Айбек Бестенқұл. Ең соңғы жапырақты жел құлатқан

Айбек Бестенқұл. Ең соңғы жапырақты жел құлатқан
Фото: Айбек Бестенқұлов

Шын ақынның еншісі – шынайы сезім, сыралғы сыр. Қазіргі кезеңнің, бүгінгі күннің ең тапшы дүниесі де – шыншылдық: шын сөз, шын пейіл, шын жыр-өлең. Жас жүректің таудың тасқынындай қуатты сезімдерінің арнасы болмайды, адуынды ағысы тауға да, тасқа да тоқтамайды: бар күшімен баса-көктеп, жолындағысын жапырып өтеді.

"...Сәлем беріп келемін,
атқан күнмен.
Қошасып кете барам,
батқан күнмен...", - деген жұмсақ жолдың қырық қатпарында асау тұлпардың болат тұяғының дүрсілі сезіледі. Сосын, жас ақын:
"Күзгі кештің қайтейін жаңбыр-суын,
Менің сезім-отымды сөндірмеген..." - деп, бір есін жиып, дәргей тауып алады да:
"Әлсін жылап,
кей кезде – әлсін күлгем.
Кейде шықпай қалады,
даусым мүлдем..." - дейтін ғашықтық іңкәрліктің ұшар басына шығып, өзін құлдилатып, төменге "тастай салады"...
Артынша тынысын тарылтып, жүрегін қысқан ынтықтықтан айырылып қалғандай шорт шошып:
"Сағынышым өзіңе таму үшін,
таму үшін –
тамшыға айналамын..." - деп сабырын аңдап, сабасына түскендей болады. Әйткенмен, ғашығының тәтті дәмін қанып ішпеген, кенезесі кеуіп, қаны қаңсыған бұла болмыс, жаралы жүрек қайта тыныстап:
"Күз келеді, өзенге тамшы құлап..." - деген саябыр серпінмен сергектеніп барып:
"Өзінің бар екенін білдіретін,
Сіз – менің жүрегімнің жүрегісіз..."
немесе
"Қасымда болмасаң да –
қаламымда.
Жанымда болмасаң да –
жүрегімде!" - деп, өз-өзіне тоқтау айтып, үкілі үміт шырағын сөндіріп алмауға шақырады.

Қазіргі қазақтың жас ақындарының жампоз-жүйрігі Айбек Бестенқұлдың жастыққа тән, мастыққа ұқсас өлеңдері – өзінің табиғи төл иіріміне еріксіз құлатып, «ғашықтық» аталатын құла-дүзге көкпарлай жөнеледі. Айбектің ойы анық, сөзі қанық. Шалқыма сезімдері асаулығымен аласапыран жасап, шынайылығымен шеріңді тарқатып, теріңді бұрқ еткізіп телегей ағызады... Айбек өтірік сезім, ұтымды ұйқас іздеп әуре-сарсаңға түспейді: жүрегінің дүрсілі мен кеудесінің күрсілін қарапайым тілімен сабақтай береді.
"Көркіңді елден бұрын көру үшін,
Шығыстан шұғылалы Күн боп шығам..." - деп, жанын жеп, жүрегін жылатқан ішкі іңкәрлігін әлемге аямастан шашып жібереді.

Айбек Бестенқұлдың жырларынан Жұмекеннің жігері мен Мұқағалидың мұңының лебі аяусыз есіп тұрады. Лайым, жасын жігер мен мөлдір мұңның үйлесімі – алаштың аспанына үлкен ақынның айқайлап келе жатқанының белгісі болғай!

Мыңжан БАЙЖАНИН, жазушы, ақын, публицист

Күз жапырақ

Терезеден тұрсаңыз сіз бақылап,
Көңілсіз көрінеді күз, жапырақ.
Сезім жайлы сырымды айтып берсем,
Құшағына алардай бізді атырап.

Сен ұнатқан мезгілді мен де ұнатқам,
Қалай-қалай атады ендігі ақ таң.
Өлшеулі ғұмырымыз жете ме екен?!
Ең соңғы жапырақты жел құлатқан.

Бірін ұқпай сезімнің бірін ұғар,
Сен дегенде жүректің дірілі бар.
Сол жапырақ асықпай қалықтайды,
Ертеңі жоқ болған соң бүгіні бар.

Мұңая беруіміз жетер біздің,
Сен көктемсің мен саған бөтен күзбін.
Жапырақтың тағдыры секілді ме?!
Ертеңіміз бар ма екен екеуміздің?!

Саған келем

Қиналсаң да қасқайып тұр деп шыдам,
Шыңға шықсам тұрады гүлдеп шынар.
Көркіңді елден бұрын көру үшін,
Шығыстан шұғылалы күн боп шығам.

Сондықтан да шыдамым сезем берік,
Сай-саланы арнамен кезем кеңіп.
Мөлдірлік, тұнықтығым көрінсін деп,
Көктемде саған келем өзен болып.

Ұнатам, жүрегіммен санамменен,
Желпіп өтсін шашыңды самал берем.
Жадыраған көңілді жаздың күні,
Гүлдің жұпар иісі боп саған келем.

Қарашада қара бұлт айнала мұң,
Саған қалай жетем деп ойланамын.
Сағынышым өзіңе таму үшін,
Таму үшін тамшыға айналамын.

Қыста саған қар болып қалықтаймын,
Қалықтаймын зәредей танытпай мұң.
Сені күтем, күтемін ерігенше,
Сені күтем, күтемін жалықпаймын.

