Еркін Ібітановтың Тұманбайға жазған хаты

Еркін Ібітановтың Тұманбайға жазған хаты
Фото: өңделген

Ақынға қара сөзден өлең оңай екені хақ. Қазақтың танымал ақындарың бірі Еркін Ібітановтың Тұманбай Молдағалиевке жазған өлең-хаты бар. Мұқағалимен қатар өскен, қарасаздың тумасы Еркін ақынның жүрек сырын, ой-тілегін бірге оқиық.

О, Тұмаш! 
Ассалаумағалейкум жан құрдасым! 
Құрдасым! 
Замандасым – тағдырласым! 
Бүгін, міне, тағы да сені іздедім, 
Ой сансырап, сандалып қаңғырғасын. 

Қиялым сені тапты іздеп келіп, 
Сырласып, сырдан сұхбат сүзбек болып. 
Баяғы бала дәурен суреттері, 
Өтеді көз алдымнан тізбектеліп... 

1. 

Ей, Тұмаш! 
Есіңде ме балалық шақ?.. 
Қашқан кез дастарханнан нан алыстап. 
Соғыстың сойқан салған от-жалыны, 
Жатқан кез өзекті өртеп, сананы ыстап. 
Бейкүнә сәбилердің күлкілері, 
Үйтілген татымы кем тарамыс шақ. 
О, қайран, балалық шақ! 
Бекеттері беймәлім жолға шықтық, 
Қамшы емес қолымызға қалам ұстап. 

2. 

Қалам ұстап бастадық сапар жолды, 
Өткелдері қатерлі қатал болды. 
Ойлы-қырлы көңілдің қонысына 
Сергелдеңдер... Сенімдер қатар қонды. 

Көңіл... 
Көңіл желігіп, желпінеді. 
Тоят іздеп, талпынып, жем тіледі. 
Өріс қуып қияға өрмелейді, 
Ылди құлап, еңісте ентігеді. 
Бір мезгіл шабан тартып шалдығады, 
Бір мезгіл сертке бекіп, серпіледі. 

3. 

Балалық шақ... 
Базарын көре алмадық аралап біз, 
Телміріп тек сыртынан жағалаппыз. 
Майлы тағам маңына жолай алмай, 
Сарқыты бар саяны сағалаппыз. 
Өтті ғой балалық шақ – зұлмат күндер, 
Тойымы жоқ... 
Жалмауыз... 
Қанағатсыз... 

4. 

Ақын бала – балауса бармақ бойлы, 
Айта алмайды әзірше салмақты ойды. 
Тағдыр неткен тасбауыр?!.. 
Қырын қарап, 
Қасірет пен қырсықты жалғап қойды. 
Қанды балақ қарақшы қанды күндер, 
Сормаңдай сыбағасын таңдап сойды. 
Сен әкеден айрылдың... 
Мен шешеден... 
Қасқыр ажал бас салып жалмап қойды... 

5. 

Кейбіреулер жатты ғой өрлеп бағы, 
Ал біздің көңлімізді шер қаптады. 
Оңашада жұтатын өксік жастың, 
Әлі де тұр таңдайда кермек дәмі. 
Жота тілген жоқшылық қамшылары, 
Қайқаңдатты-ау! 
Әйтеуір жан шыдады. 
Балалық шақ шомылды көз жасына, 
Өлең-жыр ғой солардың тамшылары. 

II 

Ей, Тұмаш!.. 
Есіңде ме, бозбалалық? 
Қорамызға қой емес сөз қамадық. 
Өлең – көкпар дүркірей жөнелгенде, 
Біз мінген пырақтардың озғаны анық!.. 
Па, шіркін бозбалалық!.. 
Кездескен кермиыққа көз қададық... 
Бұл жерде Алтынкүл мен Күлтай отыр, 
Қатерлі әңгімені қозғамалық! 
Қарсы алдынан қақпасын ашқан бағы 
Қарт ҚазГУ-дің мәр-мәр тас баспалдағы, 
Тек біз емес бір екен көңіл, сезім, 
Қос құлыншақ қосылды кісінесті, 
Алып-қашпа армандар аспандағы. 
Студентпіз. 
Бау-бақша көңіл гүл шақ, 
Жарасып тұр той қусақ, күлкі қусақ. 
Сыланамыз – жағаны кір шалмайды, 
Жарасып тұр – аш жүру, түлкі құрсақ. 
Жиырма деген алаулы отты жасың, 
Айналаң той қалайша тек тұрасың. 
Театрға қыздарды жетелейміз, 
Кезек киіп Еркештің көк плащын. 
Артық кетем (Несіне жасырамын), 
Ақша тисе беталды шашыламын. 
Ал сенің есің бар ғой, 
Ертесінде 
Аш қалған Еркініңді асырадың. 
Тойып алып тағы да құр тұрмаушы ем, 
Сыра, шарап әпер деп қыңқылдаушы ем. 
Сорың қайнап сонда да бірге жүрдің, 
Серігіңді қалдырмай жұртыңда сен. 
Қамқор едің бауырмал жаның ізгі, 
Түзу жүрген жолдарың нағыз үлгі. 
Қадыр менен екеуің төлейсіңдер, 
Жұтағанда жұрт берген қарызымды... 
Сол шындықты мен қалай бұза аламын, 
Бірге жүрдің, маңымнан ұзамадың. 
Айналайын астана қабылдады, 
Жатырқамай, жатсынбай түз адамын. 
Менмендіктер меңдеген сол кездегі 
Еркелікті еске алсам қызарамын. 
– Дайын ақын келді, – деп дабыл қаққан, 
Ұмытпаспын батасын Мұзағаның... 

