Жас ақындардың «паспорты»

Жас ақындардың «паспорты»
Фото: Вконтакте

«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» десе, бірден Жұбан Молдағалиев деп дөп басамыз немесе «Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні. Тыясың-ау қуанышты, күлкіні» деген кезде Мұқағалиды айтамыз. Бұл – ақынның «паспорты».

Ақынның «паспорты» – ақынның шабытты сәтте туып, ел арасында кеңінен таралып кеткен өлеңі. Сол бір өлең арқылы, ақынның шығармашылығымен танысып аласыз. Яғни бір өлеңі сізді елең еткізген болса, сіз міндетті түрде оған үңілесіз әрі оқисыз. Дәл осы секілді жастар арасында да таныла бастаған  ақындар бар. Сіздерге солардың қазіргі кезде «паспорттарына» айналып үлгерген өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз. Тіпті кейбірінің әні деп жазылып, айтылып жүр.

Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын,
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін.
Өшіре алса қайтеді естен бәрін,
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.

Жарылқамас жанымды түндер – керең,
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?!
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә,
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең. 

Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып,
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып...
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан.
...Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып...

Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?!
Пәтуасыз жүріске құныққан ем.
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып,
Періштелер тасада тұрыпты әрең...

...Қара түн де жабырқау, жылап тынды,
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды.
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі...
Шақырады...
Шақырды бірақ кімді?!

Айбол Исламғалиев. «Көк қызы»

Ей, Алматы!
Жатсынба баласын қырдың.
Көтерген едім жасымнан наласын жырдың.
Белгісіз жаққа асыққан адамдарыңмен,
Келеді бірге тал түсте адасып жүргім.  

Бағым ба, сор ма?
Білмеймін… шақырдың бүгін.
Жүректе күш бар көтерер батырдың жүгін.
“Ақын” боламын деп келген “ақымақ ұлға”,
Сыйлыққа тартып жүрмеші пақырдың күнін.  

Қорғансызыңды қиында қалқалап көргін.
Жылап жатпайын төсінде шартарап белдің.
Ұсақта — ұсақ тиынды тергізіп қойма,
Құшақта — құшақ арманды арқалап келдім.  

Тірілді қайта бейуақта жоғалған арман.
Ескертіп қоймас барыңды тонарда жалған.
Сұлуларыңды көзіме оттай баспашы,
Жан жүрегімнің жартысы Оралда қалған...

Айтса да кеше ауылдың құмдары сырды,
Айтпайды шынын тым жұмбақ, мұндағы құрбы.
Қақсаң да шетке жамбастап жатып аламын,
Алатауыңның қар басқан шыңдары сынды.

Ақынның жолы бұралаң, соқпақ келеді.
Кетпеймін енді қусаң да, боқтап та мені.
Арман қалам — ай, жағамнан жармаса берме,
Ақ Жайық маған: “Қадырды жоқтатпа” — деді…

Шерхан Талап. «Алматыдағы алғашқы жыр...»

Мамыр. 

Түн. 
Қаз... Ұ... У... 
қалашық... 
Ақылым адасқан есінен. 
Түп-түзу жолдардан адасып, 
Қай жаққа барамын осы мен?! 

Қиялдың шындығы – 
қазіргі ән! 
О, түнгі көктемнен әдемі: 
Жүректің сөзімен жазылған, 
Көзімде көңілдің әуені 

шырқалған бір шаттық дәп бүгін, 
(Тұншығып булыққан зар іште) 
О, менің қайдасың, аққуым? 
Тербеле билейік, вальске. 

Сен деген... көктемнің қызысың, 
Билейік, қол соқсын жан-жағым. 
Қалашық бәрібір біз үшін, 
Жағады шаршаған шамдарын. 

Есіне түстік пе ақылдың, 
Қайырмасындай боп кешкі әннің..?! 
...Мен неге ұйықтап жатырмын?! 
...Мен неге тек сені еске алдым?! 

Аслан Тілеген. «Мамыр. Түн. Қаз... Ұ... У...»

Жар сүйген

Толқып бір, шалқып бір, 
Тасыну, басылу, 
Қапсыра құшақтау – мойынға асылу. 
Сүт қатқан шайымен жұмысқа аттану, 
Кеш батса, жайымен үйіңе асығу. 

Ең жылы сөздердің мейірі жолданған, 
Сап-салқын көңілді жібітер тоң болған. 
Тұңғиық сезімдер, 
Тым биік армандар 
Аңсарлы жүректің түбінде сомдалған. 

Сен үшін мұңаю – 
ол үшін қайғы алу, 
Сен жайлы түйсіну – 
ол жайлы ой бағу. 
Екеу боп күн кешіп, егіздей үндесіп, 
Ғашықтық тілінде біреуге айналу. 

Өзім деп өкпелеп, теңім деп келісу, 
Жоғыңды бірге іздеп, барыңды бөлісу. 
Аңғалдау еркелік – 
Ақылды тентіктік, 
Көрмесе сағынып, сағына көрісу. 