Сен келесің

Терезеге қарасам сен келесің,
Соның өзі қуаныш пендеге шын.
Білмейсің ғой сезімді саған деген,
Сезім толы көзімді көрмегесін.

Күліп өте шығасың сәлем беріп,
Сол кезде қалатындай әлем кеңіп.
Бұл сезімге тыйымның салынғанын,
Екеуіміз үндемей дәлелдедік.

Көрікті келбетіңе көрермен ем,
Ғашықтығы асқынған өлермен ем.
Қарсы алдыма түнімен отырғызып,
Сурет салып шықсам ғой өлеңменен.

Сол өлең ғашықтарға ұран болар,
Бәз біреу бұған бәлкім күмәнданар.
Бір күндері оқисың өлеңімді,
Сол кезде көздің алды тұманданар.

Ал қазірше көрмейсің елемейсің,
Мен жай қайық сен үлкен кемедейсің.
Сені сүйіп от болған кеудем үшін,
Жаңбыр болып жай ғана себелейсің.

ТАЛҒАР ЫСТЫҚ

Жанымды жылытпайды жанбағыс түк,
Жүргендігі болмаса алданыш қып.
Кеткім келіп тұрады саған қарай
Талғар ыстық жаныма, Талғар ыстық.

Өйткені онда сен барсың, тау іргеде,
Шыңға қарай жүзетін ауыр кеме.
Сезімдер оттан ыстық деуші едік қой
Жағдайымыз болмады тәуір неге?

Уәде бердің, сендірдің. Кете бардың,
Енді сені көздейді бөтен әркім.
Ойлар мені талайды оңашада,
Жеке қалғым келмейді, жеке қалғым.

Бүгін міне Талғарға тағы келдім,
Баяғы арманыммен әбігермін.
Сені аңсадым жаныма ем болар деп,
Дәрісін керек қылмай дәрігердің.

Ел орнында, кетпепті көшкін басып,
Таныс жермен отырмын кеш мұңдасып.
Сүйгенімен кездескен көшелерін,
Ұмыта алмайды ғой ешбір ғашық.

Білесің ғой мен таудың баласымын,
Дала сырын түсінер, ана сырын.
Күз келгенде үзіліп кете барар,
Жапрағы секілді ағашының.

Ал, жақсы онда, Талғардан барам кетіп,
Менсіз де бұл қалада адам жетік.
Мендегі сағынышты сезіне біл,
Жел арқылы тұратын хабар жетіп.

Иә, рас, Талғар ыстық, үміт таңдар,
Қиялды қолдан елсе, құрықтаңдар.
Бастысы сүйгеніңе апаратын,
Жолдарды ешқашан да ұмытпаңдар.

Жүрегімде

Сенің сұлу көркіңе боянбаған,
Жан жоқ шығар сезімі оянбаған.
Мен де соның бірімін күнде-күнде,
Келбетіңе тамсанып тоя алмаған.

Күрсініп ойламаймыз күзде нені,
Белгісіз жолаушымыз біз дерегі.
Сен жүретін көшенің қайыңдары,
"Жақсылықтан үмітті үзбе" деді.

Құры жүрмей арманды іздеп қыдыр,
Қай ғашықтың жүзінде жүзбепті нұр.
Сен жайлы ойлануым ауыр маған,
Үміттеніп үмітті үзбек түгіл.

Еркелеп көз алдымда жүр күлімде,
Сезімімді болмайды білдіруге.
Білмеймін маған келе жатқаныңда,
Иісің қалып қойған қыр гүлінде.

Сен үшін сезімімнің мәні бар ма?
Өзіңе жетелейтін жарық алда.
Білемін меннен теріс айналасың,
Кеудемдегі сезімді танығанда.

Салқындық болғанымен түр-өңіңде,
Сен мендіксің біліп қой бұл өмірде.
Қасымда болмасаң да қаламымда,
Жанымда болмасаң да жүрегімде.

Сен үшін

Сен үшін ақпанмын мен,
Саған ғана сырымды ақтардым мен,
Сәлем беріп келемін атқан күнмен,
Қоштасып кете берем батқан күнмен.

Сен үшін сәуірмін мен,
Сезесің бе сенімен ауырдым мен,
Басқа жанды сүймейді жаным мүлдем,
Кімнен нашар екенмін, тәуір кімнен? !

Сен үшін маусыммын мен,
Сағынамын деп жүріп таусылдым мен.
Әлсін жылап кей кезде әлсін күлгем,
Кейде шықпай қалады даусым мүлдем.

Сен үшін қарашамын,
Менің де бар шығар-ау алашағым.
Бәрін көргім келеді тамашаның,
Бақыт үшін күресем, таласамын!

ҮНСІЗ ЖҮРЕК

Ол кезде жырсыз жүр ек үнсіз жүр ек,
Сезімді тапқан сен ең шын сүзгілеп.
Үміттің құба таңын атырғансың,
Қымбаттым ұнатамын бір сізді деп.

Әлі есімде сәулесі ақ таңдардың,
(Тек мен ғана өзімді тәтті алдармын).
Достарыма көрсетіп суретіңді,
Мынау менің қызым деп мақтанған күн.

Қуаныш па білмедім мақтаныш па?!
Жетердей болып едім тап ғарышқа.
Жаныма жақындауын жақындап ап,
Кеткенің не қымбаттым қатты алысқа.

Демеймін бізге қарап құнсыз жұп ек,
Ұстаған қолда кетер тілсіз гүл ек.
Үндемей кетіп қалған сені ойласам,
Үндемей мұңаяды үнсіз жүрек...

 
 
Т. Раушанұлы