- Негізгі бет
- Поэзия
- Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Іште...
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Іште сақтау қауіпті – Жан дауысын?.."
Бүгін қазақтың аяулы ақыны, "Ақшам хаттары", "Рауан" кітаптарының авторы Тыныштықбек Әбдікәкімұлының туған күні. Ақын туралы кезінде классик жазушы Әбіш Кекілбайұлы өзінің "Күн тұтылған бір әлем жүрер іште" атты көлемді мақаласында: "Бұл – менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп, нелер кетпеді?.. Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көз тастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды",– деп өз бағасын беріп кетті.
Ақынды туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілей отырып, бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Өкінем
Ана сүтінікіндей жұпары сәбилерді де жұбатқан,
Мейірімі - көлеңкедегі қарашұбар мұзды да жылатқан,
Өлең болып та оқылатын құрақтан
Көктемгі Күн шуағы болмағаныма өкінем.
Пенделік мүңкір иісті мөлдірімен-ақ жасыратын,
Жақсы сөзге де бір сәтте мыңдаған шақырым айқара ашылатын,
Қиялға да сәт сайын жасампаз қуат болып қосылатын
Ауа болмағаныма өкінем.
Айдалада бозалаңдаған ақбөкендік жүз мың сүйек сынды,
Немесе,
Еңірек күй кіндігінде дір-дір еткен тиек сынды,
Ай бойына тоқталмас күйек сынды - ерекше мекірең...
Әйтеуір, ел-жұртты бей-жай қалдырмас
сондай Ақ Жауын болмағаныма да өкінем.
"Өмір!" деген сөз оқылар кез келген тасының да демінен,
Қара Жер де - көкіл-өң.
Сол жарықтықтың
Өліктен де гүл өсіретін Топырағы болмағаныма да өкінем.
О Тәңірім,
Көңілім тұрған жоқ көншігелі.
Сан жеткісіз құрттар бар өршімелі.
Пендешіліктен биік қыла көрші мені!
Өкінбес ем.
***
Отаным,
Ешбір сайтан-заң қоздырмасыншы ел ішін!
Өзіңсің - Жарық Дүнием,
Құдай сыйлаған Жұмақ-Қонысым!
Сенің бір уыс топырағыңның өзі -
- Айдан да – жарық,
Жер шарынан да үлкен қасиет, мен үшін!
Өз еркіңде - нанбайсың ба, нанасың ба,
Сол бір уыс топырақ үшін де көтеріп жүрмін
Достың наласын да,
Қастың жаласын да.
Елімнің мыңдағанжылдық қайғы-қасіреті де сақталған
Оның әр түйірінің санасында!
Сол бір уыс топырағың үшін де, Түнге намазданам!
Күнге де шоқынам!
Болмасын деп ертең еларалық сұрапыл кек-ылаң...
Отаным,
Жер-Суыңды жатқа сатсаң, есіңде болсын,
Өзіңе - қақ мыйыңның ішінен қарғыс болып оқылам!
Бұ заман – уақытша соқыр ағын...
Ханыңды да, қараңды да ақылға шақырамын.
Сәл Өлең-Сөз үрлесем-ақ, өлең-шөп қаулатып жібереді Топырағың!
Ойлан, данышпан Отаным!.. ақымағым!..
* * *
Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай?
Ықылассыз жандар бар шоқпар-маңдай!
Қайық етіп қайғыға қабағыңды,
есуге енді ескегің жоқ болғандай,
елпеңдеме.
Тіл безеу қалған бүгін.
Үнсіздікте ұлғаяр арманда ұғын.
Білем, саған көктемді кінәлатпақ
бір қыздағы сезімнің жалғандығы.
Сүймес жанның сүйгенді қолдауы – сын.
Іште сақтау қауіпті – Жан дауысын?..
Дос керек қой, бәрібір, бұл өмірде,
«досым бар» деп өзіңді алдау үшін.
«Саған лайық табам, – деп, – ер қанатын»,
әккілер де аңғалдың алған атын.
Біреу сені мақтаса, оған да – сол,
кезің керек болып жүр алданатын...
Сен көретін көрешек көп пе, тегі?
Біреу – мыстан, ал, біреу көкбет еді.
Еріккеннің алдында емсеңдеме,
«еркек емес, ез екен!» – деп кетеді.
Өз ішіңде дұшпан бар, кеңесші бар.
Сен алдымен солармен теңесші, бар!
«Теңізші боп жүзетін мұхит-мұңда»
тек қана осы екеуміз емес шығар?!..
Мұң – мұхит ғой..
дауылын тыңдар ағаң.
Мойын бұрып қарайтын кім бар оған?
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Жағалаудың жап-жарық манарындай
жанған көздер, қайдасың, «мұнда!..»-лаған?!.
***
Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.
Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың.
Кейіме, тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең, әр секундтың
мендегі жалғыздықта жарылғанын!..
Білмеймін, мен байғұсты «ағалауың» –
жасырын жас мөлшерін шамалауың?..
Сенікі дұрыс та ғой.
Түсін, бірақ,
Сенің сол «дұрыстығың» – маған ауыр.
Бақ пен Сор ... бар жүрекке құзыры – бір,
меңгеріп үлгерсек қой біз ілімін.
«Сен!» деген, «Сенем!» деген секемшілдеу
сенделген Сағыныштың Қызырымын!
Көп болды, көрген жоқпын дүрмек бетін.
Шын айтсам, үміт – қысқа, күрметпеді...
Өзіңе асықтығым үшін, маған
Өзіңе аға болу міндет пе еді?..
Торымын, Ой сортаңын ащылаған.
Толғанса Сен туралы тосын «ағаң»,
тоқиды көңіліне кемпірқосақ,
торғайдың шырылынан шашыраған...
Сағымсыз – Шыңғыстаудың атырабы.
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына
көзімнің қарашығын матырамын.
Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад...
о да бір – өмірдегі көшпелі алтын.
Осылай болғаны да дұрыс маған.
Түсімде Түн көрейін күмістабан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
күреңот жапырағы уыстаған.
Салармын шырқап қалай «Идай-да»-ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
жарқанат қанатымен шимайлаған...