Әсел Кәрібай: "Рухым менің оралады Алтайға, Қар қызына айналып!"

Әсел Кәрібай: "Рухым менің оралады Алтайға, Қар қызына айналып!"

Мен бұл қыз туралы ойланғанда, үнемі Алматының қарлы көшелеріне терезе артынан мұңайып қарап, өлең жазып отырған қалпын елестетем. Жүрегін шаң баспаған, көңіліне кір жұқпаған қаршадай қыз өлең отауына әдебиет табалдырығынан имене аттап кіріп келеді. Өзі кісікиіктеу, шақырған жерге келмейді, әдеби ортадан алыс жүреді. Өлеңдері көңіліңе көктен қалықтай кеп еріп кететін, бойға қуат, жүрегіңе жылу сыйлайтын жылы қар секілді. Тымық түннің кешінде қалықтап қар жауған бақ ішінде серуендеген кезіңіз есіңізде ме?! Көктен қалықтаған көбелек қарды көріп, өзіңізді басқа бір әлемде жүргендей сезінесіз...

Ендеше, Әселдің өлеңдерін оқу арқылы сол сезіммен, сол күймен, сол мұңмен тағы бір қауышасыз.

Тұрсынбек Башар

***

"... сен кет бұл ауылдан, мүлдем кет,
мәңгілікке кет... бұл жерде адамдар көбейіп 
барады... саған еркіндік жоқ... Еркін өмір 
жоқ... Кеңістікке кет... ер менің соңымнан... ер".
Оралхан Бөкей "Қар қызы"

Қаланы - қар,
Жүректі - мұң 
тоңдырды,
жатқа елеңдеп.
Ақ көбелек - төңірек.
Ауыл жаққа апармай жол
Қор қылды - 
Шақырымдар шегі жоқ.
Алматының қысы бөтен.
Әрсіз тым.
Аязы да қарымайды бетімді.
Тым жалаңаш.
Тым жұтаңдау.
Жансыз тым -
Тұрғындары секілді. 
Аспан жақтан жауғызады Тәңірі,
Рақымының ең нұрлысын, ең молын.
Жерге түскен сәттен бастап қадірі -
Табанына тапталады пенденің.
Тапталады
Аппақ ары!
О, соры-ай!
Жатсынады жат қаланы...
сезінем.
Кірін шайып асфальттардың...
шашырай -
жас ағады көзінен.
Бұл Алматы -
Сұқты сұлу!
Оңбаған!
Жесір қалып.
Есіңді алып арбайды.
Жүрегіңді сағынышпен қорғаған
Ауылыңдай адал бола алмайды!
Кезім келсе,
Әр тайған да,
Қартайған...
Өліп кетсем,
Жұлдызға анық,
Айға анық -
Рухым менің оралады Алтайға
Қар қызына айналып!

***

Мен қош айтып біртұтам өмірге бұл,
Өліп көру керекпін тегінде бір.
Өшіп тынған тағдырым секілденіп -
Өсіп тұрар өлген соң көрімде гүл.

Мен тегінде "жерлікпін" дей алмаймын,
Ойым - шерлі...
Арман -мұң...
Қиял - қайғым...
Мен келмеске кетер сәт туған кезде,
Ұза-а-а-қ қарап тұрады қия алмай кім?

Ұзақ қарап тұрмайсыз, көкем, Сіз де,
Аяңдайсыз аялсыз бөтен Күзге.
Жыр ғұмырды сүргізген бұл Құдірет,
Бір ғұмырды жазбаған екен бізге.

Мың сан күдік, мың сан ой - санада кіл,
Тек күнәлі сезімім арада тұр.
Біз ғашық ән айтылмай... Жүрек қазір -
Жүз ғасырға қартайып бара жатыр.

Мен кетемін! Қош айтсын өктем, дара -
Қайғы жұтқан, қасірет шеккен Дала.
Оралмаймын Жерге енді! 
Тек Сіз үшін -
Қол созамын мен сона-а-а-у Көктен ғана...

