Рухани жаңғыру аясында өткен "Жырлаймын сені, Жаңаөзен" байқауының жеңімпаздары анықталды

Рухани жаңғыру аясында өткен  "Жырлаймын сені, Жаңаөзен" байқауының жеңімпаздары анықталды
Фото: Мерей Қарт

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы аясында "ӨзенМұнайГаз" АҚ жəне Жаңаөзен қаласы əкімдігінің қолдауымен Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойына арналған Республикалық "Жырлаймын сені, Жаңаөзен" атты жазба ақындар мүшəйрасының жеңімпаздары анықталды. 

18-бен 40 жас аралығындағы еліміздің түкпір-түкпірінен 43 ақыннан "Жырлаймын сені, Жаңаөзен!" тақырыбындағы және бір еркін тақырыпта 86 өлең түскен байқауда 11 ақынның өлеңі іріктеліп алынған. 

Әділқазылар алқасы құрамында жергілікті ақындармен қатар Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, доцент Оңайгүл Тұржан және айтыскер ақын, халықаралық, республикалық додалардың жүлдегері, "Отпан Тау" тарихи — мәдени кешенінің директоры Нұрлан Мұсаев сынды елімізге белгілі адамдар болған сайыста бас жүлдені Асылбек Жаңбырбай ( 500 мың теңге) қанжығасына байласа, бірінші орынды Семейлік ақын, Мерей Қарт (250 мың теңге), екінші орынды Жасұлан Майлыбай, үшінші орынды Алмас Алтай мен Шерхан Талап өзара бөлісті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтан бөлек алғыс дипломымен де марапатталды. 

Елбасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасында: "Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі", – деген еді. Мүшайраны өткізуде: Киелі мекен Маңғыстау өңірі, оның ішінде Жаңаөзен қаласының тарихын танып-білуіне түрткі болу және Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, егемен елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын поэзияның құдіреті арқылы қалың жұртшылыққа паш ету. Елбасымыз айтқандай ұлттық кодты сақтау үшін ұлт зиялыларының ұстанған бағытын насихаттау, рухани ұлттық мұрамыз бен дəстүрлі құндылықтарымызды дəріптеу. Қала берді ел арасындағы таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісіне жол ашу жəне сол арқылы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосу сынды мақсаттар көзделді.

Т. Раушанұлы