Сәуірдей шуақты, момақан мамырдай, 
Сенімнің селкеусіз, аяулы шағында. 
Ошақтың отындай маздаса махаббат, 
Ақ адал арының антынан жаңылмай. 

Осындай болсашы жар сүйген!

Манас Қайыртайұлы. «Жар сүйген»

Аға 

Ауылға барып қайттым, Аға… 
Алма ағашы, сол – қоршау, сол – ауламыз, 
Қора да тұр қорқатын жолауға біз. 
Дөңгелегі майысып жатыр әне
Екеуміз су таситын қол арбамыз. 

Мектеп те тұр нұрлы етіп бұл маңайды, 
Тек балалар біздердей шуламайды. 
Күз келгенде біздегі алманы да
Қоршаудан қарғып түсіп ұрламайды. 

Атам да жоқ қоритын алма бақты, 
Еске түсіп, ағатай, жанға батты. 
Сен мінетін тананың бұзауын да
Өріске жіберерде таңбалапты. 

Тауға түсіп қалғанда күн кекілі, 
Көрінеді қай малдың кімге түрі?! 
Сен бас киім кигізіп қуалайтын, 
Қойлардан да қалыпты бірді-екілі. 

Жейтін енді адам аз бұған қайғы, 
Көз алдымда балалық бұлаңдайды. 
Ағатай, баяғыдай енді ешкім де
Қошқарды сүзеген қып шығармайды. 

Қарға да жүр, қарқылдар құрты бар деп, 
Тек баяғы кісінер жылқылар жоқ. 
Қатық жайған жер де тұр – дорбасының
Сары суын ішетін сыртынан кеп. 

Ошақ та бар, жағатын көң пешіне, 
Сырт жағы ше? – түсті ме енді есіңе, 
«Күлге картоп көмем», – деп таласқанбыз, 
Апам нанын жапқан соң көмбесіне. 

Иә, бұл да өткенмен көп ойланам, 
Көрші бала келетін жолай маған. 
Сен бірде бір топ асық алып келіп, 
Ит мүжіген, қалғанын мен ойнағам. 

Е-е-е, туған жер, тыншыды жаным ақыр, 
Таттаныпты су құйған сары бақыр. 
Ано-оу жерде ошақтын артын ала 
Сен жасаған қармақтың сабы жатыр! 

Мен ауылға барып қайттым аға… 

Несін айтам, ауыл да, үйің де аман, 
Балалық жоқ көршіден қи ұрлаған. 
Байынқол да тартылып кеткендей ме, 
Уақыт дейтін балығы бұйырмаған. 

Үнсіз қарап тұрушы ең кемелденіп, 
Желең келіп кеттің сен, өлең болып. 
Аға, енді ауылдың топырағын, 
Сенің бір күн басыңа себем келіп.

Нұртас Тұрғанбек. «Аға»

Алматы... мұржалар... темекі түтіні,
Қазақтың қызындай тартады шылымын.
Мұндағы адамдар көңілі жұпыны -
Қазақтың қызындай қысқарған бұрымы.


Тек түнді сүйетін көбелек бар мұнда,
Құмырсқа жолындай созылған көшелер.
Бес тиын бағасы,құны жоқ ардың да,
Сенбеңдер Алматы пәк қала десе егер!

Тек түнде ашылар шынайы келбеті,
Сыланған сұлулар масайып жүреді.
Үйреніп қалады,тірілмес енді еті,
Менің де келгенде арманым тірі еді.

Арлы қыз қалады аңдамай алданып,
Жүрегі о,сосын жылайды түнімен.
Тәнімен жан бағып,ақшаға малданып,
Ішінде дос болып қап-қара жынымен!

Даурыққан өмірі,дарақы күлкісі,
Ізгілік дәні жоқ дәл мұнда сен себер.
Алданып қалады қырдың қу түлкісі,
Кепілдік беремін осында келсе егер!

Тұрсынбек Башар. «Алматы»

Қаланы - қар,
Жүректі - мұң
тоңдырды,
жатқа елеңдеп.
Ақ көбелек - төңірек.
Ауыл жаққа апармай жол
Қор қылды -  Шақырымдар шегі жоқ.
Алматының қысы бөтен.
Әрсіз тым.
Аязы да қарымайды бетімді.
Тым жалаңаш
Тым жұтаңдау.
Жансыз тым - Тұрғындары секілді.
Аспан жақтан жауғызады
Тәңірі,
Рақымының ең нұрлысын,
ең молын.
Жерге түскен сәттен бастап қадірі –
Табанына тапталады пенденің.
Тапталады
Аппақ ары!
О, соры-ай!
Жатсынады жат қаланы...
сезінем.
Кірін шайып асфальттардың...
шашырай - жас ағады көзінен.
Бұл Алматы - Сұқты сұлу!
Оңбаған!
Жесір қалып.
Есіңді алып арбайды.

Жүрегіңді сағынышпен қорғаған
Ауылыңдай адал бола алмайды!
Кезім келсе,
Әр тайған да,
Қартайған...
Өліп кетсем,
Жұлдызға анық,
Айға анық - Рухым менің оралады
Алтайға Қар қызына айналып!

Әсел Кәрібай. «Қар қызы»

М. Ақан