Абай Ораз: "Сенделген өмір, кеудемнен небір күй көшкен"

Абай Ораз: "Сенделген өмір, кеудемнен небір күй көшкен"
Фото: facebook.com

Абай Амангелдіұлы Ораз – 1994 жылы 16 желтоқсанда Қарағанды облысы, Сәтбаев қаалсында өмірге келген. Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің түлегі. Бірнеше облыстық, республикалық жыр байқауларының жүлдегері. Жасынан жыр қаруын сайлаған Абайдың қазақылықтың иісі аңқыған отты жырларын оқи отырыңыздар!

Жылқышының баласы

Күйзелем болмаған соң жарам жеңіл, 
Сондықтан қамығады шабан көңіл. 
Мен едім шардараны шаңға көмген, 
Шабдар тай тақымдаған шабандоз ұл. 

Сүрініп боз жусанға боз даланың, 
Естимін құлынымның боздағы әнін. 
Талай жұрт тамда отырып тіксінеді, 
Түсінбей бұ тірлігін бозбаланың. 

Бозарса құланиек құла қырда, 
Желиді жарау аттай күн адырға. 
Арда емген арғымақтың суат жақтан, 
Дүбірі ойнақ салды құлағымда. 

Өтімді тілгендей боп түн самалы, 
Өңешті қамыққан жыр тұмшалады. 
Құзғындар қалықтаса құла дүзде, 
Жылқылар иесіне мұң шағады. 

Қомдаса қос қанатын бала қыран, 
Шал-уақыт күй төгеді шанағынан. 
Ағады еріксізден бұла жасым, 
Жеткенде қарақшыға қара құнан. 

Жыққанда жорға-жалған сан жылаппын, 
Қарманып қараағашты қарғымақпын. 
Қамыға өмірменен күресемін, 
Жалына жармасқандай арғымақтың. 

Тісімді батыра алмай боз қоғамға, 
Ботадай зарығамын боз далаңда. 
Қамшымды басар едім әлі талай, 
«Тебінгі тер шірімей» тозбағанда. 

Тай міндім. 
Шабандозбын. 
Жылқышымын. 
Түйгендей торығамын жылқы сырын. 
Жырыңды жатқа оқышы жылқы жайлы, 
Баласы жолыққанда жылқышының.  

Топырақ

Біздің елде өсек гу-гу еседі. 
Рас? Өтірік? 
Жақсылық болар е, тегі! 
Алшағырдың елге кепті баласы. 
Түгелбай ма? 
Шау тартыпты деседі. 

Бірнеше күн біздің жұртта дамыл жоқ, 
Түкең келді! Сүйінші бер, Сабырбек! 
Қайтсін енді? 
Туған жер ғой! Топырақ! 
Келген екен дұғалары қабыл боп! 

Кісінесіп айыр қырдан кіл қасқа, 
Шаң бұрқ етті ашылғанда зіл қақпа. 
Қазан қайнап, бәйбішелер бәйек боп, 
Ұры көсеу дамыл-дамыл кірді отқа. 

Үш шомбал ұл отын етіп бұтақты, 
Үйге әкелді толтырып ап құшақты. 
Төбел үйдің түтетіп көк түтінін, 
Алшағырдың өшкен отын тұтатты. 

Маңдайына осы күнді жазғанға, 
Түгесіліп, табаны һәм тозғанда. 
Күбірлейді көзін сүртіп жеңімен, 
Көктемдегі қиқулаған қаздарға. 

Осы күні қайтқан еді шешеміз,- 
деп сұрланды. 
Азап көрдік неше біз? 
Темекісін ұзақ тұрды сорғыштап, 
Кешеу түні қас қарайып көкеміз. 

Бүкшиді ағам шөгіп жатқан үлектей, 
Тұнжыраған мен емеспін, түнек қой! 
Туған жердің топырағы бұйырып, 
Түгекеміз елден кетті жыл өтпей. 

Біздер рас, сөйлейміз ғой кейде өктем. 
Мен не істейін, ойхой көктем, ой, көктем! 
Жоқтау айтып таң азаннан кер байлап, 
Далақтап жүр Үртай кемпір көйлекшең. 

Адам жетті қырқы өткен күн кеденнен, 
Хабар көпті құлазытты дегенмен. 
Басқа ештеңе айта алмады бас шұлғып, 
Топырағы торқа болсын! - дегеннен.

