Шалқар Дәулеткелді. Өлі тыныштық

Шалқар Дәулеткелді. Өлі тыныштық

Шалқар Дәулеткелді 1989 жыл 25 қазанда ҚХР-дың Іле облысы Құлжа ауданы Ойманбұлақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. Мәдениеттану ғылымының магистрі. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазір Алматы қаласы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында қызмет атқарады.

Үйге қайтпау

Олар жалғыз емес,
Оларға тән гүлдер мен дұғалар,
Құрбандыққа арналған жер ошақ пен "су түбіне шөккен қазандықта",
Жер мен көкті тұтастырушы бөлме ортасындағы
Діңгек тұратын құрметті орын да,
Аптаның әрбір жұмасы немесе болуы мүмкін сәрсенбісі,
Олар үйге қайта алмаған жылдың бір күні де
Оларға арналған.

Үйге қайта алмаған жылдың әр бір күнінде
Таныс және бей таныстар көзінше, қол созбайды олар заттарға,
Заттың арғы мәніне,
Естімейді сытрлап жанған уықтар мен керегелердің дыбысын.
Қиыр шеттен қудаланған шөп үгітінділерін
Басыпайды олар өз көшелерінде
Қайтып оралмағандықтан үйге.

Керегелер мен уықтар

Жоғарда аспан, төменде су жаралғалы бері осылай,
От астында бірігіп,  қайта айырлысып жатқан тәннен,
Тән астында жанып,  қайта сөніп жатқан оттан,
Ыстық қанды суытқан
Сұйық қанды ұйытқан тәңірі.

Керегелер мен уықтардың үстінде,
Үзіктер мен туырлықтардың қиылысына жапсырылған  оюлар
Бірде толысып, бірде ортаятын өмір заңдылығынан
сыр шертеді,
Уықтармен, көгі сөгілген керегелермен бірге  жанып бара жатып та;
Сыр шертеді; бұл әлі аяқталу емес екендігінен,
Көкке көтерілген күл ұшқындары кеміп жай ғана
толысу екендігінен.

Бетегеден биік жусаннан аласада тұрып та,
Тәңіріні төбемізге көтергеніміздей,
Жеткені тек шаңырақты көтерген уықтар мен керегелердің қаңқасы. 
Өшпегені тостаған ернеуіндегі жазулар мен өрнектер,
Ұмытылмайтыны қар ұшқындарымен көктен түскен тостағанға
Керегелер көзінен қол созу.

*** 
Қыс ызғарлы.
Жұпыны үйлер мен адамдар.
Мұң мен сағынышты бейнелейтін күз айын өткеріп,
Қобалжу сезіміне батқан.
Өткелдерді көтерген діңгектер мен жер тағыны үнсіз.
Балбалдар мен "жартылай күлімсіреген тас мүсін" де мейлінше сабырлы.

Есіктерге тыным жоқ...
Топсасы сетінеген есікті қатты жаппауды
Жел жұлып әкетпесі үшін ашық та қалдырмауды.
Қадағалаған қарттар қабырғаларға теріс қарап
Санаулы сағаттарды күтуде...
Алда ызғарлы қыс келе жатқанын жұлдыздарға қарап болжаған.

Құрбандыққа арналған жылқы сүйектері жер ошаққа тегіс көміліп тасталған,
Атамыз қабырғасының немесе аяғының бір бөлігі жоқ атын мініп,
қайтып келмеуі үшін үйге.
Көршіміз тізесінен төмен кесілген үсінген аяқтарды сол бір қыс күндері
пеш түбіне қыздырумен
Ол жайлы ақпараттың сыртқа жайылып кетуінің алдын алып,
есігін іштен ілген.

Біреулер қыс айының алдында көздері қанталап, ыңғайлы киімдерін сайлап, 
Аңшылық маусымының басталғанын күтеді.
Жақпар тас астында жататын, бертінде жоғалған шейтке
Құрметі ретінде, бір тал оқты қалдырған аңшыға,
Оқтан қаза болғанын айтып, оны алып кетуді өтінген
ауыр түндерде аяқталған.