Шола алмаған кез еді-ау алыс қырды, 
Сезімім сергелдеңмен алыстырды. 
Өкініш өз алдына... 
Өмір жолы 
Небір жайсаң жандармен табыстырды. 

Ей Тұмаш! 
Ұмытпасақ көктем еді, 
Нұр жапқан Алатауды, Көктөбені. 
Жазушылар, ақындар өздері кеп, 
Кітап сату базары өткен еді. 

Әйгілі әдебиет тарландары, 
Кәдімгі саудагердей жалданбалы, 
Айғайлап, жазғандарын насихаттап, 
Ақша санап алудан арланбады. 

Біреулердің саудасы дүрілдеп тұр, 
Сатушы-ақын сасқалақ – жан қалмады. 
Біреулердің кітабын алушы жоқ, 
Маңайына жақындап жан бармады. 
...Оған ешкім таңқалмады... 

Ей, Тұмаш!.. 
Сен көрдің, ә, шалғай жақты? 
Шалғай жақты – мен туған таулы аймақты? 
Аспан тауы атанған Хантәңірге 
Талайлар таңырқанып таңдай қақты. 

Мінеки, бір құдірет алдыңда тұр, 
Айғайласаң 
жартаста жаңғырған жыр. 
Мұз бөрікті асқардың жотасында, 
Ақ кірпік ақшулан бұлт қалғып жатыр. 

Жастығы мұз, бұлт – көрпе жон арқасы, 
Бұйра бөктер қымтанған мол аршасы. 
Қапталдағы қара орман – қарағайы, 
Иығынан құлаған қолаң шашы. 

... Бұл өлке алпамса тау асқаралы, 
Айналасы апайтөс тас қамалы. 
Аспан тау – мұз күмбездің іргесінен, 
Тасқынды тау өзені басталады. 

Бағытын терең құзар шатқа бұрып, 
Ағады ақ көбігі ақтарылып. 
Өзен үні қыз күлкі сылқылдаған, 
Біресе арлан қасқыр жатқан ұлып... 

Көз тоймас! 
Көңілмен шол осы маңды, 
Сарқырама тосып алды. 
Бұлақтар сай-саладан, жылғалардан, 
Арқырап, жамырап кеп қосылады. 

Ойрандалған ойыңды таң асырып, 
Осы тұсқа сәл кідір! 
Жағасы құт... 
Көк толқындар дөңбекшіп аға берсін 
Аға берсін асығып, аласұрып... 

Осы арада дамылдап ап өткіз күнді, 
Қайда асықты бұл өзен аңсап кімді? 
Тасуы да, ашуы уақытша, 
Әзірше қаһарланған мансап құрлы. 
Көрдің бе әне, жазыққа түсті дағы, 
Жасыл көлді жастанып... 
Жан тапсырды!.. 

Өзен тынды солықтап, салдырламай, 
Көлгірсіген көлдің бұл қор қылғаны-ай!.. 
Таулардан тулап түскен өзендер-ай! 
Биіктен құлап түскен тағдырлар-ай!.. 

...Тауда өсу – аспанға таман бару, 
Қиын-ақ бұл арада хәл аңғару. 
Сезімі бар пендеге бұл өңірде, 
Қиын-ақ ақын болмай аман қалу!.. 

...Ауылдағы ақындық – ақымақтық, 
Екеуінің арасы бірақ адым. 

Ей Тұмаш! 
Еркініңнің күйі міне, 
Қатер бұлты төбеме түйілуде. 
Көңілдегі көк кептер ұшып кетті, 
Бір дерт бар... 
Қадалып тұр бүйіріме... 
Қысқасы қолың тисе бір келіп кет!.. 
(Сен мұны, «әңгіменің түйіні» де) 
... Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап, 
Баяғы Тұмашым боп кір үйіме! 
Кір үйіме...

Н. Айдархан