Кібісе жылы

Түндерде ұзақ кісінеп көңіл, 
Кісі боп сол ұл – қысым етті өмір.
Кібісе жылы нені меңзейді,
Түсіме кірді түсі боп-боз ұл.

Сол түсті көрсем шошына берем,
Ашына берем – жасыма менен.
Қарагер түннің кеудесін үңгіп,
Жалғыз моланың басына келем.

Қылшанды қиып қылыш езуі,
Ішімде өлді ұлы сезімім.
Қасиетім бе, қасіретім бе - 
Кібісе жылы, кібісе жыры?

Желтоқсан желі азынағанда,
Азынағанда – жабыға алам ба?
Кесім айтар ем – кесіп айтар ем,
Қара жонымнан қарымағанда.

Үркектеу ғана құлан-ойларым,
Құрықтауға да шыдай алмадым.
Бір үйір бием іш тастап еді,
Қағынан жеріп құралайларым.

Шарасыздықтан құтыла алам ба,
Шақшадай басым шытынағанда.
Ақ жілік болған айғыр қамшылап,
Ақырған қымыз жұтып алам ба?

Өртеңге еремін – ертеңгі өлеңім,
Қайдасың, менің желкен керерім?
Келесі жылдан нені күтемін,
Құсым келмеді кеу-кеулеп едім.

Ана шошыған, бала шошыған,
Киесі қашып қарашасынан.
Кібісе жылы - кісі өлімі ме,
Аллам-ай, бұл не аласапыран?!

Қызайжоқтау

Бәйдібек би дүние салғанда 
Қызай Қаратау басын қоныс етіп, 
ұзақ уақыт қара жамылыпты-мыс.
                               Ел аузынан

Қаратаудың басында бұлт боздаған,
Бұлт боздаса көшін көп жұрт қозғаған.
Сылаң ұрған бұлағы бұйраланып,
Қыз-қыз қайнап жатады миға барып.

Даусымды мен де созам желе жүріп,
Біздің жұрт босаңсиды кемері құт.
Құйрығың бұлғаңдайды-ау құмай-күнім,
Қызырлы ел сарнағанда «Қызай жырын».

Тақымыңда кетпейін көкпар-жалған,
Деседі елім Қызайдан жоқтау қалған,
Қаратау, мен айтқам жоқ, жел айтады,
Жел нені көпіреді, ел айтады:

Ау, қызай жұрт, қызай жұрт!
Қызыр қонған ел едің!
Саһар кетті көкке ұшып,
Атам кетті «Хош!» десіп.
Мамық дегенім – тас екен,
Халық дегенім – дос екен.
Жарық дегенім – қараңғы,
Баға жетпесім жоғалды.
Көңілім қалды, Қаратау,
Жорығым бар-ды, Қаратау!
Кестем қалды құралмай,
Кеткен жанды ұға алмай
Біздер қалдық уанбай!
«Арғымақтың тұяғы,
Тасты басса кетілер,
Сазды басса жетілер»...
Шыр айналған дүние,
Қызай қонған елді еске ал,
Қызай барған жерді еске ал!

Айтты ма екен кім білсін, құрап кесте,
Ой салады осындай сұрақ көпке.
Қызай айтып кеткен бе алғаш рет,
Мен
ің шешем зарлайды жалғасы боп.

Ұршық-өмір айналып елге жеткен,
Мен де жүдеп қаламын шерге көппен.
Ию-қию көл қойны, қырат басы,
Дию болған дүние-ай, жылатпашы!

Жоғалтқандай құдды бір көл құрағын,
Мен сол кезде солқылдап көп жыладым.
Өрекпідім, жо-жо-жоқ, өзім білмей,
Дөңбекшідім сол түні көзімді ілмей.

Қызай келген түн дейді әжем мұны,
Жеңгем дауыс қылғанда әнеугүні.
Ол не үшін келіпті сұраңдаршы,
Көтере көрмеңіздер дырау қамшы.

Отқа тұрмай жел жаққа ұзайды аттар,
Сумақай жел, бермеші Қызайға ақпар.
Ескі ауылға барғанда әжем жылап,
«Қызайжоқтау» тоқтайды әзер бірақ:

Шыр айналған дүние,
Қызай қонған елді еске ал,
Қызай барған жерді еске ал!