Біз үшін қыс, терезе алдында отырып қарға қарау,
Естеліктерге шому.
Жанымыздың күңгірт түбінде ұмыт болған
Бітпейтін, үзілмейтін естелікке шому.
Атамыздың қабырғасының бір бөлігі жоқ атына мініп,
қар ұшқындары арасымен келіп жеткенін тосырқай қабылдау
Қар ұшқындары әйел ернінің табы мен бояуы сынды
Гүл тозаңына арналған.
Әппақ еріндерге ерніңді төсей бере
Өлген адам білегіндегі сағат тілі минуттар мен секундтарды соққанда
Селк етіп есіңді жинайсың әппақ қабырғаларға бұрылып.
Демін ішіне тартсада...
Уақыт рухының тоқтамайтындығын айтуда,
Есік терезесі жоқ құстар ұясының
Мұң мен сағынышты бейнелейтін күз айын өткеріп...

***
Сенімділік бізге қашанғы қалқан болмақ?
Үмітсіздік бізді нелерден құтқармақ?
Бір мағынасыздықтан бір мағынасыздыққа өтудің артықшылығы неде?
Оның көзіне қарағым келген жоқ,
Өз көзіме өзім тура қарай алмағаным секілді,
Көзіммен жер шұқылап басқа ой ойлауға,
Басқа сылтаулар табуға,
Басқа өтірік айтуға тырыстым.


Ол алаңда болғандардан
Соңғы сағаттарын аяқтаған әлде кім терге малшынып,
Алдымнан жүріп өтті ештеңе түсіне алмағандай.
Және ауыр ұйқыдан оянғысы келгендей,
Атқарушыда өз ойымен келісе алмай шүріппені басты.

Ол ұйқыдан оянған кезде толықтай барлығынан ажырады,
Тұтандыруға үлгірмеген, қыл құйрық пен қауырсыннан да.
Ол барлығынан ажыраған кезде ұйқыдан әлі ояна алмаған еді.

Кеме желкендераіндей жапырақты жамылшы еткен әйел.
Жібек көбелектеріне айналып, сан бөлікке болініп бара жатқандай
Өз тәнін кемірген,
Әйтседе,  теңдессіз сый ретінде өзіне лайықты,
Өзіне арналған көкнәр гүлдерін терезе алдына қойды
Өлген адам білегіндегі сағат тілі тағыда минуттар мен секундтарды соғып жатқанда.

Сызат

Бағдар шамнан өтіп келе жатқан қыз қолында,
Қыркүйек айының сарғайған жапырағы мұңмен сағынышты бейнелейтін,
Қайырлы таңдардың бірінде сыр шертуге арналмаған ол,
Әлде қашан екі дүние арасын шытынатқан сызаттар жайында.

Қақпа сыртындағы почта жәшігіне қыстырылған,
Гәзет шетін сарғайтқан жаңбыр тамшылары,
Қыркүйек айының сарғайған жапырақтары,
Қурап барып үгітіледі осылай...
Қаңсыған қайраңның тегіс бетін қуалаған сызаттар,
Сызаттарды қуалаған алқынған көлеңкелер,
Тамырларды бойлай жөңкілген қызыл қан сынды,
Діңгектерге тартылған тікенді торлардай кері шегінуге насихаттайды.
Келген жерімізді, тұрған орнымызды, барар бағытымызды дәп басып айта алмай
Мәңгі мызғымастай бекіген қабырғалардың ғана тұрғанын айтамыз.
Бір-біріне беймәлім қорғандардың екі жағын,
Бір сызықтың бойына жинақтаудан бұрын,
Бір-біріне алшақ, бір-біріне ұқсайтын,
Бір-біріне бейтарап сызаттар шытынатқанда.

Ұя үстінен құс ұшып өтпегендей

Ұзыннан-ұзаққа созылған дуалдарды жағалап,
Кең алқапты кесіп өтіп, өзеннің жар қабағына дейін.
Тоқтаусыз жүгіргенің есімде.
Қатты дене мен жұмсақ тәннің қақтығысы,
Қатайған естеліктерді де жұмсартып, өзімен алып жүруге мәжбүр.
Әлде қашан ұмыт болған есік қоңырауын ешкім басқан жоқ.
Нәзік шырпының жарығы мен жылуының күші дәрменсіз.
Тарылған қабырғалар арасындағы салқын көлеңкеден едендегі,
Әлі де ызғар есіп тұр.

