Арман Әділбек. Мен оны жоғалттым

Арман Әділбек. Мен оны жоғалттым
Фото: арман әділбек

Сіңу

Ол ақырын ғана есікті ашты да,
Сыбдыры білінбес қадаммен.
Түн мұнарына сіңіп жоғалды,
Топыраққа тамған бір тамшы көздің жасы сяқтанып.

Ол ақырын ғана есікті ашты да,
Сыбдыры білінбес қадаммен.
Күн шуағына малынған нұрлы дүниеге сіңіп жоғалды,
Топыраққа тамған бір тамшы тер сяқтанып.

Ол ақырын ғана есікті ашты да,
Мойынын бұрып үйдің ішіне қарады,
Сосын,
Сыбдыры білінбес қадаммен,
Күңгірт тартқан бейуақ теңізіне сіңіп жоғалды,
Топыраққа тамған бір түйір топырақ сияқтанып.

Жоғалту

Жеңілдігі құшағыңдағы гүлдің күлтесіндей,
Тәттілігі бейтаныс сұлудың ерініндей
Қоңыр мұң еді.
Мен оны жоғалыттым.

Жылылығы жаңбырға малшынып қалған арудың өкпелегеніндей,
Сергектігі күрең құлынның қайшылап тұрған қос құлағындай,
Үлпілдек көктем еді.
Мен оны жоғалыттым.

Мен оны жоғалыттым,
Алақанның аясындай ашық аспан еді,
Кеңдігі баланың қиялындай,
Биіктігі бұрқырап тұрған жусанның бойындай ғана.

Жоғалыттым.

Қолымнан түсіп кеткен стаканның,
Быт-шыт болып шашыраған ауыр-ауыр сынықтары.
Кеудемның ішіндегі,
Қаңырап тұрған ғибадатхананың бұрыш-бұрышына шашырап жатты.

Аралықтардан алыстау

Бұлыттардың бауырын мың бір мәрте сызғылап,
Қауырсындарының ұшы уақыттың толқынын түрткілеп,
Жоқ пен жоқтың арасын қанаттарының қағысымен жалғай,
Дүниенің күре тамырын қуалап,
Кешеден ертеңге қарай,
Құстар ұшып барады.

Құстар ұшып барады,
Іриясіз жанарлардың ішінде,
Ұлпадай алақандардың аясында,
Сытыр-сытыр етіп үзіліп жатқан жапырақтардың жарақатына тамған ең соңғы шықтардың арғы жағында,
Күзде…

Шіркеу күмбезіндегі кресттерге қонақтай ма екен?
Мешіт төбесіндегі ай сағымына аялдар ма екен?
Білмеймін.
Жалғыз-ақ білетінім,
Құстардың күмбірлі іздері,
Алып таулардың бауырында,
Алағай көлдердің жағасында,
Бұлағай дариялардың бойында.

Құстар ұшып барады,
Еркіндік ұшып барады,
Ақ құстың аңызы ұшып барады,
Бейне бір перінің көшіндей күймесі көкжиектің белін қайыстырған.

Ұшып барады,
Бір түйір топырақтай алып,
Шет-қиыры көзге ұстатпас көк аспандай шағын,
Тұла бойымды шарлап.

Міне,
Сенің жаныңда ән салып тұрмын
Ала бұртып аңғардың ақ уыз самалындай.
Құздардай зілмауыр тартып
Тым шалғай өлкеде жүрсем де
Үн-түнсіз ғана
Құстардың ұшқанына көзімді салып.

Өшпейтін от

Түн…
Құлап түскен бұтағынан Мықанның,
Жапырағындай үнімді,
Жел әкетер жетектеп,
Жұлдызынан айырылған жандай бір,
Дұға оқимын ештеңе де көрмеу үшін көз жұмып.

Түн,
Биік құзар басындағы малта тастай
Құлазыған түйсігім
"қара торғай" секілденіп шырлайды,
Әуезінен жаңбырдай боп шашыраған қауырсынның ділі аңқып.

