Ұларбек Нұрғалымның екі өлеңі

Ұларбек Нұрғалымның екі өлеңі

Қазіргі қазақ поэзиясының хал-күйін жырлау осындай-ақ болар. Түсініксіз «измдерден» оқырман ғана емес, соны өз әлінше түсінгісі келіп, және түсінген, сезген, тереңіне бойлаған болып көрінгісі келетін сыншылардың өзі шаршады. Мұндай поэзиялар бізді әбден сарсаңға салып бітті. Поэзия тіптен қай бағытқа аунап бара жатқаны да белгісіз. Алтынмен аптаған қорғасындай салмақты, зерлі баба сөзі қай далада қалды. Осыны еңіреп жоқтаған ақынның мына өлеңінде ашу мен ыза, күйініш пен кек, шарасыздық пен жоқтау бәрі де сиып тұр. Есті жан еміреніп, тебіреніп оқыса екен.

 

Қайран сөз

Бұлар шулап жазады,

Измдердің иір-иір жолдарын,

«Елесінің ұзын-ұзын қолдарын»,

Өзі ішінен өзі мыңға бөлініп,

«Өз көріне топырақ сап тұрғанын»...

Жазады-ай бір,

Жазады-ай бір емініп,

Сосын тағы... бұл ортадан жерініп...

Есенинге есі кете елігіп,

Абай одан аласалау көрініп...

Сілтейді-ай кеп данышпаным, даңқтым,

(Мен бұлардың даңқынан да жалықтым.)

Қай заманнан...

                 Қайран сөзі қор болған,

Қара шалды ойлай-ойлай қамықтым.

Изім демес, біздің түске енбеген,

Қиял да емес, «тәнін айға жерлеген».

Сол қайран сөз СЫРТЫ КҮМІС, ІШІ АЛТЫН,

Қырық жамау жүрегімді емдеген.

Ақиқаттың арғы түбін ұға алмай,

Өтіріктің өрмегінен шыға алмай.

Содан бері қанша жалған сөз өлді,

Ит жүніне қонған түнгі қылаудай.

Міне тағы 

           Көз – ноғала, сөз – жалған,

Жалған сөзді жалған мақтар кез болған.

Әттең дәрмен жетер ме аулақ кетуге,

Атақ буы бұрқыраған сол маңнан.

Буға айналып кетсе дағы сөздері,

Сол бір маңның «марапатты» ерлері,

Буырқанып

Байтақ Қазақияны,

Сөздері емес, кезіп жүреді өздері.

Қайран, сөз-ай!..

 

Енді мына өлеңді оқыңыз. Жүрегіңіз тас та болса, дәл осы сәт елжіреп сала берер еді.

Сурет

 

Жалғыз үй таудың ішінде,

Алтайды ақ кебін жабатын.

Тек анам жаққан түтінге,

Жалғанып тірлік жататын.

 

Меңіреу еді әлгі күй,

Білмейді ешкім мендей көп.

Жапанда сол бір жалғыз үй,

Жататын жалғыз меңдей боп.

 

Ержетіп қара сирағы,

Бесікпен ақпанда өңгерген.

Арманға беріп бұйданы,

Алыстап кеттім ол жерден.

 

Жыл бойы жілік сақталып,

Анам да мүмкін жүдеген.

Мақтана сөйлеп хат жазып,

Суреттер салып жіберем.

 

Құдіреті-ай ана жүректің,

(Елеген оны анық кім)

Достармен түскен суреттің,

Шетінде тұрып қалыппын.

 

Қабағын ашпай түнерген,

Көңіліне алаң секем кеп.

Мұңайыпты анам,

Біреулер

«Шеттетіп жүр ме екен»-деп.

 

Көңілінен кетпей сол бейнем,

Түсіне дағы кіріппін.

Жөңкіп жұрт,

Жыртық жейдеммен

Шетінде тағы жүріппін.

 

Бақыттың бізде несі кем,

Айналдым ана, сенен мың.

Ортада жүрмін отымен,

Сүтіңмен сіңген өлеңнің.

 

Құдайға ғана жалбарын,

Құдайсыз қулар оңбаған.

Көремін өзім қалғанын,

Талассыз тірлік болмаған.

 

Ол жағын дағы ұмытпан,

Шетінен түгел айдаһар.

Түйреуге әбден құныққан,

Қызыл да қырғын найзалар.

 

Ортаға ап бүгін құрметте,

Итерсең итер орға әлі.

Анама салған суретте,

Ортада тұрсам болғаны. 

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек