Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы...

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы...

Сарғайған жапырақтардың тал басында желге шыдас бермей жерге түскен сәті, көз алдыңда бүкіл әлем қоңырқай түске боялып, бейне бір салып қойған сурет секілді күйге енсе, аспанның шелегі тесіліп қалғандай әр күн сайын тамшылар тамып, жаңбыр жауса, көңілің құлазып тұңғиыққа еніп кетсең, біреуді сағынсаң, ол сені де сағынса, шіркін, міне, бұл күз ғой.

Күздің кереметі сағынышқа толы жүректі жұлып алып, әуеде әуелете ән салдырып, көңіліңді күңірентсе де ішкі жан дүниеңе шынайы бір сезім сыйлайтынында. Күзді сүю сағынышты аңсау деген сөз. Қаншама ақынның жырына, қаншама жазушының қаламына біткен осынау мезгілдің меңіреу тартып тұрса да, өзіне тарта беретіні өзінше бір құдірет.

Абай. Күз

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.


Есенғали Раушанов. Күз

Бұлттарын түйдек алып кеп,
Жасаулап туған мекенін,
Сары мақпалмен әдіптеп
Келінтөбенің етегін;
Шүрегейлері асығып,
Күз жетсе қоңыр самал боп,
Шүберек сөмке асынып,
Мектепке қайта барар ма ек!
Күбірлеп кәрі анамыз
Үш шығар еді, үш кіріп.
Қаһарға мінген қара күз
Тұратын тыста ысқырып.
Дауысын тыңдап жаңбырдың,
Қалғушы ем қамсыз көз іліп,
Әуірі сынды тандырдың
Ып-ыссы демді сезініп.
Сол ыссы деммен, шіркін-ай,
Сан жүректерге жеттім мен.
...Қамыстың басы бұрқырай
Күз ғой бүл қайта кеп кірген.
Отарын ойға иіре,
Отауын жатыр тігіп ел,
Жарқылдап енген үйіне
Жас келін, жайсаң інілер.
Мына күн жөне қағынды,
Төніп тұр бұлт қаракөк.
Тандырдың бетін жабуды
Ұмытпасаңдар жарар ед…


Күз. Светқали Нұржанов

Бетегелі бел жүдеп өктем күз кеп,
Құстар қайтып барады көктемді іздеп.
Жапырақтар-жүректер сыбырлайды:
"Сағыныштан сарғайып кеткенбіз"—деп.
Бөгет болмай құстарға тас матаулар,
Көкке қарап кісінеп, қасқа ат аунар.
Биіктіктің қызығын көрмегесін,
Аласарып қалғандай таспа таулар.
Табиғаттың теперіш, тепкісі көп,
Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп!
...Ебелектер елбеңдеп жүгіреді
Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп.
Естілгенде мұңды әуен түзден — зарық,
Күзден күдер мен де бір үзген ғаріп.
Екі қолды шарасыз жайып көріп,
Құс соңында барамыз біздер қалып.
Сайлар қызғылт,
Қыр күрең — күз желі өпкен,
Туған жерде болған күй бізде де өткен.
...Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,
Тірісінде көктемін іздеп өткен?!
                                               1980 ж

Ақберен Елгезек. Күзгі серуен

Жапырақтан жаңғырып 
Күз дауысы, 
Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.
Түйсігіңе жұмақты сездіреді,
Билеп тұрған түстердің қозғалысы.

Аспаннан сыңғыр етсе күміс xабар, 
Шыршалардың жүйкесі тынышталар.
Жорыққа аттанғанда құс атаулы,
Шеру тартып ұрандар құмырсқалар!

Шөптердің арасынан дабырласқан, 
Сақалын сауып отыр адыраспан! 
Тербеледі итмұрын өз әніне, 
Тербеледі ешкімді танымастан.

Жел де міне, тал таппай қағынарға, 
Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.
Қарта ойнайды таласып тас үстінде:
Жарқанат-ой,
Қиял-қаңбақ,
Сары қарға.

Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған, 
Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!
Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,
Шашынан жусан исі бұрқыраған.

Ермен-кемпір бал ашса - талағаны,
Қара жидек - көк тиын санағаны. 
Қасында отырса егер татыр-әже,
Шырғанақтан тастай сал садағаны!

Үйеңкіге сәлем бер,
(ақын ол да), 
Шарабынан бірақ та татып алма.
Күзге айналып ағады арық іші, 
Бір шетінен тістелген уақыт-алма...

Мынау баудың жайқалып бау болғалы, 
Күз келсе де жатады тар жолдары.
Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар, 
Көкке қарай созылып тал қолдары.

Құла белдің шырмалған ну етегі, 
Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.
Кеуіп қалған көгалдың орайынан,
Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!

Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,
Торғай қонды көңілдің шарбағына?..
Бірін бірі секеңдеп қуалап жүр,
Бағаналар сүйеніп балдағына.

Жетім күшік айырылған енесінен,
Өз бейнесін жалайды тегешінен... 
Аңқауым-ай! 
Аңтарылып қарап қалар, 
Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!

Кеш қарайды. 
Кешті де қош көрдік-ай!
Зәу көкте жас қарауыл - он күндік Ай.
Ертегілік әлемнің бір шетінде,
Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!

Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң, 
Мен мұндай қойылымға мәз боламын! 
...Қыркүйектің шетінде сынып жатыр, 
Ойыншығы кешегі жаз-баланың...
                                               Қыркүйек, 2017.

Ерлан Жүніс

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
“Қош” деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.

Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,
себелекті келгендей өлең еткім,
жаңбыр иісі... ашылған терезеден
әнін шырқап қоямын көбелектің.

Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...

Т. Раушанұлы