Түн…
Алтын құйрық жасырынған тілсім тұман секілді
Қыбыланы сенделтер,
Лықсып аққан ағын судай
Әлдеқайда барады әне ағызып
Аңыздармен бірге туған Көлеңкемді
Сап-салқын.

Түн…
Шаһаризаданың шыттай жаңа хикаясы сияқты,
Әппақ бұлыттар арасында ай сұлбасы ұйқылы-ояу жымияр,
Бозғылыт сәуле жолағында,
Құйрығындай жәутеңнің,
Орағытып,
Жел арбайды Пешенемде кілкіп тұрған күдікті.

Түн…
Су жұтқан құм секілді Сөз жұтып,
Ой жұтып,
Ым жұтып…
Жезтырнақтың тегеуріні күл қып үгіп жіберген,
Томар сынды,
Миллиондаған адамдардың арасына сіңіп кеткен өзімді,
Тауып берер өзіме.

Түн…
Түн өзі де түнге сіңіп барады.

Шағала мен шөл

Тымырсық ауа,
Құм татыған жел,
Мидай жазық қян дала көгінде,
Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып,
Бір шағала ұшып жүр.

Мұнда көл жоқ,
Мұнда өзен жоқ,
Айнала түгел сарғылтым іреңге бөгіп,
Мүлгіп қана жатады,
Қарғаның қарқылы,
Ұзақтың шуылы әлдилеп.
Өзегі қаңсып қалған байырғы арнаның бойында,
Қаңбақтай жеңіл бір түбірдің үстінде отырмын,
Топыраққа бұлыттың суретін салып.

Ау, шағала деп айғайлайтын сяқтымын,
Аузымнан басқа сөз шығатын сяқты,
Сосын,
Шағалаға жетпей-ақ қурап,
Үгіліп,
Ауаға сіңіп кететін сияқты.

Ау, шағала дейтін сяқтымын тағы
Іштей күбірлеп,
Күбірім күмілжіп келіп кеудемді соғатын сияқты,
Сол соққыдан мен де күлге айланып,
Қапырық желмен ілесе шашылып кеткен сияқтымын.

Тымырсық ауа,
Құм татыған жел,
Мидай жазық қиян дала көгінде
Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып
Бір шағала ұшып жүр.

Ұмыт болған көше

Қала шетіндегі ескілеу көше,
Жаңа тартылған түн пердесі жанарды қымтап үлгірген,
Мыжырайған үйлердің сұлбасы,
Бірен-саран көлеңкелердің балшық жөлмен бірге тұңғиыққа батып бара жатқан қыбыры білінеді.

Аспан мен түннің арасын тіліп аққан бір жұлдыз,
Жаңа ғана жылыт етіп сөнген сіріңкенің жарығы сияқтанып,
Сырт етіп соққан секундтің түпсіз тостағанына тамған.
Арбиған алақанын көкке жайған қартаң ағаштар,
Дұға оқыдыма,
Кім білсін?
Соғып өткен салқын жел құшағында,
Ырғақсыз бір ызың кетіп бара жатты бұлқынып.

Бұл көшеде,
Өтіз жылдың алдында шырақ болмаған,
Тоқсан жылдың алдында да.
Жұз қадам жердегі жалқындай жайнаған сәулелі нүктелер
Тәң сыз беріп келе жатқандағы жұлдыздың жанарындай жасаурап тұрады.
Дүниенің сыртында жүргенін сезетіндей,
Емін-еркін тәнтіректеп,
Анадай жерде бір маскүнем ыңылдап ән салып барады.

Таңдау құқығы

Алтын кісенді таңдасамба екен,
Сыртында көздің жауын алатын,
Раушан гүлдерінің желпініп тұрған мезеті өрнектелген,
Мамық,
Һам,жеңіл.

Күміс кісенді таңдасам ба екен?
Сыртында көңілдің өзіндей тұңғиық лотос гүлінің тып-тыныш сәті бедерленген,
Шылдыры өмірдей әуезді,
Һам,нәзік.

Қайыс кісенді таңдасам ба екен?
Бауына жылқының шойын тұяғы сызылған,
Ескі,
Һәм, аршаның иісі сіңген.

Т. Раушанұлы