Қазақстанда АӘК алушылар азайды
Қазақстанда АӘК алушылар азайды