Есіктер
Әлде кімнің қолымен тарс бекітіліп, әлде кімнің қолымен кіліттеліп,
Қалғымай бақылауға міндетті қарт пен иттің күзет үйіндегі
Әрбір сағатымен аңдасқан.
Мен оны оңай ұмытып кетемін деп ойладым,
Мен оны еске алмауға бел байлағам.
Көбелек соғылған тас туралы ойланудан бұрын,
Көбелекке соғылған тас туралы ойланған.
Құнытсыз парақталған кітап беттері,
Құнытсыз қайта жабылған түстен кейін
Ұдайы қабырғалары мен едені сықырлайтын бөлменің
Есік қоңырауы тағы басылды.
Ешкімнің келмегені туралы дерек қалдырып...

Болжамды жоғалту

Түс көру біз үшін бір ғанибет,
Оны жоғалту мен ұмыту –
жұлдызды, аспанды...
Күннің екінші жартысын...
ақ қарды жоғалтқанымызбен бірдей...

Шашырау

Бір күні біз қанатты құмырсқалардың інінен қалай шығып,
Аспанға қалай ұшқанын бақылап, көз ұшына дейін ұзатып саламыз –
Еске алғанда, анасының иісі сіңген жаулықты
ұдайы иіскеуді әдетке айналдырған кішкентай қызды.
“Егер ол күндердің бірінде анасынан айрылып қалса қайтпек”
-деп, ойлаған құлазыған осы бір сәтті.

Ұзарған көлеңкеміз жер танабын қуырған ашшы айғайдың діріліне ұқсады.
"Балбалдар маңдайында сәулесі дірілдеген,
Мергия жапырақтарын жел қозғап тұрғандай"
Жоғалу алдындағы шексіздікке созылу мен,
Өзін толық аяқтай алмай қалудан алаңдауға ұқсайды.
Өзін толық аяқтаған тастар ғана кемсіну мен терістеуден арылған,
Салқындық пен қаттылық бір-бірін терістемейді.
Жаз айларында ғана олар күнмен жылынады,
Жылы түндерде де олардан ызғар білінеді.

Терезе алдында жұлдызды аспанды өткеріп,
шексіз үйлесімділік пен тепе-теңдікте,
Ұзақ жылдар ішке бүккен, біз бір-бірімізге лайықпыз,
Біз бір-бірімізге ұқсаймыз, дегім келіп
Жаурағандай болып жамылғыны қымтай түстім.
Бөлме ішіне жасырын кірген бейтаныс сасқалақтап жүріп,
өлі тыныштықты түсіріп алғандай.
Терезеден таңның ағарған сәулесі түсіп тұрса да,
Күз айының соңғы күндері болса да,
Сыртқы әлемді ақ қар қымтап қалғандай тым-тырыс...

Ақ қар,  ақ қар қымтап алғандай...

Тым-тырыс тәтті ұйқыда жатқан қабырға суреттегі әйелдің
ашық қалған бір омырауын да ақ қар қымтап тастаған.
"Жылыстап, жылжып жаныма кел, бір бөлігіңді де қалдырмай,
Көкірегімдегі қураған ағаш өзегін нәрлендір,
Біз бір-бірімізге лайықпыз” деген осы бір сәт –
Бейне қар ұшқындары арасымен,
Қабырғасының бір бөлігі жоқ атын мініп,
Үйге қайта оралған атамызды тосырқай қабылдағанымздай,
Бейне жібек көбелектеріне айналып, сан бөлікке бөлінгендей әйелдің
Көкнәр гүлдерін терезе алдына қойғанындай.
Өлі тыныштыққа ұқсайтын еді.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды
Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды
Coursera курстарын қалай тегін оқуға болады?
Coursera курстарын қалай тегін оқуға болады?
Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты
Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты
Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді
Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді
Команың қандай түрлері бар?
Команың қандай түрлері бар?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қайда хабарласуға болады?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қайда хабарласуға болады?