Әбіш Кекілбаев өмірі мен шығармашылығы туралы

Әбіш Кекілбаев өмірі мен шығармашылығы туралы

Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.

«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас»,-деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында айтып өткендей, Әбіш жайында сөз қозғау, оның шығармашылығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние.

Жазушы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған.

Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі - өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем.

Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе, сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды. Ә. Кекілбаев Орталық Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар істер атқара алды.

Жаңа мемлекет тұсында да Әбекең – депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді атқарып келді.

Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, даусы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

Сурет: lucaschristopherross.net

Е. Жұмабайұлы