Қазтуған

Уа, алаң жұрт, алаң жұрт!
Буыршынның бұта шайнар азуы – 
Бурыл белде боркемік боп қажыды.
Жабыққанын азамат ер білдірмес,
Салдырмайды қазанат ер – жазығы!

Хан ұлының сөзі – құнсыз, өзі – ожар,
Салуалы ордам қонған өзен, жаға бар.
Кіндігімді кескен жұртым, уәж айттым,
Қарға бойлы Қазтуғанға ала бар!

Ақ дариямды бақа шулап лайлады;
Сазан сиреп, балық ойнап қайдағы.
Құрқылтайдың ұясындай киелі ең,
Жүйрік – жабы 
тағы болды тайлағың.

Жел, жел ессін, жел ессін,
Мен бір кезде болып едім көк өскін.
Ер-тұрманды құшақтаған шалдай боп,
Қақыраған қабырғаммен кеңестім.

Топырағым тозаң екен – 
желге ұшты,
атырабым мазақ екен ел құшты.
Ең биігім шом боп қапты шошақты,
Кермиығым жоғалтыпты кеңдікті.

Уа, би ұлының кенжесі!
Ай ашылмай бұлұт болды 
торланды;
Күн ашылмай мұнар болды
болжаулы.
Сусынымды қандырайын қан ұрттап, 
Саптап алып қарағайдай найзамды!   

Жаназа

«Өлгендер қайтып келмейді» деуші ең ақ әжем, 
Осыдан он жыл... он бес жыл бұрын шамамен. 
Ауылым қырда ат сабылтатын айында, 
Ауызы аққа жарымай жүрген балаң ем. 

Балаң ем сонда балағын шаңға сүйреткен, 
Үйірден қалса үйірсек болар үйге өктем. 
Ақылдан ада ақымақ ұлың не ұқты, 
Сенделген өмір, кеудемнен небір күй көшкен. 

Таразы-тағдыр несін сыйлады, не берді, 
Өмір деп ұқтым бөз,мата, ине, тебенді. 
Көрпеме қарап, көршіме қарап көсілдім, 
Көргенім қайсы, көсегем неден көгерді. 

Қос құлаш кебін қаза дегенге тати ма? 
Адам боп келіп, адам боп өтем бақиға. 
Жоғымды жоқтап, бағасын біліп барымның, 
Аяр қылмайын, баян қылайын уақиға. 

Бір күні бітсе іргемдегі ырыс-несібем, 
Кендір жіптейін ширатыламын, есілем. 
Сырқаты – себеп. Екі қарт өлді бір түнде, 
Бір өсіп еді,- түгесіледі көп десіп ел. 

Тоқтады жүрек, кеудеде маздар от бітті, 
Қос құлаш лақат қазылды жерден шоқтықты. 
Жапырағы қамқа, топырағы торқа, 
ал бірінің, 
Атырабы сортаң, топырағы қатты боп шықты. 

О,тоба! - десті отырғандарға құт бітіп, 
Қабір қазғандар нені көкиді, бықсытып. 
Басу айтам деп бәйбіше жақтан сөз алды, 
Сақалды кәрия: 
Сан қилы адам сықпыты. 

Иіліп еніп, иек босатып кемсеңнен, 
Сөзге иек арттым еңгезер екі еңсеммен. 
Өмірің емес, көңілің тарлық – қасірет, 
Топырақ деген ниет-ынсаппен өлшенген. 

Тозамын кейде уақиғадан соң сол түнгі, 
Қамзолындай боп күтусіз қалған кемпірдің. 
Аспанға қарап аһілап аздап күрсіндім, 
Тостаған ай да тұнжырап, іштей жел тынды. 

Дүрия-дүние ай, дөңгеленесің кесенің, 
Ернеуіндей боп 
Мүжіліп қалсам не етемін? 
Келгендер қайтып кететін жақ бар 
Кетемін! 
Тұмар топырағым, құнарлым, маңдай төседім. 

Жүрген ұл едім жүген жоғатып, қой бағып, 
Білгенім – өлім, жадыратпасын жайдан ұқ. 
Тозған күнімді тозаң деп қана үрледім, 
Тобықтан аспас топырық басып толғанып.  

Ж. Жұмағұлов