***

Қараша келді қалаға...
Көңілім менің көтерілмей-ақ қойды-ау бір,
Қалмады-ау титтей жүзімде шаттық...
Бойда нұр...
Жігерім жасып...
Тіктей алмадым еңсемді,
Көтеріп келем ойды ауыр...

Күңгірт күндерім өтуде...
Бүгінге ұқсап ертеңім түрер түндігін,
Айырмасы жоқ кешермін тағы мұңды мың.
Сырғиды әрең күрсіністен көз аша алмай,
Бір ғасыр сынды бір күнім.

Көңілім күзбен құлазып...
Шаршатты жұрттың түсінігіндегі мас ұғым,
Жоғалтып алдым өткен күндердің асылын.
Төзімім кейде жетпейді... шыдамсыздықтан
Жылап аламын жасырын.

Тарылып тыныс кеудемде...
Тартып алған ба аппақ сәулесін жарық күн?..
Әлі де болса демеймін толық сауықтым.
Төрт қабырға мен тар төсек...
Есік...
Терезе...
Қапастан мынау шаршадым, білем... 
Жалықтым!..

Қараша келді. Мұздадым.
Жұлдызсыз аспан. Дала қараңғы. Түн суық.
Тұман жамылған. Қалғандай аспан тұншығып.
Алдағы күнге қажырлы құлшыныспенен,
Үміттің тұр ғой саңылауынан Күн шығып...

***
Екінші апта. Күз күні. Қараша айы.
Дірілдеп Күннің тарайды балауса арайы.
Жанымды менің сарғайған сағынышқа орап,
Сап-сары мұңын жамылды Дала сарайы.

Баспаған Қыстың ызғары атырапты әлі,
Тұрғандай сырттай Күзді бұл бақылап бәрі.
Өмірі болып біреудің үзіліп жатыр,
Тағдыр-Теректің бейкүнә Жапырақтары.

Бақ ішін жуып көз жасы, жылайды Бұлттар,
Әлсіздеу кілтін Аспанның Күн-Ай құлыптар.
Бес күндік келте тіршілік болмаған шығар,
Қараша Күздің күйіне бұлай кіріптар.

Аққуын аңсап мұңайды көгілдір Айдын,
Біздерге өмір – қуаныш, өмір бұл – қайғы.
...Санамда ойлар үздіксіз сапырылысып,
Қоңыр Күз таңы. Ішімнен қоңыр мұңайдым...

***
Жанары жоқ жарымжан жандай ғаріп,
Таң атады тағдырға таңдай қағып.
Алматының ағытып бет пердесін,
Алатау тұр алдымда арда ойланып.

Жұмбақ күйін қалдырып әр ғасырға,
Бір өмір мен бір өмір жалғасуда.
Қыздың жасы секілді тарамданып,
Есентай да жылайды арнасында.

Күлсе дағы гүл көктем балақ түріп,
Аңсаған жоқ жаным да тағат қылып,
Жалғыздығым жазықсыз мұңаяды,
Жүрегімнің жыртығын жамап тұрып.

Өмір, өмір... өбектеп санада кіл,
Бір өкініш, бір үміт арада тұр.
Тоқтауы жоқ, тынымсыз қу дүние-ай,
Күннен-күнге қажытып бара жатыр.



***
Тағы Түн. ҚазҰУ. Қалашық.
Сен жайлы ойлар мезгілі.
Бағытын таппай адасып,
Бағым жүр. Сен де сез мұны.

Өзеуреп жүріп өзегім.
Өзіңе мен де айналдым.
Кезем де көңіл кезеңін,
Көзіңе сөйтіп байландым.

Сезімге құшақ аш дедім,
Тылсымды ұқпадың жанымның.
Көзімнен аққан жасқа сен,
Тұншығып қалма, Қадірлім.

Сағынбан! Сен де сағынба!
Біздерге таныс жайт – осы.
Мені аңсап жүрген шағында,
Қайрылмай кетсем, қайтесің?!

Сен жырақ жүрсің. Мен жырақ.
Осында жатыр бар күмән.
Келеді сені көргім-ақ...
Кезікпен бірақ алдымнан!

Сурет: bbzhi.com, article.wn.com, fonday.ru, almate.kz

Ш. Талап